«Елдің атын ер шығарады» демекші, қасиетті Сыр өңірінің мақтанышына айналған, есімдерін қастерлеп айтып жүрер азаматтар бұл өлкеде аз емес. Сыр өңірінің халқы өздерінің аяулы ұлдарын қастерлей де, ардақтай білетін дархан жұрт. Осындай мақтан тұтар Сыр перзенттерінің бірі – Еңбек Ері Цай Ден Хак.
Өз бақытын еңбектен тапқан, халқына адал қызметімен танылып, абыройға кенелген атпал азамат білікті ұйымдастырушы ретінде ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруде көптеген жұмыстар атқарды. Ел ықыласына бөленген ардақты жанның өнегелі өмірін ауылдастары бүгінде аңыз етеді, нақыл сөздерін ғибрат тұтып айтып жүреді.
«Жақсыны ұлықтау ақылдының ісі» дейді қазақ данагөйлері. Бұл сөз биыл 100 жылдық мерейтойы өткелі отырған біздің даңқты жерлесімізге қаратып айтылғандай. Сонау 1937 жылдың қоңыр күзінде Қиыр Шығыстан Қармақшының Қашқансу ауылына бүтін ауылымен көшіп келген ұжымшар төрағасы Цай Ден Хак шын мәнінде ел жүрегінде қалған адам.
Берекелі күзде егіннің жиын-терін маусымы аяқталған соң «Алтын дән-2013» мерекесі аясында даңқты ауылдасымыздың мерейтойы аталып өтетініне баршамыз қуандық. Осы бір тұлғалы жанның ел алдында жасаған қызметі мен жалпы азаматтық тұлғасы туралы қысқаша айтқанды жөн көрдік.
Егер сіз жолыңыз түсіп «ІІІ Интернационалға» келе қалсаңыз, бірнеше ұлт пен ұлыстың өкілдері татулықтың уызына ұйып, бейбіт өмір сүріп жатқан осынау керемет ауылдың кез келген тұрғынынан Цай Ден Хактың кім екенін, қандай адам болғанын сұраңыз. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін Дәкеңнің ел үшін жасаған игі істері туралы сізге жалықпай айтып беретініне кәміл сенеміз.
Қазақ жұртында дегдар адам деген терең мағыналы ұғым бар. Дегдар деп жаны жайсаң, жаратылысы бөлек, аса сабырлы, жоғары парасат иесін айтса керек. Ауылымызды жарты ғасырға жуық басқарған Цай Ден Хак өнер мен ұлттық салт дәстүрге де жақын болды. Осы салалардың дамуына көп еңбек сіңірді. Қазақ, орыс және басқа да ұлт тілдерін меңгерді. Кез келген адаммен өз тілінде сөйлесіп, қарапайымдылығымен оны тез баурап алатын. Ол кісінің тағы бір тамаша қасиетінің бірі – еңбек адамының көңіл-күйін байыппен салмақтай білетін аңғарымпаздығы, өзге ұлттардың да мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жатсынбай жоғары бағалайтын үлкен парасаттылығы еді. Оның бастамасымен көп ұлтты ауылда ұлттық аспаптар, эстрадалық және ұлттық ән-би ансамбльдері құрылып, интернационалдық өнерпаздар еліміздің түкпір-түкпірінде концерт қойды. Ауылда халық театры жұмыс істеді. Осы істердің басында Дәкеңнің өзі жүрді. 1967 жылы ауыл орталығында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл ауыл өміріндегі есте қалалық ерекше оқиға еді. Онда әуездік, спорттық үйірмелер жұмыс жасап, тұрғындар үшін қызмет етті. Осындай игілікті істердің нәтижесінде біздің өңірден көптеген қайраткерлер мен ғалымдар, спортшылар мен өнерпаздар шықты. Әрине, олардың елге танылуына басшымыздың еңбегі зор екеніне ешкім де шүбә келтіре қоймас.
Ел ағасы атанған Цай Ден Хак ақсақал халыққа қызмет етудің тамаша үлгісін көрсетіп, бар саналы ғұмырын елінің өркендеуіне, ауылының көркеюіне арнады. Қазақта «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген жақсы сөз бар. Дәкең бақытты ғұмыр кешті. Өйткені ол елі үшін еңбек етті.
Оның «Колхозшы байымай, колхоз байымайды», «Ары таза адам арыз жазбайды, ақиқатын айтады», «Кісінің қателігін бетіне айтқаннан ештеңе шықпайды, оны үнсіз ұғындыруға тырыс», «Біреудің мінін қазбалап жүйке жұқартқанша, оның бітпей жатқан ісіне қол ұшыңды бер», «Бай болма, бақытты бол», «Мен басшы болғаныммен, істің тағдыры жұмыс істейтін адамдардың қолында» деген нақыл сөздері әлі күнге дейін халықтың аузында жүр.
Дәкең жалпақ жұртқа іскерлігімен кеңінен танылған тәжірибелі басшы ғана емес, сонымен бірге отбасында аяулы жар, қамқор әке бола білді. Жұбайы Ольгамен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Жоғары білім алған балалары бүгінде Бішкекте, Шымкентте, Қарағанды мен Жезқазғанда және Байқоңыр қалаларында түрлі салада еңбек етуде.
Біздер, кейінгі ұрпақ өкілдері ардақты ауылдасымыздың өнегелі ісін өскелең буынға үлгі ретінде көрсетіп, жалғастыра береміз.
Милияр АРИФОВ,
Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал аулының тұрғыны,
«Достық Жер»МК» ЖШС директоры.