Тылдағы еңбегі еленді

Екінші дүниежүзілік соғыс бастал­ғанда әкем Серікбай Шамшатов 5 жаста болған. Сол кездерде анасы Айқынға еріп масақ терумен айналысыпты. 

Жаста­йынан еңбекке араласқандықтан өмір оны ерте есейтеді. Бала болса да арнасы бұзылған Сталин каналын бөгеуге ат­салысқан. Бүгінгідей уақытылы мек­тепке барып, ауқаттану жоқ. Тамақ бірде болса, бірде болмаған. Сабаққа да арасында барып, қалған уақытында егін салып, мал бағып, тылда тізе бүкпей тер төгеді. Осылайша, аурушаң әкесі мен анасын асырайды. 

Соғыстан кейін де  елдің жағдайы тү­зеле қоймады. Ол кезде де еңбектен алыс­тамай, елдің дамуына барынша  өз үлесін қосты. Оған бірден-бір дәлел 1964 жылы қазіргі Т.Көмекбаев ауылы (бұрынғы Жаңақала) Ленин совхозынан бөлініп шығады. Сонда алғашқылардың бірі болып ауылдың қазығын қағады. Іргесі енді қаланған ауылда темір ұс­талығымен айналысып, ауыл шаруа­шы­лығына керек құралдарды жасап беріп отырған. 

Әкем әлі күнге дейін сұрапыл соғыстың  әкелген қиын­дығын, бірде тоқ, бірде аш жүретін кезін күрсініспен  еске алады.  Бүгінде сол бейнеттің зейнетін көріп отыр. Әкеміздің ел басына күн туғанда еңбек етіп, елдің алғысын арқалауы – біз үшін үлкен мақтаныш. Тыл ардагері бол­ғандықтан жыл сайын құрмет көрсе­тіледі. Биыл да Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында мерекелік медаль тағып, қаржылай қолдауға ие болуда. Елдегі жағдайға қарамастан, ардагер­лерін ардақтап, ерекше ықыласқа 

бөлеп жатқан Мемлекет басшысына ризашы­лығымызды білдіреміз.

Мусабек ШАМШАТОВ.

Т.Көмекбаев ауылы.

 Қармақшы ауданы.



ТАҒЫЛЫМ 09 мамыр 2020 г. 478 0