« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елдің арасында Ұлы Отан соғысы деген атаумен белгілі сұрапыл жылдардың адамзат баласына тигізген зардабы аз емес. Сол бір кезеңде қаншама адамның қаны төгілді. Жер жастанып, өзге топырақта мәңгілік мекенін тапты. Соғыста қаншама адамның тағдыры осылайша өрбіді. 1939 жылы басталған екінші Дүниежүзілік соғыста неміс басқыншылары Батыс Еуропа елдерінің көбісін өздерінің қарауына алғаннан кейін, әлемдегі социалистік мемлекеттің бірі – КСРО-ны басып алуға дайындыққа кірісті. 1940 жылы 18 желтоқсанда КСРО-ны қысқа мерзімде басып алу мақсатында дайындалған «Барбаросса» жоспарына қол қойды. Бұл жоспар бойынша Германия КСРО-ға қарсы негізінен үш бағытта шабуыл жасап, 8-10 апта ішінде соғысты аяқтау керек болды. Бірінші бағыт – Ленинград, екінші бағыт – Мәскеу, үшіншісі – Киев қалалары. Соғыстың түпкі мақсаты – социалистік ел КСРО-ны жою еді.
Күркіреген күндей өткен соғыста біздің аталарымыз да отансүйгіштік сезіммен қолына қару алып, қаскөйлікпен лап қойған жат пиғылды жауға қарсы тойтарыс беруге атсалысты. Қанша қиындық көрсе де, елдің тыныштығы үшін күндіз-түні кірпік ілместен майдан даласында ерен ерлік көрсеткен ерлеріміз аз емес. Содан бері де талай жылдар өтті. Өмір атты ұлы көш алға жылжып, сол жылдарда жастық жігермен шайқасқа түскен жауынгерлер замана заңымен қарттықтың ауылына атын байлап, олардың алды пәни дүниеден бақилыққа көшті. Келер жылы аға буын мен бүгінгі ұрпақ асыға күтетін Жеңістің 70 жылдық мерекесі жақындап келеді. Елдің арасында сондай мерекеге үлкен құрметпен қадам басатын майдангерлер баршылық. Солардың бірі – Ысқақ Бданов ағамыз.
Ағайынның ақылшысы
Абыздық жасқа жеткен Ысқақ Бданов ақсақал ағайын-туыстың ардақ тұтар адамына айналған. Өмірден көргені де, көңілге тоқығаны да көп қария елді уәлі сөзімен ұйытып отырады. Биыл сексен жетіні артта қалдырған ағамыз осылайша бір қауым жұрттың ақылшысы болып отыр.
Ағамыздың Арал теңізінің қолтығындағы қоныста кіндік қаны тамған. Аралдың ақжал толқындары әлдилеп өсірді. Алайда, ол кісінің отбасы балықшы емес еді. Әкесі малдың жайын күйттеген шаруа адамы болыпты. Өмір атты ұлы көште ақсақал барлығын да көрді. Елдің басына түскен нәубеттің де бүгінгі тірі куәсінің бірі. Қазалының Майдакөл ауылында өскен ол он беске келгенде колхозға мүше болып кірді. Шаруашылық басшысы Өтеп Өтеғұлов оны кеңсеге қызметке алған екен. Сол тұста білім алған азаматтардың қат кезі емес пе еді?! Өз ісіне мығым ағамыз қызметін дөңгелентіп жүре берген-ді. Арада төрт жыл өткенде ол кісі Арал қаласына оқуға барады. Небәрі жеті-сегіз ай өткенде соғыс хабары елге жетіп, жұрт арасында әбігершілік болды.
Жеңісті жақындатқан жылдар
Сол жылдың қазанында жиырма жасқа тола қоймаған балаң жігіт әскер қатарына алынды. Әскерге шақырылған адамдар мінген эшелон алдымен Орынбор қаласына тұмсық тіреді. Осында екі ай бойы жаттығудан өткен жауынгерлер соғысқа аттанып кете барды. Арада көп уақыт өтпей жеңіл жарақат алады. Госпитальда бір айдай емделген ол өзінің әскери бөліміне қайта оралды.
– Бір күні маған командиріміз «үш күндік азығыңды дайында» деген бұйрық берді. Мен оны қалт етпей орындадым. Көп ұзамай жолға шықтық. Жүріп келеміз. Алда – ол, артында – мен. Бір кезде өзеннен қайықпен өттік. Шынымды айтсам, қайда бет түзеп келе жатқанымды білмеймін. Өзен жағасындағы биік төбеге келдік. Онда он шақты адам жүр екен. Осы жерден ат арбаға міндік. Үшеуміз жолға түстік. Бір сәтте командир менен: «Қайда бара жатқанымызды білесің бе?» - деп сұрады. Мен бас шайқадым. Сөйтсем, мені әскери оқытуға алып бара жатқан беті екен. «Сынақтан өтсең, сонда қаласың» - деді жол бастап келе жатқан командир. Осылайша, қалың орманның ішіне де келіп кірдік. Сол жерде мені тексерді. Біршама сауалдар қойды. Білгенімше, жауап қайырдым, - дейді қарт жауынгер.
Ағамыз сынақтан мүдірмей өтіп, сол жерде оқуға қалады. Ол жерде соғыс қаруларын пайдалану, әскери жүру тәртібі және неміс штабтарына барлау секілді көптеген дүниелерді зердесіне тоқиды. Бір күні оларға немістер шебіне өтіп, «тіл» алып келуге тапсырма берілді.
Жол бастаған командирдің қасына Ысқақ ағамызбен бірге тағы бір жауынгер ереді. Түн тастай қараңғы. Олар немістер орналасқан орынға келіп, аңдысын аңдиды. Бір неміс сыртқары шығып, жан-жағына қарап тұр екен. Бұлар дереу әрекетке кіріседі. Әлгі немістің аузын басып, былайғы жерге алып шығады. Оны немістер де байқап қалған секілді. Дереу соңдарынан оқ жаудырады. Амал-айланың арқасында «тіл» алып келуге шыққан жауынгерлер құтылып шығады. Ағамыз осындай екі-үш іске қатысады. Көп уақыт өтпей, әскери оқу да аяқталады. Ысқақ Бданов взвод командирі болып, бұрынғы өз полкіне қайта оралады.
Бір күнгі шайқаста ағамыздың полкінен көп солдат шейіт болады. Олардың орнына жаңадан жауынгерлер шақырылып, тағы да қиян-кескі соғыс жүрді. Осының арқасында Украинаның бір қаласын жау қолынан тазалайды. Осы ұрыста ағамыз ауыр жарақат алған екен. Ол кісі біраз уақыт әскери госпитальдарда ем алады. Дегенмен, дәрігерлер оған майданға қайта баруға рұқсат етпеді.
Содан кейін ол елге оралуға мәжбүр болады. Елде де қызу қайнап жатқан тіршілік. Жергілікті жердегілер майдандағы жауынгерлер үшін тынымсыз тірлік етіп жатқан болатын. Ауылда бір айдай болғаннан кейін ағамызды колхоз жұмысқа шақырады.
Еңбектен береке тапты
Қан майданнан оралған жауынгер енді еңбек майданына араласты да кетті. Бұрынғыдай шаруашылық кеңсесіндегі жұмысына қайта кірісті. Біраз уақыт өткеннен кейін колхоз бастығы оған Қазалы қаласындағы малдәрігерлік мектебіне оқуға жолдама берді. Оны бітіргеннен кейін Қасқақұлан ауылына малдәрігерлік жұмысқа жібереді.
Арада екі жыл өткенде аудан басшылығы орталыққа қызметке шақырыпты. Дегенмен, отбасы жағдайына байланысты ауылдан ұзап шыға алмаған. 1947 жылдан бастап табан аудармастан аудандағы Бөген ауылында мал дәрігері болып қызмет атқарады.
Алпысыншы жылдардың басында Бөген балық зауытына қоймашы болып жұмысқа тұрады. Бұл да өте жауапты жұмыс. Әрбір затқа басыңмен жауап беруге тура келеді. Ағамыздың алдында жұмыс істеген азаматтардың барлығы бір-екі жылдан артық жұмыс істей алмаған көрінеді. Өз ісіне мұқият жан аталмыш қоймада он алты жыл бойы қызмет атқарыпты. Балықшыларға арналған қоймада осылайша адал еңбектің арқасында ұзақ жылдар бойы несібе терді. Осы орыннан зейнет демалысына шығады.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді қазекем. Бүгінде теңіз түбіндегі Бөген ауылының ақылшы ақсақалына айналған Ысқақ ағамыз жас буынға әрдайым ақыл-кеңесін аямайды. Небір қиындықты бастан өткерді. Қаншама ауыртпалықты арқалай білді. Қазіргі берекелі тіршілікте ондай заманның келмеске кеткеніне шүкірлік етеді.
Табаны кепкен теңіз жағалаудағы қалың жұрттың еңсесін түсірген жағдай еді. Соңғы жылдары жергілікті жұрт үлкен қуанышқа кенелуде. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек арқасында теңізді толық көлемде қалпына келтіре алмағанмен, көпшілік көзайым боларлық игі істер атқарылып жатыр. Аралда Көкарал бөгеті салынып, балықшылар берекелі тіршілігіне қайта орала бастады. Теңізден маржан сүзген қауым бұрынғы кәсібін жандандырып отыр. Олар аға буынның ақыл-кеңесін алады. Осындай сәттерде Ысқақ ақсақал оларға үнемі сөз жәрдемін береді. Қайсыбір жылдары Елбасының Көкаралға сапары барысында жүздескен жұрттың арасында ағамыз да болды. Теңізге деген жанашыр пейіл танытқан Мемлекет басшысына елдің атынан алғысын білдірді. Ағалық ақ батасын арнады.
Тоқсан жастың төріне озуға жақын қалған ақсақал әлі де тың. Өз кіндігінен өрбіген ұрпағының арқасында бақытты ғұмыр кешуде. Қадірменді қария бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді.
Өмір атты ұлы көште мағыналы ғұмыр кешкенге жететін дүние жоқ. Ағамыз жайлы осындай жылы лебіз білдіруге болады. Бұл – кез келген пендеге бұйыра бермес бақ...
Әділжан ҮМБЕТ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |