ДОС РУХЫ ӨШПЕЙДІ

 Достықты жоспарлап, белгілі бір мақсатпен дос болу мүмкін емес, болған күнде де ол баянды бола бермейді. Ол – бір мезгілдік, бір кезеңдерде ғана болатын құбылыс. Бірге өскен, бірге оқыған, бірге қызметтес болғанның бәрі бірдей дос бола бермейді. Достық – өмірдің өзі табыстыратын тағдырдың ісі. Балалық балдәурен – барлық адамның басында болатын шақ. Бізді де сонау балалық шақтан-ақ таудай талап, балалық қиял-ғажайып, асқақ армандар достастырған болатын. Осы балалық сезім берік сенімге айналды, осы уақытқа дейін жұбымыздың жазылмауы бір-біріміздің қадірімізді білгендігіміздің арқасы гой деп ойлаймын. Қайда жүрсек те, қандай жағдайда жүрсек те, достық пейілімізге алғау түскен емес. Мен мұны Уалидің досқа адалдығынан деп түсінемін, қазақ бұны дініне берік деп де атайды.
Уалидің ішкі жан дүниесінің, рухының биіктігі мен беріктігіне талай рет көзім жеткен еді. Соның бірі, тоқсаныншы жылдарда халықтың басына түскен ауыртпалық кезінде, әсіресе ауыл халқына зіл батпандай тиген кезде Уали сыр білдірмей шыдап бақты. Тұрмыс тауқыметі небір сынақтан өткізді. Мал да бақты, егін де екті, бейнеттің түр-түрін бастан кешті. Біздің достарымыздың ішінде бір Аллаға сыйынып, Хақ жолына алғаш ниет еткен де Уали болды. Құдіреті күшті Құдай тағала пендесінің шын берілген ақ жолын қолдап, тілегін берді. Балалары оқуын бітіріп, тіршіліктерінің сәтін салып, тұрмысы жөнделе бастады. Бауырлары мен балаларының арқасында қалаға көшіп келді, жоғы түгелденді.
Ұлы неміс философы Гегель: «бақытсыз сана» өмірдің мәнін таба алмай қиналған адамға тән құбылыс деуінің мәнісі мынада болса керек. Бақытсыз санадан арылудың жолы – Құдайды тану, рухты нығайту, қабілеттерді, мінез-құлықты, мүмкіндіктерді дамыту, әлсіздіктен құтылу, яғни өзін-өзі тану. Осындай психологиялық құбылыстардың Уалидің басынан өткендігін, ішкі арпалыстардың нәтижесінде белгілі бір сенімге ие болғанын оның бойынан мен көптен бері аңғарған едім. Адамның өзін-өзі тазарту жолы – азапты, ауыр жол. Кіршіксіз тазалыққа жету үшін оның ойында, сөзі мен ісінде әділдік болып, келеңсіз құмарлықтардан, жат мінез-құлықтардан жоғары тұруы керек. Адам күніне мың құбылатын пенделердің ортасында өмір сүреді, сондықтан пенделіктен сақтану қиынның қиыны. Уекең осындай қиындықтарды жеңіп, Хақ жолында өзін-өзі тазарта білген рухы биік жан бола білді.
Адам өмірінің мәні руханилықпен тығыз байланысты, өйткені адам – ақыл-ойы бар әлеуметтік жан. Ғұлама ғалым бабамыз әл-Фараби адам бойындағы жетпейтінді жетістіретін тәрбие ісі деп тұжырымдайды. Ендеше адам руханилыққа тәрбие арқылы ғана жете алады. Бұл тұрғыда да Уали досымның жолы болған еді, себебі ата-анасы Жаппасбаев Қайырбек ағамыз бен Қалдыгүл анамыз ұстаздар болатын. Осы бір ұлағатты ұстаздардың арқасында Жаппасбаевтар әулиеті білімді де мәдениетті зиялылар әулиетіне айналды. Қайырбек ағайдың теориялық білімі мен әдістемелік шебер­лігінің арқасында мен тарих пәнінен бестен басқа баға алып көргенім жоқ, мұғалім құдіреті дегеніміз осы шығар... Ал Қалдыгүл апайдың бойы­нан мен ес білгелі артық-аспай сөз де, мінез де байқаған емеспін. Тәртіптіліктің үлгісін көрсетіп тұрған адамның алдында оғаш мінез көрсетуге үлкеннің де, кішінің де шамасы келмейтін. Бұл ойлар өткен ғасырдың 50-60-жылдары кеңес заманынан қалған елестер еді. Бұрынғы үкімет еңбекші бұқараның үкіметі болды. Қарапайым халыққа мүмкіндігінше жағдай жасағанымен, рухани өмірі­міз бен мәдениетіміздің кемшін тұстары әлі жетіле қоймаған еді. Осы кезде осы кісілер ауылдастарына, олардың балаларына заманына сай тұрмыс мәдениетін, өмір сүрудің этикалық нормаларының үлгісін көрсете білді. Бұл жағдайлар жадымызда күні бүгінге дейін сол күйінде сақталуда. Бала тәрбиесіне ерекше мән беретін отбасында күн режимі қатаң сақталатын. Біз Уалимен белгілі бір уақатта ғана ойнай алатын едік. Бұл жағдай әсіресе маған қатты әсер ететін, себебі мен біреудің жалғыз баласы болғандықтан, режимсіз, қалауымша өмір сүрген едім. Бұл жағдайлар, түрлі оқиғалар бізге өмірлік сабақ та болды.
Тәртіпке негізделген тәрбие бұл әулеттің балаларын еңбекшіл, тәртіпті, білімді етіп шығарды. Тұла бойы тұңғышы Алмат ағамыздан бастап, барлығы да жоғары білімді мамандар болып, өздеріне тең жарларын тауып, үбірлі-шүбірлі отбасылы атпал азаматтарға, қазір өздері де бақытты ата, енелерге айналған. Бала кезден қанға сіңген еңбекшілдік, ғылымға деген құштарлық Ұзақ Жаппасбаевты ғылым докторы, профессор, академик дәрежесіне жеткізді, ғылым қайраткері етіп қалыптастырды, елдің мақтанышына айналды.
Өткен ғасырдың 60-жылдары жұрт етек-жеңін жинап, білімге, оқуға ден қоя бастады. Мектеп бітіруші оқушылар түссін-түспесін жоғары оқу орындарына түсуге талаптанатын. Конкурс өте жоғары болғандықтан, оқуға түсу өте қиын еді. Осындай кезле Уали әуелі зоовет институтқа түсті,  кейін денсаулығына байланысты бір-екі жыл оқудан қол үзуге тура келіп, ауылшаруашылық институтына түсіп, агроном мамандығын алды. Сол кездің өлшемі бойынша екі рет институтқа түсу сапалы білімді қажет ететін ерлікпен тең оқиға болатын. Сырдария ауданының екі шаруашылығында: Киров пен МИС (ауылшаруашылық техникаларын сынау станциясында) бас агроном болып абыройлы қызмет атқарды. Уалиден кейінгі інілеріміз: Әділ, Жомарт, Сәкен белгілі кәсіпкерлер, Талғат   Қазақ-Қытай компаниясының бас есепшісі.
Уалидің алтын асықтай өз балалары Ербол – Алматы қаласында белгілі кәсіпкер, Нұрбол – мемлекеттік қызметкер, қыздары: Гүлзада отбасылы, Гүлбану – мемлекеттік қызметкер. Жаниса жеңгеміз бастаған келіндер қауымы Жаппасбаевтар  әулетінің шаңырағын биіктеткен, берекесін келтіріп отырған аяулы жандар, бұл да болса Құдайдың берген несібесі болар.
Бақытын бала тәрбиелеуден тапқан осы бір қазақтың қарапайым отбасының тыныс-тіршілігі біздің елге үлгі болған еді. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген де осы емес пе?...
Құрдастардың көңілді бір отырысында шектен шығыңқырап кеткен әзіл-оспақтың тұсында марқұм Уали былай деген еді: «Тәннің шаршайтыны тәрізді жүрек те шаршайды. Сондықтан оны қызықты хикметтермен дем алдырыңыздар! Себебі, жүрек зарықса, тас соқырға айналады» – деп риаят етілген Хазірет Әлидің уәжін ескертіп еді.
Музыка тыңдауды ұнататын адамдарға жақсы музыканы, мағыналы әуенді әндерді тыңдауға кеңес беру керек, жаман музыка адамның ішкі дүниесін лайлайды. Сондықтан пайғамбарымыз (с.а.у.) Ибн Аббастан риаят етілген Хадисте: «Дінде шектен шықпаңдар! Себебі, дінде шектен шығу сендерден бұрынғыларды да құрдымға кетірген», – деп Уекең тәубаға келтірген еді. Жауапкершілігі ауыр, тағылымы мол хадистерді әр кез жадымызға салып отыратын еді.
Уақыт, шіркін, көзді ашып-жұмғанша дегендей, қадірлі досымыз Уәли Жаппасбаевтың да арамыздан кеткеніне бір жылға таяп қалыпты. Әулие сөзінің өзі араб тілінде «Уали» – жақын, дос деген ұғымдарды білдіретін сөзден шыққан екен. Құран мен Хадисте «Уәли» және «Әулие» есімі Алланың сүйікті пенделері, құлдары, достары деген ұғымды білдіреді.
Уәке, о дүниелік азығыңды осы дүниеде жасап кеткен жансың гой, Алла алдыңнан жарылқасын, алдың пейіш, артың кеніш болсын. Көрмеген қызығыңды артыңда қалған жарың Майра мен балаларың, бауырларың көрсін!
 
Махан БЕРЖАНОВ,
ардагер-ұстаз, ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері.
Қызылорда қаласы.
ТАҒЫЛЫМ 27 қыркүйек 2014 г. 1 173 0