« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жылдар жылжыған сайын жаңарып, жаңғырып жатқан заман ғой. Бұл пікір бұқаралық ақпарат құралдарын да айналып өте алмайды. Басқасын айтпағанда, кешегі кеңестік кезеңде облыстық газетте секретариат деген болатын. Айтпағымыз, соның қызметкерлері жайлы. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде облыстық "Ленин жолы” (қазір "Сыр бойы”) газетінің секретариатында жауапты хатшының орынбасарлары Болат Мұратбаев, Нұрпейіс Байғараев және газеттің әрлеушісі (ретушер) Мұхаммед Оразбақов қызмет ететін. Ал жауапты хатшы Шора Ералиев өз алдына жеке кабинетте болатын. Секретариат қызметкерлерінің міндеті – редактор мен оның орынбасарлары оқып, нөмірге жоспарланған материалдарды макеттеп, баспаханаға жіберіп, сонда теріліп, беттеліп, газет кезекшілерінің алдына берілуін қамтамасыз ету. Әрине, оңай жұмыс емес. Ерте келеді, кеш қайтады. Өздерінше материал жазуға уақыты да жоқ. Оларды секретариат қызметкерлері дейді, ал олармен деңгейлес бөлімдегі жазатын журналистер әдеби қызметкерлер болып аталады. Біздің бұл жолғы әңгімеміз сол кездегі секретариаттағы үшеу туралы болмақшы.
МҰХАММЕД
Мұхаң жасы жағынан секретариаттығылардың үлкені болып саналады. Алғашқы сөзді сонан бастауымыздың да себебі содан. Ал енді қызметінде мін жоқ. Газеттің суретшісі болғандықтан ол алдымен фотосуреттерді әрлейді, одан әрі материалдардың тақырыптарын тиісінше қолмен көркемдеп жазады. Көркем шығармалардың, тарихи материалдардың мазмұнына сай суреттер салады. Олары газет оқырмандарының да, материал авторларының да көңілінен шығып жатады. Қысқасы, ол өз ісінің асқан шебері еді.
Мұқаң рухы мықты, ғажайып адам екен. Оны беріде байқағандай болдық. Беріректе ол қант диабеті дертіне шалдықты. Ауруханада жатқанда көңілін сұрай барып, қайран қалып қайтқанымыз есімізде.
– Мына аяқ шіріп барады, ол күннен күнге өрлеп келеді, енді кестіретін болдым, – деді. Осыны айтқанда оның жүзінен ештеңе байқалмады, баяғы байыпты қалпы. Апыр-ай, дедік іштей. Содан арада аптадай уақыт өткенде қайта соқсақ, ағамыз бір аяғымды алдырдым деп жайнап отыр.
– Операция жасаған хирургтің зәресін ұшырдым, – дейді күліп. – Наркоздың күші ертерек қайтқан болуы керек, оянып кетсем, бір аяғым жоқ. Хирург алып кетіңдер деп жатыр екен. Қабырғада сүйеулі тұрған аяғыма көзім түсіп: – Ой, жолдас, аяғыммен қоштасайын дедім. Менен мұндайды күтпеген ғой, хирург мәңгіріп тұрып қалды, аяп кеттім...
Ал бұған не дейсіз?.. Осыны базбіреу айтса сенбес едік. Өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіген соң амал жоқ айтып отырмыз.
Сол Мұқаң кейін тағы да таңғалдырды. Денеге дендеп енген дерт одан әрі екінші аяғына шапса керек. Ауруханаға түсіп, екінші аяғын да алдырды дегенді естіп, үйіне көңілін сұрап барған едік. Шынымызды айтсақ, қатты қобалжыдық. Бірімізді-біріміз алға салып, босағада іркіліп тұрғанымызда:
– Келіңдер ей, ұялмаңдар, – деген Мұқаңның жарқын дауысын естіген соң, еркіндеу сезініп ішке енсек, ол бар денесін қос қолымен көтеріп, бері беттеп келеді екен. Көңіліміз бұзылып, жанарымызға жас үйірілді. Оған мән беріп жатқан Мұқаң жоқ.
– Бұл күнде гаршокке отыратын болдым, одан биікке өрем жетпейді, – дейді. Бір аяғын тізесінен төмен, екіншісін тізесінен жоғары кестіріп, әбден жүдеп-жадаған азаматтың айтып отырғаны осы. Соның бәріне кінәлі біздей жүзімізді аударып, жалтақтай береміз. Мұқаң болса, сыр алдырар емес. Әйелі Жұмаш та, қызы Алма да үй иесінің аңғарынан аса алмай, уайым-қайғыларын сездірмегенсиді...
Айтып келген дерт алып тынды. Содан көп ұзамай-ақ газет суретшісі Мұхаммед Оразбақовты ана дүниеге аттандырып салдық. Бұл жалғанда кім қалар дейсің... Мұхаңның қазасы қатты ойландырды. Апыр-ай, бұл не деген рухы мықты жан. Екі қолымен жер тіреп, жорғалап жүргенде де сыр алдырмады ғой сабаз. Басқа кісі болса сары уайымға салынар еді, күні жақындағанын мойындап, келген-кеткенмен қоштасқандай сыңай сездірер еді. Бұл олай еткен жоқ. Тектілік дегенің осындай-ақ болар...
БОЛАТ
Жауапты хатшының орынбасары Болат Мұратбаев ерекше жаратылған жандай көрінетін. Ол ешкімге ұқсамайды, турасын айтады, алыпқашпа сөзбен жұмысы жоқ. Мұнтаздай болып жинақы жүреді, шағын денесі киіктің асығындай болып ширатылып тұрғаны. Ісіне мығым. Көбіне газеттің төртінші бетін макеттейді. Ол кезде бұл соңғы бетке көбіне әдеби, мәдени материалдар орналасатын. Арагідік әлеуметтік бағыттағы мақалалар да осы беттен көрінетін. Макеттеу дегеніңіз жатқан есеп, бүгінгідей шамамен жобалау деген жоқ. Дағдыланған кісі болмаса, қолдағы материал көбіне артылып сыймай жатады, кейді кем болады. Бөкең болса, тұп-тура шығады, әрі әдемі әшекейлейді. Оның қолында түрлі-түсті қалам болады, ол бас тақырыптарды мазмұнына қарай әр түрлі бояумен, ал сызықтарды көбіне қара және көк түстермен ерекшелендіреді. Ол макеттеген материалдар бетке түскенде айнымай сол қалпы шығады. Бұл да шеберлікке келеді.
Шағын да шымыр келбетті Бөкеңнің әр сөзінен, тіпті әр қимылынан жанының тазалығы, жүрегінің адалдығы аңғарылып тұратын. Содан да болуы керек, оған жақын-жуық жүргенді қолай көретіндер жетіп артылады. Әсіресе, Қомшабай, Дархан секілді қарымды қаламгерлер Бөкеңді көбірек төңіректейді. Онымен әзіл-қалжыңдары жарасады. Тіпті, кей-кейде араларындағы азын-аулақ жас айырмашылықтарын жиып тастап, үзеңгілес құрбы-құрдастарша қағысады. Соның баршасынан жақсы көргендік, жақын тұтқандық секілді ішкі иірімдер емен-жарқын сезілетін.
Бірде секретариатқа жас жігіт (шамасы студент болуы керек) кіріп Қомшабай Сүйенішовке келгенін айтады. Бөкең оңтайлы сәтті керегіне жаратпақ болып:
– Ол ағаңды бұрын-соңды көріп па ең? – дейді.
– Жоқ...
Одан әрі Бөкең ақыл айтады.
– Қомшабайдың ұстамалы ауруы бар. Кей кезде соның ұстап қалатын кездері болады. Ондайда ол өкшесімен жерді тепкілеп, қолымен желкесін түйгіштеп отырады. Ондайда оған жолауға болмайды, – дейді. Шынында да Қомшекеңнің ондай әдеті болатын. Жас күндерден қалған дағды. Көбірек сырқаттанғандықтан денесінің әр жері ұйыған секілді сезінетін болуы керек.
Бөкең болса соны пайдаланып:
– Бар, есіктен жәймен қара, – дейді. – Ауруы қозып отырса, көзіне көрінбе, жазым болып жүрерсің...
Аздан соң жас жігіт қайтып оралады, жүзі үрейлі.
– Аға, сіз айтқандай, жер тепкілеп, желкесін түйгіштеп отыр, – дейді.
– Онда қайта бер, кейін ағаң айыққан соң келерсің, – дейді Бөкең.
Олардың арасында осындай қазақы қалжың, сайқымазақ ойын жүре беретін және жарасатын. Жоғарыдағы жағдай Қомшекеңнің құлағына жетеді. Ол түсін суытып, Бөкеңе төніп:
– Сен жауторғай, не деп жүрсің! – дейді. (Ол Бөкеңді әзілдеп солай атайтын). Бөкең қарсы шабуылға шығады:
– Әй сарыасқабақ, не деп тұрсың? (Ол Қомшекеңді қалжыңдап солай атайды).
– Мені жынды депсің ғой...
– Оның өтірік па, сау адам тапа-тал түсте, жұмыс уақытында жыны ұстаған бақсыдай өзін-өзі сабалайды ма?..
Қомшекең одан әріге шыдамай, күліп жібереді. Жан-жағындағылар да мәз-мәйрам болып күлкіге кенеледі. Жаңа ғана бірін-бірі жойып жіберетіндей болып тұрған екеуі енді құшақтасып, қол алысып, қосыла күлуде.
Болат Мұратбаевқа құмарлар аз емес. Сол тұстағы "Социалистік Қазақстан” газетінің облыстағы меншікті тілшісі Байжігіт Әбдіразақов ағамыз да Бөкеңді арагідік іздеп келіп, шашкі де, шахмат та емес, бұрыш ойнады. Кезек жеңіп, кезек жеңіледі. Жеңгені мақтанып, масайрайды. Есімі елге белгілі Байжігіт ағамыз жеңген жағдайда балаша мәз болады: – Мен ойланбай ойнап-ақ жеңе саламын ғой. Редакцияда қандай мықтыларың бар, соны шақырыңдар, – деп қажайды. Ал жеңілген тұста: – Оу, "Социалды Қазақстан” қызметкеріне бұл жараспайды, – деп тақтаға тастарды қайта тіге бастайды. – Осы жолы оңдырмаймын, жаңағы ойын жолы ғой, – деп Бөкеңді шайқасқа шақырады.
Бір кездесуде Байекең үш рет қатарынан жеңілсе керек. Содан ертеңіне іздеп келіп қайтадан ойнап, қарымтасын қайтарған сыңайлы. Былайғы кезде салалы, салтанатты, барынша байсалды Байжігіт ағамыз осы шап-шағын Болат Мұратбаевқа келгенде бала сияқтанып кететін. Шіркін, көңіл жақындығы, жан жарасымы деген осы да...
НҰРПЕЙІС
Секретариатты редакциялар штаб деп те атай береді. Оның да жөні бар. Ол кезде көп мәселе осы жерден шешімін тауып жататын. Редакцияның бұйрық кітабы мен мөрі де осында. Ал газеттің бар материалының баспаханаға осы арадан жол тартатынын жоғарыда айттық. Нөмірдің кезекшілерін де белгілейтін орын да осы. Ал командировкаға шығатындар осында редактордың бұйрығын жаздырып алып, командировка куәлігіне белгі соқтырады, одан әрі бухгалтериядан жолақысын қамдайды. Ол тұстағы секретариаттың қызмет ауқымы айрықша еді. Онан кісі арылмайтын. Келіп-кетушілер де, редакцияның қатардағы қызметкерлері де көбіне осы жерден табылатын.
Жауапты хатшының екінші орынбасары Нұрпейіс Байғараев өмір көрген, университет бітірген соң ведомстволық газетте істеп, шыңдалған қаламгер. Облыстық газеттің ішкі екі бетін макеттейді. Одан қала берді редакцияның бұйрық кітабын жүргізеді, редакцияның мөрі де соның қолында. Баспаханамен жұмыс және бар. Ол осының бәріне үлгіреді, әрі сәтті, сапалы орындайды.
Орта мектепті бітірген соң шаруашылыққа араласып, азды-көпті өмірлік тәжірибе жинақтап барып жоғары білім алған Нұрекең қызмет барысында адамдармен араласуға, алдына келген кісінің тілін табуға тырысатын. Сонысына сай ашық, ақжарқын, араласқыш жан болатын. Ендігі бір қасиеті жақсы пародияшы еді. Араласқан кісілердің жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, қанына сіңген қалпын айнытпай салатын. Оның жанынан жұмыс уақытында да, басқа басы бос кездерде де адам арылмайтын. Нұрекең көпшіл, кең пейіл, кең қолтықтың өзі болатын. Темір жолдың арғы бетіндегі көшедегі үйінен кісі арылмайтын. Облыс орталығына жұмысқа орналасып, үй-жайын көшіріп келе қоймаған таныс-білістер оның үйінде айлап, апталап жататын. Оның отбасы да осыған әбден қалыптасқан, қабақ шыту, жақтырмайтын рай таныту дегеннен атымен ада.
Қатар-құрбының басы қосылған көңілді жағдайда әріптестер Нұрекеңді ортаға алып қолқалайды. Ондайда ынтықтырып, көп күттірмейді. Ол ұжымның басшысынан бастап, қосшысына дейін пародиялайды. Мәз болып, жабыла күліп, жамырасып жатқанымыз. Алғашқы кезде басшылар тарапынан жақтырмаған сыңай да сезілген, алайда бара-бара олардың бойы үйренгендей болды. Бір басқосу барысында жазғыш журналист ағамыз Мырқы Исаев: – Нұрпейіс, мені салшы, – демесі бар ма. Іздегенге сұраған дегендей, Нұрекең Мырқы ағамыздың жылдам қимылын, қызбаланып сөйлейтінін айнытпай жайып салды. Қыран жапқандай күлкі. Мәкең де риза, басқалар да риза.
Нұрпейіс сондай отырыстың гүлі еді ғой. Кейде оған корректор Бітімбай Сиқымов ініміз қосылады. Біреуді салуға ол да бейім. Екеуінің басы қосылғанда күлкіден жарыла жаздаймыз. Шіркін, ол да бір қызықты кезең екен. Сондай-сондай сайранға толы салауатты сәттердің қадір-қасиетін кісі араға жылдар салып барып бағалайтын, сағынышпен еске алатын болады екен.
Нұрпейіс көңілі түскен кісіден сырын жасырмайтын. Ойындағысын ойнақыландырып, күлдіріп айтатын.
– Қалекең кең, кешірімді еді ғой, – дейді бірде көздері күлімсіреп. Қалекең деп отырғаны редактор Қалқабай Әбенов. – Жұмыстың аяғына жақын көптен көріспеген, кезінде бірге оқыған жігіт жол жүріп бара жатырмын деген соң, көңілін қимай жолаяғынан аздап ащылап едім. Газеттің келесі нөмірінің екі бетінің макетін редакторға бекіттіруім керек. Кабинетке кіріп, қабылдау столының үстіне макеттерді жайып тастап, шегіншектеп тұрмын. Бұрындары Қалекең әрі қарап, бері қарап, тақырыптарды оқып болған соң қол қойып бере салатын. Бұл жолы олай етпеді. Мынау не, анау не деген сияқты сұрақтарды қойып, жазуымды түсінбегенсіп, мені өзіне жақындатты. Оны өзім де байқамай қалдым.
– Әй, бәсе, аздаған исің бар ғой, – деді күліп. – Шегіншектеп тұрғаныңнан білдім. Ал енді қазір үйге қайтасың, қараңғы түсіп қалды, байқа...
Қалекеңнің сол сөзі есімнен кетпейді, – дейтін ол.
***
Біз әңгімелеп отырған секретариатта істеген үшеудің ауызбіршілігі де айтарлықтай болатын. Олар жұмыстан тыс уақыттарда да бірімен бірі қатты араласатын. Нұрпейіс ағалары Мұхаммед пен Болаттың кеш жарығын кенде қылмайтын, бірде онда, бірде мұнда дегендей. Ол көбіне Мұхамедтікінде болады. Оған себепші Мұхаммедтің өзі.
– Нұрпейіс, жүр біздің үйден обедтенеміз, – деп ертіп бара жатқаны. Ал енді Мұқаң тамақ пісірудің шебері, кез келген асты аспаздан кем жасамайтын.
Мұхаммед пен Болаттың қатысы да осы тәріздес еді. Соның айқын айғағындай беріде екеуі қыз алып, қыз берісіп құдандалы болды. Құптарлық жағдай емес пе?..
Сонымен біз бұл мақаламызда бір кездері облыстық газеттің секретариатында қызмет еткен үш азамат Мұхаммед Оразбақов, Болат Мұратбаев және Нұрпейіс Байғараев туралы сыр шерткендей болдық. Материалымызда олардың жеке өздері туралы ғана баяндаған болдық. Сәті түссе, өмір болса, олардың отбасы-ошағы жайлы да жазып қалармыз деген ойдамыз. Әзірге осыны қанағат тұтқандай жайымыз бар.
Өкініштісі сол, жандары жарасқан осы үш азамат бұл күнде жоқ. Бірі ерте, екіншісі кештеу өмірден өтіп, ана дүниеге аттанған. Олармен қызметтес болған, қатар жүрген кездер ойға оралғанда ішіміз уылжып, жанарымызға жас үйіріледі.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |