АДАМДЫҚ АСҚАРЫНДАҒЫ АЗАМАТ

Адамзат жаралғаннан бері жер бетіндегі осы саналы тіршілік иесінің атауына қосылып айтылып келе жатқан «адамгершілік» деген тіркес бар. Адам бойындағы қандай да бір қасиеттің армен безбенделетінін ұғынған ұлтымыз пенделік пиғылдан ауласын аулақ салып, адамгершілігін аласартпаған жанды ардақ тұтып, құрмет көрсеткен... 
Осы адамдықтың асқарына өздерінің арлы ісімен есімдерін жазған жандардың арасынан ойып тұрып өз орнын еншілеген ауданымызда бір арда азамат бар. Ол – аудандық емхананың бас дәрігері және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жалағаш ауданы бойынша өкілі Ханзулла Кәметов. Мақаламды майпаздап бастап отырғанымның мінәйі себебі де сол: есімі ел арасында ерекше құрметке ие болса да, өзінің қызметтік міндетінен тыс өмірдегі өзгелерге жасаған адамшылық істерін, жандары жабырқау жандарға жасаған жақсылықтарын жан-жағына жар салып, жария ете бермейтін осы бір азамат ағаның адами қасиеті, жалпы адамгершілігі жайында әңгімелеу.
Мен бұл кісіні бала кезімнен білемін. Аудан орталығынан ең шалғай орналасқан қияндағы Қызылқұм қойнауынан сонау алпысыншы жылдардың ортасында құрылған Аққыр ауылдық ауруханасының бас дәрігері болған ағаның ауыл халқының арасында абыройы асқақ болатын. Сол елдің зиялыларының ортасында да сыйлы болды. Әрине, бас дәрігер болған соң ғана емес, қанына біткен қасиеті-кішіпейілділігі, мәдениеттілігі, сыпайылығы, жұмысына жауапкершілігі, адамгершілігімен де аққырлықтардың қошеметіне бөленіп, қалаулысына айналды. Менің әкем бұл кісіге ерекше ілтипат көрсетіп, туғанындай жақсы көретін. Тек менің әкем ғана емес, сол кездегі сақалына иман ұялап, шапанына даланы сыйдырған зады зиялы, сөзі дуалы ақсақалдардың әңгімесін тыңдап, батасын алғанын дәрігер ағаның өзі бүгінде үлкен мақтанышпен айтып, сол жылдарды сағынышпен еске алып отырады. Х.Кәметов темірдей қатаң тәртіптің адамы. Барлық балалары ауыл мектебінде білім алды. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыз бізге Кәметовтердің тәртібі мен сабақ үлгерімдерін үлгі ете сөйлейтін. Әсілінде отбасылық тәрбиенің тамыры тереңге тартады екен. Ғалымжан менің түйедей төл құрдасым. Қарама-қарсы сыныпта оқыды. Біздің буынның ішінде тіпті алдымыздағы екі-үш буын өкілдерінің, соның ішінде ауыл балаларына арман болған, Кеңес дәуірінде аты аңызға айналған Қара теңіз жағалауындағы халықаралық «Артек» пионерлер лагеріне оқуда озат атанып, үлгілі тәртібімен көзге түсіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Ғалымжан барып демалып келгенде, мектептегі барлық бала қызыға да қызғана қарағанбыз. Әке бойындағы дегдарлық балаларының да бойына дарыған еді. «Артектен» келген Ғалымжанмен мектептің барлық пионерлері кездесіп, Қара теңіз жағалауындағы қызықты күндерін салауатты кісідей майын тамыза әңгімелегенде аузымыздың суы құрып тыңдап, қисық тәртібіміз бен кітап бетін ашуға мойын бұрғызбайтын жалқаулығымызды іштей сыбап отырдық...
Әлқисса, сонымен 1973 жылдың ортасына таяу Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап келген жас маман ауыл ауруханасында дәрігер болып қызметін бастаған бойдан тұрғындардың денсаулығына жіті бақылау жасап, тіпті уақыттың мезгілімен санаспай түн жарымда, таң алдында кенеттен кеселге тап болғандардың үйіне аурухана ауысымындағы медбикемен бірге өзі де барып, науқас қашан есін жиып, өзіне келгенше күтіп отыратын адамгершілігін ауыл халқы әлі күн аңыздай етіп, ризашылықпен айтып отырады. Қызылқұм мен Қарақұм ішіндегі малшы ауылдарды аралап жүріп сол аймақтардың географиялық жер-су атауларын жадына жазып алған, тіпті қыр мен құм ішіндегі қыстау, жайлауларды сол жерлерді ширек ғасырға жуық мекен еткен шопандардан кем білмейді десем сөзім жалған шықпайды. Білікті де, білімді маман қай жерде болмасын, сыйлы болатынын жоғарыда айттым. Аурухананы отыз жылға жуық басқарған дәрігердің өз саласындағы табанды еңбегі мен төгілген тері ауыл тарихының тақтасына таңбаланды, кіреуке түспеген кісілік келбеті мен адамгершілік істері ауыл халқының аузында жүр. Бас дәрігер бола тұра алдына барған бүлдіршін баламен де сыпайы сөйлесіп, дәрігерлік кеңесін беретін бұл кісі әлі күнге ақ халаты мен арына дақ түсірмей, Гиппократ антын Алланың аманатындай адалдықпен арқалап келе жатыр. Дертіне дауа, жанына араша іздегендердің қасынан табылды, жабырқау жандардың жүрек жарасына мейіріммен медеу болды. Бұл кісі ауыл тұрғындарына өз мамандығына сай тек дәрігерлік көмек қана берген жоқ, сонымен қатар, тұрмыс тапшылығын тартқандарға материалдық тұрғыдан да көмек қолын созды. Ауылдағы бір ағамыздың қызын кішкентай күнінен өз қамқорлығына алып, есейген соң медициналық колледжге түсуіне ықпал жасап, аталмыш оқуын тәмамдап келген соң да, жұмысқа орналастыруы адамгершілік ісінің бірі ғана. Ал, осы елдің перзенті ретінде жасаған ең үлкен азаматтық ісі – кешегі кеңестік кезеңнің кері саясаты дәуірлеп тұрған тұсында сол аймақтың суын ішіп, астығын азық етіп отырған тұрғындарына, тіпті күллі Сыр бойын жағалай жайлаған елдің денсаулығына зардабын тартқызып, өмірлеріне қауіп төндірген Қызылқұм қойнауындағы жерасты таза суын Байқоңыр ғарыш айлағына тартып отырған « Дальный» су құбыры жүйесінің жабылуына тікелей ықпал етті.
«Ханзулла інім көп оқыған, өзін-өзі қатаң тәртіптің шеңберінде ұстайтын және өзгелерден де сондай тәртіпті, адалдықты, тазалықты талап ететін адам. Ол тек дәрігер ғана емес, азамат жігіт»,- деп отырушы еді менің әкем. Әкеміз расын айтады. Өйткені ол кісі де майдан даласында жарты тәнін жау оғына берсе де, Отаны үшін қайта сапқа қосылған. Кейін бейбіт күндегі қызметінде де Отан алдындағы перзенттік парызын адамдықпен, адалдықпен өтеп кетті. Әкеміздің ол кісіні кішілігіне қарамай құрметтеуінің сыры осында жатса керек.
Ханзулла ағамыз ауылдық аурухананы басқарған отыз жылға жуық уақыт ішінде халыққа медициналық қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсетіп, аудан, облыс жұртшылығына өз ісінің кәсіби маманы, білікті басшы, адалдық, тазалық, туралық деген өмірдегі ұстанымынан айнымайтын азамат ретінде танылды. Белгілі қоғам қайраткері М.Шаханов: «Ең мықты адам – қоғамдағы өзінің орнын білетін, халқының амандығы мен ұрпағының саулығы үшін әділетсіздікпен қасқая күресетін, атағынан адамгершілігі мен арын биік қоятын адам»,-дейді. Міне, қағаз бетіне адами қасиетін қаламмен жазып отырған менің бұл кейіпкерімнің де байсалды да, байыпты болмысы мен тұлғасын осы тұрғыдан қарағанда адамгершіліктің биік тұғырынан көруге әбден болады. Аққыр ауруханасында бұл кісінің қарамағында жұмыс жасаған сол кездегі қаншама жастар бүгінде тәжірибелі де, білікті дәрігер болып қалыптасты. Білікті басшы, білімді азамат ауылда жүрген кезден-ақ ауданымыздағы медицина саласындағы күрмеулі мәселелердің шешілуіне атсалысып, өз үлесін қосты. Аудандық мәслихатқа депутат болған жылдары да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы қордаланған мәселелерді көтеріп және соның дер кезінде шешілуіне зор ықпалын тигізді. Сонымен қатар, жаңа ғасырдың басында аудан орталығына түбегейлі келіп, денсаулық саласының тізгінін өз қолына алған сәттен-ақ ерекше сергек серпінмен іске кірісті. Нәтижесінде, тоқсаныншы жылдардың топалаңынан кейін жабылып қалған ауылдық ауруханалар қайта ашылып, ауылдық дәрігерлік емханалар іске қосылып, жұмыс жасай бастады. Күндізгі емделу жүйесі ұлғайтылып, кент орталығы мен ауылдық жерлерге жаңадан емхана салуға мұрындық болды. Тізбелей берсек, тер төккен еңбегінің жақсы нәтижесі осылай жалғаса береді. Осылардың барлығын өз мүддесі үшін жасалған қызметі емес, адамгершіліктің парызының қайтарымына еткен елеулі еңбегі деп білуіміз керек. Әрине, мұндай жетістіктері мен еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Тиісті орындардан жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты, Елбасының арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды. Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Жоғарғы санатты денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы», «Әлеуметтік гигиенист» секілді жоғарғы атақтарды иеленді. Ол марапаттар мен атақтар да адаспай өз иесін тапты. Өзінің әу баста тағдыр таланы тартқан арлы адалдық пен тақуа тазалыққа апаратын жолынан ауытқыған жоқ. Бүгінде аға отбасының барлық мүшелері медицина саласының қызметкерлері. Барлығы да бір мамандық иелері болған соң, бұл жанұяны аудан жұртшылығы «дәрігерлер әулеті» деп атап, құрметпен қарайды. Айталық, жұбайы Қарлығаш апамыз ұзақ жылдар медицина саласында абыройлы еңбек еткен ардагер. Үлкен ұлы Рүстем дәрігер-хирург, Ғалымжан – дәрігер-рентгенолог, келіні Әсел – балалар дәрігері, Ақнұр – дәрігер-кардиолог, Ернар – дәрігер-хирург, Райхан дәрігер-эпидемиолог. Әкенің түзу тәрбиесін алып, тәлімімен бой түзеген балаларының барлығы да бұл күнде адам өмірінің арашашысы болып, аудан, облыс орталықтарындағы медицина саласында абыроймен еңбек етіп келеді.
Өз бойындағы адами қасиеттерді балаларының санасына сіңіріп, қызметтегі, жалпы өмірдегі тура жолымен үлгі болған ағаның көпшілік білетін бітім-болмысы міне, осындай.
Қуат АДИСҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 02 қараша 2013 г. 1 669 0