ҚАЙРАН МЕНІҢ АҒАЛАРЫМ...

Адам ғұмырының бірнеше өлшемі, кезеңі бар десек, ең есте қалатыны әрі адамның адам болып қалыптасуы балалық шағында ма деймін. Себебі, бұл кезде адам өзін қоршаған сан құбылысқа еліктейді, сезімтал келеді, көп нәрсені қапысыз санаға сіңіреді, мінезі қалыптасады.

Мен бір жағы Қарақалпақстанмен шегаралас, Арал ауданы орталығынан 250 шақырым қашықтықтағы қиырдағы теңіз қолтығындағы Құланды түбегінде туып-өстім. Біздің балалық шағымыз соғыс енді бітіп, ел енді есін жия бастаған шақпен тура келді. Қиын кезең, көп нәрсе тапшы еді. Ауылда клуб, кино, жарық, спорт залдары, демалыс орындары жоқ болатын. Ал енді айналаңда осындай жағдай болғанда жас баланың болашақ мінезі, еңбекке, өмірге деген көзқарасы қалай қалыптасады? Неден, қайдан, кімнен үйренуіміз керек? Сол кезде біздер үлгі тұтқан азаматтарға, ағаларға еліктеп өстік, олардың тәрбиелік ықпалы қатты әсер етті. Олар көп айтудың орнына өздерінің іс әрекеттерімен, жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен санаға сабақ беруші еді.

"Бір өзгешелігі жоқ адам болмайды” дегендей, олар әр түрлі еді. Мысалы, көп сөйлемейтін маңғаз Айдарқұл ағамның "асықсаң да кеш барасың” деген сөзі қалса, Бүркіталы ағам батыл еді. Бірде ағасы Сұлтангерей ұшақ командиріне "шофер” деп шақырғанына ашуланып, пистолетін алып шыққанда көз ілеспес жылдамдықпен мылтығын тартып алып, сабасына түсірген еді. Қалует ағам паң, әдемілікке жаны құмар, "Қаражорға” сәйгүлігі талай бәйгеден озып келетін. Ауылға бір барғанымда ешкінің түбітінен шалбар мен жеңсіз киім кигенін көріп таң қалдым, себебі оларды тоқып киіну үшін бірнеше ондаған (бәлкім жүздей) ешкіні тарап, түбіт алу керек. Атақожа ағам – солақай болсада атқан оғы жерге түспеген, қырағы көзі қиырдағыны шалатын сұрмерген аңшы. Онымен ес білгелі бірге болып, талай қызық оқиғалар мен әсерлі сезімдерде болдым. Бірде қанатына оқ тиген қоңырқазды (жабайы құстардан қолға үйренетін жалғыз тек осы құс) атып алып, үйге әкеліп оның қанаты қатайып жазылғасын еркіндікке қоя бергенім әлі көз алдымнан кетпейді. Кейде түсімде қоңыр қаздарды көрем, ал өмірде қаңқылдап қаздар ұшқанда көп нәрсе еске түсіп, көңілім босайды. Көкті тіліп ән салып бара жатқандардың ішінде бір кездері мен бостандыққа жіберген қазым да бардай балалығым еріксіз еске түседі.

Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, командир болған, омырауы орден, медальдарға толы Үмбетай ағам өте сауатты еді. Әсіресе, орыс тіліне жүйрік еді. Ол кезде ондай жағдай сирек болатын. Алдындағы ағасы қайтыс болғаннан кейін біздің тұқымның ұйтқысы, көшбасшысы, ақылшысы болды. Ағайын-туғандардың барлығы әртүрлі жағдайларға байланысты осы кісімен ақылдасып, бір шешімге келетін. Ауылда жалғыз дүкен болатын, сол дүкенді тексергенде неге екенін қайдам, әйтеуір бір былық шығып, әңгімелі болатын. Қалай сол дүкенге Үмбетай ағам келді, соның бәрі сап тынды.

Оноре де Бальзак "Қанағатшыл адам ғана қызық өмір сүреді” деген. Менің 100 жасаған нағашым Қазтоған атам (Қуанышқали Шапшаңовтың әкесі) қандай жағдайда да бергеніңе шүкір, барына қанағат, барына береке бер деп отырушы еді жарықтық. Әкем Құттыбай (менің әкемнің туған ағасы) мәрт, арлы еді. Ұлы Отан соғысына қатысып бірнеше жерінен ауыр жаралы болып келген ол әскери комиссариатқа барып, мүгедектігі туралы қағаз сұрағанында олар әр нәрсені сылтауратып, бірнеше рет "оны әкел”, "мұны әкел” деп сандалтқан. Үшінші рет барғанда тағы бірдеңе деп мырыңдағанда әкем бұрынғы жинаған қағазы мен әскери билетімен жаңағы адамның бетіне бірнеше рет ұрып, одан кейін мүгедектігі туралы зейнетақысынан бас тартқан. Озат балықшы Қалеш ағам сөзіне, уәдесіне берік еді. Бір ретте басқа нәрсені беруге болса да, сөзім кетіп қалды деп қимас нәрсесін бергені есімде.

Мен 10 сыныпты бітіргеннен кейін тілің сынсын деп біздің тұқымда алғашқылардың бірі болып университетті де, Мәскеудің жоғары партия мектебін де қызыл дипломмен бітірген, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, басшы қызметте болған Ақтөбедегі Таңатар ағамның қолына берді. Бірде ол кісі: "Сенің ойыңда әрқашан жақсы жігіт болам деген ой жүрсін, сонда жақсы азамат боласың, екінші айтарым, сенің әкең, менің ағам еш жерде оқымаған сауаты жоқ, бірақ неге ел басқарды, неге еліне, жан-жағына сыйлы, беделді, соны білші, бақылашы” деген астарлы сөзін кештеу болса да айтқаны есімде жүрді. Келешекте өміріме азық болды. Иә, олар мектепте оқымағанмен өмірден күн сайын сабақ алып, содан қортынды шығарып, өмір атты мектепті жетік меңгерген хикметті адамдар еді. Болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, ағайынның еркесі – Мінәш ағам. Ол ең бірінші рет ауылға машина айдап келді. Машинасының сөз номері ШМ болатын. Біздің бала көңіл оны шофер Мінәш, шофердың машинасы "шын машина” деп аударып, сан жаққа жүгіртеміз. Біз үшін ол қаһарман, ертегіден келген адамдай көрінетін. Сол жалғыз көлігімен бүкіл ауылдың жағдайын жасағаннан кейін оны ферма меңгерушілікке ұсынды. Қайран ағам ол жұмыстан бас тартып, нашар басшы болғысы келмей өз кәсібін істей берді. Үлкейе келе бұрынғы аты ұмытыла бастаған бабаларымыз бен әжелерімізді іздеп тауып, оларға белгі қойып, ас беріп, дұға оқытты. Атам Шаңбатыр тазы ерітіп, қақпан құратын. Бірде аузына кертік ағаш салып, төрт аяғын байлап, тірілей арлан қасқырды алып келді. Сол қасқырдың тірілей терісін сыпырғанда әлгі қасқыр өлмей, бірнеше жер жүріп құлағанын көрдім. Оны бұл кісі қайта-қайта үйір-үйір малдарын жеп, жаралап кеткені үшін істеген. Өтеғұл ағам бет біткеннің сұлуы еді. Мықтылығы болса керек, қалаға бір барғанында өзіне өлердей ғашық болған орыстың сұлу қызын алып келді. Ол кезде бұл тосын жағдай болып есептелетін, әрі ешкім күтпеген жаңалық еді.

Атағы туған жерден тыс шартарапқа кеткен небір жаужүрек батырлар, қол бастаған сардарлар, сөз ұстаған шешендер, діни және алдын болжайтын ғұламалар, жауырыны жер иіскемеген палуандар, күйшілер мен жыршылар, ақын-жазушылар, беделді бітімгерлер, атқан оғы бос кетпеген ақберен мергендер өмір сүрген. Осы мақалада олардың көбінің де атын атамаймын, себебі газет беті оны көтере алмайды. Егер бір-екеуін атайтын болсам, аты бүкіл жер шарына жеткен, 14 үй балықшыдан шыққан классик-жазушы Әбдіжәміл Нұрпейсов көкеміз. Ұлы теңізші туған жерге жиі келіп тұрады, теңіз тағдырына қатты алаңдайды. Бірде теңізге қарап: "Бағы тайған жігіттей” деп ауыр күрсініп, көңілі босаған-тын. Тетелес Басықараев Бақыт ағам – тума талант, ешқандай музыкалық білімі болмаса да Қазанғап күйлерін насихаттаушы, әрі оның күйлерін нақышына келтіріп орындаған дәулескер дарабоз күйші. Сол ағам консерваторияның құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. Ал, консерваторияға лекция оқуға көп адамның өресі жете бермейді. Тіпті сол оқу орнына студент болу үшін әуелі арнаулы музыкалық колледжді бітіріп барып, конкурсқа түседі.

Ағаларым шетінен жүрек жұтқан батыл, қаһарман, қайтпас қайсар адамдар еді десем, артық айтқаным емес. Оған дәлел, теңіз жағалауында тұрғандықтан олардың негізгі ата кәсібі балықшы болатын. Теңіз әлі көп жұмбағы ашылмаған тылсым дүние. Ұзақты күнде теңіз беті, асты сан құбылады, оның мінезін түсініп білу қиын. Теңіздің тереңіне жәй адам ой жібере алмайды, әккі теңізші ғана болжам жасаса жасар. Бірде теңіз бетінде сең жүріп, біраз балықшылар бірнешеге бөлініп, мұз үстінде ығып кете барды. Сол хабарды естісімен көршілес Ақбасты (Ауан) елді мекенінен келіп жұмыс істеп жатқан ағайынды Қисық пен Оқап дереу балықшыларды құтқарам деп қайыққа ескек салды. Қайықтарын мұз қысып қақыратып, ескектері сынып, қайран қос боздақтың бірі суға кетіп мерт болса, екіншісі жағаға шығып көз жұмды. Осы оқиға бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Қыршын кеткен қос батырды осы кезге дейін еске алып, құран оқып отырады. Иә, ағаларым бөлек еді, кесек еді. "Менің нағашым теңізші болса да мақтанбаймын” деп ағылшынның аты шулы ақыны Байрон қалай жеріне жеткізе дәл айтқан.

Ауыл адамдары дала цивилизациясын жетік білетін дала академиктері еді. Табиғатпен егіз, табиғаттың бір бөлшегі, онымен гармонияда жүретін. Келешекте ауа райының қандай болатынын, биыл қыс қалай болады, көктем ерте, не кеш түсеме, жел қай жақтан тұрады (бұл балықшы үшін өте қажет) жерге ылғал-жаңбыр қай мөлшерде жауады, қар қалың бола ма деген сауалдарға дәл болжам жасайтын. Түнде адасқан адамды естігенім жоқ, олар жұлдыз арқылы баратын жеріне дәл жететін. Алдымызда осындай үлкендердің болғанын біздер мақтан тұтамыз. Қазіргі көп айтылатын патриоттық тәрбиені олар біздің санамызға сол бала күнінен-ақ құйған.

Ауылдың аты айтып отырғандай, бір кездері бұл өлкеде құландар көп жортқан, қазір де бар. "Шежіре кеуде, тау мүсін” даланың киесі іспеттес ондай көкірегі ояу, көзі ашық, құлан тектес ағаларымның қазір біреуі де жоқ. Бес аталықтың үлкені болып жалғыз мен қалдым... Жеңгелерім де саусақпен санарлық. Ауылға барғанда "айналайын” деп бетімнен өбіп, еміренетін үлкендер қалмай бара жатыр. Сол ағаларымыз бен үлкендеріміздің асыл, өнегелі қасиеттерін кейінгі ұрпаққа – інілер мен балаларымызға үйрете алдық па деген сұрақ мазалайды. Ауыз толтырып айту қиын, бұл – өзекті мәселе, бұл – менің (біздің) кінәм.

Ал енді мен үшін дана, данышпан, шамшырақ болған оларға ардакүрең жақсы іні бола алдым ба? Қайдам, қолдан келгені інілік ізет пен бауырмалдық ниет ғана. Жасағанға жалбарынып, олардың рухтарына дұға бағыштаймын, бейіттеріне барғанда олардың жарқын бейнелері көз алдыма келіп, қанша шыдағанмен көзімнен еріксіз жас парлағанын байқамаймын. Бар жақсы қасиетті кеудесіне жинаған пірлерім қалай ғана қара жерге сыйып жатыр екен? Неге екенін қайдам, таңғаларлығы сол асылдарым қандай бір кәрілік жасқа келсе де үлкендік олардың нұрлы бейнесіне әжім түсіре алмай, қайратын мұқалта алмады. Демі таусылып, жаратушының өкімі келгенде сол күйінде кете беруші еді.

Аса құрметті оқырманым! Осы мақаланы тек қана менің ағаларым үшін емес, жас кезімізде бәрімізге жол көрсетіп, қамқоршы, ақылшы болған үлкендерге арнайық. Оларды еске алып, құрмет көрсетіп, тағзым еткеніміз болсын. Егер де біздер қандай бір жетістікке жетсек, бәлки, солардың рухы біздерді қолдап жүрген болар.

Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ,

еңбек ардагері.


ТАҒЫЛЫМ 13 желтоксан 2014 г. 2 170 0