« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ұмытпасам, елу алтыншы жылғы (өткен ғасырдағы) тамыз айының орта кезі болар. Аптап ыстықтың беті қайтып, күн ауа самал соға бастаған кез. Шілденің шіліңгіріндегі шөл азабынан, аптаптың қамытынан құтылған малшы қауымның жүзіне жайдары қан жүгіре бастаған. Ыстық ығысқан соң көлеңке сағалаған төрт түлік, әсіресе қара қой қанат жая жайылып, етке шыға бастаған-ды.
Сол бір көктем мен жаз Сырдария ауданы малшыларына құт дарытқан маусым болған. Қыс қаһары ерте қайтып, ауданның малшы қауымы Сарысу өзені бойын тың сақтауды ойлап "Төсбұлақ” нұрасын сауырлап асып, Қарсақпай жотасымен астасып жатқан "Түлкібай” құмына дейін аяқ соза жайлаған.
Күн мінезін қалт жібермей әр құбылысты аңдып отырған малды ауыл салқын леп есісімен өзен бойымен "Телікөлге” қарай ойысқан. Көктемде тасыған өзен суы шайған жайылым ерекше от. Мал да, жан да көңілді. Тойынған түлік етке шығып, қоңдана бастаған, ал адамдардың ажарлануында да ерекше сыр бар еді. Сол тұста Сырдария ауданының малшылары екі жыл қатарынан абырой асқарынан көрініп, желі оңынан соғып тұрған. "1 май” колхозы малшылары тағы үздік шығып, Байжан ақсақалдың шопан таяғын ұстағанына 45 жыл толған, қатардағы қойшы Айша Меңлібаеваға малшы қазақ әйелдері арасынан тұңғыш рет Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Осы қуаныштарды жайлауда тойлауға бәтуаласқан малды ауыл тамыздың соңғы аптасында "Қоңыртөбеде” шоғырланып, алдымен ат бәйгесін өткізді. Өзге ұлттық ойындарға да кезек берілді. Делебесі қозған жұрт ұлттық ойынды жаңғыртып алдымен салым салу бәсекесін бастап жіберді де аяғы көкпарға ұласты.
Біздің фермадан барған тойшылар кештете оралды. Қозы алу көрсеткіші мақталыпты. Жүн, қаракөл тапсырудан да абыройсыз емес. Тек ат бәйгесі мен көкпар додасынан еселері кетіп, өкініштен іштері өртеніп келді. Бәрі кінәні ферма есепшісі Әбдірахманға (бұдан кейін Әбжан) аударып, сан соғады.
Айтқандай-ақ өкінудің де жаны бар екен. Бәрін осы жігіт "бүлдіріпті”. Менің бүгінгі кейіпкерім Әбжан Бәйтіков сол тұста осы фермадағы, тіпті аудандағы мал шаруашылығында істейтін есепшілердің жасы және ісіне мығым "мық шеге” атанған жан болатын. Есепке жүйрік, мал мен жайылым жайын жақсы білетін. Жастықтың буына берілмей үнемі сыпа жүретін. Мініс атын күтімді ұстайтын. Мәселен, астындағы "Қызқара” атты қаракер аса күйлі де сұлу жылқы еді. Жануар шу дегенде маңына қара ілестірмейтін хас тұлпар-тын.
Әлгі додаға кірерде біздің ауылдың адамдары осы "Қызқараға” сеніп барған-ды. Уәде бойынша тақымы мықты ағалардың бірі қас қария көкпарды "қамаудан” шығарып, Әбжанға өңгертіпті. Айтқандай еті қызып, елігіп тұрған қаракер егесіне көкпар тиіп, сауырын қамшы сипаған соң суырыла жөнелтіпті. Додаға кіріп, шаң қапқан аттар оған ілесе алмай қалыпты. Айтуларынша, біздің ауыл дода болған төбеден 25-30 шақырым жерде екен. "Қаракер енді ешкімді маңайлатпайды, бұйырса салым біздікі” деп гүпілдеп келе жатқандар асылық айтқан екен. Қара үзіп шыға бере Әбжан серкені түсіріп алып, көкпар басқа біреулердің тақымында кетіпті.
Өкінген жұрт Әбжанды ортаға алып "тергесін” кеп.
– Не болғанын өзім де білмеймін. Сол қолыммен тізгінді ауылға бұрып, аттың басын жіберіп қалдым. Екпіні қатты шабысқа шыдамай көкпарды ердің сол жағына аудара бергенімде серкені көтеруге оң қолымның дәрмені келмеді, жерге түсіріп алдым. Осыны естіген үлкендердің бірі кейістік айтты:
– Жігіт емессің бе, қолыңа тиген көкпарға ие болмай...
– Оқ тиген қол ғой, бүкіл кейде бір шелек суды да көтере алмайды. Осы қолдан талай опық жедім.
– Оу, қайдағы оқ, шырағым-ау?..
– Соғыстың оғы. Иә, соғысқа қатыстым ғой.
Әбжанның бұл "құпиясынан” бейхабарлар таңданыспен аяушылық кейіп танытты.
Хош, ендігі гәпті Әбжан Бәйтікұлының қолы орайындағы оқиғамен өрбітейік. Құжаты бойынша Әбекең 1924 жылы қараша айында Сырдария ауданы көлеміндегі "Телікөл” деген жерде туып, 1942 жылы "Кооператор” жетіжылдық мектебін (қазіргі қаладағы №43 Кеңес Одағының Батыры Ж.Махамбетов атындағы орта мектеп) үздік бітіріп, 1942 жылдың тамыз айында майданға аттанады. Осы жерде Әбекеңнің тағы бір "ұрлығының” бетін аша отырайық. Мектепте жақсы оқыған соң, жасын қолдан өсіріп жаздырып, комсомол қатарына өтеді. Осы талабының көрсеткен опасы ғой өз өтінішімен кәмелетке толмастан Отан қорғау соғысына аттанады...
...Сөйтіп 17 жасқа толар-толмаста жалындаған комсомол тамыз айының аптапты күні Сыр бойынан ғазабат соғысқа бет түзіген жауынгерлердің сапына қосылып, Ашхабад қаласында кіші командирлер даярлайтын оқу полкіне жеткізілді. Осында болашақ майдангерлер 5 ай оқып, жаттығып, соғысудың қыр-сырымен қанықты. Содан қырық үштің ақпан айында батыстағы ажал апанына бет түзеді. Арада айға жуық уақыт жүріп Әбекең Курск доғасындағы аждаһамен арпалысып жатқан атқыштар полкінің танктерді жоюшы батальонды толықтырды. Осылай Сыр бойынан аттанған комсомол ғазабат шайқастың алапат арпалысы болып жатқан майданға танкіге қарсы қарудың наводчигі болып кірді. Полк командирі подполковник И.Борисов, Батльоны командирі капитан Д.Ионин және рота командирі Г.Бегоуский деген соғыстың теориясы мен тактикасын жетік меңгерген, солдаттарға мейіріммен қарайтын егде жандар екен.
Қан майдан жүріп жатыр. Ажал оғы тынымсыз себелейді. Ақырзаман туралы аңыздарда айтылатын нағыз зұлмат осы шығар. Бірде немістің "Тигрінен” атылған снарядтың жарықшағы Әбжанның оң иығынан тиіп ауыр жарақаттанды. Әдепкіде елемеп еді, аздан соң оң қолы көтерілмей салбырап қалды. Сөйтсе әлгі жарықшақ оң қолдың бұлшық етін тесіп өтіп, тамырларды қиып түсіпті. Мұндай жарақаттарды сәт сайын көріп жүрген командирлер Әбжанның жағдайын жедел анықтасымен дереу госпитальға аттандырды. Емдеу ұзаққа созылды. Козелск, Иваново және Барнаул қалаларындағы госпитальдарда бірнеше рет операция жасалды. Қысқасы, ем-дом бес айға созылды. Ақыры жігіттің оң қолы мен ояға келмесін анықтаған соң медициналық сарапшылар Әбжан Бәйтіковті 1944 жылғы сәуірде ІІ топтағы соғыс мүгедегі деп анықтады да арнаулы комиссия әскерден босатты.
Әскерден оралған соң Әбекең мылтықсыз майданға белсене араласты. Бірақ ІІ топтағы мүгедек деген құжатын көрсетіп өзіне жеңілдік дәметкен де жоқ. Оқуға зерек болған соң о бастағы арманы орта білім алған соң жоғары оқу орнына түсіп, білікті маман болу еді. Соғыс ылаңы, әкесіз үйіндегі ауыр тұрмыс бұл арманын маңайлатпады. Амалсыз нан тауып, жалғыз анасының жүзіне мұң түсірмеу қамымен туған ауылдағы тірлікті күйттеді. Жасынан есеп-қисапқа жүйрік жігітке ауыл басшылары осы салаға пайдалануды ұсынды. Дәм бұйырып отыз жылдай қой фермасында, қалған уақытта колхоз кеңсесінде есепшілік қызметте болып, сексен бестің (өткен ғасырда) басында еңбек демалысына шықты.
Бір сөзімізде Әбекең 30 жылдай қой фермаларында еңбек етті дедік қой. Иә, сөйтті. Сол салада жемісті іздері қалды. Алдымен артынан бетке шіркеу болатын сумақай сөз, өсек, өтірік ерген жоқ. Өйткені, Әбекең есеп жұмысына адал да мығым еді. Сол бір кезеңдегі қосып жазу, өтірік ақпар беріп, өсіріп көтеру сияқты сұрқия саясаттың мерезін бойына дарытпады. Оның жасаған жылдық, тоқсандық есептерінен діңкілдеген тексерушілер кінәрат таба алмай өздері аяқтарын тарта басатын. Әбекең есепші болған ферманың ісі, оң тірлігі кезінде аудан бойынша үлгі есебінде аталып жүрді.
Ол жайылым жайын, түліктердің бағым-күтімін де жақсы білуші еді. Бұл орайда ол малшылармен жиі пікірлесіп, кеңесіп отыратын. Қысқасы, түлік түлеткен қауымға ізетті іні, адал дос, ақылшы аға бола білді.
Әбекең егіншілікпен соғыстан бұрын-ақ аты шыққан қала іргесіндегі ауылда өсіп, осында еңбек еткенін жоғарыда айттық. Осы жерде оның тағы бір қырының түндігін аша кетейін. Әбекең тумысынан кішіпейіл, сөзге сараң, қияс-қыңыр мінезі жоқ, үлкенге ізеті мол, кішіге мейірімді жуас жан. Қазақтың «батамен ел көгерер» деген қасиетті қағидасының нұрына шомылып келе жатқан кісі. Оған да бір мысал – ол өскен ауылда ақыл парасатымен елді ұйытқан Сатан, колхоздың даңқын асырып, ел ұйытқысы болған Қуат, Жұмаш, Пірәдәр, Ербосын, Бозша, Махамбет, Есімсейт, Ешім, Жүнісбек секілді ондаған ақылман аталар, Батихан, Дәмелі, Қазына, Мырзагүл атты қасиетті аналар болды бір кезде. Әбекең солардың бәрінің қолына су құйып, иіліп қызмет етіп, абзал аруақтардың ақ батасын алып өсті. Сол әулие қарттар берген ақ батаның киесі болар Әбжан Бәйтікұлы қанды қырғыннан оң қолын құрбан етіп, елге оралды. Еліне алпыс жылдай қызмет етті. Жібек мінезді Кеңескүлдей жар тауып, кеш үйленсе де он балалы болды, отыз шақты немере, оннан аса шөбере сүйді.
– Мен бақытты адаммын. Әуелі Құдай... сосын ел тілеуі, ақсақалдардың ақ батасының шапағаты шығар, Отанымды қорғауға қатыстым. Оң қолымды құрбан етіп елге оралдым. Соғыс салған жараны жазу жорығына белсене қатыстым. Жар сүйіп, ұрпақ өсірдім. Міне, менің бақытым!-деп Әбекең дәйімі шүкірлік лебізін айтып отырады.
Шынында оның күпірліктен қашып шүкірлікті ту етуінің жаны бар. Екі қоғамдық формацияның куәгері, осы жолдардың кейіпкері, Отан соғысының ардагері Әбжан Бәйтікұлының туғанына, міне, 90 жыл!
Тоқсанның төріне шықса да мен оны да, өзімді де әлі егделікке қимаймын. Оның баяғы жігіт, өзімнің балалық шақтарым көз алдыма көлденеңдейді де тұрады. Өйткені мен соғыстан соңғы ес білгеннен бергі кезеңде Әбекеңнің бауырында өсіп келемін. Соғыстан жаралы болып оралған әкем зейнетке шыққанша қой бақты да үйім қысы, жазы шалғай жайылымда болды. Мектеп есігін ашып, білім бұлағынан сусындау маған аса қиын болды. Малды ауылда мектеп жоқ. Сонан да тиянақты білім ала алмай, кейде оқудан қол үзіп жүрдім. Бұл күйімді көріп, біліп жүрген Әбекең аталған "азаптан” мені құтқарып алды. Бірнеше жыл Әбекеңнің ауыл ортасындағы үйінде жатып оқыдым. Жарықтық Әмзе (Әбекеңнің анасы) маған өзінің кенже ұлындай мейіріммен қараушы еді.
Орайы келгенде Әбекеңнің маған деген ықпалды шапағатын айта отырайын. Ол кісі газет, журналдарды, әсіресе әдеби кітаптарды көп оқушы еді. Үйіне бірнеше республикалық, облыстық басылымдар келуші еді. Аға бірнеше күн малды ауылдағы жұмысында жүргенде мен пошташыдан оған тиісті рухани азықтарды түгендеп алып, қаттап жиып қоятынмын. Сөйтіп газет, кітап оқуға мен де құмарта бастадым. Келе-келе елдегі жаңалықтарды, әлемдегі алуан оқиғаларды жібермей оқып, сыныптастарыма әңгімелеп беретін болдым. Ағай бұл ынтамды сезіп, газеттердегі жаңалықтарды менен сұрап, менің қызығушылығымды жанып отыратын.
Қысқасы, әдебиетке құмартып, өсе келе журналистердің "егініне” түсуіме осы Әбекең де "кінәлі”. Олай дейтінім, ол қызықты әдеби кітаптарды үзбей, құмарта оқушы еді. Сосын жата қалып одан қалған "терінің” пұшпағын мен илеуші едім. Мәселен, "Абай жолы”, "Полк баласы”, А.Фадеевтің "Жас гвардия” романын, "Мың бір түн” ертегілерін төменгі сыныптара жүріп-ақ оқып тастағанмын. Бірде ағай Миклухо Маклай дегеннің қызықты хикая кітабын оқып, кейбір оқиғаларын айтып беріп еді, құмартқаным сонша соны өзім оқуды армандадым. Бірақ кітап латын әрпімен шыққан. Ерінбей ағадан латын әріптерінің кейбірін өзіміз оқып жүрген әріпке көшіріп алып, ақыры латын әрпіндегі кітаптарды еркін оқитын және хат жазатын дәрежеге жеттім.
Мұның бәрін мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Мақсатым тоқсан жыл жасап, өмірдің азабы мен рахатын бірдей көрген бақытты жанның әртүрлі қырларының бір парасын замандастарының талғамына ұсыну болды.
Сөзім асылық болмасын – Әбжан аға бақытты адам!
Өтеген ЖАППАРХАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |