ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Алаштың анасы атанған Сыр өңірі еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған абзал жандарға кенде емес. Солардың бірі – №115 негізгі мектеп директоры, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» Романқұлов Совет Өміртайұлы ұстаз деген ұлы сөзге лайық шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген жан. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұлағатты ұстаз шәкірттерінің жүрегіне білім нәрін себумен бірге жақсылыққа, ізгілікке өмірден өз орнын тауып, бақытты өмір сүруге тәрбиелеп келеді.
Қазіргі Қармақшы ауданы Тұрмағанбет ауылында 1953 жылы дүниеге келген Сәкең сол ауылдағы орта мектепті үздік оқып бітірді. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, физика пәні мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жалағаш ауданы орталығындағы №123 орта мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастаған ол көп ұзамай №246 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылды. Жасы жиырмадан енді асқан жас маманның қабілеттілігі мен талантынан үлкен үміт күткен аудандық оқу бөлімі сексенінші жылдардың басында Далдабай ауылындағы №115 қазіргі негізгі мектеп директоры қызметіне бекітті. Бұдан кейін біраз жыл №118 орта мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Енді, міне, соңғы он жылдан бері №115 қазіргі негізгі мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Білікті ұстаз өзі басшылық жасаған мектептердің материалдық-оқу базасын нығайтуға күш салды. Алғаш рет алты жасарлар оқуын ұйымдастырды. Мұғалімдермен, ата-аналармен бірлесіп жұмыс жүргізіп, өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Мектеп ұжымының моральдық ахуалын жолға қоя білді.
Адамның бойында жақсы қасиеттердің болуы өнер-білімді игеруі өскен ортаға, сонымен бірге білім беретін ұстазға да байланысты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші тәлімгер ұстаз жас ұрпақ тәрбиелеумен бірге жас мұғалімдерге білмегенін үйретіп, үлгі-өнеге көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Солардың қатарында бұл күндері ұстаздық қызмет етіп жүрген «Алтын белгі» иегерлері Нәсиева Шәрбану, Ойнарова Жайна және «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздіктері» Тынымбаева Мира, Әбдиева Күнбибі секілді мамандарды тәрбиелеп шығарғанын үлкен мақтаныш сезіммен айтып жүреді.
Қазіргі кезде өзі басшылық жасайтын №115 негізгі мектеп 2010 жылы жаңадан салынды. Соған орай мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінің қатысуымен «Жаңа мектеп, жаңа тыныс» деген тақырыпта аудандық семинар ұйымдастырып, мектептің оқу-тәрбие жұмыстары, іс-тәжірибелері  насихатталды. Мектептің пән мұғалімдерінің біліктілігі артып, оқушылар аудандық, облыстық олимпиадаларда жүлделі орын алып жүр. Екі қабатты мектепте жылу қазандығы орнатылып, айналасы жасыл желекке бөленген. Барлық оқу кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталған білім ошағында үлгі аларлық жаңа жобалар, игілікті істер көп. Көп жылғы басшылық қызметі, ұстаздық еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды. 
Адам баласы ұрпағымен бақытты. Адал қызмет етіп шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған Сәкең жұбайы Мейрамкүл екеуі дүниеге 4 бала әкеліп, қанаттандырды. Балаларын ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Бұл күндері ер жеткен ұл-қыздары жоғары білімді мамандық иелері. Айтпақшы ауданда Романқұловтарды ұстаздар әулеті деп орынды мақтан етеді. Шынымен де солай, «Ұшқанда не көрсең, соны ілесің» дегендей балалары да мұғалімдік мамандығын таңдап ата-ана жолын бірге жалғастырып келеді. Айталық, жұбайы Бекбергенова Мейрамкүл өзімен бірге мектепте ұстаздық қызмет етеді. ҚР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Үлкен ұлы Әлібек – Қызылорда қаласындағы №7 ауыл шаруашылығы колледжі директорының бірінші орынбасары, екінші ұлы Жәнібек, келіні Қожаниязова Айнұр №118 мектепте мұғалім, қыздары Әйгерім – магистр, №115 негізгі мектептің химия пәнінің мұғалімі, Динара – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің соңғы курс студенті, информатик. Ұстаз ұлағаты, ұрпақтар сабақтастығы деген міне осы болса керек.
Жалағаш аудандық білім саласында 40 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарып өмірлік тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне арнап алпыс жасқа толған ардақты ағамызға абыройлы еңбек тілейміз. 
Серік БЕРТАЕВ.
Жалағаш ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 05 қараша 2013 г. 2 268 0