« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Құрбысы көп те теңі жоқ қайталанбас Құттыбаймен мен бала кезден таныс болатынмын. Біздің таныстығымызға оның "Торы” деген әңгімесі себепші болған еді. Бертін келе қаламдас та болдық, тоқырау кезінде тұрмыс тауқыметін тартқан тағдырлас та болдық. Атам қазақ "Адам адамды бірге жүргенде таниды екен” деп бекер айтпаған ғой. Бірге жүріп тұз-дәмдес болғанда Құттыбайдың өзгелерден оқ бойы оза шауып жүрген жүрісінің куәсі болдым.
Құтекең "Қайнағаң жарар пайдаға” демекші, қаламымның ұшталып, семсерленуіне септігін де тигізді. Мақтаныш тұттым, бірақ сол мақтауды оған айтқан емеспін, өйткені Құтекең мақтау мен марапаттауды жек көретін. Кемшіліктері де болмаған емес. Айтсаң, дұрыс қабылдайтын. Солай... солай шат-шадыман жүргенде жазмыштан озмыш жоқ екен, Құтекең мәңгілік сапарға мезгілсіз кете барды.
... Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық, – деген марқұм Мұқағалидың тапсырысына тәу етіп, артында өшпейтұғын із, өлмейтұғын сөз қалдырған Құтекең жайлы жазбақ үшін қолыма қалам алдым.
... Кезіндегі Құттыбаймен ашық-жарқын әңгіме үстінде оның соқпақты да тоқпақты өмір жолымен етене танысқанмын. Жалағаштың "Таң” деп аталатын шағын ауылында өмір есігін ашқан ол ерте есейеді. Өйткені, әкесі Сыдық Отан соғысында бір аяғын беріп, екіншісі ағаш аяқпен елге аман-есен оралады. Тастай сұп-суық әке тізесіне отырған балаң жігіт болашағы бұлыңғыр болатын. Содан да ол еңбекке буыны бекіп, бұғанасы қатаймай тұрып-ақ бел буа, білек түре кіріскен. Қара домалақ бала ауылдағы тұрғын үйлеріне пеш салған, ағаштан бұйым жасап, темірлерді иіп, түйін түйген.
– Өмір жолымның, – дейтін Құтекең, – "мехнаты” мол болды. Бала кезден тіршілікке қоян-қолтық араласқан жанның бірі менмін. Әкем сиыр бақса сиыр бақтым, қой бақса қой бақтым. Есепші кезінде сүтін есептесуге көмектесіп, Елтай ауылынан Жалағашқа арбамен тасып тұратынмын. Сонда бар-жоғы төртінші класта оқимын. Талай рет арбамыз аударылып, болмаса атымыз тулап, аунап түсіп жер жастана жылаған күндеріміз әлі есімізде. Мені ерте есейткен отбасымызға түскен ауыртпалық болатын.
Өмір ауыртпалығын арқалаған Құттыбай ерте есейіп, Жалағаш ауданын айнала жүріп, үзіп-жұлып мектеп бітіреді. Одан әрі кәсіптік-техникалық училищеден электрик мамандығын алып, осы салада монтер, бертін келе бригадир болады. Азамат қатарына қадам басқан ол тағы бір тіршіліктің етегіне жармасады. Ол қаламгерлік болатын.
Кезінде Құтекеңе "Сіз жұмыс істемеген сала жоқ екен. Десе де, қолыңызға ұшқыр қаламды қалай ұстадыңыз?” деген сауал тастағаным бар. Сонда Құтекең:
– Көп қаламгерлер тәрізді мектепте жүргенде өлең жазатынмын. Бірақ менің өлеңдерім анау айтарлықтай мықты болмаған соң тастадым да қара сөзге ден қойдым. Бір қызық оқиға айтайын. "Таң” ауылында электрик болып жүргенде өзімше бір талпыныс жасап, анау-мынау әңгіме емес, повесть жазғаным бар. Жазбамды ақын аға Асқар Тоқмағамбетов мақтап, дереу "Жұлдыз” журналына сәт сапар тілеп жіберсін. Ай сайынғы "Жұлдыз” журналын парақтаймын. Ақыры жарық көрмеді. Кейінірек сол жазған дүниемді қайта оқып отырып, оның жарық көруге қақысы жоқ екендігіне көз жеткіздім.
Тағы бір оқиға айтайын. "Таң” совхозында комсомол комитетінің хатшысымын. Баяғы партия комитетінің қол баласымыз. Маған партияның анда-мұнда жұмсап отыратын қарекеті ұнаған жоқ. Бір күні қолыма қалам алдым да "Біз баламыз ба?” деген материалды көсілте жазайын. Оны кезіндегі аудандық газет бір бет етіп басып шығарсын. Сол сол-ақ екен, "Құттыбай деген кім?” деп билік басындағылар іздестіре бастады ғой. Тырнақалды туындым осы болатын.
Құттыбай батыл, бір сөзді жан болатын. "Тура биде туған жоқ” дегендей, тура айтудан ешқандай жасқанбайтын. Содан болар, басына таяқ та тиетін. Еңбек жолын бастандырған аудандық "Сырдария” газеті басшылығына жақпай, қолын бір сілтеп кете де барған. Жоғары білімді мамандығы болса да кезіндегі облыстық "Ленин жолы” газетінің корректоры жұмысына келеді. Мұнан соң республикалық "Халық кеңесі”, "Алтын Орда”, "Заң”, "Ана тілі” басылымдарында қызмет еткен Құтекең өз еңбегінің өрнекті іздері мен қарымды қаламының қауқарын "мен мұндалатып” көрсете бастайды. Қоғамдық мәні бар ауқымды да өткір мәселелер көтерген толғақты мақалалары күн құрғатпай шығып жататын. Жұртшылық Құтекең жазбаларын жата-жастана оқушы еді. Сөзіміз салмақты, ойымыз орнықты болуы үшін бір-жар дерекке жүгінелік.
Ұмытпасам, Құтекең Республикалық "Халық кеңесі” газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрген кезі болатын. Аталмыш газетте Жалаңтөс баһадүр туралы толғақты материал жарық көрді. Самарқанды жиырма жыл бойы билеген қазақ қолбасшысын қайта тірілтіп, Сыр аймағына оралтқан Құттыбай десек, асыра айтқандығымыз болмас.
Ендігі сөз кезегін Құтекеңнің талай алпауыттармен айқасып, басын бәйгеге тіккізген материалдарына берелік. Құтекең ол кезде "Заң” газетінде қызмет істейтін. Мен бір аудандағы билік басындағының қол астындамын. Бір күні "Заң” газетінде Құтекеңнің "Қ... қалай-қалай қодыраңдайды?” деген айқайлы атпен аудан әкімін сын садағына алған материалы шықты. Дереу әкім шақыртты. Бардым.
– Саған тапсырма, мына Құттыбайдың сандырағына жауап жаз. Болды, – деген әкімнің бет-жүзі қарауытып кеткен.
Әкім тапсырма берді екен, орындамасқа лаж жоқ. Десе де, бойымды ағалы-інілі сыйлас, қаламдас Құтекеңнің ренішіне ұшырармын-ау деген қорқыныш та биледі. Сонымен "Заң” газетіне "Жазылған жайдың жаңғырығы” айдарымен әкім материалы "бұрқ” ете шықпасы бар ма?! Ертеңіне ат терлетіп ауданға Құтекең келді. Отты көзінен оқ ата қарайтын Құтекеңнен қаймығып мен отырмын. Жо...жоқ жылы ғана жымия қараған ол:
– Білем, білем, сендер әкімнің айтқанынан шыға алмайсыңдар. Қатын-баланы да асырау керек қой. Ренжімеймін. Бірақ басымды тасқа ұрамын, тағы жазамын, – деген-ді.
Ұзын сөздің қысқасы, Құтекеңе қайта жазуды қойдырып, аудан әкімімен мәмілеге келтіргенім бар.
Сөз орайы келгенде айтайын, журналистің де журналисі болады. Олар мінезімен де, болмаса жазбасымен де бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Біреулер қалталыларды мақтап жазуды мұрат етсе, енді біреулері тура жолдан бұра тартпай, сын материал жазғанды қалайды. "Айтылған сөз – атылған оқ” демекші, сынның да сұрауы бар. Менің білетінім, Құтекеңді базбіреулер сотқа да сүйреген. Бірақ, ақ жолдан адаспай жүретін Құтекеңнің ұнжырғасы түсіп, жүні жығылған емес, яғни, жеңілген емес.
Құттыбай журналист қана емес, дарабоз жазушы болатын. Менің бұл тоқтамымды біреулер мойындап, ал біреулер мойындамас. Оның баспадан шыққан "Белгі”, "Табиғат трагедиясы”, "Қилы-қилы тағдырлар”, "Босқындар”, "Сарын” атты кітаптарының аттары да айқайлап тұрған жоқ па?! Сондай-ақ, оның бір томдық шығармалар жинағы "Сырдария кітапханасы” томдығының құрамынан да ойып тұрып орын алды. Менің тоқтамыма сенбесеңіздер, жоғарыда аттары аталған Құтекең кітаптарын жата-жастана оқып көріңіздер. Құттыбай Сыдық Қазақстан журналистері ішіндегі қайталанбас тұлға болатын. Туралығы кім-кімге де ұқсамайтын, тура жолмен адаспай ғұмыр кешкен.
... Сол бір қаралы күн бүгінге дейін көз алдымда көлбеңдеумен тұр. Ұмытпасам, тамыз айының тамылжыған соңғы күндері болатын. Мен ол кезде Арал қаласында тұратынмын. Таң білінер-білінбесте сыртқы есік тықылы естілді. Ашсам, Құтекең. Құшақтаса амандасып, үйге кірдік. Амандық-саулықтан соң:
– Ереке, шаршап-шалдығып жүріп 60 жастың асқар тауына да шыққалы отырмын. Шынымды айтайын, адалдықтың, әділдіктің ізін қуамын деп шаршаған да сыңайым бар. Адам баласы болған соң қажисың ғой. Кезінде өзіме дәріс берген ұстаздарым, ауылдағы адал азаматтар, қаламдас достарымның басын қосып, торқалы той жасамақпын. Күндердің күнінде бұл жалғанмен де қош айтысамыз ғой, – деген Құтекең тойының 5-6 шақыру билетін табыс етті.
Сол күні Құтекеңді Қазалыға шығарып салғаным бар. Марқұм Құтекең 60 жылдық тойына шақыру қағазын таратып жүргенін біреулер білсе, біреулер білмес. Иә. Осы кездесуден соң тойға емес, қабырғаңды қайыстырар қазаға байланысты қаралы хабар келіп жетті. Біз де жеттік.
Құттыбаймен қоштасу қаралы жиынына иін тіресе жиналған жұртшылықтан көз сүрінеді. Сонда алғашқы сөз алған ел ағасы Сейілбек Шаухаманов Құтекеңнің болмысын боямасыз баяндай келе: "Әділдік жолында әкесін тыңдамауға бар, ақ жүрек, қайсар, күрескер айтулы азамат еді” деген баға берген-ді. Құтекеңе мұнан артық баға беру әсте мүмкін емес.
Шүкір ғой, бүгінде Құтекеңнің қара шаңырағы қаймақсыз емес, ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Ұлы Мұрат әке аманатын арқалап, ат арқасына мініп те алған. Ақ дастарханы тұрақты жаюлы тұратын Қуанышкүл жеңгеміздің де ұл-қыздарының қызығына кенеліп отырған жайы бар.
Еркін ӘБІЛ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |