« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Адам бойындағы қайсарлық негізінен ақыл-ойдың, білім-біліктің, басқа да әлеуметтік күштің көрінісі екені белгілі. Осы бір туабітті қасиет досым Абайділда Дәулетбаевқа өмір бойы серік болып, Ташкенттегі оқуда жүргенде де, 40 жылдан астам еңбек жолында да, 30 жыл басшылық қызмет бабында да ылғи алға сүйреп, қатарынан оздырып отырды. Бұл қайсарлық сонау мектеп қабырғасында-ақ байқалып еді.
Жетінші сыныпта оқып жүрген кезіміз. Үзіліс кезінде сыртқа шықсам, мұғалімдер назарынан қаға беріс мектептің қалтарысында балалар қоршаласып қалған екен. Жақындасам – ортада екеу. Біреуі Абайділда, оның Тереңөзек жақтағы бір разъезден келгеніне көп болған жоқ. Екіншісі қатар сыныпта оқитын Әбсамат Бәйменов – қаланың баласы. Байқаймын екеуі бір мәселеге келіспей қалған. Сондайды кейде балалар ол кезде жекпе-жекпен шешетін. Екеуі бірер сөз алмасты да, қимылға көшіп кетті. Қоршап тұрғандар сахнада гладиаторлардың айқасын көргендей әсерде. Абайділданың қимылы шалттау болды. Бірер тиген жұдырықтан өз шамасын байқаған екінші ығысып шетке кетті. Айқас тоқтады. Қол сынып, көз шыққан жоқ. Оның үстіне қоңырау соғылып, үзіліс те бітті. Екеуі бет-ауыздарын сүртіп, сыныптарына бет алды. Ер шекіспей, бекіспейді дегендей, екеуі де кейін кек сақтамай, араласып кетті.
1956 жылы «1 Май», кейін Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектепті 105 ұл-қыз бітірдік. Оқудың қадірін түсініп, білімнің қасиетін тани бастаған Абайділда ойланбастан Ташкентке тартты. Орта Азия мен Қазақстанның рухани орталығы болған қалада сол кез үшін оқу орындары жеткілікті болатын. Сыр бойының балалары «нанды қала» деп солай қарай ағытылатын. Мектепте бар сабақтан жап-жақсы білім алған, әсіресе математика-физикаға ықыласты Абайділда емтихандарды ойдағыдай тапсырып, Ташкенттің Ортазиялық политехникалық институтының машина құрастырушы-механика факультетіне түсті. Бұл оқу орны сол кездегі Кеңес Одағының түркі тектес халықтар тұратын үлкен аймағындағы ең мықты жоғары оқу орындарының бірі еді.
1961 жылы Әбекең институтты үздік бітірді. Институт басшылығы оның әрi қарай оқуын жалғастыруды ұсынып еді, бірақ ол елге тартты. Ол кезде қазақ үшін аспирантура оқу үрдіс емес еді. Содан Оңтүстік Қазақстан Кеңес халық шаруашылығына қарайтын Қызылорда қаласындағы «Автотрактродеталь» зауытына жұмысқа келіп, инженер-технолог болып орналасты. Жеті жылда 3, 2, 1-ші дәрежелі инженер-конструктор, зауыттың техникалық бөлімінің бастығы, бас инженері қызметтерін абыроймен атқарып, бірінші басшы – директорына дейін көтерілді. Осы жылдары жаңа цехтар, корпустар, әкімшілік ғимарат, асхана, медпункт салынды. Ұжымның өзінің мал шаруашылығы болды. Сөйтіп он жылдың ішінде зауыт өзінің өндірістік бағытын өзгертіп, республикалық «Казсельхозтехника» бірлестігіне қарайтын «Қызылорда жөндеу механикалық зауыты» болып қайта құрылып, еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы жүйесіндегі белгілі зауыттардың бірінен айналды.
Сыр бойы күріш өндірісіне аса қажетті «Қызылорда күріш машинасы» тәжірибе-сынақ зауыты қаланың батысына орын тебу жоспарланғанда, облыс басшылығы оның жетекшілігіне инженерлік жұмыстың бар сатысынан өткен іскер Абайділда Дәулетбаевты таңдады. Ойға алғанды жеріне жеткізу, ерінбеу, істі аяқсыз қалдырмау сияқты қасиеттер оның осы ұжымды жиырма жыл басқарған кезінде ерекше ашыла түсті. Кәсіптік дәрежесі жоғары инженерлік талант зауыттың техникалық тірлігінде айрықша көрінді.Төрт өнертапқыштық пен қырықтан астам рационализаторлық ұсыныстардың иесі болды. «Ресей ауыл шаруашылығы машинасы» зауыты шығарған «ЖРК-5» біздің күрішті алқаптарымызға қолайлы бола қоймады. Сол себепті де зауытта арнайы конструкторлық бюро құрылып, оған директордың өзі тікелей басшылық жасап, Ресейден шыққан техника жергілікті жағдайға икемделіп, «ЖРК-5-м» айтулы күріш жинау машинасы дүниеге келді. Кешегі кеңес үкіметі кезінде күрішті аймақтар үшін бұл зауыт шығарған техникалардың орны айрықша болды. Жоғары сапалы бұл техниканың жылдық өндірісі мың данаға дейін жеткізіліп, ол Украина, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан, тіпті, сонау азаттық аралы – Кубаға сапар шеккені әрине, бүгін тарих. Бұл өнім кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған болатын. Ал директордың аты өз саласы бойынша берісі республикаға, әрісі Одаққа кеңінен белгілі болды.
А.Дәулетбаев тынымсыз басшы, тамаша ұйымдастырушы болуымен қатар әркез ұжым тәрбиешісі бола білді. Бұл үшін күш-жігерін, қажыр-қайратын, ақыл-парасатын, уақытын әсте аямады. Еш тартынып қалмады, барын салды. Кабинетте ұзақ отыра алмайтын. Ол нені қолға алса да, жұртты шаңына қалдырып, озып жүріп, домаланып жүріп дода бермейтін еді. Ол бірінші басшы ретінде ұжымдардың әлеуметтік мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырды. Бұған 4 тұрғын үй, 2 балалар бақшасы, 1 жатақхана куә бола алады. Мұның барлығы оны жұрт алдында лайықты беделге ие етті. Адал еңбек, төккен тер, қажырлы да қайсар қызмет үкімет тарапынан бағаланбай қалмады. Ол «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды, облыстық, қалалық партия-кеңес органдарының бірнеше дүркін мүшесі болып сайланды. Басқаны былай қойғанда, Қызылорда қалалық кеңесінің он екі жыл депутаты болуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Ең бастысы – тамаша инженер, өндірістің майталман жетекшісі есебінде жұрт білді, халықтың ықыласына бөленді. Бұдан артық адам үшін не керек.
Иә, Абайділда қызмет бабы мен өмірде талабы жоғары, кейде қатал көрінгенімен жүрегі жұмсақ, көңілі ашық, қайырымдылығы мол жан болатын. Оның бұл қасиеттерінің шапағатын маңайындағы жора-жолдастары ғана емес, ағайын-туыстары да аз көрмеді. Солардың қуанышы мен қиыншылықтарының ортасында бас-көз болып өзі жүрді. Кейінгі кезде денсаулығына байланысты үйден көп шыға алмаса да, соларды ойлап, соларға қамқор көңіл танытып отыратын. Бұл – өзгенің жай-күйін өзінікінен кем ойлай қоймайтын Әбекеңнің шынайы табиғаты, адами болмысы еді.
Адам қай уақытта да рухани дүниесімен ерекше ғой. Данышпан Абай «Он сегізінші сөзінде»: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дегені көзі қарақтылардың есінде болар. Әбекеңнің жанының тазалығы, шыншылдығы мен шынайылығы кімді болса да, баурап алатын еді. Ол қанша басшылықта болса да, сонау мектеп қабырғасындағы бала мінезін, дара мінезін бұл дүниеде сақтап өтті. Еш уақытта асып, тасыған жоқ. Өзіне бірде жетіп, бірде жетпейтін жай-күймен қарапайым өмір сүрді. Алайда адамгершілік арқанын берік ұстап, тағдырдың толқынды теңізінде еркін жүзе алды деп айта аламын.Достымның қызметтің әр түрлі биік-биік деңгейінде жүріп өзінің туасы тектілігіне кір келтірмей кеткенін мақтаныш етемін. Мынау жалған өмірде ана сүтімен, әке қанымен келген тазалықты сақтап қалу да бір ерлік емес пе?!
Өмірдің ылғи да ойдағыдай бола бермейтін қиындығына қарсы тұрып, қажымай, қайта қайраты қатая түскен, өр мінезді досымның тыныс-тірлігі, қуанышы мен бақыты, реніші мен уайымы алақандағыдай көз алдымда болды. Қуанғанын да, қиналғанын да көрдім. Көп жыл жұбымыз жазылмай қатар жүрдік. Екеуміз жарты ғасырға жақын қарым-қатынаста болғанда әлдеқалай достықтың мәртебесін төмендетіп, болмаса жолдастықтың нәзік жібін бір сәт босаңсытып алған емеспіз.
Біздер, жақын достар әр түрлі себептермен жиі жиналатынбыз. Ал Әбекеңнің үйінде болғанымызда ол көбінде үйіне қонақтардың соңынан келетін. Жұмыста планерка, директордың бас мамандармен кеңесі және т.т. жоспарлы істерді ол әсте кейінгі күнге жылжытып көрген емес. Жұмыс тәртібін қатаң ұстану оның өмір бойғы серігі болды. Біздер өз үйіміздей сезініп, Әбекеңді күтпей-ақ, жолдасы, бәрімізге сыйлы Күлжанның дайындаған асын асықпай алып отыра беретінбіз. Бұл да бір қызық заман екен.
Әбекеңнің өмірінің соңғы 10 шақты жылында қызметке сәйкес менің іргем бөлек болса да, Қызылордаға келсем, арнайы соқпай, болмаса телефон шалмаған кезім есімде жоқ. Өйткені оны ылғи іздеймін. Жаныма жақын тұтатынмын. Кездессем, көңілім көтеріліп сала беретін. Жүрегінің шуағын шашып жүретін адам кімге теріс болады?
Жергілікті органдар Әбекеңнің 40 жылдай облыстағы ірі өндіріс орындарының командирі болғанын, оның Сыр бойының экономикасы мен әлеуметтік саласына лайықты үлес қосқанын ескеріп, есімін Қызылорда қаласының бір көшесіне берді дегенді естіп қуанғанымды жасыра алмаймын. Ел азаматтарына рахметтен басқа не айта аламын. Елі бардың ері бар, ері бардың елі бар деген осы да.
Достымның аруағы туған топырағында тағы бір аунап жатқан шығар. Осы бір сезім жолдары, жүрегімнің лүпілі мәңгі жадымда қалған Әбекеңнің аруағына оқыған дұғам болсын!
Әбдіжәлел Бәкір.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |