« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ұлы Отан соғысы Жеңіс мерекесінің 70 жылдық торқалы тойы да таяп қалды. Өмір деген осы. Қаншама боздақтар Отан үшін жанын пида етсе, ал бүгінде елге оралған ерлердің саны саусақпен санарлықтай ғана. Толарсақтан саз, тобықтан қан кешіп, кеуделерін оққа төсеген сол бір сұрапыл соғыстың куәгерлері қазір көз алдымызда сағымданып қана тұр. Демек, оқ пен оттың арасында ғұмыр кешіп, елі үшін емірене еңбек еткен сол бір айтулы азаматтардың өнегелі өмір жолын ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз, парыз ғана емес, мойнымыздағы қарыз. Осындай майдангерлердің бірі топырағынан өмірге келіп, нәр алған Қырым Әміржантегі Изеев болатын.
Аралдағы мұражайдан Отан үшін от кешкендер туралы тарихи деректерді шолып, кеудесінде "Қызыл Жұлдыз” ордені жарқырай тұрған Қырымды көріп тәнті болғаным бар. Айтулы ақсақалдың өмірден өткеніне 30 жыл да өте шығыпты. Өзі жоқ болса да, артында із қалдырған ақсақалдың ұрпақтары бар шығар деген ойға тұмшаланып, іздейін келіп. Алла Қырекеңнің тұла бойы тұңғышы, есімі Сыр еліне етене таныс, бүгінде 70 жастың желкесіне мінген, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Досхана ағамызбен кездесудің сәтін салды. Тұз-дәмдес болып жүрген Досекеңді "Қызыл жұлдызды Қырым” атанған ақсақал жайлы бүкпесіз баян етуін өтініп, әңгімеге тарттым.
– Әкемнің кір жуып, кіндік қаны тамған жері Қазалы ауданына қарасты Кеңес Одағының батыры Үрмаш Түктібаев атындағы ауыл болатын. Кезіндегі Бозкөл, Карл Маркс, Октябрь атанған колхозда иығына кетпен асынып, қолына орақ пен қамшы ұстап, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жүріп-ақ еңбекке араласқан. Әкемнің айтуынша, 1940 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Өздеріңізге мәлім, тағдырдың жазмышы болар, әкем әскери борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны басталады. Әкемнің сол кездегі бітім-болмысы күні бүгінге дейін көз алдымда көлбеңдеумен тұрады, – деген Досхана аға ойлы жанарымен тұмшаланған тұңғиыққа телміре қарады да үзілген әңгіме жібін қайта сабақтады.
– Естуімізше, Қырым ақсақал: "Бір қолымды түбірімен Отаным үшін, ұрпақтар сендер үшін майдан даласында тастап кеттім. Оны айтасыз, жанымды пида етуден де қаймыққан емеспін. "Қырық жыл қырғын болса да, кебенек киген келеді” деуші еді бұрынғыдар, Алланың жазмышы болар, елге аман-есен келдім ғой” дейді екен. Ендігі сөз кезегінде әкеңізден естіген сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы көріністерге көз жіберсеңіз? – деген сауал тастадық.
– Мен тек қана өз әкемді мақтаудан бойымды аулақ ұстаймын. Сол заманның бозбалаларының бәрі дерлік Отан үшін жандарын шүберекке түйді емес пе? Жүректері "Отан” деп соққан барлық дерлік жауынгерлер алдында бас иеміз. Десе де, асқар таудай әкем жайлы айтпау маған күнә болар. Әкем көзі тірісінде ажалмен талай рет бетпе-бет келген. Қарша бораған қорғасын оқтардан ата-баба аруағы сақтаған болар, жараланса да, ем-дом алып, үш жыл бойы оқ пен оттың арасында қасқия жүріпті. Әкем айтатын: "Арманым қанды қол фашистердің топырағын таптап, Жеңіс туын желбіретсем” деп. Жете алмаған. Шығыс Еуропа жеріндегі кезекті бір шайқаста ауыр жараланып, ес-түссіз госпитальға түседі. Өзі айтқандай, Отаны үшін бір қолын түбірімен құрбандыққа шалады. Шамасы, бұл 1944 жылдың маусым айы болса керек. Осы ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталады.
Иә, Досхана аға айтса айтқандай, Қырым ақсақал елге аман-сау оралып, қалған ғұмырын елі үшін еңбек етуге бағыштайды. Ауылдағы Қонысбай, Әбдір, Қали сияқты азаматтар мұны құшақ жая қарсы алып, соғыс кезінде күйзелген шаруашылықтың көтерілуіне, жүдеп-жадаған ел еңсесін қайта тіктеуіне жұмыла тер төгеді.
Қырым ақсақал 1958 жылы Арал қаласына қоныс аударады. Себебі, тұла бойы тұңғышы Досхана осы қалаға қызметке келген болатын. Ежелден төсекте басы, төскейде малы тоғысқан айдынды Аралдың ақжарқын халқы кешегі майдангер, бүгінгі еңбеккер Қырым Изеевті құшақ жая қарсы алады. Содан 1983 жылы 76 жасында бұл өмірмен хош айтысқан қарт жауынгердің кесек қимылы, кісілік бітім-болмысы, атқарған қыруар шаруасы аралдықтардың жүрегінде жазылып қалған.
Өздеріңізге мәлім, кезінде ақ бас толқынды Арал теңізі тартылып, экологиялық ахуал ауыртпалығы ел еңсесін түсіре бастаған. Қаланың қақ ортасында 30-дан астам сорлы көлшіктер пайда болып, ел тынысын тарылта да бастады. Ел еңсесін тіктеу үшін не істеу керек? Әрине, сорлы көлшіктерді көміп, келмеске кетіру қажет. Ол кезде көлшіктерді жабуға аудан бюджетінің қолы қысқалық қылатын. "Судың да сұрауы бар” дегендей, көлшіктерді көмуге қаржы жұмсауға аудан басшыларының да жүрегі дауаламайтын. Осы бір тығырықты істің тетігін табуға Қырым ақсақал құлшына кіріседі. Қараңыз, қарттығына, болмаса денсаулығына қарамастан, ақ таяғын сүйретіп, сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағидолла Құбашевтің кеңсе табалдырығын аттайды. Қашан да қарапайым, адами болмысы халықпен бірге біте қайнасқан, өзі де кешегі Ұлы Отан соғысының жауынгері Сағидолла алыстан ат терлетіп келген майдандасын күлімсірей қарсы алып, шаруасын шешеді.
Араға ай салмай облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Құбашев Аралға ат басын бұрады. Қасына сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Ә.Медетбаев пен Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Изеевті ертіп алып, тобықтарынан сорлы құмды кешіп, қала ішіндегі көлшіктерді аралайды. Содан көлшіктерді құрғатудың жұмыс көлемі нақтыланып, оған жұмсалатын қаржы, оны қайдан алуға болатындығы пысықталады. Ұзын сөздің қысқасы сол, бүгінде сол көлшіктер үстінде қала тұрғындары жарыса үй салып жатса, әлеуметтік маңызы бар нысандар да жарыса бой көтеруде. Аралдағы сорлы көлшіктердің жабылуына бірден-бір сүбелі үлес қосқан соғыс және еңбек ардагері Қырым Изеевке тұрғындардың алғысы шексіз еді.
– Менің анам Зияда Сәрсенбайқызы да, – дейді үзілген әңгіме жібін қайта сабақтаған Досхана аға, – қолөнерімен өмірді өрнектеген көпке әйгілі болған адам еді. Көзі тірісінде Зияда апамыздың шебер қолынан шыққан тұскиіз, алаша, тоқыма, қоржын, көрпе мен жастық, қайсыбірін санамалап айтарсың, көпшіліктің көз майын тауысушы еді. Аралдың тарихи-өлкетану мұражайына барыңыздар, анамыздың алтын саусағынан шыққан ұлттық бұйымдар сол жердің төрінде тұр.
Досекең айтса айтқандай, Арал қаласында сонау 1988 жылы шаңырақ көтерген тарихи-өлкетану мұражайында "Қызыл Жұлдызды” Қырым ақсақалдың да көзі тірісінде тұтынған дүниелері құнды жәдігерлер қатарынан орнықты орын алып, ұрпақтарға ұлағат етіп қалдырылған. Өйткені, соғыс пен еңбектің ері Қырым ақсақалдың сол бір ғажайып дүниелері мұражайға келушілерге кешегі күндерден сыр шертеді.
***
Қырым ақсақал жайлы жазбама нүкте қойғалы жатқанда сонау бір 1990-шы жылдары белгілі жазушы Адам Мекебаевпен арадағы әңгіме желісі ойыма түсті.
– Ұмытпасам, – деген еді Адам аға, – 1960 жылдардың аяғы болса керек. Біз белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев екеуміз Аралға іссапармен барғанбыз. Ол кезде аудандық атқару комитетінің төрағасы Қартақов болатын. Біздерді жылы жүзбен құшақ жая қарсы алған оның үйінде болып, ақ жеңешеміз жайған ақ дастарқан басында ашық-жарқын әңгімелестік. Содан мен ұйқы құшағына еніп бір кетейін. Нұрағаң фортепьянода отырған. Түн ортасы болса керек, ұйқы құшағындағы мен әлдекімнің жұлқылауымен өре түрегелейін. Сөйтсем, Нұр ағам:
– Тұр, бала, өмірге "Аралдағы жеңешем” әнін әкелдім. Саған тапсырма, сөзін жазасың.
Нұр ағаң айтты екен, ақын болмасам да, орындамасқа лаж жоқ. Сонымен таң атқанша көз ілмей "Аралдағы жеңешем” әнінің сөзін жазып шықтым. Ертеңіне Қартақов ағамыз бен жеңгемізді алып, теңіз төскейіне "Генерал Ватутин” деген кемемен серуенге шықтық. Сонда сол кездегі жас әнші Жеңіс Қырымов деген азамат осы бір айтулы әнді өз қолымен баянды сүйемелдеп, алғаш рет айтқан болатын. Сөйтсем, Жеңіс есімді жігіт Қырым ақсақалдың баласы екен. Содан да Жеңіс Қырымовтың есімі елге танымал болған-ды.
Иә, Қырым ақсақалдың ұл-қыздарының қай-қайсысы да әке жолын мұрат тұтып, сан алуан салаларда елі үшін еңбек еткен жандар. Сөз соңында айтпағым, Ұлы Жеңіс жолында да, еңбек жолында да өзіндік қолтаңбасы мен ұлағатын қалдырған Қырым Изеев сынды айтулы азаматтың есімін ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз.
Еркін ӘБІЛ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |