« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жұмыс кабинетінде отырғанмын. Жанымдағы әріптестер бір салада еңбек ететін әулет жайлы сөз етіп отыр. Осы сәт менің есіме Тереңөзектегі Рүстем Садықұлы түсе кетті. Өзі де, жұбайы да, ұл-қыздары мен немерелері де ақ халатты абзал жандар. Әулеттің денсаулық саласындағы еңбек өтілі 260 жыл болыпты. Неге өнеге етпеске?!
Сонымен, шұғыл түрде Тереңөзек кентіндегі кейіпкердің шаңырағына ат басын тіредім. Үй ауласы көкөніс пен қызылды-жасылды гүлге оранған. Бақша дақылдарын арам шөптерден арылтып, суғарып жүрген Рүстем ағамыз бен Күміскүл жеңгеміз жылы ғана жымиыспен, құшақ жая қарсы алды. Аман-саулық сұрасқан соң әңгіме желісін ағыттық. Өзіне тән байыппен жарқылдай күліп, аңқылдай сөйлейтін Рекең әңгімесін әріден бастады.
– Мен 1940 жылы бүгінгі Шіркейлі ауылында (бұрынғы Қызыл Ту колхозында) өмір есігін ашыппын. Марқұм әкем Садық Мұсаев сол кездегі колхоз төрағасы болған екен. Әкем 1942 жылы Ұты Отан соғысына аттанады. Елі үшін жанын пида етіп, қайтып оралмады. Екі жасымда әкесіз, жетім қалдым. Жастайынан үш баласымен жесір қалған анамыз біздерді беліне байлап жүріп, қолынан кетпені мен күрегін түсірмей еңбек етеді. Содан да біз ерте есейдік.
Рекең айтса айтқандай, бұғанасы қатаймай тұрып, бел буа, білек түре еңбекке араласады. "Әке көрген оқ жонар” дегендей, өмір үшін арпалысқа түседі. Ел ағасы болған әке шаңырағын шайқалтпай, анасының ақ сүтін ақтауды мұрат еткен ол ауылындағы мектептен жеті жыл дәріс алып, отбасылары аз қамтамасыз етілгендердің балаларын қабылдайтын Қызылорда қаласындағы 1 Май мектеп-интернатына келіп, орта білім алады. Білім нәрімен сусындаған Рекең жастайынан өмірдің соқпағы мен тоқпағын көргендіктен болар, денсаулық дәнекері дәрігер болуды мұрат тұтады. 1958 жылы Ақтөбе қаласындағы медицина институтының терапия факультетіне оқуға қабылданып, 1964 жылы дәрігер-терапевт мамандығын алып шығады. Содан 40 жыл бойы адамдардың өмірі үшін арпалысып, басты байлығымыз – денсаулық сақшысы болды.
– Менің, – дейді үзілген әңгіме жібін қайта сабақтаған Рекең, – еңбек жолым сол кездегі Қармақшы ауданына қарасты Калинин кеңшарындағы (бүгінгі Бұхарбай ауылы ауылдық ауруханада ақ халат киюімнен бастау алды. Ол кезде жоғары білімді жалғыз ғана дәрігермін. Бір ғана Калинин ауылы тұрғындары ғана емес, шалғай жатқан Таң, Ақарық, Еңбек, Ақжарма ауылы тұрғындарының денсаулығы үшін күрес біздің мойнымызға артылған болатын. Автокөлік деген атымен жоқ. Содан да елді мекендерге таң білінер-білінбесте атпен, болмаса сүріне-қабына жаяу барушы едік. Осы ауылдық аурухананың бас дәрігері болып анау-мынау емес он екі жыл қызмет еттім. Есімдері елге танымал азаматтар Тұрғанбай Маханов, Сақы Қалыбаевтармен қызметтес, тұз-дәмдес болғанымды мақтаныш етемін. Мен базбіреулер тәрізді өзімді-өзім дәріптеуден бойымды аулақ ұстаймын.
Шынында да, Рүстем ағаның жаны мақтау мен марапаттарды қаламайды екен. Әйтпесе, кезінде сол Калинин ауылынан 25 орындық аурухана салдыруға бас болғанын айтар еді ғой. Сондай-ақ, Кеңес Үкіметі кезінде осы ауылдық аурухана Одақ бойынша өткізілген бәйгеде үшінші орынды қанжығаларына байлағандарын өзіміз сұрап білдік.
– Реке, өмірдерегіңе жүгінер болсақ, 25 жыл бойы аудандық ауруханада басшылық қызметте болып, ел игілігі үшін ересен еңбек еткен сыңайлысыз. Ендігі сөз кезегін осыған берсеңіз? – деген сауал тастадық.
Ойлы көзімен тұңғиыққа барлай қараған оның көз алдына көргендері мен көңілге түйгендері көлбеңдей тұра қалса керек, үзілген әңгіме жібі қайта сабақталды.
– Ол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы София Өтегенқызы Мақашева болатын. Бір күні София апай шақырып, маған үш жұмыс орнына ұсыныс жасады. Жалағаш ауданындағы туберкулез ауруханасына бас дәрігер, болмаса осы аудандағы аурухана бас дәрігерінің немесе Тереңөзек аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін ұсынып, ойлануға мұрсат берді. Туған топырағым Тереңөзекте қалуды қаладым. Содан 1975 жылы Тереңөзектегі аудандық ауруханаға бас дәрігердің орынбасары болып келсем, он жылдан соң, яғни, 1985 жылы бас дәрігер болып, 2001 жылға дейін халқыма қызмет еттім. Әттеген-ай, науқасыма байланысты еңбек демалысына ерте шықтым.
– Реке, ұмытпасам, 1992 жыл болуы керек. Аудандағы 125 орындық ескі аурухана ғимараты құлау қаупінде тұрды. Содан тікелей сіздің бастамаңызбен 175 орындық аурухана шаңырақ көтергенін өз көзіммен көргенім бар.
– Рас айтасыз. Ол кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ернияз Омаров болатын. "Мен...мен” дегеннен бойымды аулақ ұстайын, тікелей Ерекеңнің қолдауымен аурухана салынды. Ол кісінің мына бір керемет адамгершілігін айтпасқа болмас. Аурухана ғимараты құрылысының алғашқы қазығын Ернияз ағамыз қағып, өз малын әкеліп сойып, ақсақалдардың ақ батасын алған еді. Оны айтасыз, құрылыс басына апта сайын соғып, құрылысшыларды өз қаражаты есебінен тамақтандыратын. Айтқандай, есімін ұмытып қалыппын, тегі Жамалов деген ақсақал өз жылқысын сойып әкеліп, тұрғындарға таратқаны бар.
Ернияз ағамыз аурухана құрылысын салдырып қана қойған жоқ, оны медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде де мейлінше көмек қолын созды. Ақтөбеден көшпелі флюрография алып берсе, кезінде бірде-бір ауданда жоқ УЗИ қондырғысы орнатылды. Көрші Жалағаш, Қармақшы аудандарының тұрғындары УЗИ-ға түсу үшін біздің ауруханаға келетін.
Сөз орайы келгенде Рүстем ағаның жан жары Шәріпқызы Күміскүл жеңгемізді әңгімеге тарттық.
– 1964 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищеден медбике мамандығын алып, еңбек жолымды ауылдық ауруханада бастадым. Алла Рүстеммен 1966 жылы табыстырып, шаңырақ көтердік. Отыз бес жыл денсаулық саласында қызмет етіп, зейнетке шықтым. Шүкір, өмірге 2 ұл, 4 қыз әкеліп, бүгінде солардың қуаныш құшағына кенеліп отырған жайымыз бар.
Бақыттың құдірет күшіне кенеліп, рахат сезіміне бөленіп отырған әулеттің өзіндік бір ғажабы бар. Отбасының саладағы еңбек өтілі 260 жылдан асады. Ойымыз орнықты, сөзіміз салмақты болуы үшін Рүстем мен Күміскүлден тараған ұрпақтарының ұлағатты жолдарына үңілейік. Үлкендері Жанат №36 мектепте директордың орынбасары болса, Манат аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары. Ал, Гүлзада Қызылорда қаласындағы №5 мектепте директордың орынбасары, малдәрігерлік институтынан дәріс алған Ғалымжан аудандық ветеринарлық бөлім меңгерушісі. Қыздары Гүлзира облыстық диагностикалық орталықта қызмет істейді, Алматыдағы медициналық университетті бітірген кенжелері Байтабын бүгінде стоматолог-дәрігер. Қараңыз, алты баланың үшеуі жоғары білімді дәрігер болса, келіндері Салтанат аудандық аурухананың онкология бөлімінің медбикесі, кіші келін Гүлфарида – аудандық ауруханада терапевт-дәрігер. Ал, немерелері түгелдей дерлік ата мен әжелерінің жолын мұрат тұтып, дәрігерлік мамандықты қалаған. Айтайық, немерелері Назерке Ақтөбедегі медицина институтын тәмамдап, магистратурадан дәріс алып жатса, Мәликасы осы институттың 4-курс студенті. Ал, Нәзігүлдері Астанадағы ғылыми-зерттеу институтында стоматология бөлімінің аға медбикесі, Гүлфайруз осы қаладағы медуниверситеттің 4-курсында оқиды. Айгерімдері осы оқу орнына биылғы жылы грантпен түсті.
– Атасының атына жазылған ең кіші немерем Рүстемова Тұмарайымды айтпай кете алмаймын. Ол Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылданып, 8-сыныпта оқып жатыр. Бүгінде немерелеріміздің рахат сезіміне бөленіп, қуаныш құшағына кенеліп отырған жайымыз бар, – дейді Күміскүл жеңгеміз.
– Байлық та билік те уақытша. Мен үшін басты байлық – өзімнің ғана емес, елімнің, халқымның денсаулығы. Мұнан артық бақыт жоқ мен үшін, – дейді «Денсаулық сақтау саласының үздігі», Сырдария ауданының құрметті азаматы Рүстем Садықов.
Рүстем ағаның осы бір аталы сөзі ұрпақтарға ұлағат болып, жүректерінде жазылып қалса ғой... Бақыттың құдірет күшіне бөленген өнегелі отбасынан осындай ниетпен жолға шықтым.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |