« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүкіл саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, адал еңбекпен есейген Базаркүл бейнеті зейнетімен зерделенетін шаққа жеткенін, әрбір күнін, әрбір сағатын ізденіспен, көңілге түюмен өткізген 41 жылдың қалай зырлап өткенін байқамай да қалыпты. Бүгін біздің әңгімемізге арқау болғалы отырған жан – ибалы мінез мен ізеттілігі әр уақытта маңайындағыларға сезіліп тұратын, тума табиғи болмысымен лайықты, өнегелі өмір жолында ғұмыр кешіп отырған Базаркүл Махамбетқызы Құлахметова. Оның ұзақ жылғы ұстаздық жолы, білім беру мен шәкірт тәрбиелеудегі, ұжым басқарудағы іс-тәжірибесі, оқытудың әдіс-тәсілдерін бөлісе жүріп, ғылымға қосқан үлесі, отбасындағы бала өсіріп отырған аналық парызы әріптестеріне үлгі болғандай.
Ұлы Абай: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дегенді қалай тауып айтқан. Әрбір адам өзінің алғашқы ұстазын «мені оқытқан», «маған бағыт берген», «осыған жеткізген», «мені тәрбиелеген» деп еске алып, тағзым етеді. Тәуелсіз отанымыздың мемлекеттігін нығайтуға үлес қосып, алғаш еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол өзінің бар ғұмырын ұрпаққа арнаған. Адал еңбегі, имандылығы мен білімділігі Базаркүлді өзгелерден ерекшелеп тұрады. Білікті басшы, жаңашыл мұғалім , шәкірттеріне сүйікті ұстаз бола білген тұлға.
Жосалы кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келген Базаркүл Құлахметова онжылдықты бітіргеннен кейін өзінің еңбек жолын өзі бітірген №186 мектепте пионер жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Айтқандайын, еңбектен қол үзбей жүріп, Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп шықты.
Жетпісінші жылдардың соңынан бастап №109 мектепте география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Араға бес жыл салып, №199 орта мектепте әуелі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, сосын мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар ол жас ұрпаққа география пәнінен сабақ берді. Басшылық қызметтегі кезінде Базаркүл Махамбетқызы ұйымдастырушылық қабілетімен, қай нәрсенің болсын шешімін таба білетін іскерлігімен таныла білді. Мектеп тұрмысының ішкі тыныс-тіршілігінің көзге көрінбейтін бүкіл ауыртпалығын көтере біліп, қандай түйінді мәселе болса, іскерлікпен шешетіндігін ерекше атап кеткен орынды.
Жоғары санатты география пәні мұғалімі «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хатымен, ҚР Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыстық білім беру департаментінің Құрмет грамоталарымен, өзге де сан түрлі марапаттаулар мен мадақтауларды иеленген. Сондай-ақ ол 2001 жылы аудандық мектеп директорлары байқауының жүлдегері.
Базаркүл шәкірттеріне білім мен мәдениеттің қасиетті дәнін еге білген жан. Асылы, ұстаз еңбегінің жемісі оның шәкірттері арқылы көрінетіндігі белгілі. Соның куәсі ретінде өткен жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінен оқушысы Қырмызы Қалдашбаева үздік оқуына байланысты Алғыс хатпен мадақталды. Ал Базаркүлдің өзі биыл ҚР Ұлттық бизнес рейтинг орталығының шешімімен «Даңқ жұлдызы – Қазақстан экономикасы» орденімен марапатталды және мектепке «Сала көшбасшысы-2014» дипломы мен қабырға медалі берілді.
Ол осы мектептің ардагерлері мен аға буын ұстаздардың іс-әрекеттерін, олардың биік адамгершілік қасиеттерін, алтын ұяның биіктерге көтерілуіндегі ұжымның атқарған жұмыстарының орны ерекше болғанын үлгі етуден жалыққан емес.
«Әке көрген оқ жонар ..» дегендей, көп жыл мектепте басшылық қызметте болған Махамбет сияқты өнегелі әкеден үлгі алған Базаркүл жұбайы Айдармен екі қыз тәрбиелеп отыр, ол береке-бірлікпен сүттей ұйыған отбасының ұйтқысы. Көзінің ағы мен қарасындай қызы Гүлжанат Павлодар қаласындағы педагогикалық университеттің химия факультетінде оқыса, кіші қызы Салтанат Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ІІ курс студенті.
Базаркүл Махамбетқызы басшылық жасап отырған мектептен ҰБТ-ға қатысқан түлектер жыл сайын жоғары нәтижеге жетіп келеді. Мәселен, 2011-2012 оқу жылында 5 түлек грант иегері танылып, мектептен екінші орынды иеленді. 2012-2013 оқу жылында мектеп бітіруші 11 оқушының 5-еуі, өткен оқу жылы 5 бітірушінің 4-еуі грант иеленді.
Ел сенімінен шығып, ұжымының абыройын асқақтатып, жауапкершілік жүгін қайыспай көтерген, шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленген, халық мақтанышы Базаркүл Махамбетқызының мерейтойы да келіп жетті. Оның әрдайым денсаулығы мықты болып, ауылдастары арасында абыройлы әрі мерейлі болуына сенім мол.
Рыскүл ЖОРАБЕКОВА,
ардагер-ұстаз.
Төребай би ауылы,
Қармақшы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |