(Мырзабек Дүйсеновтің күнделік жазбалары туралы)
Белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы Мырзабек Дүйсенов өзі қалам тербеген қай жанрда да шеберлігін көрсете білді. Оның «Ана махаббаты», «Қалыңдық», «Гүлжан сүйеді», «Меймандар», «Ант», «Үміт», «Біз күн перзентіміз», «Бір аспанның астында», «Ғасырлар сыры», «Сағанатас сырлары» және басқа көркем шығармалары, ғылыми-танымдық эсселері, зерттеу еңбектері қалың оқырманның игілігіне айналды. Қаламгер білім-білігімен ғана емес, ешкімге ұқсамайтын стилімен де ерекшеленді. Жұрт шығармаларын іздеп жүріп оқитын автор ретінде көпке танылды.
Мырзабек Дүйсенов шығармаларында көркемдік пен деректілік әдебиеттік талаптар деңгейінде үйлесімділікпен тоғысады. Мұның себебі, автордың жас кезінен күнделік жүргізіп, оны өмірлік дағдыға ұластырғанынан деп білеміз. Күнделік оқиғаның немесе детальдің болмысын дәл бедерлейді, сол сәттегі уақыттың тынысын анық аңғартады. Оның бетіне түскен жазбалар көркем шығармаға өзек болғанда туындыны биікке көтереді.
Күнделік – қай қаламгердің де шығармашылық өмірбаянының бір көрінісі. Руханият дүниесінде айрықша із қалдырған ұлы тұлғалардың жазып қалдырған күнделіктері құнды жәдігерлік саналады. Орыстың әйгілі жазушысы Лев Толстой 1847 жылы 7 сәуірде қағазға түсірген жазбасында былай депті: «Таңғы сағат сегіз. Менде ешқашан күнделік болған емес, өйткені одан еш пайда көрген жоқ едім. Енді өз қабілетімді жетілдірумен айналысып жатқан кезде осының даму барысына күнделік арқылы баға беру ахуалында боламын. Күнделікте ережелер кестесі, және онда менің алдағы іс-қимылым айқындалып көрсетілуге тиіс». Лев Николаевич Толстойдың күнделіктері жөнінде түсініктеме берген А.И.Шифманның «Бұл оның өмірбаянының, әдеби мұрасының бөлінбес бөлшегі, онда жазушы ойларының тынымсыз жемісі, тіршілік туралы терең байыптамалары, әлеуметтік-адамгершілік тұрғыдағы ізденістері көрініс тапқан», – деген пікірі алып тұлғаның шығармашылық табиғатын таныта білгендігімен құнды.
Көркем тілмен айшықтап жазылған күнделік – әдебиеттің алтын қазынасы. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің, алаштың абыз ақыны Әбділда Тәжібаевтың күнделіктері шынайылығы өз алдына, көркем шығармадай тартымды оқылады. Мұндай тұжырымды өмір бойы күнделік жазған әдебиетші-ғалым, танымал жазушы Мырзабек Дүйсеновтің бекзат болмысына да қатысты айтуға болар еді. Оның күнделіктерін інісі Елеусін Дүйсенов жинақтап, «Жылдар мен сырлар» деген атпен кітап етіп бастырды.
Күнделік жүргізетін кейбір азаматтар жазбаларын қатып қалған қасаң фактілермен, сықиған цифрлармен толтырып, қысқа тұжырымдайды. Ал Мырзабек Дүйсеновтің күнделіктерін өзі ғұмыр кешкен уақыттың көркем шежіресі деуге болады. Қаламгердің осы машығы туралы Тұрсынбек Кәкішев былай дейді: «Университетке 1944 жылы түскеннен бері өзі дүниеден өткен күнге дейін Мырзабек күнделік жазуды қаза қылып көрген емес. Архивінде тау-тау болып үйіліп жатқан қойын дәптерлерін машинкаға бастырып, мың беттейін қаттап қойған болатын. Уақыт өте келе Ә.Нарымбетов жазып жүрген әдеби хроника мен Мырзабектің артында қалған күнделігінің құны арта түседі».
Ф.М.Достоевский айтқандай, күнделікті «көрген-білген, естіген және оқыған нәрселер жөніндегі есеп» деп бағаласақ, Мырзабек Дүйсеновтің бұл міндетті өз дәрежесінде орындағанын көреміз. Автордың өмірдегі өз болмысы, қарапайым табиғаты, мінезінің жайлылығы жазбаларынан да байқалады. Бұл қасиеттер күнделіктің шынайылығына, автордың ұстанымы әділ болуына әсер ететіні даусыз. Субъективті пікірдің өзі салыстырмалы түрде боямасыз айтылса, біраз жаттың бетін ашып алуға септігін тигізбек.
Болашақ қаламгер он жеті жасында-ақ жазу-сызуға бейімділігін байқатыпты. Бозбала болса да өмірдегі әр құбылысты назардан тыс қалдырмайды. Өзі туып-өскен өлкесіндегі шығармашылық тұлғаларды түстеп таниды. Олардың әрбір іс-әрекетін қызыға тамашалайды. Өнердің құпия сырларына тереңірек үңіледі. Күнделігіне 1945 жылғы 3 мамырда түскен жазбалар осының дәлелі: «Базар. Он сомға бір күлше сатып алдым да, жүрегімді жалғап, ағаштың көлеңкесінде отырған Нышанға келдім. Малдасын құрып, ескі қара қобызын сарнатып отырған екі көзі жоқ, соқыр Нышанның дауысы сондай зарлы шығады. Мен кей күндері түк шаруам болмаса да, Нышанның үнін естиін деп осында әдейі келетінмін. Оның айналасына жиылған жұрт көп. Алдында жаюлы орамалға олар теңге тастайды. Кім қанша береді, қобызшының онда жұмысы жоқ (көрмейді ғой) жыр, термесін төпей береді. Мен бір-екі сағаттай қасында тұрып, әбден айызым қанғанша тыңдаймын. Бүгін де ұзақ тұрдым. Бірер шумақ өлеңін жаттап та алдым».
Күнделік иесінің әсерлене суреттеп отырған адамы – Сыр бойында тұрған танымал қобызшы Нышан Шәменұлы. Шын аты-жөні Ысмайыл Шәменов. Ол – Қорқыт күйлерін біздің заманымызға жеткізушілердің бірі. Ел ішінде оны Нышан абыз, соқыр Нышан деп атайды. 1975 жылы белгілі фольклоршы, мұра жинаушы Мардан Байділдаев пен Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ахат Жанаев Нышанның орындауында Қорқыттың оншақты күйін таспаға түсіріп алған. Сол кезде Нышан тоқсан екі жаста екен. Академик Әлкей Марғұлан кезінде Қызылордаға арнайы келіп, Қорқыт күйлерін тыңдаған көрінеді.
Кез келген күнделіктен автордың өз бейнесі айқын көрініп тұрады. Әдепкі жылдардағы жазбалардан бозбала Мырзабектің кейпі де аңғарылады. Оны тосын құбылыстарға қызығушылығы басым әсершіл қалыпта байқаймыз. Әр кезде білмекке құштар болып, үлкендерді үнемі сұрақтың астына алып отырады. «15.06.46. Сарысу өзенінің «Алатағы – Белең» деп аталатын жайлауына көшіп келгенімізге үш-төрт күн болған-ды. Өзеннің екі жағы тақтайдай жазық. Шығыс жақта мұнартып Таңбалы нұрасы тұр. Ол алыстан кішігірім тау сияқты болып көрінеді. Исабек әкемнен оның неге «Таңбалы» деп аталатынын сұрап едім.
– Сондағы тастарда аттың, бұғының, арқардың таңбалары бар, сондықтан да «Таңбалы» деп атаған-ды, – деді.
– Ал «Алатағы – Белең» деп неге атаған? – дедім.
– Оны білмеймін, балам. Бұл біздің ата-бабаларымыздың жайлауы. Сонау Телікөлден мына Қарсақбайға дейін көшіп-қонып жүрген екен жарықтықтар».
Автордың күнделік жазбаларында Сыр бойында кеңінен өркен жайған жыраулық өнердің шежіресі көрініс тапқан. Тек Сыр елі ғана емес, бүкіл қазақ жұртына тән жыршылық өнердің сипаты оның күнделігінің ажарын ашып тұр. М.Дүйсенов бозбала кезінде жыр додаларынан алған әсерлерін шынайы бейнелесе, кейін беделді әдебиеттанушы ғалымға айналып, ақындар айтыстарына төрағалық еткен жылдарында өнер тарихы туралы байсалды пікірлерін білдіреді. Әр жылдарда қағазға түскен күнделіктерден уақыт жылжыған сайын автордың ой-өрісінің өскенін, тұжырымдарының толысқанын көреміз. Мырзабектің халықтық мұраға ден қоюы ерте басталған. Өзі өскен аймақтың өнерлі кісілерін жазбай таниды. Жыраулар елінің байырғы салт-дәстүрін жастай санаға сіңіріп өсіп-жетілген.
«Түстен кейін біздің үйге қонақ келді. Ауыл адамдары ол кісіге сәлем берісті.
– «Алыстан алты жасар бала келсе, ауылдың алпыстағы ақсақалы сәлем береді» деген емес пе, Төкеннің мырзасы келді деген соң, осылай бұрылғаным ғой, – деді жырау.
Рахмет жырау Мәзқожаев: Бұл кісіні мен соғыс басталмай тұрып білемін. Жазда көрші «Алпамыс» жырын жырлап еді. ...Екі түн «Көрұғлы» қиссасын айтқан», – дейді 1946 жылғы маусым айындағы жазбасында. Құймақұлақ бала жыраудың бүкіл болмысын зердесіне тоқып алады. Асықпай оның әр қимылын бағады. Алған әсерін асқан ыждағаттылықпен қағазға түсіреді. Көңіліне қонақтаған әдемі суретті қалпын бұзбай қапысыз бейнелейді: «Жыраудың домбырасы алмалы-салмалы екен. Сағағынан бөлінеді: шанағы бір бөлек, перне байлаған сабы бір бөлек – сөйтіп қоңыр кенеп дорбаға салып жүреді. Ат үстіндегі кісінің алып жүруіне өте ыңғайлы».
Кейін бірге қызмет істеп, араласып-құраласып тұрған әйгілі ақын Әбділда Тәжібаевты алғаш іздеп барған сәті де қызықты суреттелген. Жастайынан өлеңдерін жата-жастана оқыған жерлес ағасын көрмекке құмартады. Жалпы, бұл күнделікте автордың қазақтың белгілі азаматтарын бірінші кездестіргендегі әсерін бейнелегенінен оның соншалықты байқампаз болғанын аңғарамыз. Көргенін ұмытпайды, ешнәрсені назардан тыс қалдырмайды. Және оны естен кетпестей етіп сипаттайды. Жас Мырзабектің Әбділда ағасымен алғаш тілдескен сәті көңіл күнделігінде былайша бедерленіпті: «10.12.1946. Ағай мені Әбділда Тәжібаевтың үйіне жұмсады. Газетке оралған қос қазыны құшақтап, Сталин мен Артиллерия көшелерінің түйіскен бұрышындағы қисықтау салынған екі қабат үйге келдім. ...Төргі бөлмеден әлдекімдердің сөйлескен күңгір-күңгір дауысы естіледі. Сөйткенше болмады, іштен Әбділда ағайдың өзі шықты. Алдыңғы жылы көргенімдей. Өзгермепті».
Сол жүздесу кейін аға мен іні арасындағы риясыз сыйластыққа ұласқан. Ә.Тәжібаев естеліктерінде Мырзабек Дүйсеновтің есімі, ал Мырзекеңнің күнделіктерінде Әбекеңнің аты әрдайым ілтипатпен аталады. Жазбаларда жұртқа деген ренішін ара-тұра байқатып қалып отыратын арқалы ақын Мырзабек інісін сын садағына іліктіре қоймайды. Қайта інісінің ең ізгі қасиеттерін үнемі дәріптеумен болады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазақ-совет әдебиеті бөлімінде қызмет атқарған Әбділда ақын: «Аса талантты жігерлі жас ғалымдар Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, тағы басқа бірсыпыра жас жігіттер осында істейді», – деп жазды.
Жас әдебиетші М.Дүйсеновтің майданнан жаңа ғана оралған жас жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романын көрген сәті де қызықты оқылады. Оған бұл кітапты Сыр елінде ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып, Алматыға ауысқан жерлес ағасы береді.
«Маңдай Тілеулиев етжеңді келген, ірі ақсары кісі екен. Бір кезде ішкі бөлмеден қалың көк кітапты алып шықты. Маған қарап:
– Оқыған шығарсың? – деді.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің былтыр шыққан «Курляндия» романы екен. Қолын алып салмақтап отырды да, мұқабаны ашты. Суретші салған жазушының өз суреті бар. Нұрпейісовтің атын естігенім болмаса көрген кісім емес. Маңдай ағаға жазушы автограф жазып беріпті. Соған қарағанда өздерінің таныстықтары болған-ау деп ойладым».
Күнделік авторы өзінен нәбәрі төрт-ақ жас үлкен жас жазушының шығармашылығын қадірлейтінін көрсетеді. Оның өмірдегі іс-әрекетіне байланысты айтылған әңгімелерді қызыға тыңдайды. Майдангер-қаламгердің жұрт назарын аударған шығармашылық болмысына маңыз береді. Сондықтан жазушы еңбегі туралы дамылсыз баяндаған жерлес ағасының айтқандарына құлақ қояды.
«Маңдай аға әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Соғыс біткен соң мына Әбдіжәміл де еліне қайтып келіпті. Мұны да ағайын-туыстары вокзалдан күтіп алысыпты. Зілдей-зілдей бірнеше чемодандары бар екен. Дүниеге қарық боламыз ғой деп ауылға келген соң жұрт әлгі чемодандарды ашса, іші толған қағаз екен дейді. Сөйтсе, мына «Курляндия» романының қолжазбасы екен ғой.
Бұл жолы мен күлген жоқпын, таң қалдым. Жазушы фанатик болуы керек шығар деп ойлаймын».
Бір кезде ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі жас Мырзабектің қабілетіне тәнті болып, білімін «беске» бағалапты. Әдебиет пәні бойынша өткізген сабақтарында ұлағатты ұстаз ұғымтал шәкіртіне тек қана сүйсінумен болыпты. Бұл фактіні де жазушының күнделігінен кездестірдік. Тек автор мұны өзі жазбайды, жастар басылымында жарық көрген мақаладан алынған мысал ретінде келтіреді. Р.Наршаев деген автордың «Отличник» деген осы мақаласы 1948 жылғы 7 маусымда «Лениншіл жас» газетіне шыққанда Мырзекеңнің әкесі арнайы мал сойып, атап өтіпті. Бұл туралы 1948 жылғы 9 шілдедегі жазбасында айтылады. Ал мақалада жас жігіттің алғырлығы былайша баяндалған:
«Манас» жыры жөнінде бұл студенттің көп ізденіп, тыңғылықты оқығанына көзі жеткен профессор:
– Дүйсенов жолдас, сынақ кітапшаңызды әкеліңіз, – деді. Күлімсіреп қасында отырған емтихан комиссиясының мүшелеріне қарады.
Профессор Мұхтар Әуезов Дүйсеновтің сынақ кітапшасына «отлично» деген баға қойды. Кітапшаны Дүйсеновке ұсынып жатып:
– Университетті дәл осындай бағамен бітіріп шығуыңа және келешекте ғалым болуыңа тілектеспін, – деді». Оқу орнында дәріс берген ұстаздары туралы «Лекция оқиды бұл Каз ГУ-де, Әуезовтің өзінен «бес» алғандар» деп ақын Өтеген Оралбайұлы жырлағандай, Мырзабек Дүйсенов ұлы Мұхаңның болашағынан зор үміт күткен шәкірттерінің бірі болды. Ол үмітті ақтап, елге танымал зерделі зерттеушіге, білікті ғалымға айналғаны баршаға белгілі. Осындай ғұлама ғалымның өзі сенім білдірген талантты жасқа ұстаздарының бәрі бірдей жылы шырай таныта бермеген секілді. Қырқыншы жылдардың аяғындағы студент жазбаларында белгілі ғалымдар Ыбырайым Маманов, Белгібай Шалабаев бейнелері де көрініс тапқан. Мінезі жібектей мәдениетті студент кейбір ұстаздарына деген өкпе-назын сыпайылықпен жеткізеді. «...06.1949. Кеше әдебиеттен мемлекеттік емтихан тапсырдық. Үш сұрағымның үшеуін де жақсы білемін, көп ойланбастан комиссия мүшелерінің алдына келдім. Председатель Ыбырайым Маманов ағай. Неге екенін білмеймін, Бекең ағай маған онша құлықты болған жоқ...».
Күнделіктің мына бір тұсы Мырзабектің жас күнінде өкпе ауруына шалдыққан сәтіне арналған. Сол кез үшін аса қауіпті саналатын сырқаттың шеңгеліне түсіп дағдарған жігіттің өмір, тіршілік туралы тұжырымдары таңғалдырады. Өзі емделіп жүрсе де Алматының іргесінде көне қаланың орны болғаны туралы естіп, соны зерттесем деп жоспар құрады. Бір жағынан жастайынан жабысқан дертке де қатты алаңдайды: «21.07.1950. Менің «Каменское платоға» келгеніме бүгін үш күн...Биыл мен жиырма екіге толамын. Ең болмаса, қырық жас өмір сүрсем деп армандадым. Оған дейін аспирантураны бітіріп, диссертация қорғап, азын-аулақ еңбек етсем деймін. Яғни, қызық көрсем. Алдыңғы күні басым айналғанда қорқып қалдым».
Автордың санаторийде қазақтың барша шығармашылық жастарының ұстазы әрі тілекшісі болған, барлық естеліктерде тек қана жақсы жағынан аталатын Мұқан Иманжановқа жолығатын тұсы оқырманды тебірентеді. Әдетте қарапайым ғана тәсілмен жазылатын күнделікте жас ғалымның Мұқан ағасымен тілдесуі ерекше жылылықпен бейнеленеді:
«Сол төбеге келгенімде қолында бұтақтан кесіп жасалған таяғы бар, үстінде қоңыр костюм, басында кепка – жазушы Мұқан Иманжановты көрдім. Арық, ұзын. Қасында мен танымайтын тағы бір кісі бар. Олар төменнен келе жатты. Мұқанға сәлем беріп едім, ол қолымды алып;
– Сен қайдан жүрсің? – деп таңдана сұрады.
– Бүгін үшінші күн келгеніме, – дедім.
– Бұл сендердің келетін жерлерің емес еді, бекер-ақ болған екен, – деп қынжылғандай болды. Онысын мен түсіндім.
Кісі ауруды сұрап, тілеп алмайды ғой, жағдай солай болса, амал қанша».
Одан әрі Мырзабек Мұқан ағасына осы маңдағы «Алмалық» немесе «Алмалы» деп аталатын көне қаланың орнын зерттемек ойы бар екенін айтады. Қашанда жастардың бастамасын қолдауға дайын тұратын Мұқан Иманжанов жас жігітті ықыласпен тыңдайды, содан соң екеулеп сол жерде ұшырасқан кісілерден мәлімет сұрастырады.
Мырзабек Дүйсенов бірде Ғылым академиясы кітапханасының жанынан Гүлжан деген келіншекті жолықтырады. Ол сол тұста жас болса да елге ерте танылған аса дарынды физик Жәбнен Тәкебаевтың зайыбы екен. «Лениншіл жас» газетінде «Қазақстанның жас ғалымдары» айдарымен очерктер жарияланып жатқанын, ол газетте тілеулес досы Бүркіт Ысқақовтың қызмет істейтінін ойға алған Мырзабек Жәбнен туралы жазуды ұйғарады. Академик И.Е.Таммның жетекшілігімен жиырма тоғыз жасында кандидаттық диссертация қорғаған Жәбнен сөзге сараң екен. Оның үстіне ашқан жаңалықтары мемлекеттік құпия саналатындықтан оның не туралы екендігін жариялауға, тіпті ғылыми жетекшісі Е.И.Таммның атын айтуға болмайтын көрінеді. Әңгімелесіп болған соң «Көріп тұрсыз, мен туралы жазу қиын. Ең дұрысы – ештеңе жазбау» деп, кетіп қалады. Мырзабек соған қарамастан мақаласын жазуға бекінеді.
«27.08.1950. Жәбнен Тәкебаев туралы мақалам «Лениншіл жас» газетінде 25-і күні басылды. Бүгін редакцияға келіп едім, дәлізде Бүркітті кездестірдім.
– Сенің мақалаң үшін сөз естіп қалдық, – деді ол күліп.
– Кімнен, не үшін?
– Тамм деген физиктің атын атаған екенсің, біз оны байқамай жіберіп қойыппыз...
– Немене, ондай ғалым жоқ па екен?
– Мәселе онда емес. Әзірге олардың атын кең жариялауға болмайды екен ғой. Оқасы жоқ, – деп ол менің қолымды қысты.
Бүркіт жай қалжыңдады-ау деп ойладым».
Автордың мақаласының кейіпкері қазақтың талантты ғалымы, отыз тоғыз жасында Қазақстан Ғылым академиясының академигі атанған әйгілі физик Жабағы Тәкебаев еді. Жас күнінде балалар үйінде өскендіктен Жабағы деген есімін қиынсынғандар оны Жәбнен деп атапты. Оның ұлы Нұрғали Жабағыұлы Тәкебаев та кейін физика-математика саласы бойынша Қазақстан ҰҒА академигі болып сайланды. Ал Ж.Тәкебаевтың жетекшісі Игорь Евгеньевич Тамм көрнекті кеңес физик-теоретигі, Нобель сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері болғаны баршаға белгілі. Кейбір деректерде сол заманда оның есімін атауға болмайтындығы физиктің қорғаныс саласының қаруларын әзірлеу жөніндегі құпия мақсаттарға жегілгендігінен деп түсіндіріледі.
М.Дүйсеновтің күнделігінде өзімен қанаттас келе жатқан әріптестері туралы ой-тұжырымдары да көрініс тапқан. Әсіресе, бір аймақтан түлеп ұшқан жерлесі, қазақтың талантты ғалым қызы Оразгүл Нұрмағамбетова туралы жылы лебіздерін көбірек білдіреді. Шынында да, Берік Жүсіпов айтқандай, «фольклортануға араласқан қаршадай шағынан бастап, осы саланың ұшы-қиырсыз мұхитындағы алақандай ғана арал – Қобыланды жайлы эпикалық жырымыздан байыз тауып, артық өнер, артық өлең сұрамастан, ата-бабасының өлмес рухын әспеттеп, соны ғана зерттеп өткен» Оразгүл қазақ әдебиеттануының дамуына өлшеусіз үлес қосқан нағыз ғалым болды. Күнделік иесі жас ғалымның әйгілі жырды зерттеуге кіріскен сәттері жөнінде былай деп жазады:
«...06.1953. Оншақты күн бұрын үкімет үйінің залында қазақ эпосы туралы бірнеше күнге созылған айтыс өтті. Сол айтыс кезінде Оразгүл «Қобыланды батыр» туралы сөз сөйледі. Сол күні Оразгүл апамыз жұртты қатты таңдандырғандай болған. Отызға жаңа келген, толған айдай толықсып тұрған шағы. Үстіндегі электрик деп аталатын көк шерсть көйлегі ақшыл жүзін ашып тұр».
Мырзабек Дүйсенов жастығына қарамастан шығармашылық тұлғалармен кездескенде өзін толғандырып жүрген сауалдарды батыл қойып, тиісті жауабын ала білген. Жас ғалымның руханият дүниесіне қатысы бар қай тақырыптан да хабардар болғанын анық байқаймыз. Бірде ол қала сыртында серуендеп жүргенде атақты композитор Латиф Хамидиді жолықтырады. Композитор жолдастарымен бірге демалуға келіпті. Үлкен кісі өзі әңгімеге тартқан соң жас жігіт те ашыла түседі, оны сырттай жақсы танитынын айтады. Тіпті, белгілі музыка мамандары Евгений Брусиловский, Борис Ерзакович, Латиф Хамиди үшеуінің де тұтықпа болғандығына байланысты бір жиында ойларын нақты жеткізе алмағаны, соған орай Ахмет Жұбановтың оларға әзілдеп, «Әркім өз ойларын қағазға түсіріп әкелсін» дегені туралы ел ішіне кең тараған әңгімені есіне алып отырады.
«26.07.1954.
– Латиф аға, «Қазақ вальсін» қай жылдарда шығардыңыз? – деп едім, ол кісі тұтыға сөйледі.
– Оның атын м-ме-ен қойғаным жоқ, – деді.
Түсінбей қалдым да:
– Қалайша? – деп қайта сұрадым.
– Соғыстың алдында Қазақстанның жиырма жылдық мерекесінің қарсаңында Сәбит Мұқанов «Екі той» деген шығарма жазды. Сол спектакльге мен музыка жаздым. Сонда бір қыз, бір жігіт қосылып дуэт айтады. Қыздың аты Сайран болатын. Содан «Сайран әні» деп аталды. Кейін Күләш Байсейітова осы әнді радиодан жалғыз орындады. Бұл 1940 жыл еді. Сонда бұл әнді «Қазақ вальсі» деп атады. Мен қарсы болғаным жоқ. Себебі бұл ат менің өзіме де ұнады.
Мен таң қалдым». Автордың жазбаларында мұндай тағылымды және танымдық деректер жетіп артылады.
Күнделікте ер-азаматтарды зобалаңға ұшыратқан жаралы жылдардың шындығы айтылған. Кейін танымал әдебиет сыншысы, академик атанған Мұхамеджан Қаратаев ұзақ жыл бейнет көріп, айдаудан оралған жылдарда жас әдебиетшілер үнемі оған барып, әңгімелерін тыңдап қайтады екен. Әрі жерлестігі, әрі жақындығы бар Мырзабек те оны төңіректейтін жастардың бірі болған. Ол сол сәттегі алған әсерін былайша өрнектейді: «19.11.1954. Марқұма жеңгей соңғы он бес жыл бойғы көргендерін үзіп-үзіп әңгіме қылып айтып отырды. Жазуға болса көркем шығармаға ойнап кеткелі тұрған детальдар. Мұхамеджан ағайды іздеп Красноярск қаласына барған жайының өзі кісінің көзіне жас келтіргендей. Мұхамеджан ағай аударма жасап отырған, бір құлағы жеңгейдің әңгімесінде екен, ара-арасында өзі де қосылып кетеді».
Қазақтың белгілі қаламгерлерінің аяқ астынан айтылған қалжың сөздері, әдемі әзілдері, қисынды уәждері де күнделіктерде көрініс тапқан. Әсіресе, арқалы ақындардың әп-сәтте шығарған өлең өрімдерін Мырзекең қойын дәптеріне түртіп қойып жүрген. Оның күнделіктің өн бойынан анық байқаймыз. Кез келген қазақтың қара өлеңге таласы болатыны белгілі. Бәсекеге түскен кезде қазақ зиялыларының қай-қайсысы да сөзден тосылып қалмаған көрінеді. Жас ғалым сондай қалжыңмен қақтығысулардың талайына куә болған. Бірде бір топ жазушы редакцияның қаламақы беретін кассасының алдында кезекте тұрыпты. Солардың қатарына арқырап жеткен әйгілі ақын Сырбай Мәуленов сыншы, әдебиеттанушы Баламер Сахариевке былай дейді:
Айналайын, Баламер!
Ақша берсе ала бер.
Соңыңнан мен де жетермін,
Ресторанға бара бер!
Талай тәлімді педагогикалық еңбектерді, әңгімелер мен пьесаларды қазақшаға аударған, мектеп оқушыларына арнап әдебиеттану оқулығын жазған Баламер Сахариев те қарап қалмапты. Кассаға бұрынырақ жетіп, өзіне бұл жолы қаламақы қойылмағанын көрген ол ақын ағасына лезде өлеңмен жауап беріпті:
Айналайын Сырбай аға,
Ақшаға болып тұрмын жұрдай аға,
Тобылғы сыраға бір тойғызсаң,
Алдыңда жүгірейін құрдай аға.
Бұдан соң Сырбай аға сыншы інісін «Жүр, бала!» деп өзімен бірге ерте кетіпті. Бұл сөз қағысудың мысалын Мырзабек Дүйсенов күнделігіне 1955 жылы шілде айында түсіріпті. Ардақты ағалардың жарасымды сыйластығын көрсететін мұндай детальдар жазбаларда баршылық. Бағзы бір авторлар сияқты жазып отырған дүниесіне пендешілікпен айтылатын ойларды тықпалау, әлдекімдерге тіс батырып, кіжіну Мырзекеңнің әдетінде жоқ. Қайта кейіпкерлерін аялауды, жақсылығын асыра, жетпес тұсын жасыра суреттеуді мақсат еткен сияқты. Сөйте тұра, ауық-ауық ащы шындықтың қамшысымен осып-осып жіберетін тұстары да жоқ емес.
Ал мына жазба әдебиет тарихының ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге алғаш талпыныс жасалған кезеңнен сыр шертеді. Елуінші жылдардың аяғында Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ұзақ жыл бойы жарыққа шықпай келген Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров мұраларын қайта зерделеп, нақты тұжырым жасау жөнінде тапсырма алады. Сонда Ілияс Жансүгіров шығармаларын талдап, қорытынды беру институт қызметкері Мырзабек Дүйсеновтің үлесіне тиіпті. Зобалаң жылдарда репрессияға ұшыраған арыстардың есімі сол уақытқа дейін танылмай келгеніне жас ғалымның таңданған сәті күнделікте шынайы суреттеледі. Жазбалардан сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалдың сипаты сезіледі: «...03.1956. Институт басшылары «Күй» деп аталатын ескі бір кітапқа ресми пікір жазып беруімді сұрады. Сыртқы мұқабасы қоңыр, қағаздары әбден сарғайған, латын әрпімен басылған әлгі кітаптың жоғарғы жағында «Ілияс» деген жазу тұр».
Жас ғалым көркем шығарманың табиғатын бірден ұғады. Қапасқа қамалған қазынаның құндылығына көз жеткізіп, оны бағалайтын мерзімнің жақындағанын байқайды. Сол сәттегі әсерін өз күнделігінде бүкпесіз бейнелейді. Ой-тұжырымдарын тура көркем шығарма жазып отырған сияқты айшықтап бедерлейді. «Күй» поэмасын бір деммен оқып шықтым. Оқып шыққаннан кейінгі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Поэманың көкесі екен-ау деп түйдім. Төгіліп тұрған тіл қандай! Ертеңіне отырып ресми түрде пікір жазып бердім. Көп ұзамай Ілияс Жансүгіров ақынның шығармалары туған халқымен қайта қауышатынын ішім сезді. Басқа кісілерге Сәкеннің, Бейімбеттің кітаптарын беріпті. Барлығы да мен кешкен күйде жүрген сияқты», – дейді ол.
Біз саналы ғұмырында тұрақты түрде күнделік жүргізген Мырзабек Дүйсеновтің әдебиеттануға енді ғана бет бұрған жас шағындағы жазбаларын негізге алдық. Қаламгер сол кездің өзінде баршаға белгілі шығармашылық өкілдері өмірбаянының қалтарыс тұстарына үңілді. Сондықтан танымдық деректер оқырманға молынан ұсынылған. Оның күнделіктерінде ерекше ілтипатпен аталған жас азаматтар кейін еліміздің танымал тұлғаларына айналды.
Мырзабек Дүйсеновтің жазылу стилі ерекше, көркем шығармаға бергісіз күнделік жазбалары қазақтың ұлттық руханиятына қосылған асыл қазына болып қала бермек.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.