Мен батырдың ұрпағымын

Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа енген Ұлы Отан соғысы қазақ отбасыларын да айналып өтпегені мәлім. Соғыс жылдарында Кеңес әскеріне шақырту алған 1 миллион 200 мың  қазақстандықтардың  қатарында менің атам мен әжемнің әкелері Мұстафаев Мырзасапар мен Ералиев Асқар да бар еді. Жеңістің 75 жылдық мерекесінде кеудесін оққа тосқан батыр бабаларымның өшпес ерлігі жөнінде қалам тербеуді жөн көрдім.  
Мұстафаев Мырзасапар Қызылорда облысына қарасты 7 - ауылда (қазіргі Шіркейлі ауылдық округі) 1914 жылы дүниеге келген.  Жерін жаудан азат ету үшін ата – анасын,   сүйген жарын Аллаға  аманат етіп 27 жасында соғысқа аттанады. Жауған оқтан жан сауғаламай ерлік  көрсетіп, аяғына оқ тиіп жараланады.  Атамның айтуы бойынша, әкесі  Мырзасапар дүниеден өткенде небары 3 жаста болған. Сол себептен дерек көздері өте аз. Барлығы дәлел мен дәйекке сүйенген заманда бабамнан қалған осы мәлімет мен үшін асылдың сынығындай құнды.
Ералиев Асқар  1918 жылыдың 18 ақпанында  Қызылорда облысы Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Жоғарғы білімді Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеде «Мұғалім» мамандығы бойынша тәмамдап, әскери борышын 1939 – 1941 жылдары  өтеген. Соғыс басталған уақытта №1128 атқыштар полкіне атқыштар взводының  командирі  ретінде  аттанған.   - 30 – 35 градус аязда қару – жарақтар мен техниканың жеткіліксіз болып, адам жаны төзбес қиындықты бастан кешіргені туралы  оқиғаны  жазушы Александр Илюшечкин "Варшавское шоссе – любой ценой"  кітабында  толық суреттеген.  
Жеңісті жақындатуға атсалысқан  батыр аталарым «Қызыл жұлдыз», «Отан» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жеңістің 20 жылдығы», «Жеңістің 25 жылдығы», «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы», «Германияны жеңгені үшін және т.б медальдарымен наградталып, Республикалық, облыстық құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ер есімі - ел есінде. Тәуелсіз елде, кең байтақ жерде, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруіміз, батыр бабаларымыздың ерен еңбегімен келген деп білемін.

Аяулым АЙБЕКҚЫЗЫ
ТАҒЫЛЫМ 08 мамыр 2020 г. 598 0