СТАЛИНГРАД СОЛДАТЫ

Жол бастап келе жатқан ауыл әкімінің есімі де Әскер, іздеп келе жатқан ада­мы­­мыз да байырғы әс­кер жауынгері. Қа­зақтың қа­нында жауынгерлік қасиет бар ғой расында, мына сәйкестіктер со­ның белгісі болса керек. Кеңес әскерінің неміс басқыншыларымен қиян-кескі айқасына куә, сол кезде әскерде болған көкеміз Най­манбай Құрбанов биыл сексеннің сең­гіріне көтеріліпті. «Ойбай, белім», дейтін кәрияңыз бұл кісі емес, ширақ, жүзінен қызыл таймаған секілді, көзінде нұр азаймаған. «Қойдың құйрығын біркісідей сорған болса керек», деп еріксіз ойладым, Са­рыағаштағы егде құданың өзінің қы­зыл­шырайлылығын осы асқа әкеліп тірей­тіндігі есіме тү­сіп. «Қойдың тұздалған құй­рығын баяғы батыр аталарымыз астын­дағы мініс атына сорғызып, бір түнде 70-80 шақырымды желіп өтеді екен», деп қоятын-ды мұртын ширатып. – Сол айт­пақшы, кібіртіктейтін жөнім жоқ». Найманбай көкеміз де сол мұрты бір сипап жорық жолын баяндауға кірісті:

«Әскерге 19 жасымда 1942 жылдың маусым айында алды. Сол­датқа алынған жігіттерді тие­ген қызыл вагон күн жүрді, түн жүрді әр станция, бекеттерге аялдап, бір ай шамасында Чкалов деген қалаға тоқтады. Солдаттарды ұрыс­қа дайындап, ойнататын жер осын­да екен. Офицерлердің көбі өңкей орыс, сөзінің бірін түсінсек, бірін түсінбейміз, әйтеуір ерін жыбырынан бірдеңе ұққандай болып, құлап-жығылып, жүгіріп жүргеніміз. Өшіміз кеткендей жер­ді тепкілеп те аламыз. Сол шала түсінікпен жүріп-ақ, кешке сілелеп құлаймыз. Аздап оқыған, басында саңылауы барларды бізге старшый етіп, бір-бірімізге әкіреңдетіп те қойды. Жайшылықта болса, «баршы-ей», деп қамшымен са­лып-ақ кететін жер, қайтесің, амал жоқ, ел басына күн туғ­анда қи­қым тірлікке жол беру ұят, әрі қисынсыз екен», деп Найманбай кәрия бір жөткірініп алды. Әр түрлі салаға қалам тартып жүрген соң, біраз адаммен жолығысамыз ғой, кейбірі «ішімдегіні тап» дегендей, сауа­лыңа қысқа ғана жауап беріп, көбінесе үнсіз қалып қолға ұстаған жіңішке жі­бің­ді үзіп жіберердей қинайтыны бар. Қа­ратаудың бөктерінен аңқылдай соққан са­малдай, көкеміздің пейілі кең екен, сөз тізгінін өз қолына алып, тілшіңіздің жүгін жеңілдетіп тастады.

– Иә, дейміз итіне жақындай түсіп, ал сосын не болды?

– Не болушы еді, басқа түскен бас­пақшыл, үш ай бойы сол жерде алғашқы әскери дайындықтан өттік. Мал бағатын таяқ ұстаған қол адам ататын мылтық ұстауға да бейімделді. Тышқанның мұр­нын қанатып көрмеген ауыл баласын қы­зыл комиссарлар «қызыл кө­зің анау» деп неміске сырттай өшіктіріп қойды, оның үстіне қалқан қалпақ радио деген бар, «жау ана жерде алды, мына жерде алды» деп өшпенділігіңді өршітіп қояды. Не керек осы аз уақыттың ішінде, сен тұр мен атайынның өзі болмасақ та, сон­дай жанкештілерге серік болуға жарап қал­дық-ау. Өйткені, түсімде немістің сол­да­ты-ау, деймін бір ұзын тұра немені са­бай­мын да жүремін. Өңкілдеп жылап қаш­са, құйрығынан тепкілеп соңынан қал­майтыным тағы бар! Бәрекелде, осындай әңгіме арасында сөз иесін аздап қолпаштап қойғанның ерсілігі жоқ, біздің қазақы пайым осындай;

– Түу, әбден ширыққан екенсіз-ау...

– Ширыққаның не, жыным қайнап жүр ғой, айналайын-ау, алдындағы келісімге қарамай, елге тұтқиылдан жау шапса, қалай қарап отырасың, өліспей беріспеу ке­рек емес пе, одыраңдаған немелер алаң­сыз отырған бала-шағаға қарай өтіп кетсе, арам табанымен халқымыздың адал жерін басса қалай болады?! Менің тап бір сол оқиғаға қатысым бардай, көкеміз маған едірейе қарады.

Қазақстанның Сыр бойынан, оның Жа­ңа­қорған ауданы, Бірлік ауылынан ел қорғауға аттанған жас жауынгер Най­ман­бай Құрбанов 1942 жылдың күз айының басында Сталинград майданында оқ пен оттың арасында жүрді. Үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді демекші азапты күндер жалғасып жатты. Тек кө­ңілге де­меуі ел аманатын орындап жүргені, аза­­маттық танытқаны. Ан­да-санда үш­бұ­рыш­ты хат­тар арқалы ау­ыл­дағы ата-ана­сының, туыста­ры­ның хабарын біліп, бір мерейленіп қалады. Ел­ден оншалықты ұзамаған жас бала емес пе, кейде кешқұрым елді сағынып, көзден жасы ыршып-ақ кете­ді. Құрысын, ондай осалдығыңды басқаға байқатпау керек, жұртқа күлкі боласың.

Қым-қиғаш соғыс­тың бірінде ол аяқ-қо­лынан бірдей жараланды. Бұл қазан айының оныншы жұлдызы еді. Қансыраған жауынгер госпитальға жеткізілді. Сол кез­дегі әскери дә­рі­герлер де ерек­ше жүректі, білгір болса керек, жа­ралы жерін қалпына келтіруге ты­рыс­ты. Медсестра қыз­дардың сөзі­ңе құлақ түріп, жылы жымиғаны да ем екен-ау. Сондайда жаралы жау­ынгер ауыр жарақатын ұмытып, ыңыл­дап ән салады: «Сәулем, сәулем, сәу­лем­сің.., Жақ­сы болсаң келерсің, судан өтіп сәулем-ай, жаман болсаң, кетерсің, суға кетіп сәу­лем-ай!» Най­манбай көке тез түзелді. Жа­ман бо­лып суға кеткісі келмеді, елге ора­лып, бейбіт өмір сүру үшін майданға қайта аттануы керек, жауды өз ініне тығып тұн­шықтырған жөн. Дабыры алыстан есті­ліп жатқан Бауыржан деген батыр осылай ұран тастапты, сол қатарға тез қосылмаса болмас. Осылай рухтанған қатардағы жау­ынгер Құрбанов 1943-жылдың жаңа жы­лында Сталинград майда­нына қайта түс­ті. Амал нешік, тағдырдағы жазуы солай шығар, қаладағы трактор зауытын босату кезінде тағы да басынан жараланды. Бұл жолы Саратов қаласындағы госпитальда бес ай емделуіне тура келді. Бұл қайта қатарға қосылғанында немістер шегініп, оның полкі Венгрияны азат етуге кіріскен екен. Әскери бөлімдерді қайта жасақтап, толықтыру кезінде қатардағы жауынгер Құрбанов атты әскер қатарына жіберілді. Аттың құлағында ойнайтын қазақ бала­сына ат қорқынышты емес, бірақ, қаңғыған оқ жаман, жұлып түседі. Екі рет ауыр жараланған Найманбай кейде тосыннан ысылдаған пәлекеттен осылай сескеніп те қалады. Алайда, қырық жыл қырғын болса да, ажалсызға өлім жоқ дейтін ілгергілердің пайымына да ден қойып, бойын жинайды.

Бірде, Будапешт қаласына тақау Вест­ров деген елді мекен маңында тосқауылда тұрды. Таң шапағы енді атып келе жатқан шақ еді, дүрбісін хуторға қарай қадаған рота командирі Құрбановты шақырды да сондағы шеткі үй маңында тұрған тан­кіні көрсетті: «Барып біл, кімдер?» Ара­лық жеті шақырымдай болса керек. Иы­ғына автоматын іле бүкшеңдей тартты, арасында жер бауырлап жылжып та алады, бұл енді жер жағдайына байланысты, бұ­талы жерде жол ұту үшін жүгіріп алу қажет болса, жазықта жыланша бауырымен сырғиды. Қарадан жаңылмау үшін қараң­даған асфальт жолдан алыс­тамайды, оның екі шеті айдалған, оған тым тақалып, із са­лудың да жөні жоқ, әрі ондай жерде жү­ріс те өнбейді емес пе?! Не керек, әлгі көрсетілген үйге 300 метрдей қалғанында күбірлеген дауыстар естіліп, бір кезде танк гүр етіп оталсын. Бір кезде түтінін бұрқылдатып, әрі қарай тартып кетті. Жарты сағаттай күтіп, үйге кірсе, үстел үсті айра-жайра, шашылған тамақ қиқымы, босаған ыдыс. «Ушел», дейді са­қал-шашы ағарған үй иесі шал байғұс. Үйге қапталдаса салынған қорада бір ат, бір сиыр байлаулы тұр. Атты мініп, кері, өз бөлімшесіне келсе, алдынан шыққан татар капитан, «жаудан неге тірілей айырылдың, атамын,» деп пистолетін тақасын. Құйыс­қан арасында кеттің деген осы болса ке­рек, танкіге қарсы жүгірсең де өлдің, жү­гірмесең де өлдің! Осы кезде басқа да шолушылар келді, осы елді мекендегі танк саны 12 екен, жалпы құрамнан адасып қалған немістер болса керек, дереу артполкке хабар түсіріп, бірер са­ғат ішінде бұл жауды да тып-типыл етісті. Өзінің осылай әзер аман қалғаны бар.

Жауынгердің керзі етігі Карпат таула­рында басып, Куйбышев қа­ласында да болды. Жеңісті қарсы алған соң тағы да әскер қатарында қалдырылып, 1947-нің 29-ы жел­тоқ­санында ғана еркін өмірге бо­сатылды.

Найманбай Құрбанов көкеміз сол 1948-жылдың басынан елге келіп, колхоз жұ­мысына араласты, кешелері зейнетке шық­қанша, мал шаруашылығында адал бей­нет ет­ті. Үйленді, балалы-шағалы бол­ды. Қазір 8 ұл-қыздан, отызшақты немере, 34 шөбересі бар ақасақалды қария. Бәрі де өз тірліктерін жалғастырып, еңбек етіп жүр. Қолындағы Садыбайы мен келіні Фарида кәриялардың жағдайына қарап, көңілдерін көктем етіседі.

– Шүкіршілік, бәріне ризамыз. Еліміз аманшылықта болсын, пер­зенттеріміз жа­маншылық көрме­се екен, – дейді ақсақал шын пейілімен.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы,

Бірлік ауылы.


ТАҒЫЛЫМ 13 қыркүйек 2014 г. 1 037 0