ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН

Келер көктемде Кеңес әскерлерінің қанқұйлы неміс фашистерін тас-талқан етіп жеңгендеріне жетпіс жыл толады. Алпыстан астам мемлекет қатысып, елу миллион адамның өмірін жалмаған сол сұрапыл соғыстан елге аман-есен оралғандардың қатары да күн санап азайып барады. Тарих жылнамасына тайға таңба басқандай қара әріптермен жазылған 1418 күн мен түнді бүгінде көзі тірі қарт майдангерлер күрсіне еске алады. Жастық шақтары от-жалынға оранған ол күндерге лағнет айтады. Он сегіз жасында осынау қасіретті қырғынға қатысып, қарша бораған оқ пен оттың ортасынан аман оралғандардың бірі – Панабекұлы Зікірия қария.

 

Қызылорда қаласының Жаппас­бай батыр көшесіндегі 43-ші үйде тұратын Зікірия ақсақалды жуырда арнайы іздеп барған едім. Үйдің маңдайшасына "Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Зікірия Па­набеков тұрады” деп жазылған тақтайша қағылып қойыпты. Ме­ні сырттан майдангердің Нұрлан есімді ұлы қарсы алды. Жеңіс жау­ынгерінің түс әлетінде көз шы­­рымын алған сәтіне тура бар­ғандықтан сәл күтуім керек болды. Аздаған уақыттан соң шаңырақтың кенжесі Ерлан ақсақалдың бөлме­сіне бастап барды.

Әбден сырқат меңдеген қарияны шаршатып алмауға тырыстық. Оның әлжуаз дауыспен үзіп-үзіп айт­қан әңгімесін қойын дәптерге түртіп алдық. Ақсақалдың құлағы да ауыр есітеді екен. Тығырықтан шығуға кенже баланың көп көмегі тиді. Үш жылдан бері жұмысты қойған Ерлан біржолата әкесінің күтімімен отырған көрінеді.

Зікірия әке 1926 жылы 23 ма­мыр­да Сырдария ауданының Ақ­арық ауылында колхозшылар от­ба­сында өмірге келіпті. Әкесі Па­набек те, анасы Қалует те ди­қан­шылықты кәсіп еткен жандар екен. Қаршадайынан ата-анасының қолғанаты болған ол қарындасы Мәрзияның да тәрбиесін бір сәт естен шығармай, бар ауыртпалықты көтере білген. Балдәурен балалық шағы ашаршылық жылдарына ту­ра келген бозбала жетінші клас­ты бітірер-бітірместен колхоз жұмы­сына жегіледі. "Таңның атысы, күн­нің батысы” үлкендерден бір елі қалыспай тер төгеді. Оның үс­тіне соғыс жүріп жатқан кез. Тәр­тіп қатты, талап күшті. Бүкіл республика халқы сияқты облыс еңбекшілері де Қызыл Армияға кө­мек қолын созып жатты. "Ар­тық астықты мемлекетке сату – әр­бір колхозшының патриоттық бо­рышы” ұраны да сол жылдары өмірге келді.

– Мен әскерге 1944 жылдың қа­раша айында шақырылдым, – де­ді сыбырлай сөйлеген қарт сол­дат. – Шақыру пунктінің маңайы таңсәріден жұртшылыққа лық тол­ған. Өрімдей өрендерін ажал ау­зына аттандырып жатқандар қай­ғыдан қан жұтуда. Десек те, Отан қорғау үшін бара жатқанымыз көңілімізді жұбатады. Өңкей түбіт мұртты бозбалаларды тиеген қызыл эшелон Қызылорда қаласынан шы­ғысқа қарай бағыт алып, жолға шықты.

Вагон іші тым-тырыс. Қазіргі жүк пойыздарына тіркеліп жүрген қарапайым вагондар. Онда отыра­тын да, жататын да орын жоқ. Кә­дімгі ағаштан соғылған ат қора сияқты.

Туған топырақтан алыстаған сайын қиял жетегіне беріліп, со­ғысқа бара жатқаныма сенерімді де, сенбесімді де білмеймін. Жа­ным­да өзім секілді өңкей өндір жас. Әдепкіде бір-бірімізден жөн сұ­расқан едік, енді әрқайсысы өзімен-өзі қалың ойға берілген. Жа­нарларында туған жерге жолымыз қайта түсе ме, түспей ме деген қи­мастық сезім ұшқындайды. Жас та болса соғыстың не екенін жақсы біледі. Өйткені, оның тақсыретін тартпаған шаңырақ қай ауылда да бар. Бірінің әкесі, бірінің бауыры, енді бірінің нағашы-жиендері де­гендей, сұрапыл соғыс жалмап жа­тыр. Сондықтан солардың ізімен майданға аттанып бара жатқан бұл бозөкпелерде қайбір көңіл-күй бо­латын еді.

Бірнеше тәулік жол жүріп Се­мей қаласына жеткен біздер үш ай дайындықтан өтіп, осы жерде соғыс өнеріне машықтандық. Со­ны­мен Жеңіс жылының ақпан ай­ында көптеген Ортаазиялық жау­ынгерлермен бірге Польша ше­ка­расында алғашқы шайқасқа ара­ластық. Қиян-кескі ұрыстар жүр­гізілді. Маңызды көпір үшін жан алып, жан берістік. Шығын да же­терлік. Танысқанымызға үш-ақ ай болған талай қаруластар оққа ұшып, небір боздақтар жат жердің то­пырағын жастанды. Оларды асы­ғыс-үсігіс шұңқырға жерлеген боламыз. Он сегізге енді толған мен үшін қару кезеніп, бітіспес жаумен бетпе-бет келу оңай болмады. Өйт­кені, өшпенділік оты кеудеңде қан­ша жерден маздап жанса да ол да адам баласы емес пе? Аяйсың. Бірақ жеңу керек. Бірнеше немісті нысанаға алып, көзін жойдым.

Бұдан кейінгі жорық жолы Белоруссияда жаңадан жасақталған №125 дивизия құрамында Одер өзе­нінен өту операциясына жалғасты. Қарсы беттен оқ қарша борап тұр­ды. Қанша қатарластарым қыр­шы­нынан қиылды. Оған қарай­тын шама қайда. Қайткенде де жаға­лауға жетіп, жаудың үнін өшіруге тиіспіз.

Жорық жолында талай қаныпе­зерлік пен қатыгездіктің куәсі бол­дық. Адам құқы тапталғанын көзбен көрдік. Сондай сұрқия әрекеттерге қарсы қолдан келген бар күшімізді салдық, жауды тәубесіне түсірдік. Әсіресе, Виттенбург қаласы үшін болған көше соғысы есіме түссе, әлі күнге дейін денем түршігеді. Осы шайқаста көрсеткен ерлігім үшін ұсынылған "Ерлігі үшін” ме­даль мені жарты ғасырдан соң тап­ты ғой.

Соғысты Берлинде аяқтадым. "Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі” деген рас екен. Жауды өз ордасында жең­ген­нен кейін бізді сонда қал­дыр­ды. Германияның қираған шаруа­шылы­ғын қалпына келтіруге атсалыстық. Елге кеудеме бірінші және екін­ші дәрежелі "Отан соғысы” орден­де­рін тағып оралдым.

Жеңіс сағаты соғып, елге бес жыл жеті ай дегенде аман-есен оралған Зікірия аға бұрынғыдай кол­хоз тірлігіне араласады. Ша­руа­шылық күріш, бидаймен қо­са көкөніс-бақша дақылдарын еге­тін. Ол кездерде техника жоқ, бар жұмыс қолмен атқарылатын. Олар­ға күніне 25-30 сотық бидай ору міндеттелген болатын.

"Бас екеу болмай, мал екеу бол­майды” дегендей, енді оны отау құрып, ата-анасын қуанышқа бө­лесем деген ой мазалай бастайды. Сонымен тамылжыған тамыздың соңғы күнінде он жетідегі бойжет­кен Жарылқасынова Орынкүл апа­мен жұп құрады. Үй шаруасын дөң­гелетіп ала жөнелген алтын құрсақты анамыз өмірге он үш ұл-қыз әкелсе, бүгінде көзі тірі бес ұл мен бес қыздан Зікірия әкеміз бен Орынкүл анамыз отыз немере, жиырма төрт шөбере сүйіп отырған жайы бар.

Шаруашылықтың таңалакеуім­нен қас қарайғанға дейін таусыл­майтын митың тірлігінен шаршаған Зікірия ағаға бір күні әкесі Панабек ой салады. Қарағым, колхоздың тірлігі осылай таусылмайды. Мұн­да жүре берсең жауыр аттай көнбіс тартып қала бересің. Одан ертерек қалаға қоныс аударғаның жөн Ертеңгі күні балаларың да ержетеді дегендей.

Содан араға екі жыл салып, ата-анасының рұқсатымен Қызылорда қаласына қоныс аударыпты. Мұн­да нан болат жолдың бойынан бұй­ырды. Ташкент теміржолына қа­расты Қызылорда теміржол бө­лімшесіне бас кондуктор болып ор­наласқан. Кондуктордың мінде­ті – вагондар мен жүктердің аман­дығына жауап беру. Қазіргі жағ­дай­мен айтар болсақ, күзет бө­лі­­мінің қызметіне келеді. Яғни, пой­ыз­дарды белгіленген бекетке алып барып, алып қайтады. Те­мір­жолда да темірдей тәртіп. Егер жұ­мысқа кешіккендей болсаң, бір­­­ден шығарып жіберуден тай­ын­­байды. Бірақ, оқ пен оттың ор­та­сынан оралған жауынгерлер жау­­ап­кершілікті қатты сезінетін. Ол кездегі жүк пойыздары тіпті жү­ріп болмайды-ау... Мына тұр­ған Жосалыға бір тәулікте әрең же­тетін кездерді әлі ұмыта қой­майды. Әсіресе, қыс мезгілінде қат­ты қиын. Үскірік аяздарда ашық вагонда барар жеріне жет­кенше жаның көзіңе көрінеді. Бі­рақ, жұмыс талабы бәріне кө­нуге мәжбүрлейтін. Кейінірек жо­лаушылар пойызына ауысыпты.

Жұмыс барлық уақытта да ауыр әрі жауапты болды. Оны­сына қайлы болмасқа шара жоқ. Өйткені, тері сорғалаған еңбектері әділ бағаланатын. Содан бір күні составитель боп шыға келді. Он­дағы қызметі вагондарды бір-біріне жалғап, құраушы екен. Мұнда да абыройсыз болған жоқ. Ұжымдастары қадір тұтып, әркез құрмет көрсете білді. Сонымен 1981 жылдың жазында отыз жыл тер төгіп, еңбек демалысына шық­қан Зікірия аға үйде қарап отыра алмай облыс орталығындағы ма­мандандырылған күзет бөліміне қарауыл болып орналасыпты. Осын­­да он бір жылдай жұмыс істе­ген майдангер одан әрі отбасынан ұзап шықпай, бірыңғай ұрпақ тәр­­­биесіне ден қойды. Құдай қос­­қан қосағы Орынкүл екеуі бау­ыр­ларынан өрген немерелер мен шө­берелер шуағына бөленген бақытты ата мен әже атана білді. Бірақ, соң­ғы жылдары соғыс ардагерін ай­ықпас сырқат айналдыра бастап­ты. Қазіргі күні өздігінен қозғала ал­майтын оны әңгімеміздің басында айтқанымыздай кенже бала бағып-күтуде.

Зікірия әке өте қарапайым өмір сүрді. Әділетсіздік пен өктемдікке жаны қас, мақтаншақтық пен бай­лыққа ұмтылуға әрекет жасап көр­меген жан дүниесі таза да адал адам болды.

Орден-медальдің үлкен-кішісі жоқ десек те, он сегізінде от кешкен сарбаздың кеудесінде бірінші жә­не екінші дәрежелі "Отан со­ғы­сы” ордендері мен "Ерлігі үшін”, "Георгий Жуков”, бейбіт өмір­де алған басқа да медальдар жар­қырайды. "Мен үшін ең басты награда – құдайдың берген ұл-қыз­дары мен олардан өрген неме­ре-шөберелерім”, – дейді қарт май­дангер.

Әрине, уақыттың тоздырмай­ты­ны жоқ. Алайда, тарихи мәні зор Жеңіс мерекесі ұмытылмақ емес. Олай болса, Ұлы Отан со­ғы­сындағы Жеңіс күні, сол сұ­рапылда ерлік көрсеткен ерлер есімі мәңгілік аталып өтілуі, жылма-жыл естеліктермен жаңартылып отырылуы кейінгі ұрпаққа парыз.

Мақалаға нүкте қоя отырып, соғыс және еңбек ардагері Зікірия әке мен Батыр ана Орынкүл апаға "шөпшектің қолынан су ішіңіздер” деген тілек қосқанды жөн көрдім.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


ТАҒЫЛЫМ 20 қыркүйек 2014 г. 1 465 0