« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Уақыт бір орнында тұрмайтыны белгілі. Бірақ ізгілікті ізі өшпейтін, жұрт жадында жаңғырып тұратын жолдар болады. Өмірден озғанына 20 жыл өтсе де, қызметтес інілері ізетпен еске алатын кейіпкеріміз солардың қатарынан еді. Облыстың білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұлағатты ұстаз, білікті басшы, өнегелі істердің ұйтқысы бола білген Кенжәлі Атабаев талай толқынды тәрбиелеген тұлға болды.
Ғибратты ғұмыр иесі 1933 жылы қыркүйек айының 12-де Сырдария ауданы, «1 Май» атындағы колхозда дүниеге келген. 1940 жылы Сұлутөбе станциясындағы №41 М.В.Ломоносов орта мектебінің бірінші орыс сыныбына қабылданған ол қатынап оқу қиын болғандықтан ауылдағы №40 Г.К.Орджоникидзе мектебіне ауысып, 1950 жылы үздік аяқтайды. Сол жылы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, 1954 жылы қызыл дипломмен бітірісімен облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен өзі оқыған №40 орта мектепке химия және биология пәнінің мұғалімі болып орналасады. Жас ұстаз білім берумен қатар зертханалық жұмыстарға да көңіл бөліп, шәкірттерінің қосымша білім алуына басшылық жасайды. 1955 жылдың қазан айында әскер қатарына алынған Кенжекең азаматтық борышын өтеп келген соң ұстаздық жұмысын қайта жалғастырған. Сол жылдары «Мектептің білім беру ісін өмірмен байланыстыру» туралы Үкімет қаулысы қабылданады. Соған сай мектеп жанынан оқу-тәжірибе участогін және 7-10 сынып оқушыларынан өндірістік бригада ұйымдастырады.
Бұл Н.С.Хрущевтің дәуірі еді. Жүгеріні шаршылап егу басталған. Мектепке де басты тапсырма осы. Бригаданың 25 мүшесімен іске кірісіп, ауылшаруашылық техникаларын пайдалану арқылы 60 гектар жерге шаршылап жүгері егіледі. Нәтижесі өте жақсы болады. Жүгерінің әр гектарынан 385 центнерден көк балауса алып, колхоз сүрлеммен қамтамасыз етіледі.
– Мен егіс басында атпен жүретінмін. Бірде егінге түскен сиырларды қайырып жүргенімде аудандық атқару комитетінің төрағасы А.Бекбауов келіп жүгерінің соншалықты бітік өскендігін көріп, рахмет айтып еді, – деп еске алатын Кенжекең.
Төраға ауданға барған бойда аудандық комсомол комитетіндегілерді жинап, «Сендер жақсы істерді көрмейсіңдер, №40 мектептің өндірістік бригадасының жұмысын көріңдер», – деп тапсырма беріпті. 1958 жылы Мәскеуден Орталық Комсомол Комитетінің бірінші хатшысы В.Семичастный қол қойған Құрмет грамотасы мен аты жазылған қол сағаты сыйлыққа беріледі.
1961 жылы жұмыс сапарымен мектепке келген облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Ә.Барақбаев Кенжекеңнің 8-сыныптағы химия сабағына «өте жақсы» деген баға беріп, оған облысқа ауысуға қолқа салады. Сөйтіп тамыз айында облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтына өндірістік оқу жөніндегі әдіскер болып тағайындалады. Бір жылдан кейін облыстық оқу бөліміне мектеп инспекторлығына ауыстырылады. 1967 жылдың сәуір айында халық ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағалығына сайланады. 1968 жылы Мәскеуде салалық кәсіподағының Бүкілодақтық VI съезіне қатысады.
Кенжәлі Тайманұлы 1969 жылы наурызда облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып ауыстырылса, 1974 жылы ақпан айында облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен қалалық оқу бөліміне меңгеруші болып бекітіледі. Бұл қызметті сегіз жыл мінсіз атқарып, 1982 жылдың ақпан айында Оқу Министрінің бұйрығына сәйкес облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына директор болып ауысады. Бұл институттың жұмысы тұралап қалған кез еді, тіпті ғимараты да жоқ болатын. Мұнда кадр тұрақтамай, кезекті бір қызмет баспалдағы ретінде келіп-кетушілердің орнына айналған. Жаңа басшының келуі ұжымға тың серпін әкелді. Жоғарғы орындардың есігін қаға жүріп, сол кездегі педагогикалық училищенің жатақханасын институттың еншісіне алады. Облыс мектептеріндегі тәжірибелі, білікті мамандарды институтқа шақырып, олардың материалдық жағдайын жасады. Пәндік кабинеттер жабдықталып, оқу жабдықтарын алуға қол жеткізді. Осылайша аз уақыт ішінде ұжым республика көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, К.Атабаев Қазақ ССР Педагогикалық Қоғамы мен Республикалық Советі Президиумның Құрмет Грамотасымен марапатталады.
Институт жұмысы жаңашылдықтың бастамашысы болды. Облыс мектептерінде «Жыл мұғалімі», «Жыл директоры», «Жыл класс жетекшісі» байқаулары өткізілді. Озаттар республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Кенжекеңнің басқаруымен институттың тәжірибелі ұстаздары аудандарда болып, оқытудың жаңа технологиялық деңгейіне баса назар аударылды. Облыста жаңашыл мұғалімдердің саны артып, олардың жұмыстары республика көлеміне таныла бастады. Бұл кезде Кенжәлі ағаның денсаулығы сыр беріп жүрген болатын. Соған қарамастан естелік кітап жазды. Өзі басқарып отырған институттың 50, өзінің 60 жылдық мерейтойларын қатар атап өтуді межелеген еді. Бірақ ол мақсатына жете алмай, 1994 жылдың қыркүйек айында асыл азамат дүниеден өтті. Өзі өмірден өтсе де артында мыңдаған шәкірттері, қызметтес іні-қарындастары, бір ұлы мен екі қызы және сүйікті жары қалды.
Уақыт алға жылжып, Кенжекеңнің 75 жылдық мерейтойына орай Жаңыл Жонтаева институт директоры кезінде педагогикалық оқу ұйымдастырды, заңғар тұлғаның еңбегі мен өмір жолын жас ұстаздар қауымына таныстырып, есімін асқақтатты. «Ұстаздық жолмен қырық жыл» атты педагогикалық оқу ҚР Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында алғаш рет ұйымдастырылды. 2004 жылы институттың 60 жылдық мерейтойы тойланды. Институт өмірінен М.Байжановтың авторлығымен «Мамандар біліктілігінің бастауы» атты тарихи деректер жазылған кітап жарыққа шықты. Сол күні институттың 300-ші дәрісханасы Кенжалы Атабаев атындағы дәрісхана аталып, лентасы қиылды.
Кенжекеңнің студенттік досы Жадырасын Күзенов: «Студент кезде Кенжәлінің айналасына топтасатынбыз, қызметте де солай болды. Ол артына із қалдырып қана қоймай, әрбір ісін таразыға салып, байыппен жазып қалдырған көреген жан. Білім саласына өлшеусіз еңбек сіңірген азаматқа бір мектептің атын берсе, артық емес», – деп еске алды.
Ұлағатты ұстаздың шәкірті Қорғанбек Қайроллаев:
– Ағай 8-кластан бастап сабақ берді. Ол кісінің сабағында сілтідей тыныштық болатын. Бүкіл класс оқушылары құрметтеп, сыйлайтынбыз. Қалай айтқанда да ағайдың білім саласындағы еңбегі теңдесі жоқ. Өзі басшылық жасаған тұста салынған қала мектептерінің бірі ағайдың атымен аталса, өткенге құрмет білдірген болар едік, оған іздеуші болу керек, – деді.
Міне, оны іздеушілердің бірі болып қолыма қалам алуымның басты себебі осы. Бұдан 10 жыл бұрын бұл бастаманы қызметтес інілері Кендебай Сейітов және Кенжебек Қалиевтар көтерген еді. Жақында Кенжекеңнің дүниеден өткеніне 20 жыл болыпты. Әріптестері мен іні-қарындастарының бар тілегі ұлағатты ұстаздың есімі ұлықталып, қала мектептерінің біріне есімі берілсе деген ниет болатын. Сөз соңын ағамыздың біздерге қалдырған: «Өзіңе жасалған қамқорлық пен жақсылықты есіңе мәңгі сақта, қолыңнан келсе, жақсылыққа тек жақсылық жаса»», – деген өсиетімен аяқтасам деймін.
Ерденбек МҰҚАНОВ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |