ӨНЕРМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР

Күмбірлеген киелі домбыра күңірене  толғануда. Бұрын шанақтан төгілген күй сөйлейді дегенге күмәнмен қараушы едім. Иесіне байланысты екен. Турасы адамына кездеспей жүр екенмін. Пернені бойлай жүгірген Мұрат  Сыдықов ағамыздың салалы саусақтарынан  жанарымды ала алмадым. Неткен құдірет. Осыншама асқақ дарынның қарапайым ауыл перзенті екеніне таңдандым.
Тылсым күш көз алдымнан небір  көрініс­терді өткізіп жатыр. Міне, ғажап.  Дулыға-сауыттары күн нұрымен жарқыраған өңшең ерлер Қарадөңнің қырқасына шоғырлануда. Қарақұрым қолдың алдындағы Жанқожа батыр алдаспанын жарқ-жұрқ үйіріп  жауға қарсы шапты. Батырдың мінген  «Көкешкі» аталатын тұлпары көсіле сілтеуде.  Шауып емес, қырандай қалықтап  ұшып  барады.  Әз Жәкемнің күндей күркіреген даусы, қарлы дауыл боратқан айбаты, екі иығындағы қос барыс жан шыдатар емес. Мұздай құрсанған жендеттер быт-шыт болып безіп кетті. Зеңгір көкке шарықтаған домбыра үні жеңіс қуанышын паш етті. Іле-шала қаһарлы кейіпке енді. Бұл азғын Бабажан сартқа кесілген өлім жазасының орындалған сәті-тұғын. Халық кегін Жанқожа батыр бастаған арда азаматтар қайтарды. Күй аяқталды. Алайда тыныштықты бұзуға батылым жетпеді. Мүмкін өнердің мысы басты. 
Сәл үнсіздіктен соң домбыра қайтадан безектеді. Бұл жолы көңілімді қорқыныш биледі. Сатұр-сұтыр найзағай ойнағандай, аспанды қара бұлт жайлағандай сезіндім. Арындаған арғымақтың кісінеген ащы үні құлағыма келді. Аруақты Ақтан батырдың атойынан қара жер қарс айырылғандай әсерге бөлендім.  Қайран өнер. Қасиетіңе қалайша басыңды имессің?!
Бүгінгі кейіпкерім Мұрат Сыдықовты облыс, тіпті республика жұртшылығы жақсы таниды десем, артық емес. Дәлел қажет пе? Мархабат. Теңдессіз күйші туралы  қазақ өнерінің майталмандары айтқан ыстық  лебіздер баршылық. Ендеше солардың бірнешеуіне назар аударайық.
 Даңқты  Ғазиза Жұбанова «Мұрат Сыдықовқа консерватория дипломын табанда жазып берер едім. Тек заң, ереже көтермейді. Бұл кісі – үлкен өнер иесі»  десе, Асқар Тоқпанов көкеміз «Мен қатты кісі едім. Мұрат «Махамбеттің толғауын» ойнап отырғанда, кешегі қайран Махамбет пен Исатайлар шын елестеп, көзімнен еріксіз жас шықты» деп тебіреніпті. Мықтыны мойындау да мықтылық. Халық қаһарманы Роза Бағланова «Мұратқа барлық атақты беруге әбден лайық. Өкініштісі – осы уақытқа дейін бірде-бір атақ берілмеуі» деп қынжылса, ақын Фариза Оңғарсынова «Мұраттың «Теңізбен мұңдасу» атты үлкен шығармасы  – Арал тағдырының гимні. Өте әсерлі, мәнді туынды» деп бағалаған. Ал Шара Жиенқұлова «Ауылда осындай үлкен өнер иесі бар екен–ау. Талантыңа тәнтімін, Мұрат айналайын!» деген таңданысын жасырмапты. Тілектер легін композитор Мыңжасар Маңғытаевтың «Махамбеттің толғауы»  –  шын мәнінде ерлік символы іспеттес симфониялық туынды» деген сөзімен түйіндесек.
Кез келген қасиет әкенің қаны, ананың сүтімен қонатыны анық. Мұраттың бойындағы  өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан мұра. Бабадан атаға,  онан әкеге,  сонан соң Мәкеңе дарыған. Яғни, бабалар аманаты. Аманатқа – қиянат жасау... жо-жоқ атай көрмеңіз. Мұрат болса, осынау киелі дәстүрді перзенттерінің санасына сіңірді. Сүйсінерлігі өмірлік жары Базар  Қостаева  жеңгеміз де өнердің тұма бұлағынан сусындаған жан. Тіл-көзден сақтасын. Өсіп-өнген әулеттің еңбек өтілі екі ғасырға жуықтапты.  Бір сәт өнер шыңында шарықтаған  жанұя жайлы сыр шертсек. 
Сыдықовтардың отбасылық ансамблінің атағы жылдамдықпен көпке тарады. Қысқа мерзімде аудан, облыс жұртшылығының тағатсыздана тосар ұжымына айналды. Жетістік өзінен-өзі келмейтіні мәлім. Телегей тер төгілді. Тынымсыз еңбек жасалды. Сан мәрте қиындыққа жолықты. Күншілдіктің жалынына шарпылғандар тобықтан шалды. Бірақ Сыдықов саспады. Тығырыққа тірелгенде Алланың  шексіз мейрімді екеніне шүбәсіз сенді. Үміті алдамады. Ақыры асулардан асты. Бұған құдай қосқан серігі  Базардың да қосқан үлесі мол. Ұжымның жер кіндігі Байқоңырдан басталған жеңісті де жемісті сапары жалғаса берді. Имандылықты ту көтерген Мұрат патриоттықтың шынайы үлгісін қалады. Ұйқысыз түндер, беймаза күндердің өтеуіндей тапқан қаржыдан тура 1000 сомды «Аралды құтқару қорына», «Бейбітшілік қорына» теңдей бөліп салды. Бұл сол кездегі құны алтынмен пара-пар Кеңес ақшасымен   есептегенде үлкен байлық еді. Мұны естігенде сан-саққа жүгірткендер де бар шығар. Десе де, Сыдықтың ұлы елемеді.
 «Құдай деген құр қалмайды». Олай демегенде ше. Мәскеудің талғампаз көрермендерін тәнті қылды. Мұраттың  «Сыр гүлі» әнін Базар тамылжыта шырқады. Санира сәмбі талдай иіліп мың бұрала билегенде сүйсінбеген адам қалмады. Нақты кезеңде Санира құрған «Тұмар ханым» би ансамблі өрлеу үстінде. Уақыт өте Мәдениет министрінің қаулысымен «Сыдықовтар жанұялық халықтық ансамблі» атағы берілді. Сонан бері осыны талай дүркін қорғады. Чемпиондықтан оны сақтау қиын. Телевидениенің «Алтын қорына» жазылды. Ауданда, облыста, республика орталығында әлденеше рет Мұраттың шығармашылық кеші өткізілді. Бұл ұлына арналған елінің бағасы еді. Сыдықовтардың өнерінен алыс-жақын  мемлекеттер де хабардар. Олардың отбасы, шығармашылық табысы туралы  шетелдік журналистер телефильмдер түсірді.
2005 жылдың 27 сәуірі. Аралға іссапармен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен жүздесу жиынында Мәкеңнің  «Бастай бер алға Нұр-аға!» толғауы, «Нұрсұл­танның нұрлы жолы» атты күйі орындалды. Жетістіктер жалғасын тапты. Ұзақ жылғы еселі еңбегіне орай Мұрат Сыдықов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Мәдениет қайраткері» атағын иеленді. Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданды. Арал ауданының құрметті азаматы атанды. Биылғы жылы Базар апай да «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
ТАҒЫЛЫМ 27 қыркүйек 2014 г. 1 553 0