Асылзаттың өз қатарластарынан
көп айырмашылығы жоқ-ты. Мектеп бітірді, ел қатарлы кәсіптік училищеден мамандық
алды. Жұмыстан қолы тимейтін шешесінің бір жағында жүріп, үй тірлігін тастай
тындыратын. Өзі де қаладағы көп кафелердің біріне жұмысқа орналасты.
Алғашқыда бейнеті шаш етектен, демалысы мен жақсы аты аз кафеден безе қашқандай еді, келе-келе
оған да көндікті. Қыздарының үйге түн ортасын аудыра, кей кездері таңмен
таласа оралатынына әке-шешесінің де еті үйренді. Алғашқы айлығын анасының қолына
салғанымен, кейін өзінің де түрлі
мәселелері туындап, еңбекақысы
солайымен өзіне бұйыратын болды. Сөйтіп бой-сойын түзеп, жастық дәуреннің
қызығына енді бойлай бергенінде әжесінің еркесі атанған бір жас жігіт алып
қашты. Соңынан барған қуғыншылар қыздың келісімі болғанын, жігіттің
дәулетті отбасынан шыққанын жеткізді.
Астында жеңіл көлігі бар,
арнайы мамандығы, тұрақты жұмысы жоқ, әжесінің арқасында әке-шешесіне
дегенін жүргізіп тұрған Әлімжанның көп уақыты қыдырумен өтетін. Жаңа ортаға
жас келіннің беймезгіл жүретін жұмысы ұнамады. Ақыры Асылзат ата-енесінің,
ең бастысы, әжесінің қалауымен жұмыстан шығып, бірыңғай үй тірлігімен айналысты.
Сөйтіп жүріп бір ұл, бір қызға ана болды. Уақыт өте келе отбасының ұйытқысы болып
отырған әжесі келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Онсыз да қырын
қабақ танытып жүрген енесі енді біржолата мұны отырса – опақ, тұрса сопақ
қылды. Оған қай ісі де жақпады, сәл нәрсені сылтауратып, жерден алып, жерге
салып сөгетін. Енесінің айтуынша, бұл үйдегі барды күнін зорға көріп
отырған әке-шешесіне тасиды екен. Жазықсыз келінге кейде атасы араша түсетін,
алайда адуынды әйелі оның да ит терісін басына қаптайтын. Ол аз болғандай
ақаңа тойып келген Әлімжан әр нәрсені желеу етіп, жиі таяққа жығатынды
шығарды.
Жастық шағының сүреңсіз
өтіп жатқанына налыған Асылзат ащы сумен достасты. Бері келе ойласа, енесі
мұны арақпен ауыздандыруға өзі күш салған
екен. "Менің орныма келінім ішеді, біздің Асылзат жақсы көтереді, бұл тойда
ішпегенде қайда ішесің” деп үнемі қолпаштап, тартып жіберуін қадағалап
отыратын. Күйеуінен қолдау, ата-енесінен мейірім көрмеген жан келе-келе біржолата ащы суға салынды.
Үй-орман, екі бала жайына қалды. Ырың-дырыңмен жүріп, ажырасып тынды, бұның
ішімдікке салынғанын алға тартқан енесі екі баланы алып қалды...
Содан бері жеті жыл өтті.
Асылзаттың ұлы Дәуірбек 8-ші, қызы Дана 6-шы сыныпта оқиды.
Аталары қайтыс болған. Екі бала бір үйде әжесімен, аға-жеңгесімен, олардың екі
кішкентайымен тұрып жатыр. Өз әке-шешесі қайрылмай кетті, қайда жүргендері де
белгісіз. Әлімжан бірде Қарағандыдан, бірде Ақтаудан хабарласады. Кейде
жылына, кейде екі жылда бір рет келіп кететіні бар. Сабаздың баласы-ай, өзіне
жаутаңдай қараған ұл мен қызына назар да салмайды. Бірде баласының бойкүйездігіне,
немкеттілігіне әбден налыған анасы "өз қаның ғой, әңгімелесіп, бауырыңа
тартсаңшы, шешесі анау келместен кетті” деп ұрысқаны бар. Сонда баласы "өз
қалауың осы еді ғой, тарт енді сазайын” деп шешесіне алара қараған. Сондағы
баласының көзіндегі өшпенділік оты жүрегін дір еткізген-ді. Содан қайтып баласына еш әңгіме айтуға бата
алмайды. Ал Асылзат болса өзіндей ащы суға құмар бір жанға ілесіп, әлдеқашан
елден кетіп қалған. Анда-санда өз анасына хабарласып, тірлігінен хабар беріп
қояды. Балалары жайлы бір ауыз сұрамайды. Кезінде бір балалы болған, өзі кемтар
баланы бірде онда, бірде мұнда қалдырып жүріп, ақыры өлтіріп тынды.
Дәуірбек пен Дананың қазіргі өмірі сырт көзге жақсы
көрінеді. Сырттан біреу келсе, немесе бір жерге бірге барса, әжесі мен жеңгесі
екі баланың асты-үсіне түсіп, бар жағдайын жасап отырады. Әжесі мектепке де өзі
барады. Балалардың сабағының төмендеп кеткенін айтқан мұғалімге "мен бұларды
бірыңғай сабағымен отырғызамын, сонда да нашар оқиды, бұл қалай?” деп
айран-асыр қалатыны бар. Ал үйде бәрі басқаша. Әжесі мен ағасы, одан жеңгесі
қосыла жұмсап, бұларды бір сәтке де тындырмайды. Ауланы тазалау, қорадағы
азын-аулақ малды жайғау, үйдің таусылмайтын тірлігі, тіпті бала күтімі де
бұларға қарап тұрады. Жеңгесінің тілі ащы "әй, жетімек, әке-шешеңнің сендерден
безгеніне мен кінәлі емеспін, ананы бүйт, мынаны сүйт” деп-ақ сілелерін тастай
қатырады. Айтқаны орындала қоймаса, ағасының қол көтеретіні тағы бар. Араша
түсетін әжесі ме, келінімен жарыса сөгіп, қосыла жұмсайды. Әжесінің әртістігіне,
екіжүзділігіне әбден налыған Дәуірбек кейде оңашада жанарына мұң ұялаған,
үй тірлігінен ығыр болған қарындасын құшақтап үнсіз егіледі. Өздерін тағдыр
талқысына тастап кеткен әке-шешесіне налиды. Кей-кейде екеуінің әжелерінің
рұқсатымен нағашыларына келетіні бар. Ата-әжесі жақсы-ау, алайда мұнда да
қабағынан қар жауған келін бар. Бір-екі күн қонғаннан кейін келіннің
қас-қабағына қараған әжесі бұлардың қайтқанын қалап тұрады.
Жазғы каникул бітіп, жаңа оқу жылы басталар кезде
екеуі әбден қиналды. Сабақтың басталуына бір-жеті он күндей қалды, көршідегі балалар алған
киім-кешектерін, оқу құралдарын айтып бөседі, ал бұлар болса еш дайындықсыз.
Дана нағашы әжесіне барып, оқушылық форма алынбағанын әзер жеткізді.
Әбден жалтақ болып қалған жиеніне жаны ашыған нағашысы оған бірсыпыра киім,
оқу құралдарын алып берді. Ал Дәуірбек болса былтырдан қалған киімдерін місе
тұтты. Осындайда ата-анасынан бірдей айырылып, тас жетім болып қалмағанына
өкінетіні бар.
Өз туған-туыстарына тірі күйік болған, өздері жайлы
бас қатырмайтын әке-шешеден, екіжүзді
әжеден күтер қайыры шамалы көңілі жарым, назары пәс тірі жетімдер осылай ержетіп келеді. Олардың
болашағы қалай болады, оны ешкім де болжай алмайды. Тек белгілісі, ащы судың
жетегінде кеткен Әлімжан мен Асылзаттың енді қайтып оралмайтыны, оларға
мейірім-шапағат сыйламайтыны және Дәуірбек пен Дананың әке-шешесіне деген
перзенттік ықыласының кемдігі ғана.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.