АЛҒАШҚЫ ТӨРАҒА

Биыл колхоз құрылысының ар­дагері Нұрыш Жұдабаевтың ту­ға­нына 100 жыл толды. Өткен ға­сырда Перовск уезінің Кеңтүп бо­лысында өмірге келген ол өзінің ең­бек жолын 1929 жылы Қызылорда кірпіш зауытында жұмысшы бо­лу­дан бастады. Отызыншы жылдар­дағы ашаршылық кезіндегі халық­тың көршілес елдерге ауа көшуінен тысқары қала алмаған жас Нұрыш өз ырыздығын 1931-1934 жылдары Тәжікстанның Қорғантөбе ауданын­дағы "Бақшы” ауылынан теріп жеді. Кісі елінде сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болуды көздеген ол туған топырағына оралып, Сырдария ауданы Ленин атындағы ұжымшарда есепші қызметін атқарды. Сұрапыл соғыс жылдарында кеңес әскері қатарында борышын өтеді, аудан ұжымшарларында есепшілік қызмет атқарды. Сұлутөбе машина-трактор стансасының учаскелік агрономы болды. Арасында Орал қаласындағы ұжымшар төрағаларын қайта даяр­лаудың жеделдетілген курсы менТашкенттегі агрономдардың білі­мін жетілдіру курсында оқып, бі­лім мен тәжірибені бір-бірімен ұш­тастырды. Қай істе де жақсы нә­тижеге бастайтын жауапкершілігі бар, ұйымдастырушылыққабілеті жо­ғары жан аудан басшыларының на­зарына ілініп, ұзақ жылдар бойы ауданның "Жаңа тұрмыс”, ”Ок­тябрь”, Аманкелді атындағы ұжым­шарларында төраға қызметiн абы­роймен атқарды. Нұрыш Жұдабаев Сырдария аудандық партия комите­тінің мүшесі, бірнеше рет аудандық кеңесінің депутаты ретінде де ау­дан­ның қоғамдық өміріне белсене араласқан еді.

Ердің жасы саналатын елуге ен­ді иек артқан шағында ауыр дерт­тің қармағына іліккен Нұрыш әке артында үміт артқан ұл-қыз­да­рын аналары Күнжамалмен бір­ге қал­дырып, өзі бақилыққа аттан­ды. Оның артында қалға­ны, жақсы ес­телік пен "Нұрыш ай­тыпты” деген тапқыр ой, ұшқыр уәж ғана. Көнекөз қариялардың Нұ­рыш Жұдабайұлы жайындағы естеліктеріне көңіл аударып көрелік.

Жеңіспен аяқталған Ұлы Отан соғысынан кейіншаруашылығы әб­ден тұралағанелдің еңсесін кө­те­ру мақсатында бүкіл КСРО айма­ғында отызмыңдықтар қозғалысы өріс алғаны тарихтан белгілі. Яғ­ни, бүкілодақ бойынша отыз мың­дай іскер де талапшыл басшы ірік­теліп, колхоз құрылысына жі­бе­рілді. Олардың мақсаты – арт­та қалған колхоздарды өрге сүй­реу, тұралаған елдің еңсесін көте­ру. Ең бірінші қойы қоралас, шал­ғыны аралас жатқан шағын ұжым­шарлар өзара біріктіріліп, ірі кол­хоздарға айналдырылды. Сон­дай ірі колхоздың бірі төсекте ба­сы, төскейде малы қосылған, адам­дары бір-бірімен ағайын-туыстай араласып кеткен төрт шағын ұжым­шар негізінде құрылған "Октябрь” колхозы еді. Аудан басшылары сол колхоздың төрағалығына жас­тайынан еңбектің қазанында қайна­ған, жан алып, жан беріскен сұрапыл соғысты көрген, өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан коммунист Нұрыш Жұдабаевты таңдады.

Нұрыш әке өз тұстастарынан қай қасиетімен ерекшеленетін еді? Ең бастысы, ол іскер басшы бола білді. Қандай істі де ақырын ойлап, сабырмен бастайтын, ашуын ақылға жеңдіре білетін жан небір қыңыр-қисық деген жандармен тіл табысып кететін-дi. Ел болған соң арада арыз айтушылар да, біреудің сыртынан бет шымшып, қол шошайтатындар да, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді көздейтіндер де кездесетіні ақиқат. Нұрыш төраға өз жұмысын осындай мінез-құлқымен көзге түскендерді тәрбиелеуден бастады. Оларға ақыл айтып, бас қатырмады, жиналыс-жиындарда оларды сынап-мінемеді, жазаламады да. Оның қолданған тәсілі тым қарапайым болатын. Жиналыста сөзді алдымен соңында қоңырауы бар жандарға беріп, олардың мемлекеттік іске жауапкершілігін арттырды, жауапты орындарға жіберіп, іскерлік қабілеттерін шыңдады. Ол кісінің маман тәрбиелеудегі құралы тым қарапайым болатын. Мәселен, жұрттың бәрін өзінің бос сөзі, орынсыз талабымен мезі еткен жанды үш-төрт адамға басшы етеді де шөп дайындауға, қырман бастыруға, болмаса қырқымпунктіне жібереді. Тапсырылған істің орындалуын партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары арқылы қатаң бақылауға алады, қойылар талапты күшейтеді, оларға ауыл ақсақалдары арқылы әсер етуге күш салады. Соның нәтижесінде жатыпішер жалқаулар азайып, таза еңбекке бой бұрғандар қатары молайды.

Нұрыш Жұдабаевты өзгелерден ерекшелейтін тағы бір қасиеті берген сертке беріктігі, аяғын шалыс басқандардың ісіне кешіріммен қа­рап, обал мен сауапты тең ұста­ғандығы, сосын өзіне өтінішпен кел­ген жанның ойындағысын айтқызбай ұғатындығы еді. Ол ешкімге дау­ыс көтермейтін, алайда оның айтқа­ны ешқашанда екі болған емес. Ес­теліктер тізбегіне көз жүгіртсек, Нұ­рыш төрағаның ауылдан шал­ғай шабындықтағы шөпшілер мен қырдағы қырқымшылар брига­да­­ла­рының, қырманшылар мен мал­­шылардың, Сыр маржанын ор­та­лық астық қоймасына үз­дік­сіз тасымалдайтын көлік жүргізу­шілердің жағдайын әркез назарда ұстап, оларға дер кезінде қажетті азық-түлік, жанар-жағармай, өзге де қажеттіліктерін босатып отырған. Түн қараңғысында бір машина астықты ұрлап, өз ауласына түсіріп жатқан ауыл шопырын қиын сәтте жол табар тапқырлығы, орынды уәжімен тура келген қылмыстан құтқарған. Еңбеккерлерді өнімді еңбекке жұмылдыру әдісі де өзгеге ұқсамайды. Дауыс көтермейді, асық­тырмайды, тек айтатыны:

– Бүгін бескүндіктің соңы, қам­шыны басыңдар, жігіттер. Әйт­песе, облыстың көшпелі туы мен ақшалай сыйлығының өзге жаққа кетіп қалатын түрі бар! – Бітті, уәкілдер бригадаларға аттанып, төр­аға сәлемін жеткізеді, сосын егіс басындағы, қырмандағы онсыз да қызу еңбек одан әрі қызады.

Аты аңызға айналған төраға жай­ында көпшіліктің тағы бір тамсана айтары, оның қарапайымдылығы, яғ­ни,басшымен де, қосшымен де бір деңгейде қатысуы еді. Қазіргі Қо­­ғалыкөл ауылының көнекөз қа­риялары кезіндетөрағаның ферма түйекеші Әбсадық ақсақалдың айтқанын екі етпей, өзінің қызмет көлігімен құдалыққа барып, ке­лінді бар жора-жоралғысымен алып келгенін, өзі жас болса да, бас құда болған Нұрыштың ол ара­да колхоздың білдей басшысы емес, жөн-жобаны, құдалық салт-дәстүрді бес саусақтай білетін, ел шежіресінен сыр шертетін, бұрынғы өткен шешендердің айтқан өсиеті мен шешендік сөздерін қиюластыра өрнектеген ауыл қариясы болып шыға келгенін, күнделікті күйбең тірлік жайында бір ауыз әңгіме қозғамағанын жыр қылып айтады. Қарап отырсақ, осы күнгі кей бас­шының қарапайым отбасының құда­лығына емес, оның тойына баруды өзіне ар санайтыны жасырын емес. Демек, кезінде ел ықыласына бөлен­ген азаматтың бүгінгі атқамі­нерлер үлгі алар бір тұсы осы болмақ.

Иә, қамшының сабындай қысқа ғұмырында ауыл ғана емес аудан өміріне белсене араласқан, өз ағайындары арасында мәңгілікке "колхоз аға, колхоз қайнаға” атанып қалған Нұрыш Жұдабайұлының соңында жайқалған бау қалған-ды. Бұл артына мал емес, тал қалдыруды көздеген ата-баба өсиетінің орын­далғаны еді. Өмірінің соңғы жыл­дарын бұрынғы Аманкелді қазіргі Айдарлы ауылында төрағалық қыз­­метте, сосын бұрынғы Ленин қазіргі Аманкелді ауылында ферма меңгерушісі болған Нұрыш әке өзінің бос уақытында үй айналасына тал, жеміс ағаштарын көптеп отырғызған екен. Оның күтімін өмірлік қосағы Күнжамал менбалалары Қайырбек, Қайыркүл, Жаппас, Бақытбек, Рай­күл мен Қожабекпен бірлесе жүр­гізіпті.

"Орнында бар оңалар” деген­дейін, Нұрыш Жұдабайұлының ар­тын­да қалған алты баласы әке аманатына адалдықтарын таныт­ты. Бәрі де жоғары білімді, отба­сылы, алды немерелер қызығын көріп отыр. Үлкен ұлы Ақтөбе мединститутының түлегі, облыс жұртшылығына танымал хирург Қайырбек Жұдабаевұзақ жылдар бойы Сыр жұртшылығының ақеден алғысына бөленген жан. Оның зайыбы Назира да дәрігер, қазір екеуі де зейнеткер. Ташкенттің заң, Алматының халықшаруашылығы институттарын бітірген Бақытбек әке бойындағы ұйымдастырушылық, шешендік қасиетін еншілегендей. Өйткені, ол өзінің қырық алты жылдық жұмыс өтілінің 30 жылын ірілі-ұсақты мекемелерде басшылық қызметте өткерген екен. Әкесі жайлы естеліктерді жинастырып, артында қалған ұрпақтарына өшпес мұра болатындай іс тындырғысы келеді. Әкесі Нұрыш Жұдабайұлы он жылдай басқарып, көшелі ел қатарына қосылуына өлшеусіз қызмет еткен Қоғалыкөл ауылынан, облыс орталығынан әке есімін ардақтайтын белгі қалдырғысы бар. Мүмкін ол көше, не мектеп аты, болмаса спорт кешеніболар, әйтеуір кезінде елі үшін аянбай тер төккен, коммунистік партия сардары болған Нұрыш Жұдабайұлын болашақ ұрпақ санасында қайта жаңғыртсам дейді. Ол кісінің зайыбы ұзақ жыл ұстаздық еткен Ғайша құрылыс фирмасында басшылық қызметтегі ұлы Әнуардың бойында атасының бекзаттық болмысы мен шешендік өнері, қиын сәтте жол табар тапқырлық қасиеті қанмен берілгенін сеніммен айтады.

Өткен күннің бәрі тарих, сол тарихтың қатталған беттерінде қалып бара жатқан арыстарымыздың өмір жолы, елдің жарқын болашағы үшін атқарған өлшеусіз еңбегі ұмытылмақ емес. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Нұрыш Жұдабайұлы да сондай біртуар жандар қатарында. Олай болса, ел есінде қалған азаматтың атын ардақтап, оны тарих қойнауынан жарыққа шығарып, ұрпақ санасында қайта жаңғырту парызымыз дер едік.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.


ТАҒЫЛЫМ 30 тамыз 2014 г. 1 062 0