« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен жылы бұл пәниден 58 жасында мәңгілік сапарға аттанған аралдық өлмес өнер иесі Рысбек Әшімовті жырқұмар қауым әлі күнге сағына іздейді. Оның да өзіндік себебі бар еді.
Аудан орталығынан 300 шақырым шалғайдағы Атанши атты малды ауылдан Арал қаласына келгенде, Рысбек мектеп жасындағы томпиған қара бала екен. 1955 жылы Арал қаласында өмірге келген оның бұл алыстағы ауылдан оралған беті еді. Кейін қаладағы №13 орта мектепті тәмамдап, араға сәл ғана уақыт салып, жоғарыдағы Атанши ауылында көмекші шопан болып өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған.
Жастайынан жанына өнерді серік еткен Рысбек жүргізуші болып жүргенде, автокөлік рулін ақ домбыраға айырбастап, аудандық мәдениет үйінің қасиетті табалдырығынан аттаған еді. Мәдениет бөлімінің сол кездегі Байнияз Тілепов, Тәжібай Үмбетәлиев, Қаппар Жармағамбетов, Мықтыбай Қызылбаев, Төлебай Сапаров сияқты күйшілері мен жыршы-термешілерінен Рысбек көп нәрсе үйренген болатын. Әсіресе, ол көпке танымал, ылдидан шапса, төске озған тарлан термеші, соғыс ардагері Әбілхан Махановтың тізгін ұстары, топқа қосар нағыз шәкірті атанды. Сонан да шығар, Рысбектің орындауындағы Ә. Махановтың «Аралым, айдын шалқарым» термесі аудан, облыс асып, республика, одақ тыңдармандарының құлақ құрышын қандырғаны жұрт есінде.
Кейін Рысбек жыршы, термешінің таңдай қақтырар өнеріне аралдық марқұм ақын Серік Сейітмағамбетовтің де тәнті болғаны әлі күнге жадымызда. Сексенінші жылдары Рысбек Әшімов Қарақұм қойнауындағы малшылар мен айдынды теңіздегі балықшылар қауымын жиі-жиі аралап, олардың асыға күтер қонағына айналды. Осы сапарларында ол Сыр бойының сұңғыла сүлейлері Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Жаппарберді, Нұртуған, Қарасақал Ерімбеттің жыр-дастандарын жұртына жыр-шашу етіп, талай рет ұсынған болатын. Құдды Рысбек шапқан сайын, жолына жақұт жыр шашылатын алтын тұлпар іспеттес еді.
– Бұл өнер маған ілгері замандағы нағашыларым Дәріқұл, Жаңаберген, аталас жырауларым Жаппарберді, Үмбетәлі, бөлем Нұртуған Кенжеғұлұлы сияқты шайырдан дарыған еді,-дейтін Рысбек көзі тірісінде. Ол өстіп жүріп бәріне уақыт таба білді. Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрі мен халық театрының белсенді мүшесі атанды. Арал аудандық мәдениет үйі жанынан Нұртуған шайыр атында мектеп ашып, қырықтан астам өзінің шәкірттерін дайындады. Олардың алды бұл күндері егеменді елімізге кеңінен танымал Елмұра Жаңабергенова, Гүлнар Суханберлиева болса, арты–аудан, облыс сахналарында тыңдарман қауымның алғысына бөленіп келе жатқан бір шоғыр жас термеші, жыршылар.
Серік ақын жырлағандай, өзіндік үні сұңқардай сұңқылдаған Рысбек Әшімовтің дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорында» 1986 жылы жазылып алынып, сақтаулы тұрғаны баршаға аян. Оның өзіне тән мақамын Қазақстан теледидарында, облыстық телеарналарда талай мәрте құлағымыз шалды.
1986 жылы Токио университетінің профессоры, дүние жүзі өнерін зерттеуші ғалым Минору Марито қазақ фольклор өнері жұлдыздары антологиясының «Алтын дискісіне» Рысбектің орындауында Сыр бойы сүлейлерінің бірнеше термелерін жазып алғанда да, баяғы «бетегеден биік, жусаннан аласа» дағдысынан бір сәт айнымаған. Оның дауысы кезінде «КСРО халықтарының фольклор өнері және өнерпаздары» атты үш лазер дискісі арқылы дүние жүзіне танымал болғандығы өнерпаз әріптестерінің жадында болар. Оның халық шығармашылығы І және ІІ фестивальдеріне қатысып, лауреат атанғанын қайтіп қана ұмытармыз?!
Кезінде Рысбек Әшімовтің өнері Мәскеу, Ленинград шаһарларында өткен бүкілодақтық және халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивальдерінде жоғары бағаланып, осы фестивальдердің жүлдегері қатарынан көрінді. Атақты жыршы Алмас Алматов Рысбектің өнерін шетелдік өнерсүйер қауымына таныстыруда үлкен еңбек сіңірді. Рысбек термешінің бұл ғаламда бармаған төрткүл әлемнің тұсы жоқ сияқты еді. Тіпті, ол 2002 жылы АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен «Смитсон» халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысып, барар-қайтар сапарларында көгілдір мұхит асқанда да, жүзінен ешбір мақтаныш сезімінің ізін көре алмағанбыз. Ол осындай өнер иесі еді.
Өмірінің соңғы жылдарында аудандық тарихи өлкетану мұражайында ғылыми қызмет атқарған Рысбектің бар есіл-дерті, көңіл сүйері өнер өлкесі екенін жақсы білетінбіз. Ол осы дағдысынан өле-өлгенше айнымай өткен асыл азамат, жампоз жырау, текті өнер иесі болатын. Сол қалпында ол мыңдаған тыңдармандарының жүрегінде ән болып әуелеп, жыр болып жалындап тұра бермек.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |