ЖАРАЙСЫҢ ЖАРЫЛҚАСЫНОВ НЕМЕСЕ ӘРІПТЕС ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Құрманғали Ажаров ағамыз: – Жарайсың, Жарылқасынов! – деп телефон тұтқасын тұғырына қондырды. Ол әлгі бір әзірдегідей емес, қазір көңілді. Оның да себебі бар. Осыдан жарты сағаттай уақыт бұрын жоспарлау кезінде редактор Қалқабай Әбенов: – Құреке, егін жинаудан сын материал керек, соны жеделдетіп тауып, бүгінгі нөмірге салуымыз қажет, – деген болатын. Ал жауапты хатшы Шора Ералиев те сөзге араласып: – Шұғыл түрде меншікті тілшілерге шығыңыз, олардың біреуін түске дейін қолға түсірмесеңіз, кеш қаласыз. Мүмкін болғанша ертелеткеніңіз жөн. Материал кешіксе, бетті ұстайды, содан барып газет кешігеді, – деп тығыздаған еді. Содан ширығып шыққан Құрекең телефонға мініп, аудандардағы тілшілерді түгендей бастаған-ды. Іздегенге сұраған демекші Қармақшыдан Рашид Жарылқасынов өзі хабарласып, табан астында сын материалды телефонмен хабарлады. Күріштік алқаптан кеше кештетіп оралған беті болса керек, көзбен көргенін көңілге тоқып, соны тезірек жеткізуге асыққан сыңайлы. Бөлім меңгерушісін көңілдендірген де осы жағдаят еді.
Неге екені белгісіз, алда-жалда Рашид Жарылқасынов туралы ойға кетердей болсам, осыдан қырық жылға жуық бұрын болған осынау бір көрініс көлбеңдеп көз алдыма келеді. Әлдеқалай сағынышты сезім оянғандай болып, қиянда қалған сол бір қимас күндерге жетелегендей әсер етеді. Не айта беретіні бар, кей-кейде «Ленин жолы» (қазір «Сыр бойы») газетінде сол тұста, сол заманда қызметтес болған ағалар мен қатар-құрбыларды аңсайды екенсің...
Сексен төрт жылдық тарихы бар бұл облыстық газеттің кешегісі мен бүгінгісінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Кешегі кеңестік кезеңде газеттің бұқаралық сипаты басым болатын. Газет тілшілері алыс-жақын ауылдардағы, тіпті шалғай жатқан елді мекендердегі өмір өрісіне, тіршілік тынысына, ондағы адамдардың хал-ахуалына, көңіл күйіне, әлеуметтік әм рухани қажеттіліктеріне айрықша назар аударатын. Газет қызметкерлері жиі-жиі іссапарларға асығып, бірі келсе, екіншісі кетіп жататын және олар оралысымен жетістікті де, кемістікті де оқырманның назарына қаз-қалпында ұсынатын. Қысқасы, облыстық газет аймақтың айнасы тәрізденетін. Ол тұста сегіз аудандағы төрт тілшіге де дамыл болмайтын. Елдің ен ішінде жүріп олар өндіріп, жарысып жазатын еді-ау... Әсіресе, Арал мен Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Шәкірат Дәрмағанбетов ағамыздың алымы бөлек, айдынды да айбынды көрінетін. Жасы үлкен жазғыш ағадан Шайзада Рахметбеков, Yсен Әбшенов сипатты меншікті тілшілер де қай қырынан келсе де қалғысы келмей, қарманып қалам сілтейтін. Осындай әріптестерінің ортасынан Қармақшы мен Жалағаш аудандарындағы меншікті тілші Рашид Жарылқасынов өз орнын ойып алғандай сезілетін.
Журналист Рашид Жарылқасынов облыстық газетке өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында, атап айтқанда, 1975 жылы келді. Оның алдында Қармақшы және Жалағаш аудандарындағы меншікті тілші Әбілахат Жанәділов ағамыз болатын. Ол кісі марқұм болған соң Рекең соның орнын басты. Онымен біздің таныстығымыз осы кезден бастау алады. Бұған дейін Қармақшының аудандық газетінде қызмет етіп, баспасөздің төменгі буынында шыңдалып, ширығып, айтарлықтай тәжірибе жинақтаған журналистке облыстық газеттің жұмысына жегілу бәлендей қиындық келтіре қойған жоқ. Қазақ мемлекеттік университетінің және Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімдерін тәмамдаған ол аудандық газетте жауапты хатшы қызметін атқарып жүрген тұста облыстық газетке қызметке шақырылған-ды. Жалпы, ол кезеңде облыстық «Ленин жолы» газетінің абырой-беделі өте-мөте жоғары саналатын. Оған жұмысқа қаламы жүйрік, қарымы мол, республикалық және жергілікті баспасөзде көрініп жүрген журналистерді тарту үрдіске айналған. Бұл күнде журналистік пен жазушылықты қатар алып жүрген байырғы қаламгер Айжарық Сәдібекұлы сол өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында аудандық газеттен ауысып келген. Осы жолдардың авторы – мен де сол тұста облыстық радиодан осында қоныс аударғандай едім. Одан беріде Әділхан Бәйменов, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сыдықов, Жақсылық Рахматуллаев секілді жүйрік журналистер осы ғибратты да қасиетті қара шаңырақ – облыстық «Ленин жолы» газеті редакциясынан өз орындарын тапты. Олар кейін айтулы ақынға, қаламы қарымды жазушыларға айналды. «Бәріміз де Гогольдің шинелінен шықтық» демекші, сол кезеңдегі бір топ қаламгерлер ұлағатты ұядай болған осы газеттің қазанында қайнап, шыңдалып, ширығып жазуымызды жетілдірдік, бетімізді, бағытымызды айқындадық. Мұнда бізге ағалық жасаған, тәжірибесі мен тәлімін сіңірген кісілер де осал емес еді. Досмағамбет Тасекеев, Құрманғали Ажаров, Нұрғали Оспанов, Қалқабай Әбенов, Нұрділда Уәлиев, Шора Ерәлиев, Мырқы Исаев, Дархан Сапаров, Қомшабай Сүйенішев сынды алдымыздағы арынды ағалардан алғанымыз, үйренгеніміз, игергеніміз аз емес. Осы аты аталған, немесе аты аталмай қалған алдыңғы толқынның өкілдерін қимастықпен еске алып, аруақтарына әрқашан бас иеміз.
Міне, осындай ордалы ортаға түскен қаламгер азаматтың қара жаяу болып, қатардан қалуы мүмкін емес қой. Журналист Рашид Жарылқасынов та бәйгеге қосылған бестідей іске бел шешіп кірісті, жазған сайын жазыла түсті. Оған көз жеткізгісі келген кісі сол жылдардағы газеттің тігінділеріне назар аударса болады. Әсілі, шығармашылықпен айналысқан адамдардың бәрі бір кісінің баласындай бір-біріне ұқсай бермейді. Жаратушы әрбір жан иесіне әрқилы мінез, әралуан қасиет дарытады, ешкім де одан қанша қарманғанымен аса алмайды. Әрине, ол үшін ешкімді де кінәлай алмайсыз. Рекең облыстық газетте табаны күректей жиырма жыл қызмет етіп, құрметті зейнетке шықты. Осы жылдардағы аралас-құралас, қарым-қатынас барысында бір байқағанымыз, ол елгезек, тілалғыш, кісі көңілін қалдырмайтын кісі, қолынан келсе жанындағыға жақсылық жасағысы келіп тұрады. Өмір ағынында, қызмет барысында біреуге айбат шекті, артық айтты, жақсыны жасқады, жаманды жақауратты, көп сөйлеп айналасындағының мазасын алды, шектен шықты, дөрекі мінез көрсетті дегенді естіген де, көрген де емеспіз. Рекең қашан көрсең де, қайда көрсең де бірқалыпты мамыражай күйде. Осы қалпы көпшілікке де, бізге де ұнайды. Алайда оның қаншалықты пайда, зиянын көріп жүргенін, әрине, бір өзі біледі. Затында, қаламгерге, шығармашыға бағаны оның қабілетіне, тудырған туындысына қарап берген ләзім. Оның артында қалатыны да, кемеңгер келешектің керегіне жарататыны да сол. Ал мінезі, басқасы өзімен бірге кетеді емес пе...
Асылы, адам жерорта жастан асып, ұлғайған сайын өмірдің, уақыттың тез өтетінін бағамдай береді екен. Сондайда не істедім, не тындырдым, қандай кәсіпті қол көрдім, оның нәтижесі қандай болды деген сыңайлы сұрақтарға жауап іздейсің. Сонау қиянда қалған бозбалалық шақта қанатты қиял мен алыпұшқан арманның құшағында жүрдік. Болашақта кім болам, қандай мамандық игерем деген ойлар бір ояға келмей, әртарапқа талпынып, әртүрлі әсердің ықпалында болдық. Басқаны қайдам, мен өз басым бала күнде болашақ бағытымды айқындай алмадым. Ақын да, жазушы да, айтарлықтай дауысым болған соң әнші де, тіпті қиял қарыштаған кезде ұшқыш та болғым келген. Сондайда ақыл айтып, кеңес беретін кісі керек-ақ екен. Ал ауылдағы алдымдағы ағалардың бұл реттегі ой орамдары ауыл-аймақтан аспады. Амал жоқ тағдыр жолына түсуге тура келді, ол пединститутқа бастады. Оны тәмамдаған соң мектептен мұғалімдік орын табылмай, аудандық газеттен бір-ақ шықтым. Мен философия ілімінде айтыла беретін заңдылық пен кездейсоқтық категориясына бас ием. Соның соңғысы менің бар ғұмырымда атқаратын азаматтық кәсібімді айқындап берді. Бір кездері ұстаз болсам деген арман, ойламаған жерден арнасынан ауытқып журналистке жетелеп әкетті. Әрине, оған өкінбеймін... Осының бәрін неге айтып отырмын, мына мақалаға өзім туралы толғаныстарды тықпалап керегі не еді деуге де болады. Оған да маңдайымызды тіреп, материал арнап отырған журналист Рашид Жарылқасынов себепші.
Рекең журналист болуды бала кезінен армандапты, газетке  мақала жазуды да сол шақтан бастапты. Оны біз беріде білдік. Бұл күнде жасы жетпістің ен ортасына енген ағамыз жайлы жазуды ойластырып, қолымызға қалам алған тұста оның әкесінің редактор болғаны хақындағы хабарды құлағымыз шалды. Ойламаған жерден олжалы болған кісідей қуанып, Қармақшыға телефон шалып, Рекеңнен мән-жайға қаныға түспек ниетімізді білдірген едік. Ол қысқаша болса да қағазға түсіріп, хатпен жіберуге уәде етті.
Міне, сол хатты, құрметті оқырман, сол күйінде өздеріңіздің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.
ӘКЕМ САХИ ЖАРЫЛҚАСЫНОВ ЖӘНЕ  ӨЗІМ ЖАЙЛЫ ҚЫСҚАША БАЯН
Менің әкем Сахи Жарылқасынов ата-анасынан ерте айырылып жетім қалса да, молдадан ескіше оқып хат таныған. Екі әңгімесінің бірінде «Мұхтасарды тауысқанмын» деп отыратын. Ол кезде мұндай дәрежеде білім алудың өзі үлкен сауаттылық саналатын көрінеді.
Әкем араб әрпі негізінде Ахмет Байтұрсынов құрастырған төте жазуды еркін меңгерумен бірге, ескі араб жазуларын да (жәдид, қадым) жақсы білетін. 1932 жылдың 12 сәуірінде Қармақшы ауданында «Екпінді» газеті шыға бастағанда әкем Сахи онда ең алғашқы жауапты хатшы болып қызмет атқарған. Газеттің бастапқы сандарының латын әрпімен басылып шығарылғаны белгілі. Әкемнің бұл әріп түрін де өте сауатты меңгергенін байқауға болады.
Отызыншы жылдардың аяқ кезінде МТС-тардың жанынан саяси бөлім құрылып, оның дербес газеті шығарыла бастаған-ды. Сол жылдары Қаракеткен үлкен қоныс орны болып, ондағы МТС саяси бөлімінің органы «Колхозшы» газеті шыға бастады. Әкем С.Жарылқасынов сол газеттің алғашқы редакторы болып қызмет атқарған. Газеттің жауапты хатшысы болып Жалағаш ауданының белгілі азаматы Мөрәлі Шәменов қызмет еткен.
Соғыс жылдарында Қармақшы аудандық «Қызыл ту» газетінің редакторы болып 1949 жылға дейін қызмет атқарды. Әкем Сахи Жарылқасыновтың журналистика саласындағы өмір жолын қысқаша айтсақ, осындай.
Сөз жоқ, әке тәрбиесінің бала үшін әсер-ықпалы зор. Менің баспасөзге құмарлығым мектептің бастауыш сыныптарында оқып жүргенде-ақ басталғаны күні кешегідей есімде. 50-ші жылдардың бас кезінде 6-шы ауылдағы Абай атындағы 7 жылдық мектепте оқып білім алдым. Ұмытпасам, 1953 жылдың көктемі болар. Республикалық «Қазақстан пионері» газетіне тұңғыш мақалам шықты. Мақалада мектеп балаларының спорт жарыстарындағы сүйсінерліктей жетістіктері баян етілген-ді. Кейінірек жоғары класстарда оқып жүргенімде облыстық «Ленин жолы» газетінің беттерінде мақалаларыммен бірге шағын этюдтерім жарық көре бастады. Бұл менің журналистикаға деген қызығушылығымды арттыра түскен жылдар еді.
Баспасөздегі қызметім 1958 жылдың шілде айында аудандық «Қызыл ту» газетінде әдеби қызметкер болудан басталды. Кейінірек осы газетте жауапты хатшы қызметін атқардым. Газет жабылып қалған жылы (1962 ж) республикалық «Социалистік Қазақстан») газетінде шамалы уақыт корректордың көмекшісі болып жұмыс істедім. Ол кезде мен ҚазГУ-дың сырттан оқытатын бөлімінің студенті едім.
1965 жылы ҚазГУ-дың филология факультетінің журналистика бөлімін, 1971 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, журналистика саласындағы білімімді тереңдете түстім. 1975-1995 жылдар арасында облыстық «Сыр бойы» газетінің Жалағаш, Қармақшы аудандарындағы меншікті тілшісі болып, жиырма жылға жуық уақыт қызмет атқардым. Баспасөздегі азды-көпті еңбегіме орай ВДНХ-ның (Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі) қола медалімен марапатталдым. Қыздарым жоғары білім алып, оқу-ағарту, медицина салаларында қызмет атқарып жүр. «Ұлым – ұяда, қызым – қияда» дегендей, олардан өрбіген ұрпақтардың қызығына кенеліп отырған күндерімді ең басты байлығым мен бақытым деп бағалаймын.
Рекеңе рахмет, өзі туралы өзі айтып біздің жұмысымызды жеңілдетті. Ал бұған қосарымыз да, аларымыз да аз. Айтпағымыз, жетпіске қарай оның қаламына жел бітті. Соңғы жылдар бедерінде әдеби, ғылыми мақалаларға ден қойғандай жайы бар. Бұл күнде бұрқырап, жарысып шығып жатқан газет, журналдардан Рашид ағаның материалдарымен ұшырасып, қуанып қаламыз әрі құптаймыз да. Оның өлеңдері, қысқа әңгімелері мен ел ауызында жүрген аңыздар, мақал-мәтелдер және басқалары оқырманның көңілінен шығады. Осы қараша айында жетпіс бес жастың белесіне шығып отырған оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілейміз. Бұған Сыр қаламгерлері де қосылады деген ойдамыз. Мақаламызды сонау бір жылы журналист Құрманғали Ажаров ағамыздың аузынан шыққан: – Жарайсың, Жарылқасынов! – деген ыстық ықылас, жылы лебізімен қорытындылаймыз.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 09 қараша 2013 г. 2 008 0