БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІНЕ ЖЕТКЕН ЖАН

БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІНЕ ЖЕТКЕН ЖАНСоғыс және еңбек ардагері Оразалы Төлебаев ақсақал 1926 жылдың мамыр айында Сырдария ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Әкесі Толыбайдан төрт жасында айы­рылып, балалық шағы жоқшылықта өткен ол 1945 жылы ақпан айында майданға аттаныпты.

Облыс орталығының Орынбор көшесіндегі №60 үйде тұратын Оразалы әкемен әңгімеміз сол бір сұрапыл жылдар жайлы өрбіді. Сексеннің тоғызына қадам басқан қария ортаншы ұлы Сұлтанның қолында тұрады екен. Оның әлжуаз тартқан түрінен бейнетті көп көргенін байқадым. Оразалы әкенің жеке өмірінде көрген қиыншылықтары мен майдан жолдарының шырғалаңдары жадында жақсы сақталыпты.

– Қанша жыл өтсе де, сол кездерді еске алғым келмейді. Ойыма түссе, жүрегім сыздайды, – деген қарт жауын­гер аз-кем тыныстап, ентігін басып алған соң әңгімесін одан әрі сабақтай түсті. – Мен колхозшыдан солдат, солдаттан теміржолшы бол­ған адаммын.

Мақаламыздың басында айтқа­ны­мыз­дай, Оразалы ақсақалдың туған ауылы Абай деп аталады. Аумағы Сырдария ауданына қараған Қызылорда қаласына іргелес бұл мекен бұрын Сталин атындағы колхоз болған. Қазіргі «Қызылжарма» аталатын «Комсомол» шаруашылығы «Тереңсай», кешегі «Коммунизм» кезінде «Кооператив» колхозы атанған. Осы үш колхоз Интернационал ауылдық кеңесіне біріккен екен. Біздің кейіпкеріміз бүгін де ізі бар да, өзі жоқ сол ауылдық кеңес қамтуында дүниеге келіпті.

Әкесі Толыбай өмірден озғаннан кейін үйелмелі-сүйелмелі қос ұл Сүлеймен мен Оразалы және жалғыз қыз Сабыркүлді анасы Дәмегүл қайтсем қатарға қосамын деп, «арша еті арша, борбай еті борша» болып күн кешеді. Қамкөңіл ана да қайбір жетісіп жүрген дейсіз. Шаруашылықтың шаш етектен келер тірлігі таусылған ба? Сонда да құдайдың берген қарадомалақтарын ешкімге телміртпеуді басты мақсат еткен.

Балдәурен балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген кейіпкеріміз сегіз жасында бастауыш мектепке барыпты. Ол заманда қазіргідей орта мектеп қайда?! Бесіншіні шала бітірген бозөкпе туған топырақта шаруашылық жұмысына жегіледі. Анасына қолғанат болып күріш еккен, бау-бақша салған. Қазіргі Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы орналасқан аумақ ол кезде колхоз базары болатын. Сол базарға бау-бақша өнімдерін тасымалдайды. Осылай колхоздың таусылып бітпейтін жұмысында жүргенде Сырдария аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынған.

– Соғыстың нағыз қызған шағы. Кеңес әскерлері тікелей шабуылға шығып, неміс фашистерін өз елінің шекарасына тықсырып бара жатқандығын бағана басына орнатылған дәу қара радиодан ертелі-кеш "Совинформбюроның” хабарларынан есітіп жатамыз. Осы жақсы жаңалық аз да болса көңілімізге медеу болғандай. Оның үстіне майданның алғы шебінде жүрген ағам Сүлейменді де жатсам-тұрсам ойлаумен боламын. Аман-есен жүздесуімізді Алладан тілеймін. Сөйтіп жүргенде қырық бестің қысында, ұмытпасам ақпан айының екінші жұлдызында «сборда» болдық, – деді бір сәт ойға шомған Оразалы ақсақал.

– Содан өзім қатарлы өңкей жас­тарды жайдақ вагонға қойша топырлатып тиеді. Батысты бетке алған әскери эшелон бірнеше тәулік жүріп Чкалов қаласынан түсірді. Казармаға орналастық. Тәртіп қатал. Әсіресе, ауылдан барғандар қатты қиналды. Өйткені, тіл білмейді. Мұнда алты ай дайындықтан өттік. Бізді минометшілікке дайындады. Осында жүргенімізде Кеңес әскерлерінің неміс фашистерін өз елінде күйре­те жеңгендерін есітіп, білдік. Қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ елге қайтаруға ертерек сияқты көрінді. Болжамымыз расқа шықты. Тағы да қызыл вагонға тиеп алып, Қиыр Шығысты бетке алды.

Болат жолмен жарысқан қалың орман, шағын стансалар мен деревнялар артта қалып жатыр. Қарағай мен қайың бөренелерден қиюластырылып салынған жатаған үйлердің жанында көзге шалынған бірлі-жарым кемпір-шал пойызға бұрылып қарағандары болмаса, өз тірліктерімен әуреленіп жүргендерін көресің. Су тасып жүрген балалар қараңдайды. Қанша тәулік жүргендері есінде жоқ. Владивосток қаласына келдік деп, бәрін топырлатып жерге түсірген. Мұнда оларды тағы да соғысқа дайындапты. Бір күндері шұбыртып Моңғолияға қарай алып жүрді. Онда көп тұрақтатпай, ұшы-қиыры жоқ шөл даламен жаяу айдаған. Өлдім дегендеріне қарайтын жан жоқ, күні-түні жүріс. Әрбір қоналқада үш сағаттан аялдатады. Осындай жанкешті екпінмен үш ай дегенде Қытай жеріне жетті бұлар. Маңдай тіреген қала Порт-Артур екен.

Мұнда қаптаған қытай. Барғанша тозған киімдерін қытайдың жұпыны күртешелерімен ауыстырды. Азық-түліктері де тапшы. Жарты құрсақ күй кешкен бұларды мергендікке үйретті, сосын соғысқа салды. Алдарына қойылған міндет – Жапон самурайларын шекарадан қуу.

Әскери жетекшілерінің айтуынша, бұл соғыстың тәсілі бөлек болмақшы. Көбінесе қоян-қолтық шайқас туындауы мүмкін деген болжаммен алдағы күндері болатын соғыстың әдістерін қоса үйреткен-ді. Самурай дегенді де алғаш есітулері. Жазатайым бетпе-бет келіп жатса, солар секілді аяқ-қолды бірдей сілтеп, қарсылық көрсетулері керек. Тумысынан қағылез Оразалы әкенің түрі де жапондарға ұқсас.

Самурайлармен соғыс аяқталған соң жүргізушілер курсына жіберіп, машина жүргізудің оқуын оқытты. Қара жұмысқа да салды. Жапондар әлдеқашан тізе бүксе де, елге қайтаратын түрі жоқ. Тек 1950 жылдың қақаған қаңтарында қатар­дағы солдат болып туған топыраққа табаны тиіпті. Бес жылға созылған сүргелеңде бар алғаны әскери бөлім командирі мен саяси жетекшісі қол қойған бір жапырақ қағаз екен. Ол – Сталиннің атынан «Алғыс хат». Оның орысша мәтіні мынадай:

«Приказом Верховного Главнокомандующего Генералиссимуса Советского Союза товарища Сталина от 23 августа 1945 г. №372 за прорыв Маньчжуро-Чжалайнурского и Холун-Аршанского укрепленных районов японцев, форсирование горного хребта Большой Хинган, преодоление безводных степей Монголии и освобождение Маньчжурии всему личному составу нашего соединения, в том числе и Вам, принимавшему участие в боях с Японцами на Дальнем Востоке обьявлена БЛАГОДАРНОСТЬ».

– Бұл қағаз қайда болғанымды айғақтап тұрған тілсіз куә ғана, – дейді ентіге сөйлеген қарт майдангер. – Қалай дегенде де кім көрінгеннің емес, Сталиннің алғысы ғой. Сөйтіп соғыстан орден-медальсіз қайттым. Бірақ бейбіт жылдарда алты медаль берді. Оның ішінде «Георгий Жуков» медалі де бар.

Туған топыраққа табаны тиген Оразалы әке тіршілік тауқыметіне кіріседі. Ағасы Сүлеймен соғыстан аман-есен оралып, колхоздың жұ­мы­сын істеп жүр екен. Бұған нан темір жолдан бұйырды. 1950 жылы қараша айының он төрті күні жүк пойызының кондукторы болып қабылданады. Ол кезде Жосалы стансасына дейін Ташкент темір жолына қарайтын. Бұрын таныс емес бұл кәсіпке оларды Ленинград блокадасына қызылордалықтардың азық-түлігін жеткізген кәнігі теміржолшы, Ленин орденінің иегері Серғазы Опалқожаев үйретіпті.

– Станса бойынша 200 кондуктормыз. Арамызда Захарова, Еремкина және Женя (фамилиясын ұмыттым) деген үш әйел болды. Бізге әмір беретін осы үшеуі. Кейде пойыздардың жиілігіне орай он екі сағаттық демалысымызда жұмыста жүретін кездер жиі болып тұратын, – деп ойға шомған Оразалы әке сәл тыныстап алған соң әңгімесін әрі жалғастырды.

– Қайтадан жұмысқа шақырады. Жолымыз Қызылорда мен Жосалының арасы. Товарняк есектен бетер ғой. Екі ортаға кейде бір тәулікте әрең жетеміз. Ол жылдары бірыңғай қос білікті вагондар болатын. Кейінірек төрт біліктілері пайда болды. Әр составта 30-35 вагон болатын. Біз сол вагондар мен оған тиелген жүктердің амандығына жауап береміз.

Өзіндей кондукторлардан әскерге бірге шақырылып, жапондармен бірге соғысқан Қали Жанбаев, Қылышбай Қожаев, Өтеубай Ордабаев, Ізімбек Әлкеев, Ислам Сатымбаев және басқалар не қиындық болса да бірге көрген. Кейін араларынан Ислам Сатымбаев «Ленин» орденімен марапатталыпты. Осылай жеті жыл өте шыққан. 1957 жылдың жазында мамандық көтеру мақсатында оны Самарқан қаласындағы техникалық мектепке оқуға жіберіпті.

– Оқудан оралған соң жолау­­­шылар пойызына аға кондуктор бол­дым. Кейін сигналист, пойыз қабылдаушы жұмысын істедім. Осы күндері жүк пойыздарынан кондук­торды көрмейсіз. Сондай-ақ пойыз мастері деген де жоқ. Тағы бір айта­рым, темір жолда ұрлық та көп бола­тын ол кездері. Себебі, соғыстан кейін­гі қиын кезең ғой. Ерсілі-қарсылы жүйткіп жататын составтарды тексеріп, пломбасы орнында ма, контейнерлер тесілмеген бе, составтың техникалық күйі қалай екен деп тыным таппайтынбыз. Осылай бейнеттің жетегінде жүріп елу бес жасқа иек артқанымды байқамай да қалдым. Қарап отырсам, төрт жасымнан әкесіз қалып, он төрт жас­тан бейнет кешкен менде ешқандай тыныштық болмаған екен. Содан ойланбастан еңбек демалысына шығып тындым, – деген еді әңгімесінің соңында Оразалы ақсақал. – Тек бір қиыны, жас тоқсанға тақағанда құдай қосқан қосағыңның қасында болмағаны өкінішті.

Иә, шаңырақтың ұйытқысы болған Кеңескүл апа осыдан он бес жыл бұрын өмірден озыпты. Қырық жеті жыл тату-тәтті ғұмыр кешкен жарасымды жұп үш ұл мен бес қыз сүйіп, олардан көрген он бір немере мен үш шөберенің шуағына бөленген жандар екен. Кеңескүл апа облыс орталығындағы №112 орта мектепте ұзақ жыл жұмыс жасапты.

Майдангер жайлы жазылған мақаланы түйіндей келе, өз кезегіміз­де соғыс және еңбек ардагері Толыбай баласы Оразалы ақсақалға аман отырып, ұрпақтарыңыздың қызығын көре беріңіз деген тілегімізді жеткіздік.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


ТАҒЫЛЫМ 04 қазан 2014 г. 1 123 0