Жүздің жүзін көрген қария

Жүздің жүзін көрген қарияБүгінгі бақытты ұрпақ кинодан көріп, оқып-білген алапат Ұлы Отан соғысының куәсі, от пен оқтың арасында қан кешіп, аласапыранды көзімен көрген жанның бірі жаңақорғандық Жүніс Қабетенов қария.

Бүгін Түгіскен ауылындағы соғыс ардагері, жүз жастан асқан Жүніс ақсақал жайлы әңгімелегелі отырмыз.

Шаңырақтағы Мейрамбекпен ілесе кірген мен қарияның қолын алып, сәлем бердім. Жүніс шал жүзге келсе де, өзі ширақ, сөзі анық, өткеннің көбі ойында білем, әңгімесін ағытып жүре берді. Дауы­сында діріл жоқ, бірақ бет әлпетінде кәріліктің белгісі болар әжімдер көбейген. Сөз арасында «Соңғы кезде құлағым сыр беріп жүр, естуім де нашар. Оған қоса қос жанарым көруден қалған. Бірақ табан жолдан тайған емеспін» деген қария тамағын бір кенеп алып, қоңыр даусымен әңгімесін бастап кетті.

– Өзің көргендей, бұл атаң жүздің жүзін көріп отыр. Ұлы Отан соғысының жеңісінен кейінгі барлық Жеңіс күндерінің куәсімін. Құдайға шүкір, кешегі от пен оқтың арасынан аман қалып, туған жердің топырағын басып, үйлі-жайлы болып, ұрпақ өсіріп, немере, шөбере қызығын көріп отырған менде арман жоқ. Қазір Түгіскенде үш соғыс ардагері қалдық. Әсен Құлымбетов, Сайфулла Жұмаділлаев және мен. Ол екеуі де менен он жастай кіші. Бірімізді біріміз көрмесек, әңгімесін тыңдамасақ, кәдімгідей елегізіп отырамыз. Дегенмен, ол екеуі де күйбең тіршілігі болар соңғы кездерде келуді сиретті. Өкініштісі сол, көңілім алабөтен боп кейде іздеп, жалғызсырайтыным да содан, – дейді өзінен кіші екі майдандасына өкпе-назын білдіріп.

– Біз соғыстан бұрын әскерге алындық, – деп әңгімесін жалғай түсті. – 1939 жылдың 7 ақпанында әскер қатарына шақырылып, үш жылды бітірер-бітірместен Ұлы Отан соғысы басталды. Біз бірден майдан даласынан бір-ақ шықтық. Біздердің батальон негізінен Украина жеріндегі соғыстың кермек дәмін татты. Украинаның жаңбырлы табиғатының балшығын кешіп, сызда окопта жатып, шинельді төсеніш етіп, немістердің талай рет шабуылдарына төтеп беруге тура келді. Оқ пен оттың арасында жер бауырлап жүріп жаудың шебін тас-талқан еткен күндер де болды. Кейде шегініп бағытымызды өзгертіп тұтқиылдан шабуыл жасап та көрдік. Ондайда талайды оқ жұлып, жер құшып, қансырап, өліп жатқандар да аз болған жоқ. Бірде екі бекіністі қалқалап бетпе-бет шабуыл жасап жатқан кезде жақын кеп түскен снаряд жарықшағынан сол аяғымнан жараландым. Шым еткен аяқтың жоғары жағынан аққан қан тоқтар емес. Жанымдағылардың көбі жоқ. Бір өзім қалғандаймын. Айқайлап көмекке шақырған боламын. Ешкімнің қарасы көрінбейді. Әлден уақытта бір орыс солдаты келіп «ты живой» деді де, қансырап жатқан мені сүйрелеп жақын маңдағы санчастьқа жеткізді. Одан әрі Харьковтегі жаралы жауынгерлер жатқан госпитальдан бір-ақ шықтым.

Жазылып шыққан соң тағы да майданға жіберді. Украина, Гомель, одан әрі Будапешт қалаларын азат етуге қатыстым. Бір байқағаным, аш құрсағың табиғаттың ыстық-суығы мен қыстың ызғары немістерге деген жүрегіңдегі кек тұрғанда түк емес екен. «Бұл соғыс біте ме, бітсе елге аман ораламыз ба?» деген үміт сәуле екен адамды жігерлендіріп, қайратқа мінгізетін. Біз жеті жыл бойы осындай ой кештік.

Көп жағдайлар қазірде естен шығып, ұмыт бола бастады. Оған себеп, жастың ұлғайғаны болар. Сонда да мына бір оқиға әлі есімде. Ұмытпасам, 1943 жылдың күз айы болар. Украинаның Полтава облысының Ахтырка деген қаласын жаудан босатамыз деп кескілескен шайқас болды. Қарсы жақтан да, біз жақтан да оқ қарша борап тұр. Арагідік зеңбіректен түскен снаряд біз бекінген бекіністің топырағын аспанға көтереді. Командирдің «алға» деген дау­сынан соң өре ұмтылдық. Автоматтан оқ жаудырып келеміз. Жан-жаққа қарауға мұрша жоқ. Жаңбырша бораған оқ алға ұмтылған біздің қатарымызды сиретіп барады. Құдайдың қаққаны болар, алдыңғылардың бірі болып неміс бекінісіне іліндік. Біздің де оғымыз далаға кетпепті. Жайраған неміс солдаты. Ыңырсып, шала жансар болып жатқаны қаншама? Торғай атып көрмеген мен сол шабуылда өшпенділіктің неге соғатынын түсіндім.Содан Днепр өзеніне жақындап Хороч, одан соң Кременчуг қалаларын алып жау шебінен тазарттық.

Тағы бірде, 1945 жылдың басында Венгрияның астанасы Будапештке шабуылдадық. Мықты қорғанған немістердің бекінісіне шабуылдау өте қиын болды. Оқ пен оттың арасында үш ай бойы беріспеді. Сондағы шығынды көрсеңіз. Оққа ұшып мерт болғандар қаншама. Жанын қоярға жер таппаған жаралы жауынгерлердің гөй-гөйі, ыңырсып безілдеуі, бастарын ұрып мағанасыз сөз айтуы көрген көзге қорқынышты әрі аянышты еді. Жүрегің ұрып, көңіліңді «не болар екен деген» үрей билейді. Әйтеуір, сүлдеңді сүйретіп, шабуылдан соң болмашы ғана тыныс алғандайсың. Әсіресе, жаралы солдаттарды арбаға тиеп, санчастьқа жөнелткендегі аянышты халдерін көріп, жүрегің жылайды. Соғысқа лағынет айтасың.

Жеңісті Венгрияның астанасы Будапеште қарсы алдық. 1945 жылдың қыркүйегінде елге аман-есен оралдым. Елге келсем, бидай орағы екен. Мені «майданда қаза тапты» деп қара қағаз алған кәрі шешем мен жалғыз қарындасым қара жамылып «әкеден жалғыз еді, тұяқ қалмағаны ма» деп көз жасын көл қылып отыр екен. Менің аман екенімді көріп, ауыл-аймақ дүрлігіп «енді көп жасайды екенсің» деп алма-кезек кеуделеріне басып көрісіп жатты. Шешем мен қарындасым болса қуанғанынан есі шығып, жатаған үйге бір кіріп бір шығып, қуаныш жасын тияр емес. Әп-сәтте ауыл аймақтың кәрі шалы мен ақ жаулықты аналары жиналып қалды. Бәрі анама «шүкіршілік, өмірлі болсын, аман келгеніне қуансаңшы» деген ізгі тілегін айтып, жұбатып жатыр. Сол күннің ертесіне бір малын сойып апам байқұс ауылдың кәрі-жасының батасын алды. Ол кезде бүгінгідей аста-төк дастарқан байлығы қайдан болсын. Қолдан тартқан бидайдың қара наны, болмашы құрт-майы.

– Соғыстан соңғы кез өте ауыр еді, – деді Жүніс қарт. Түкпірдегі ауыл Талдысуда да жағдай мәз емес. Бала-шаға, кемпір-шал түгел бидай орағында. Ауылдың тіршілігі сүреңсіз. Көп үйлер қара жамылған, енді бір үйлер «аман-сау» келіп қалар деген ойдың жетегінде үмітін үзбей отырған сияқты. Тұрмыс та жетісіп тұрмаған. Тойып тамақ ішу жоқ. Араға екі-үш күн салған соң колхоз бастығы маған «қырман күзетесің» деп қолқа салды. Мен бірден келісім бердім. Соғыстан оралған соң үй ішінің ауыртпалығын көтеріп, қарт анамның қолын суыту керек болды. Мақсатым, соғыстың азабы мен зардабын ұмытып, бейбіт күндердің бұйырған рахатын көру еді.

Сәл ентігіп қалған Жүніс қарт сөзін сабақтап: – Қалған өмірім адал еңбекке арналды. Атышулы Сунақата каналын қазуға қатыстым. Көңіл жарасып жетімдер руының қызы Үрбибіге үйлендім. Бұл 1946 жыл болатын. Бұдан кейін Бірлік кеңшарының №3 фермасында шопанның таяғын ұстадым. Ферма бастығы Алтынбек Нұржігітов деген азамат мыңболғыр, арлы, бірсөзді, турашыл жан еді. Қолқалап болмады. Келіспеске амал қалмады. Не керек ол кез Кеңестік дәуірдің тұсы еді ғой. Қойшыға жоспар беретін. Сол уәдеден шығу малшыға парыз болатын. Құдайға шүкір, мал баққан отыз үш жылдың ішінде басшыларды ұятқа қалдырған кезім болған емес. Жыл сайын төлді 140-170-тің үстінде алып отырдым. Бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің бір­неше мәрте жеңімпазы атандым. Бір жылы жоғары жетістігім үшін «Москвич» автокөлігіне ие болғаным бар. Ол жылдары жеңіл машина атаулы ілуде біреу болатын. Қазіргі замандай әр үйдің ауласында қос-қостан машина болмайтын. Бүгінде осыны көріп, бір кездегі оқ пен оттың иісі, сыз басып, окопта жатқан кездер, шинельдің төсеніш болғаны, бір жапырақ нан мен консервінің кермек дәмін ұмытқандай болып өміріме шүкіршілік деймін.

– Әкеден жалғызбын дедім ғой, соғыста өліп кетсем, соңымда ұрпағым қалмас, тұяқсыз өткенім бе, – деген ойлары маза бермейтін еді. Құдайға шүкір, тілегімді Алла қабыл етті. Үрбибі екеумізден тараған ұрпақ бір қауым елге айналды. Құдайдың берген бес ұл, екі қыздың арқасында 37 немерелі, 68 шөберелі болдым. Жасыратын не бар, шуылдасып келсе көбінің атын атап, түсін түстей алмаймын. Ол да болса жүз жастың маған артқан салмағы болар.

Осы тұста үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп отырған ұлы Мейрамбек пен келіні Бибісара соғыс ардагері Жүніс қарияның өткенінің белгісіндей соғыста алған бір топ медальдары мен сарғайған құжаттарын алдымызға әкеліп берді. Көз жүгіртіп, оқып отырып байқағаным, Отан қорғау жолында өткен жеті жылы айтуға оңай болғанымен, ащы дәмі кетпейтін, әсте ұмытылмайтын, жадында мәңгі қалатын тарихтың өзі екеніне көз жеткіздім.

Таяуда кәрі жүректің бір қуанғаны бар. Қолындағы Мейрамбегінің ұлы Алмат республикалық көкпаршылар сайысында жүлдегер атанып оралыпты. Мұны көрген Жүніс қарт аттың құлағында ойнап, ат жарататын ұрпақ өсіп келе жатқанына қуанып, іштей өмірлі болуын тілеген. Мінекей, соғыс ардагері жүздің жүзіне іліккен Жүніс қарияның өмірінің жалғасы. Қарт үшін бұдан артық қуаныш, бақыт болсын ба? Кәрі жүрегі осыларды медет тұтып, ұрпақтарына арқа сүйейді.

Қарт жауынгермен қоштаса тұрып «Жеңістің 70 жылдығын бірге тойлауға жазсын» дедім. Сыртқа шыққан Жүніс қария күліп тұрып: – Құдай жазса, сол күнге де жетейік,– деп қала берді. Менің ойымда:

Тау емес, тауға еңіске түсіп келеді,

Аллаға шүкір саулығы бүгін керегі.

Қартайған жүрек, сыздайды бірге мұңайып,

Майданда қалған боздақты ойлап кешегі, – деген шумақ оралды.

Файзулла САХИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Түгіскен ауылы,

Жаңақорған ауданы.


ТАҒЫЛЫМ 22 қараша 2014 г. 1 592 0