« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Әлем тарихында алғаш рет дүниені дүр сілкіндіріп 1418 күнге созылған сұрапыл соғыс миллиондаған жазықсыз жандарға ажал құштырды. Қаншама жас қыршынынан қиылды, қаншама жан аңырап қалды. Жарықтық Жер-Ана Қасіреттен қабырғасы сөгіліп, қан жылап теңселіп кетті. Омыртқасы бекімеген бозбала «Отан үшін!» деп қара тажалға қасқая қарсы ұмтылды. Сол ұрыс даласында ұрандаған ұлы адамдар әкелерге деген ұрпақ парызының шегі де, шектеуі де жоқ.
Иә, ештеңе де ұмытылмақ емес. 1945 жылдың сәуір. Шығыс Пруссия... Кенисберг үшін кескілескен қанды қырғынның қызған шағы. Әрбір сүйем жер үшін жанталаса соғысқан жау бар күшін сарқа пайдалануда. Балтық теңізі жағасындағы Гранс қаласын алу үшінші Беларусь майданының қолбасшысы, армия генералы Иван Черняковскийге сын болып тұр. Өйткені, теңіз жағасына орналасқан ертегідегідей әсем қаланы қоршалай жыбырлатып миналап тастаған дұшпандар, қаншама әскер мен техникаларға тажал боп төніп, ажал аранын ашып тұр. Тұйыққа тірелген қолбасшы әскербасыларын жиып ап, тәжірибелі, білікті саперларды іріктеп, маңызды іске жұмылдыруға бұйрық берді. Жаңа ғана кезекті тапсырмадан оралып, көшпелі әскери асхана ботқасын алдына ала берген жауынгерлерге: «бөлімше командирі Жұмағұлов шұғыл штабқа жетсін», – деген хабар түсті. Сержант дәрежесіндегі бойшаң, қапсағай денелі аққұба өңді жігіт қолындағы солдат котелегін қоя салып, лып етіп тұрып, штабқа беттеді.
– Тапсырмадан келген бойларың екенін біліп отырмын. Бірақ саперлар взводы ішіндегі өзін басқаратын бөлімшеге жүктелетін аса маңызды іс бар. Мына Гранс қаласының күншығысындағы көпір мен тас жол құжынаған минаға толы. Соған киілігіп тұрған біздің танкілер мен жаяу әскерлерге тез арада жол ашу керек. Жігіттеріңді жігерлендеріп, қас қарая іске кіріс. Есіңде болсын, бұл майдан қолбасшысының бұйрығы, – деген батальон командирі Орловтың үні қатал да кесімді шықты.
– Құп болады, жолдас капитан!
Мына алдындағы сымдай сірескен қазақ сержантының талай бұйрықты тап-тұйнақтай орындап келгеніне куә командир: «жолдарың болсын», – деді түсін жылытып. Түнімен мина тазартуда жүріп, таң ата сілелеп оралған жауынгерлер штабтан оралған командирлері Садыққа сұраулы көз тастады.
– Бұйрық маңызды. Сәл тынығып, құрал-жабдықтарыңды мұқият дайындаңдар. Қас қарая жолға шығамыз деп қысқа қайырған Садық әлдеқашан суып қалған ботқаны алдына алып, ойланып қалыпты. Асқа зауқы жоқ. Көңілі әлденеге алаңдап, отырған жерлеріне шинелдерін төсеніп мызғып кеткен қарулас достарына қарағыштап қояды. Әскерилер арасында «Сапер бір-ақ рет қателеседі» деген қағида бар. Сайдың тасындай тәжірибелі жігіттер талай қатерлі сәттерді бастан өткізіп келеді. Айтпақшы, соғыста жүрген ағаларым Дәрібала, Сарбала ауылдан бірге аттанған Ізет, Найзабек, Самұрат. Жұмахмет, Сәду, Сағи, Нағи, Қайбереңдер қайда екен? Аман болса екен бәрі де. Күні кеше, отжүректі ақын, қазақ жауынгері, сапер Баубек Бұлқышевтің минаға түсіп опат болғанын майдан газетінен оқыған екен-ау. Мына өрімдей жауынгерлер тағдыры не болады? Құс ұйқылы Садық қалғып кеткен екен. Тұла бойын тез тәртіпке келтіріп, кезекті тапсырмаға дайындықты бастады. Күн ұясына қона олар межелі орынға келіп іске кірісті. Жер астына жасырынған темір тажалды іздейтін жолдағы аспан, белдегі тоқ көзі, құлақтағы дыбыс ұстағыштың сәл ақауының өзі сапер үшін ажал әкеледі. Минаны іздеу кезіндегі сәл артық қимыл да қатерге ұрындырады. Кинофильмдердегідей қаннен-қаперсіз талтайып тұрып мина іздеу – а-н-а-у тасада әрбір қимылыңды аңдып отырған жау снайперінің бір оғының олжасы. Сол үшін де сапарға батылдылықпен қоса ептілік, сақтық қажет. Немістер көпір маңының әрбір қадамын аямай минаға толтырып кетіпті. Көл жарығын көлегей түсіріп әрбір минаны залалсыздандыру қияметтің қайымы. Сұсты сымдарды қышқышпен сатылап ажырату сапер үшін өмір мен өлім шекарасы. Таңғы төртке таман көпір маңы толығымен минадан тазартылды. Осыны күтіп тұрған біздің әскерлер қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан неміс полкінің төбесінен түсті. Шыбын жандарын шүберекке түйіп, аса құнды тапсырманы мүлтіксіз орындаған ержүрек саперлар сол жолы түгелімен «Кенисбергті алғаны үшін» медалімен наградталды.
...1953 жыл. Абай атындағы қазақ педагогикалық институты. 1946 жыл соғыстан оралып Ақшатау, Райым, Қамбаш ауылдарында мұғалім, екі-үш баланың әкесі атанғанда, осы институттың студенті болды. Бір күні институт ішінде математика факультетінің студенттері деканат алдында тұрған. Кенет бір студент "ректор келе жатыр” деп сыбыр ете қалды. Толқынды шашын кері қайырған қара торы өңді келбетті кісі бұлардың жанынан өтіп бара жатып «қалайсыңдар қарақтарым, жай-күйлерің болып тұр ма?», – деді ізетпен. Бірыңғай бозбалалар ішінде ерекшеленіп тұрған бойшаң денелі сақа жігіт Садыққа арнаулы көз тастап, шырағым сен де студентпісің? – деді.
– Биыл түстім, – деді Садық ыңғайсызданып.
– Ағай, ағай, Садық ағамыз оқу озаты, өзі соғысқа қатысқан майдангер, біздің факультеттің старостасы, бәріміздің қамқорымызды соғып жүреді, – деп курстастары жарыса жамырап жатыр.
– Бәрекелді, бәрекелді. Өзің бері жүрші жігітім, – деп ректор оны қолтықтап кабинетіне алып кірді. Екеуі майдан өмірі туралы ұзақ сөйлесті. Жатақханада орын болмаған соң пәтер жалдап тұрып жатқан Садыққа бас есепшіні шақыртып алып ай сайын пәтерақыны төлеп тұратын болды. Бұл қазақ педагогикалық институтының сол кездегі ректоры, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин еді.
...Арал ауданындағы тарихи орны бар елді мекендердің бірі Бөген, Дүние жүзіне теңіздің бекіресі және ақ қаязымен танымал ауылда аудан көлемінде жоқ қос қабатты типтік жобадағы мектеп үйі алыстан «мен мұңдалайды». Міне, сол көпұлтты іргелі елді мекендегі мектепте табаны күректей жиырма алты жыл директор болған Садық Жұмағұлов есімі облыс көлеміне танымал болған. Білікті де іскер басшы мектептің материалдық оқу базасын нығайтты. Сонау бір жылдары алғаш рет ЭВМ жүйесі осы мектепте тәжірибеге енді. «Проблема қойып оқыту– өмір тәжірибесі», «Оқу-тәрбие процесін оңтайландыру», «Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман» сияқты озық іс-тәжірибені насихаттайтын плакаттар облыс мектептеріне таралып жатты. Аты аңызға айналған білім ордасында сол бір жылдары ұстанымы ұрпағына ұлағатты ұстаздар Жалғас, Айнадин, Әби, Ысқақ, Тілеужан, Қапи, Сейділда, Тастыбайлар зәулім мектептің заңғар тіреулеріндей болып жүрсе, Мәриямкүл, Ырысалды, Әнуар, Төлеген, Бақыт апайлар Бибіпатымадай абзал жандар еді-ау. Еңбек жұмысының ұйымшылдығын қатықтай ұйытқан Садық Жұмағұлов министрліктер, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі, облыс, аудан басшыларының талай мадақтауларын жеңіп алған. Болмысына имандылық пен мейірім мәйегі ұялаған Садық ағайдың сонау бір жылдардағы келбеті көз алдымда. Әр аптаның дүйсенбісіндегі таңертеңгі «линейканы» директордың өзі өткізетін. Мектеп шеберханасы мен спорт залы ортасында мыңға жуық оқушы сап түзеп тұр. Үнемі мұнтаздай тап-таза, қыры бір сынбайтын костюм-шалбарына әппақ жейдесі әдемі жарасып тұратын бойшаң денелі, келісті кісі директор ағайға бәріміз де қызыға қараймыз. Әдеттегісінше сабырлы қалпымен оқу-тәрбие жұмыстарын айтып өткен соң, онжылдықты бітіріп оқу орнына баратындарға мектеп дирекциясының арнаулы жолдамасы берілетінін айтып өтті. Мәссаған, ішінде журналистикаға жолдама алатын болып мен де жүрмін.
– Алтыншыдан бастап аудан, облыс, бертін келе республикалық басылымдарда көрініп жүрген маған мектеп дирекциясының сенім артып жолдама беретініне бір жағынан тосылып та тұрмын. Қос жанарынан айырылған зағип әкемнің жайы қатты алаңдатып, хирург боламын деп тас-түйін бекінгенімді қайдан білсін.
– Мақсымның баласы-ау, сенен үлкен жазушы шығады деп жүрсем. Жә, дәрігер-жазушылар да бар ғой, талабың оң болсын, қарағым, – деп арқамнан қаққаны есімде.
Мейірім демекші, сол бір жылдары жоқ-жұқалтаң отбасының балаларына мектеп ұжымы су жаңа киім бөлетін. Ауылдағы сельмагтан алынған қоңыр пальтоны мектеп ұжымы маған беріп жатқанда есейіп қалғаным ба, алмаймын, – деп безірендегенім бар. Сонда Садық ағай биязы үнмен: «Бұл саған мемлекеттің берген қарызы. Ертең өзің еліңе қызмет көрсетіп, қарымын қайтарасың» дегенде сабама түскендей болғам. Ұстаз бойындағы жас ұрпақты тәрбиелеудегі педагогикалық, психологиялық шеберлікті бертін келе байқағанмын.
«Адам бойындағы ең тамаша қасиет – білім мен ақыл», – деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы елу үш жыл бойы жас ұрпаққа дәріс берген Садық ағай мен елу жыл бойы тынбастан ауданның танымал педагогы атанған зайыбы Төлеген Иманалина апамыздың ұрпағы жайқалған бәйтерек іспеттес. Тұңғыштары Нағымет бокстан спорт шебері, Темірханы – инженер, Мәлік, Мұрат, Ербол, Еркіндері елінің елеулі азаматтары. Ондаған немере-шөберелері аталап, әжелеп қойын-қоныштарына кіріп-кіріп кеткенде: «Иә, Алла бергеніне шүкір», – деген тәубелерінен жаңылмады. Үйіндегі қымбат қазынасы ұлы ақын-жазушылар-ойшыл-ғұламалардың үш мыңға жуық құнды кітаптары болатын. Алқа топта көп тыңдап, қысқа да нұсқа сөйлейтін ол қай кезде де парасатымен пайымдап, қара қылды қақ жарып әділдігін айтып отыратын.
Өнегелі жандардың өмірі өшпейді. Бүгінде ағамыз бен апамыздың ұрпағы әулеттің даңқты дәстүрлерін жалғастырып келеді. Майдангер, ұлағатты ұстаз Садық Жұмағұловтың елге сіңірген еңбегін ескеріп, Арал қаласынан бір көшеге есімін беру өнегелі де тағылымды іс болар еді.
Бар саналы да сәулелі ғұмырын кеудесін оққа тосып ұрпағын қорғап, одан жарты ғасырдан астам тағы да сол ұрпағын ұлағаттаған Садық әкемізге қандай құрмет те лайық.
Амангелді СУХАНБЕРЛИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |