« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыстағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысын бүгінгі кейіпкеріміздің есімімен байланыстырып жатамыз. Олай болуы заңды да. Өңірімізде үшінші сектордың пайда болуында, оның қалыптасуына Дариха Ақмағамбетқызының еңбегі зор. Еңбек дегеннен шығады, кейіпкеріміздің бүгінге дейінгі мемлекеттік, одан кейінгі қоғамдық салада қызмет атқарған жылдарын қосқанда барлығы елу жылға жуықтайды. Ендеше, Азаматтық Альянс құрылып, жұмыс істеп келе жатқан соңғы сегіз жыл апайдың еңбек өтілінің азғантай ғана бөлігі болып шығады. Кейінгі жас ұрпақ болмаса, аға ұрпақ өкілдері бұл жағдайдан толық хабардар. Олай деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, Дариха Ақмағамбетқызы бірнеше ондаған жылдардан бері жұртшылықтың көз алдында келе жатыр. Десек те, ол кісінің өмір жолына қысқаша шолу жасап кетелік.
Арал ауданының Бөген ауылындағы орта мектепті 1960 жылы бітіріп, сол жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің студенті атанады. Төрт жылдан кейін орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі атанған ол министрлік жолдамасымен Шымкент облысының Сайрам ауданына орта мектептің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Екі жылдан кейін Қызылордаға қайтып оралғанда бірден комсомол қызметіне шақырту алады. Осылайша 1966-1973 жылдары Сырдария аудандық комсомол комитетінің хатшысы, облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметін атқарды. Алғырлығымен, белсенділігімен көзге түскен жас кадрды облыстық партия комитеті өз шешімімен 1973 жылы Алматы партия мектебіне оқуға жібереді. Оны 1975 жылы үздік бітірген Дариханы жергілікті басшылық Қызылорда қалалық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. Міне, осыдан кейін қызмет жолы облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Жалағаш партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің инспекторы, Қызылорда партия комитетінің хатшысы болып жалғасты. Еліміз тәуелсіздікке ие болған жылы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары еді. Ол кез туралы Дариха Ақмағамбетқызы былайша еске алады.
Әрине, әрбір қазақстандықтың тағдыры өз елінің тағдырымен сабақтас болып келеді. Менің де тағдырым солай. 1992 жылы қала әкімінің орынбасары болып бекітілдім. Бұл үлкен өзгерістер уақыты еді. Барлық нәрсе – қарым-қатынас, мемлекеттік органдардағы жұмыс тәсілі, ең бастысы, құндылықтар, идеалдар, адамдардың сана-сезімі, көзқарасы өзгеріп жатты. Өйткені, тұрмысымызға нарықтық қатынастар ене бастады, адамдар үшін басты құндылық ақша, материалдық байлық болды. Ал, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексімен тәрбиеленгендер үшін бұны қабылдау өте қиынға соқты. Бұл жағдайда бізді жігерлендірген нәрсе Қазақстанның тәуелсіз ел атануы еді. Еліміздің өзге мемлекеттер секілді әлемдік қауымдастықтың тең дәрежелі мүшесі болуы қанаттандырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлы державалар басшыларымен тең жағдайда кездесулер өткізіп, әлемдік проблемалар бойынша маңызды шешімдер шығаруға атсалысқанын көріп бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. «Тәуелсіздік» деген сөздің ұғымына терең бойлаған сайын ерекше рухани сезімге кенеледі екенсің.
Өтпелі кезеңнің өзіндік қиындықтары жеткілікті еді. Үлкен өндірістік орындар жұмыстарын қысқартты, тіпті тоқтап қалды. Облыс орталығындағы белгілі кәсіпорындар – тігін фабрикасы, ЦКЗ, тоқылмайтын маталар комбинаты, құрылыс мекемелері жабылды. Жұмыссыздар саны артты. Зейнетақы кешеуілдеп жатты. Бюджеттік мекемелер қызметкерлері бірнеше айлап жалақы көрмеді. Осындай қиындықтар болып жатса да халық шыдамдылық таныта білді. Толқулар, шерулер болған жоқ. Ерте ме, кеш пе бұл қиындықтар шешімін табатынын түсінді.
Кейіпкеріміз сол уақыттағы тұрғындардың белсенділігін жылылықпен еске алады. Партиялар, қоғамдық ұйымдар құрылып жатты. Қоғам мүшелерінің табандылығының арқасында республикада мемлекеттік тіл туралы, яғни Қазақ тілі туралы заң қабылданды. Заңға сүйеніп, қазақ тілі мәртебесін қөтеру бағытында көп жұмыстар жасалды. «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Көше атаулары өзгертіліп, оларға тәуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымызға, ана тілімізге байланысты жаңа атаулар берілді. Ең алғаш Восстание көшесі 1968 жылғы желтоқсан оқиғаларына байланыстырылып, Желтоқсан болып аталды. Одан кейін Войтинцев атауы Бостандық болып ауысса, Коммунистік даңғылына Абай есімі берілді. Ал оған дейін ұлы тұлғаның есімімен қысқа бір көше ғана аталған еді.
Мерекелер де жаңаша аталып өте бастады бұл уақытта. Наурыз, 1 мамыр мерекесі нағыз халықтық мерекелерге айналды. Оларды атап өтуге қала әкімдігінен мардымсыз ғана қаржы бөлінетін. Мәселен, 1993 жылы Наурызды атап өтуге бар болғаны 17 мың теңге бөлінді. Әйтсе де, мерекені кең көлемде атап өтуге тұрғындардың өздері белсене атсалысты, кәсіпкерлер қөмегін көрсетті. Міне, осындай қызық та қиындығы мен жауапкершілігі мол жұмыстар Дариха Ақмағамбетқызының тікелей басшылығымен жүзеге асып жататын.
Дариха апаймен кездесер алдында осы жолдардың авторы ол кісі туралы біраз ақпараттар жинастырған болатын. Сонда облыстық әйелдер кеңесін басқарған кезінде олардың қоғамдағы, билік органдарындағы мәртебесін көтеру бағытында көп нәтижелерге қол жеткізгенін естіп білдім. Мәселен, 1999 жылы өткен баламалы сайлау қарсаңында «неге әйелдер сайлауға түспеске?» деген мәселе көтереді. Депутат әйел қоғам үшін ер адамдардан артық болмаса кем пайда әкелмейді. Осылайша, облыстық әйелдер кеңесінің шешімімен қыз-келіншектер өздерінің кандидатураларын Парламентке, облыстық мәслихатқа ұсына бастады. Оған дейін облыстық мәслихатта әйел депутаттар бірлі-жарым болса, Парламентте Сыр өңірінен нәзікжандылар өкілдері жоқ еді. Сол жылы сайлауда Парламентке Қызылорда облысынан Бақыт Көпенова, ал облыстық мәслихаттың депутаты болып алты әйел сайланды. Солардың бірі облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы еді.
Кейіпкеріміз мемлекеттік қызметтен 1997 жылы күш-қуаты мен тәжірибесі молайған шағында кеткен еді. Көпшілікті бұл жағдайдың себебі қызықтырары анық. Ол туралы Д.Ақмағамбетованың өзіне сөз берейік.
Мен 1992-1996 жылдар аралығында қала әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Ол жылдары марқұм Әбдіржан Қалыбаев, одан кейін Жарылқасын Шәріпов қала басшысы болды. Қаланы басқару оңай емес еді. Қала бюджетінің мүмкіндігі өте аз. Бірақ соның өзінде қалада бірде-бір мектеп жабылған жоқ. Тек типтік емес ғимаратта орналасқан бір-екі бала бақша жабылды. Ол уақытта мектепті, бала бақшаны жабу деген ақылға сыйымсыз нәрсе болатын. Ондай жағдайлар бізден кейін оңтайландыру кезеңінде басталды. Жаңадан салынған, типтік ғимаратта орналасқан, балалар үшін барлық жағдайлар қарастырылған бақшалар жабылып жатты. 1997 жылдың басында қала басшысы ауысты. Ол кезде өзінің командасымен жұмыс істеу қалыптасты. Мен жаңа командаға енген жоқпын, сол себепті ҚМУ жанындағы «Қабілет» мектеп-гимназиясының директорлығы лауазымы ұсынылды. Мен ол ұсынысты қабыл алғаныма өкінбеймін. Ол тәуелсіздік кезінде жаңа типте ашылған алғашқы ақылы білім ошақтарының бірі болатын. Тоғыз жылдай басшылық жасаған кезімде мектеп жылдан-жылға дамып, білім беру жүйесінде лайықты орнын тапты.
«Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» ассоциациясына басшылыққа келгенде Дариха Ақмағамбетқызының қоғамдық жұмыстардағы тәжірибесі де молайған шағы еді. Оған дейін Жалағаш ауданының, Қызылорда қаласының, одан кейін облыстың әйелдер кеңесінің төрайымы болды. Сол қоғамдық жұмысты атқарып жүріп 2005 жылы Қазақстанның ІІ Азаматтық форумына делегат болып барды. Сол форумда Елбасы ұсынысымен Қазақстанның Азаматтық Альянсы құрылды Ондағы басты мақсат елімізде азаматтық қоғам ұйымдарын құрып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіруді көздеді. Көп ұзамай, 2006 жылдың қаңтарында "Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы” құрылды. Оның басшысы жаңа әрі қызықты, ең бастысы, қоғамға қажетті бағыттағы жұмысқа да әдеттегідей жанын сала кірісіп кетті. Жалпы, Азаматтық Альянс билік пен халықтың арасын байланыстыратын, әлеуметтік салада әріптес ретінде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіретін құрылымдардың бірі. Осы жылдар аралығында «Қызылорда облысының Азаматтық Альянс» ассоциациясы өңірдің қоғамдық-саяси кеңістігінде өз орнын тапқан, қоғам тарапынан толық мойындалып, қалыптасқан құрылымға айналды. Жыл сайын Қызылорда облысының әкімдігі, «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы және «Игілік» корпоративтік қоры арасында өзара ынтымақтастық пен әріптестік меморандумдарына қол қойылып, соның нәтижесінде көптеген жұмыстар атқарылып келеді.
Аймақтың азаматтық қоғам институттарының ықпалымен Сыр еліндегі көптеген өзекті мәселелер оң шешімін тапты. Қысқасы, үкіметтік емес ұйымдар облыстың еңсесін тіктеп, қарышты қадаммен дами түсуіне сүбелі үлесін қосып келеді. Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда облысының ассоциациясының жұмысын бүкіл республикаға үлгі етіп, басқа өңірлерді осылай жұмыс істеуге шақырды. Әрине, бұл жетістіктерде Дариха Ақмағамбетқызының лайықты үлесі бар екені белгілі.
Міне, осындай нәтижелі жұмыс атқарып келген Дариха апамыз ассоциацияның жұмысын өткізді. Азаматтық Альянс жұмысын қабылдап алған Әлима Әбдіқалықованың жұмысты жаңа деңгейге көтеретініне сенімі мол.
Ендігі уақытты өзіме арнағым келеді, – дейді бұл жөнінде ол бізбен әңгіме барысында, – балаларыммен мен немерелеріммен бірге болып, қалаған ісіммен айналыссам деймін. Аллаға шүкір, өткен өміріме өкінбеймін, бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан жандардың бірімін деп есептеймін. Қызылордаға рахмет айтамын. Мен осы қалада барлық мүмкіндіктерімді жүзеге асыра алдым деп санаймын. Осында білім алдым, қызметке араластым. Жақсы азамат кездестіріп, отбасын құрдық. Жолдасым Ақмұрат Мадияров құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарды. Ұлым, қызым және бес немерем бар. Ел үшін, қоғам үшін еткен еңбегім еленді. Үш медаль, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы, Президенттің Алғыс хаты, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, облыс әкімінің «Үздік азаматтық қоғам өкілі» номинациясының берілуі соның айғағы. Тәуелсіздік алғаннан бері әйелдер арасында алғашқы болып «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болдым. Республиканың, облыстың қоғамдық ісіне араласа жүріп, көптеген маңызды шараларға, съездер мен форумдарға қатыстым. ҚР Президентін ұлықтау шарасына қатысу құрметіне ие болдым. Облыстың бүгінге дейінгі барлық басшылары сыйлап құрметтеді, жұмысыма әркез қолдау жасап отырды. Сол үшін бәріне рахмет айтамын. Азаматтық Альянсқа қарасты барлық ҮЕҰ өкілдері шығарып салу рәсімін жасап, сый-құрмет көрсетті. Оларға ізгі тілектерімді арнаймын.
Дариха Ақмағамбетқызының бұлайша шешіліп сөйлеуінің өзіндік сыры бар. Өйткені, Астана қаласына қоныс аударып бара жатыр.
Қызылордамен байланысты үзбеймін, келіп тұрамын. «Отау ТВ» арқылы және басылымдардан Сырдағы жаңалықтардан хабардар болып отырамын. Осы елдің тілеуқоры бола беремін.
Біз де өз кезегімізде Дариха апайға ақжол айтып, қайда жүрсеңіз де аман болыңыз, ағай екеуіңіз ұрпақтарыңыздың қызығын көріңіздер деген тілегімізді жеткіздік.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |