КУРСК МАЙДАНЫНЫҢ КУӘГЕРІ

КУРСК  МАЙДАНЫНЫҢ КУӘГЕРІҚазақта «Қазыналы қартың аман болсын» деген аталы сөз бар. Қазақтың көл-дария, дана қарттары – ұлттың ұйыстырушысы ғана емес, келешек ұрпақтың тәрбиелеушiсi. Қарияларымыздың қалқайып ортамызда жүруiнiң өзi ұрпаққа үлгi-өнеге емес пе?! Ұлттық рухты, патриоттықты баласының бойына сiңiруде де ата-әже институтының алар орны ерекше.

Әрине. Әр ел өздерiнiң ша­ма-шарқынша қам­қор­лық танытады. Де­ген­мен, Қазақстан қарт­тар­ға қам­қор­лық таныту­дан көш­бас­шы десек, қателес­пеймiз. Ар­да­герлер ұйымдары Отан қор­ғаушыларды мәңгi есте қал­дыру жөнiнде қыруар жұ­мыс­тар жүргiзуде. Барлық об­лыстық ардагерлер кеңестерi жанында арнайы тұрақты, жос­парлы түрде комиссиялар жұ­мыс жасайды. Олардың құ­рамына тәжiрибелi ардагер­лер, Ұлы Отан соғысына қа­ты­сушылар да бар.

Ұлы Отан соғысы – өткен жиырмасыншы ғасырдағы ға­на емес, бүкіл адамзат тари­хындағы өшпес қайғылы оқи­ға. Ал, Ұлы Жеңіс – жа­сам­паз мереке. Әрине, әрбір мерекенің өз орны болатыны белгілі. Бірақ Жеңіс күні ме­ре­кесінің орны ерекше еке­нін терең ұғынуымыз керек. Келер жылы жеңістің 70 жыл­дығын атап өтпекпіз. Бұл – біз­дің ортақ тарихымыздағы ма­ңызды мереке. Міне, «Біз жеңдік!» деп сүйіншілеген күнге де 70 жыл толып отыр. Қаншама айлар бойы қа­һар­­мандықпен соғысқан мил­ли­он­даған адамдардың қата­рында қазақ елінің азаматтары да ерлікпен шайқасты. Бау­ыр­жан Момышұлы айт­қан­дай, қазақтар және барлық қа­зақ­стандықтар фашизмге қар­­сы соғыста нағыз ба­тыр­лық­тың үлгісін көрсете біл­ді. Қатарында мыңдаған қа­зақстандықтар да болған ке­ңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күн­де­рінен бастап барлық май­дан алаңдарында фашистік бас­­қыншыларға шайқас жүр­гізген.

Сол дүниені дүрбелеңге сал­ған оқиғаға осынша жыл өтсе де ешкім де, еш нәр­се де ұмытылмады, ұмытыл­май­тынын да дәлелдеп отыр. Өйткені, сұрапыл соғыста жау­ынгерлер Жеңістің сәтті са­ғатын минуттап күтті. Сол қа­сиетті жолда қаншама боз­дақтар қыршынынан қиылды, қаншама отбасы ойран болды. Бүгінгі мерекенің құндылығы мен қымбаттылығы осыдан. Демек, боздақтардың бақытты өмір үшін төккен тері мен аққан қаны бекер кетпеді. Сенімдері мен үміттері ақталды.

Әділетті соғыстағы Же­ңіс туы биікке көтеріліп, күні бү­гінге дейін шейіт бол­ған жау­ынгерлердің рух асқақ­тығының белгісіндей мәңгілік алау маздап тұр. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы.

Азамат сынға түскен шақ­та кәрі де, жас та қолына қа­ру ұстап елді, жерді қорғап қа­луға қан майданға аттанды. Осы соғыста елі үшін ерлік жасаған қарт жауынгерлердің қатары бүгінде сиреп барады. Қан майданның қаһарынан сескенбей, намысты ту ет­кен батырларымыз соғыс жыл­да­рынан кейін түрлі са­ла­ларда жұмыс атқарып, ел­дің дамуына тағы бір мәр­те үлестерін қосты. Ұлы Же­ңістің 70 жылдығына орай олар туралы бір үзік әңгіме ай­ту оларға деген асқан құр­метімізді білдіреді.

Отан қорғаудағы ерен ер­ліктерімен көзге түсіп, Жеңістің 70 жылдығын тойлағалы отыр­ған ардагер Шәкір Ораз­бай­ұлы Әбдіназаров 1923 жы­лы 1 қаңтарда Қызылорда об­лысы, Шиелі ауданы, Жөлек ауылында дүниеге келген. Бү­гінде жеті баланы өсіріп, тә­лім-тәрбие беріп, ұлын ұя­ға, қызын қияға қондырған аб­зал жан. Қазіргі кезде 16 немеренің, 24 шөберенің қы­зығын қызықтап, солардың ор­тасында отырған бақытты ата. Қарапайым отбасында дү­ниеге келген қария өз ер­кімен елін, жерін, отанын қор­ғауға 1942 жылы 19 жа­сын­да соғысқа аттанып ке­те­ді. Беларуссиядағы Курск майданына кіреді. Мар­шал К.К.Рокосовскийдің басқару­ын­дағы №885 атқыштар пол­кінің алдыңғы шебінде ұрыс­қа қатысады. 1943 жы­лы пулеметтің оғынан оң қо­лынан, аяғынан жара­қат алып, госпитальға жата­ды. Чаржу қаласынан соғыс­қа жарамсыз деген дә­рі­гер­­лер­дің анықтамасын алып, 1944 жылы сұрапыл шай­қас­тардың бірінде алған ауыр жарақатының салдарынан екін­ші топ мүгедегі болып ел­ге қайтады. Елге қайтып орал­ғаннан кейін, сол жы­лы жұ­байы Палайым Оспано­ва­ға үйленіп, отбасын құ­ра­ды. Ардагер бірнеше ма­ман­дықты игеріп, әр түрлі са­лада қызмет атқарады. Шәкір Оразбайұлы заңгер, аг­роном, бухгалтер ма­ман­ды­ғын игер­ген, өз кезеңінде бі­лімді, өте сауатты болған аза­мат. Өмі­рінде еңбек жолын эко­номист, кадр бөлімінің жұ­мысы, темір жол саласымен ұш­тастырып, осы саланың үз­дік ардагері болған. Шиелі ау­данының дамып, өркендеп-өсуіне өзіндік қолтаңбасын қал­дырған ардагер Шәкір ата бүгінде тоқсаннан асты. Жас­тайынан қиындықты көп көріп, елі үшін маңдай терін төгіп, ең­бек еткен азаматтардың бі­регейі.

Соғыстан келгеннен кейін еңбек жолын Қырғызстан мен Қазақстанға қатынайтын те­мір жолда тергеушіліктен бас­таған қарт Шиелі ауда­нын­да сот орындаушысы қыз­метін де атқарады. Кей­ін­гі жылдары темір жол са­ла­сында еңбек етіп, атал­мыш саланың ардагері ата­ғын алады. Ұлы Отан со­ғы­сында көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысының 2-дә­режелі» орденімен, «За от­вагу» медалімен, екі мәр­те «За боевые заслуги», «Ке­ңес Одағының маршалы Г.К.Жуков медалімен», 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысының әр жылғы Жеңістің мерекелік медалдарімен және «Астанға – 10 жыл» медалімен мара­патталған.

Көпті көрген, барынша әділ, осы елдің қабырғалы азаматы деп көрсетуге тұрарлық тұлға. Ол дүниесі бай, елі мен хал­қына қалтқысыз қызмет ет­кен ер тұлғалы азамат. Қан­дай қызметтің тізгінін ұста­са да кішіпейілділігімен, білім­дарлығымен ерекшеленген. Қашанда халықтың көңілінен шығатын жұмыс жасауға дағ­дыланған. Өмірде осындай бе­лестерді бағындырып, бала-шағасын өсіріп, кеңге қанатын жайған қарттың еңбегі ел игілігін арттыруға жұмсалды. Адалдық пен ізгілікті жақсылық пен парасаттылықты өміріне өзек ете білген жан. Міне, ер тұлғалы, сырбаз азаматтың өне­гелі өмір жолы осындай. Қай жерде де беделді қызмет атқарған ақсақалдың еңбегі жыл сайын елеусіз қалмайды. 1991 жылы мемлекет өзі тұ­ратын ауылдан үй салып бер­се, былтыр қаладағы Ти­тов қыстағынан көпқабатты тұр­ғын үйден пәтер берілген. Жыл санап асылдарымыздың азайып бара жатқаны жанға қаяу түсіреді.

Десе де, осы кісілер секіл­ді соғысты көзімен көрген, от­тың ортасында жүрген, ел үшін, жер үшін жаумен шай­қасқан Ұлы Отан соғысы ар­да­герлеріне құрмет ерекше бо­луға тиіс.

Ұлы Жеңіс – халықтар дос­ты­ғының мызғымас бірлігін бейне­лейді. Біз олар­дың қа­си­ет­ті жо­лын қас­тер­­леп, оны ла­йықты түр­де жал­ғас­тыру­ға тиіспіз. Бүгінгі жастар бо­й­ын­­дағы елжан­ды­лық қа­си­ет осын­дай бе­ре­ке-бірлік не­гізін­де дамып отыр­­ғаны анық.

Ардагерлер – кешегі отан қорғаушылар, еліміздің көр­кеюі­не үлес қосып, ерен ең­бе­гімен соңы­на өшпес із қал­дырған жандар. Демек, олар­дың оқ пен от орта­сын­­дағы ерліктері әрдайым ел жадында. Сындарлы жыл­дар­да қазақ пен орыс, ук­ра­ин мен өз­бек, грузин мен беларусь, латыш пен әзірбайжан, татар мен баш­құрт, тағы да бас­қа көп ұлтты жауын­герлердің тілі бас­қа ұлты басқа, ұраны бір жүзі басқа, жүрегі бір отаншыл жауынгерлер жұ­ды­­рықтай жұ­мылып, жауды да тізе бүктірді. Сол кез­дегі тыл­да еңбек еткен әке-шеше­леріміз "бәрі май­­­­дан үшін, бәрі жеңіс үшін” деп белін бүгіп, қолын талдырып күні-түні еңбек етті.

Біз қашанда үлкенннің алдынан кесе өтпей, қадірлеп, құрметтеп жүретін халықпыз. Ақылын тыңдап, жақсылығын қолдап, қолдан келгенше кө­не­көз қариялардың ақ ба­та­сын алып өсіп келеміз. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын», «Жақсының сөзі де аңыз, өзі де аңыз» дегендей, халық тәрбиесінің тұнығынан сусындаған, елін жаудан қор­ғай білген, соғыс және еңбек ардагерлеріне қандай мақтау айтып, марапаттасақ та еселі еңбегінің қарымын қайтара алмайтынымыз анық.

Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосқан майдангер ата­ла­рымыздың еңбегі еш кет­пей, бейбітшілік пен бірлігі ор­наған тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан біздер ба­қыт­ты ұрпақпыз. Бүгінде көп­ұлт­ты бір тудың астына жұ­мылдырып, берекелі де тату-тәтті өмір сүрудеміз. Қазіргі кез­де еліміздің болашағы жар­қын, мақсаты айқын болып отыр­ғанын сөз жоқ. Шәкір ата секілді құрыштан жаралған туған жер перзенттерінің ерен ерліктері мен еселі еңбек­терінің өтеуі.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.


ТАҒЫЛЫМ 29 қараша 2014 г. 1 159 0