« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Айса Махамбетов ағамызды көнекөз басшылар болмаса, көбісі біле бермейді. Ол кісімен қызметтес болған құрдастары оның іскерлігін айрықша атайтын.
Айса Махамбетов 1917 жылы 1 шілдеде Гурьев облысы, Маңғыстау ауданының 15 ауылында дүниеге келген. 1935-1940 жылдары Ашхабад қаласындағы Калинин атындағы Түркменстан ауыл шаруашылығы институтын жоғары дәрежелі зоотехник мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Институтты бітіргеннен кейін 1940 жылы Түркменстанның Тахта ауданының дайындау бөлімінде бас зоотехник болып жұмыс істейді, Алайда шамалы уақыттан кейін кеңес әскерінің қатарына шақырылады. 1940-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, екі рет ауыр жараланады. 1945 жылы қазан айында елге оралады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін 1944 жылы «Отан соғысы» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан оралған соң бейбіт еңбекке араласып, Түрікменстанның «Красная Знамя» кеңшарында бас зоотехник болып 1951 жылға дейін қызмет атқарды.
Кеңестер Одағының Қаракөл шаруашылығы жөніндегі Бас басқармасының бұйрығымен 1951 жылы Қазақстанға қызметке жіберіліп, Шымкент қаласындағы «Қазсовхозқаракөл» тресінде бас зоотехник әрі директордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Мұнан кейін Қазақстан Орталық партия комитетінің тапсырмасымен Қызылорда облыстық атқару кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бес жылдай уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау жөніндегі облыстық басқарма бастығының бірінші орынбасары, Қызылорда облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1965-1971 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, кейіннен басқарма бастығы болды. Осында қызмет істеп жүргенде 1973 жылы қаракөл қойының жаңа тұқымының авторы атағын алды. Облыстың экономикасын көтеруге, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосты. Ол обкомның бюро мүшесі болып, бірнеше рет облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Зейнетке шыққаннан кейін де облыстық мал тұқымын асылдандыру бірлестігінің төрағасы қызметін атқарды
Менің байқағаным шаруашылықтарда ет-сүт бағытындағы малдарға құрылысты кешенді түрде салу, шаруашылық басшыларына мал азығы мәселесін шешуді қатаң тапсыратын. Малшыларға үй, малдарға типтік жобадағы қора салуды басты назарда ұстап, орындалуын үнемі қадағалап отыратын. Сүт өндіретін шаруашылықтарда сүрлем, пішендеме дайындауды назарда ұстады. Малды қолдан ұрықтандыру туралы бірнеше рет облыстық семинар-кеңестер ұйымдастырғанының куәсі болдым.
Семинар-кеңестерде қағазға қарамай, орысша да, қазақша да сауатты сөйлейтін өте шешен адам болатын. Обкомға ауыл шаруашылығы саласына қатысты қаулы мен шешімдердің жобасын дайындағанда ең соңғы өзгертулерді Айсекең жасайтын. Мал шаруашылығы саласының өркендеуіне зор үлес қосқан білікті басшы еді. Ол сол кезеңдерде облысты басқарған обкомның бірінші хатшылары Ықсанов, Бектұрғанов, Әбдікәрімов ағаларымызбен қызметтес болды.
1975 жылы Айса аға мені Қазалы ауданынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына құрылыс жөніндегі орынбасары қызметіне шақырып, бюро мүшелеріне ертіп жүріп таныстырып, министр Моторикоға өзі ұсыныс берді. Осылайша бір мекемеде жұмыс істедік. Мен ол кісіні барлық жерде ұстазым деп айтып жүрмін. Нағыз басшы сондай болу керек деп есептеймін. Өтірікті жаны сүймейтін, бос сөзге жол бермейтін, қабілеті бар жастарды тәрбиелеп, қызметте өсіріп отырды.
Облыста тыңнан 10 қой совхозын ашты. Бұл сол кездегі Қазақстанда 50 миллион қой өсіру керек деген Орталық Комитеттің тапсырмасы еді. Айсекеңнің тапсырмасымен 28 шаруашылықта әрқайсысы 5000 бас қой бордақылайтын алаң салынды. Малшыларға, кеңшар жұмысшыларына арнап жылына 40 мың шаршы метр тұрғын үй, 7-8 мектеп пайдалануға беріліп тұрды. Облыс тұрғындары бүгінгі күнге дейін соның игілігін көруде.
Лауазымды қызметте болса да, қызмет бабын пайдаланып, дүние жинаған жоқ, жалпы көлемі 50 шаршы метр пәтерде қарапайым жұрт қатарлы өмір сүрді. Зейнетке шығып Алматыға көшерінде Ынта апай екеуіне төрт-бес жігіт сәлем бере бардық. Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне іссапарға барғанымда министрліктің бір бөлімінде қызмет істеп жүрген ағамен кездесіп, әңгімелесіп жүрдік. Мені көрсе, жібермей, көбіне елдің жағдайын сұрайтын.
Айса Махамбетовтың тағлым мен парасатқа толы өмір жолы бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге болуға тұрарлық. Әсіресе, Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтап, отанымыздың қарыштап дамуына жасаған еңбектері кейінгі жас ұрпақтың бойына өз еліне, туған жеріне деген асқақ сезімін ұялататынына сенімдіміз.
Айса аға 1989 жылы Алматы қаласында 72 жасында қайтыс болды. Оның бейбіт күндері жасаған еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, екі рет «Құрмет белгісі» және екі рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Оның артында қалдырған өнегелі істері мен адамгершілік қасиеттерін бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес. Осы бір абзал жан туралы қанша айтса да, таусылмасы да анық.
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |