« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
– Менің өмірім бір-біріне жалғасқан оқулардан тұрады, – дейді Бөрібай ата өз әңгімесінде.– Мұндағы техникумды бітірісімен әскер қатарына шақырылдым да Ресей Жоғары Кеңесі атындағы жаяу әскери училищесінде оқыдым. Үш жылдық курсты біз жедел бітірдік. Сосын берідегі бейбіт заманда Алматы партия мектебін, ауыл шаруашылығы институтын бітірдім.
Иә, кейін ой елегінен өткізсе, кеңес үкіметі кілең өрімдей жастарды әскери училищеде тектен тек жедел оқытпапты. Соғыс тәсілдерін, қару ұстап, қолдануды қысқа мерзімде үйретуінің арғы жағында жасырынып қауіп-қатерге толы жорық жолы жатыр екен ғой. Отан үшін отқа түсуге даяр кілжиырма жастағы жалын жастар от пен оққа тайсалмай қарсы тұрды.
Құрамында Бөрібай Құлманов бар 373-ші дивизия қырық бірдің қараша айында Калинин майданына аттанып, Ржев қаласына жақын Торжок стансасына келіп түсті. Одан әрі жиырма шақырымдай жаяу жүрген әскерилер немістер басып алған аймаққа жақын орналасты. Дивизия командирі Горбунов кіші командирлерді полк командирі Абрасимовтың командалық пунктіне шақыртып, жағдайды жан-жақты баяндады. Немістердің қай жерде қандай бекінісі барын жеткізді. Сонымен қатар қанша күнге созылары белгісіз ұрыстың барысында дивизияға әуеден самолеттен, жерде танктен қолдау болмайтындығын ашық айтты. Минометшілер батальонының командирі Полосухинге, оның ішінде Бөрібай жетекшілік ететін екінші ротаға жаудың бекіністері мен окоптарын, траншейлері мен блиндаждарын минометпен атқылап, жаяу әскер батальонының ілгері жылжуына жол ашу жүктелді. Мақсат – алдағы, әзірге жау қолында тұрған "Сосновка” селосын дұшпанның құрсауынан босатып, соған барып бекіну еді.
Алапат атыс екі күнге созылды. Жан алып, жан беріскен соғыста жаудың бірнеше окоптары мен траншейлері және төрт блиндажы жойылды. Бұлар жаудың өзінше жүретін қару-жарақтары мен бірнеше автомашинасын олжалады. Селоны жаудан босатқан кеңес әскерлеріблиндажда жасырынған неміс офицері мен бірнеше солдатын қолға түсірді. Осы ұрыста лейтенант Астапов жетекшілік ететін рота минометшілері Миланов пен Савельев жаудың екі пулеметін жойып, бірнеше блиндажын құртты. Иә, "Сосновка” селосын жаудан азат ету оңайға түскен жоқ. Түсі суық, бақайшағына дейін қаруланған дұшпан әскері әбден бекініп алған. Селода бас көтерер еркек кіндік жоқтың қасы, кемпір-шал, әйелдер мен балалар ғана. Соғысқа алдын ала дайындалған жау әскерінің мұртын балта шаппайды. Өздерінің жеңіске дереу жететіндеріне әбден сеніп алған болуы керек, кеңес жерінде алшаң басады. Олардың алғашқы пәттегі қарқыны қарапайым халықтың зәресін алғаны да, кеңес әскерінің дегбірін қашырғаны да рас-ты.
– Осы алғашқы бекіністі алу бізге де жеңіл тимеді. Қаншама солдат қаза тапты. Олардың арасында минометшілер ротасының командирілейтенант Морозов та бар болатын,– деп еске алады қарт майдангер. – Селоны жаудан босатқаннан кейін аздап әл жиғандай болдық, қаза болған солдаттар орны толықтырылды, қару-жарақ қайта жасақталды. Соғыстың аты соғыс, жайқалып жүруге мұрша қайда? Біздің двизияға Петровка елді мекенін неміс басқыншыларынан азат ету міндеті жүктелді. Ол күндерді еске алсам, әлі күнге жүрегім дүрсілдейді.
Бөрібайдың денесі түршігетініндей бар екен, Петровка селосын жаудан босату өте қиынға түсті. Мықтап бекінген немістерге алдымен самолеттен бомба тасталды. Сосын өткендегі жаудың өзінен олжалаған қаруды өздеріне қарсы қолдану идеясы жүзеге асырылды. Шабуыл барысында Бөрібай жетекшілік ететін минометшілер ротасын бір жерден екінші жерге көмекке жіберіп отырды. Терең қазылған окоптарда, блиндажда, жеке үйлердің тасасында жасырынған жеке жау атқыштарын жоюда миномет таптырмайтын құрал саналады. Алыстан көздейтін артиллериямен болмаса жақыннан ататын автоматпен ала алмайтын жердегіні миномет снарядымен алуға болады. Соғыс бәрін де үйретеді екен. Бөрібай жаумен жағаласа жүріп көптеген соғыс тәсілін де, ұшып келе жатқан оқтан қорғана білуді де үйренді. Өзгелерге де үйретті.
Петровка селосын жаудан босатып, алға қарай шабуылдап бара жатқандарында жасырынып қалған екі неміс автоматшысы арттарынан оқ жаудырып, бұларды біраз алаңдатқаны бар. Неміске де жан керек, өздері бұларға оқ жаудыра салып, орманға қарай қашқан екі автоматшы кеңес солдатының оғына ұшты. Осы ұрыста Бөрібай ауыр жарақат алды. Жон арқасынан тиген минаның жарқыншағы үш-төрт қабырғасын сындырып, өкпенің шетін ала іште тұрып қалыпты. Көретін жарығы болар, есінен танып, далада қансырап жатқан жерінен село адамдары бір үйге апарып, алғашқы көмек көрсетіпті, күтім жасапты. Олар Бөрібайды әскери госпиталь қызметкерлеріне тапсырғанша көп көмек көрсеткен екен.
Әскери госпитальда, арнайы ауруханада емделгенен кейін Бөрібай Құлманов Алматыдағы Шерстюк басқаратын 32-ші бригада 29-шы полкінің қарамағына жіберілді. Миномет ротасының командирі болып сайланған Бөрібай әскерге шақырылған азаматтарды соғыс тәсілдеріне жаттықтырып, оқытты, майданға жіберумен айналысты. Өзі де 1945 жылы наурыз айында өздері дайындаған солдаттардан арнайы батальон жасақтап, бірінші Белорус майданы жауынгерлерінің құрамында ұрысқа кірді. Польшаның Ченстакова, Бреслау қалалары мен немістің Штеттин қаласын жаудан тазартуға атсалысты. Немістер басып алған жерлерден құлдыққа айдалып кеткен Кеңес Одағының азаматтары босатылып, елге қайтарылды. Сондай тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін комбат Литвинов лейтенант Бөрібай Құлмановқа алғыс айтып, қанжар сыйлады. Ұлы Жеңістің куәсі әрі ескерткіші ретінде ол қанжар ардагердің отбасы мұражайында әлі сақтаулы. Бөрібай өз қаруластарымен бірге Штеттин қаласында Кеңес әскерінің Берлин қаласын босатқан 2 мамыр мен қанқұйлы Гитлер тізе бүккен 9 мамырЖеңіс күнін тойлады. Бүкіл ел Ұлы Жеңіс мерекесін тойласа да, Бөрібай үшін соғыс одан әрі жалғасты. Ол ерекше тапсырмамен Қытай Халық Республикасының Сыньцзян өлкесіндегі қақтығыстарды басуға қатысты. Сөйтіп оның өмірінің алты жылы әскер қатарында өтті. Әрине, ол жылдар текке кеткен жоқ.Бөрібай Құлманов Ржев қаласының түбіндегі қырғын ұрыста көрсеткен ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз”, Польшаны және Германияның Штеттин қаласын жаудан азат етуге қатысқаны үшін бірінші дәрежелі "Отан соғысы” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды.
Бөрібайға туған жерге оралу бақыты 1946 жылға сәйкес келді. Бейбіт еңбекке белсене араласты. Облыстық партия комитетінде ауылшаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, МТС директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары секілді жауапты міндеттерді мінсіз атқарды. Біршама уақыт Қазалы аудандық партия ұйымын басқарды. Осындай жауапты қызметтерде жүріп, алдымен Алматы жоғары партия мектебін, сосын ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Одан кейін де Бөрібай аға облыс экономикасының дамуына белсене атсалысты. Мемлекеттік, халықтық, партиялықбақылау жүйесінде ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Бөрібай Құлмановты тұстастары, қызметтестері бір сөзділігі, уәдеге беріктігі, талапшылдығы үшін құрметтейді. Оның кемшілік көрсе төзбейтін мінезі он алты жыл облыстық партия комитетіндегі партиялық бақылау комиссиясын басқарған тұсында айқын көрінді. Әшейінде жайдары, әзілқой, көппен бірдей көрінетін Бөрібай партия ұйымының жұмысынан кемшілік көрсе қаһарланып шыға келетін. Жо-жоқ, ол ашу шақырып, ешкімді балағаттамайтын, өз қызметін пайдаланып, ешкімге күш көрсетпейтін. Тек алапат соғыс көрген майдангердің түсі суып кететін-ді. Сосынкемшіліктің салдарын жоюдың шараларын көрсетіп, орындауға уақыт беретін. Ол мерзім жеткенде Бөрібай істің қорытындысын талап ететін. Сондықтан да көпшілік ісін мінсіз атқаруға ұмтылушы еді.
Иә, құлагер аттай зулаған өмір естеліктерге айналыпты. Кешегі соғыс, қалпына келтіру жылдарындағы елдің ес жиып, етек жабуы, бейбіт өмірдегі қызмет, майдандас, қызметтес болған абзал жандар, олардың жан жадыратар жақсы істері – бәрі де естелік еншісінде қалыпты. Тоқсан деген жастың төртеуіне келіп отырған Бөрібай атаҚұлмановтың өмірге өкпесі жоқ. Сонау1946 жылы жоғары партия мектебінде оқып жүріп қосылған сол кездегі ЛКСМ Орталық комитетінің жауапты қызметкері, кейін ұзақ жылдар бойы балабақша меңгерушісі болған, өзімен жарты ғасырдай бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен жан жары Фатиманың өмірден озғанына да жеті жылдың жүзі ауыпты. Екеуінің отбасынан өрбіген ұрпақтары ана үмітін ақтап, әке қуанышын арттырып отыр. Үлкені Шолпан – медицина ғылымының докторы, Гүлнұры – дәрігер, Светланасы – қаладағы "Парасат” мектебінің директоры. Балалары аялап, бар жағдайын жасайды, немерелері мен шөберелері "аталап” алдынан кесе өтпейді. Бөрібай атаның бағамдауынша, бақыт деген осы болар, сірә. Иә, адамның ұрпағымен мың жасайтыны рас болса, бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болған майдангер Бөрібай ата Құлмановтың жүріп өткен өмір жолы келер ұрпаққа үлгі-өнеге, өз ұрпағына мақтаныш болары хақ.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Қызылорда қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |