Жүз жасаған жүректен

 Сыр өңірінде Жеңістің 75 жылдығын 16 ардагер қарсы алады. Біз бүгін оқырман назарына соғыс және еңбек ардагері Бөрібай Құлмановтың әңгімесін ұсынамыз.


Тары қорыған баламын


Ол кезде малы бар адам Арқа мен Сырдың арасын жайлап жүре береді. Әкем Құл­ман мал баққан шаруа адам. Жазда Қостанай та­банындағы қырда қойын өргізіп, күз түсе Сырға құлаған. 1920 жылы жүгін түйеге теңдеп, қо­йын айдап келе жатып біздің үй қиын жағдайға тап болады. Қа­рашаның алғашқы жетісінде қар жауып, борасын соғады. Кү­зем жүні жаңа алынған қойлар ық­тасын таппай суыққа ұрынып, өле бастайды. Дәл сол кезде тү­йенің қомында келе жатқан анам Зылиқа толғатады. Үйдің менен үлкен баласы Өтек сол кезде он екі жаста. Қойды иіріп біріне бірін жылытып, от жағып жүрген әкем шешем толғатқасын малды тастай салып, шешемнің жайына кіріседі. Сөйтіп, мен 7-қараша күні «Бөрібай» деген құ­дықтың басында түйенің қо­мында дүниеге келгенмін. Бұл қойшылардың жолындағы ескі құдық екен. Мүмкін ол бір жақсы адамның аты шығар, әйтеуір суы сарқылмайтын құдық дейді. Сол белгісіз жақсы адамның құр­метіне менің атым Бөрібай бол­ған.

Әкем сол жолы Сырға малы­нан ада боп, астындағы мініс кө­ліктерімен ғана жеткен. Содан кейін қырға шықпаған.

Біздің бұл жақтағы тұратын жеріміз «Зіңкетер» деп аталады. Сондай колхоз болған. Орны қазіргі аэропорт аумағында. Ең­селі төбе болатын, «е-еу» деп дыбыс шығарсаң темірді ұрған­дай «зіңк» еткен дыбыс есті­леді. Ол менің мазамды алмаң­дар дейтін аруақтар ма, кім біл­сін. Сол төбе маңынан ашы­лып қалған адам сүйектерін кө­ретінбіз. Қылыштың, қалқанның сынықтарын тауып алатынбыз.

Менің бала күнім тары қо­румен өтті, ағам оқуда болды. Ол кісі Қызылордадағы агроин­дустриялық техникумда оқыған. Бұл Мәскеу оқу орнының фи­лиалы болса керек, өйткені ағам техникумның 4-курсын Мәскеуде оқып, сосын жолдамамен Өз­бекстанға барып, кендір зауыт­ында жұмыс істеген.

Әкем қауын-қарбыз егіп, қа­лаға апарып сатады, тарыны көбірек егеді. Таңғы сағат төртте тұрып шешемнің қолынан бір көсек нан мен бір кесе көже ішіп алам да, тары қоруға кетем. Сол кезде бармасаң торғай тарыңды ту-талақай қылады. Сонда үйден шығып бара жатып шешемнің алакөлеңкеде артымнан қарап тұрғанын сезем. Пайдаға жара­ғанымды ойлап, бойымда бір күш пайда болады. Сонда жеті жастамын, сөйтсем, байғұс ше­шем мені аяп тұрады екен ғой.

Басқа үйлерде екі-үш бала бар, тарыны кезектесіп қориды. Менің ызам келеді. Жалғыз өзім торғай жатқанша тоз-тозым шы­ғып, далақтап жүрем. Інім Қыс­таубайдың аяғын апыл-тапыл басатын кезі.

Зіңкетерде бастауыш мектеп болды. Мен сол мектептің үшінші класын бітіргенде біздің үй қалаға көшті, оқуды «1 Май» мектебінде жалғастырдым. Тор­ғай­дан құтыл­дым деп қуандым, бірақ алдымда тары қорығаныма зар қылатын ауыр тағдыр күтіп тұрғанын біл­генім жоқ.


Алманың ащы дәмі


Отыз екінші жылы аштық келді. Жерге шөп шықпай қалды. Жұрт малының бәрін колхозға берген. Ешкімнің сойып жейтіні жоқ. Сол кезде әке-шешем Қыс­таубай екеумізді ағайындарға та­быстап, өздері Өзбекстанда жұ­мыс істеп жатқан Өтек ағама кетті. Тамақ әкелмек пе, әлде әуелі ол жақтың жағдайын көріп, бізді қайтып келіп алып кетпек болды ма, оны білмедік.  Бірақ, екеуі сол жақтан қайтпады, бара сала бірінен соң бірі қайтыс болады.

Ағайындар бізді балалар үйіне өткізді. Бұл жердің жағ­дайы да қиын екен. Тамаққа жа­рымадық. Інім аштықтан әл­сіреп, тұмауды көтере алмай үзілді. Аңырап мен қалдым, көзжасымды сүртетін ешкім жоқ. Жейтініміз бір кесек нан, сол нанның үстіне қасықпен ботқа салып береді. Ботқа көбірек болсын деп соның көлеміндей тұз араластырып жейміз.

Бір күні балалар айтты. Өз­бектің алма бағына түсейік деді. Ол кезде қала темір жол вокзалы мен ескі базардың арасы ғана. Өзбектің бағы шамамен қазіргі жаңа базар тұрған жер. Оны да білмейтінбіз. Бір-екі бала ба­рыпты. Өзбек бақтың ішіне қа­баған итін бос жібереді екен. Сол екі баланың біреуін ит талап тастапты. Оны ауруханаға әке­тіпті. Біз иттен қорыққан жоқпыз, өйткені ашпыз. Аш адам ештеңеден қорықпайды. Бардық бес-алтаумыз, кішкентайы мен. Басқалар бақты дендеп кетті, мен шеткі бір ағашқа шығып алып көк алманы етегіме сала бастадым. Бір кезде ит абалап берді, балалар зытып келе жатыр. Мен талдан секіріп кеттім, жолда бір терең арық болатын.  Сол арықтан өте алмай қалдым, ит жетіп қалған сияқты, қанша тырбаңдасам да арықтың жиегіне шыға алмай­мын. Адам қорыққанда аяқ-қолы­нан әл кетіп қалады екен.

Әйтеуір құтылдық, жатақ­ха­наға келіп, көк алманы күр­тілдеттік. Әрі тәтті, әрі ащы. Ер­теңіне біраз бала іші бүрісіп ауырып, жүре алмай жатты.

Сол алманың дәмін әлі күнге дейін сеземін, таңдайымда тұ­рып қалды.


Сталиннің алдынан өттім


Жасымыз он төртке толға­сын балалар үйі шығарып жі­берді. Қайда барсаң, онда бар, жұмыс тауып аласың ба, оқу тауып ала­сың ба, маңдайдың жазуы біледі.

Қызылордада ауыл шаруа­шылығы техникумы деген бар екен. Соған барып едім, қа­был­дады. Балалар үйінде оқу бол­ған жоқ, менің деңгейім үш-ақ кластық болатын. Оқу қиын соқ­ты, бір жақсысы тамағы мен жа­тақханасы бар. Жазда жұмыс істеп ақша таптым. Үшінші курс­та өндірістік тәжірибеден өту үшін Шымкенттің Келес де­ген жеріне жіберді. Әрі қарай Өзбекстанға барып, Өтек ағамды тауып алдым. Құшағымыз айқа­сып, көшеде жылап тұрдық. Мұң­лық пен Зарлықпыз. Ағам Шиназ деген жердегі әке-шешемнің бейі­тіне алып барып, құран оқыды.

Ауылға келіп, техникумді бітірген соң, Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жіберді. Ол кезде аудан орталығы осы қаланың ішінде. Бір-екі ай жұмыс істедім. Бір күні әске­ри комиссариат шақырып, «Әс­керге жасы толған, орта білімі барларды әскери училищеге жі­беріп жатырмыз, барасың ба?» деді. Ол жақта не күтіп тұрғанын ойлау жоқ, Мәскеуді көргім кел­ді. Бардым. Сөйтіп, 1940 жыл­дың тамыз айында РСФСР Жо­ғарғы Советі атындағы Мәскеу жаяу әскер училищесіне түстім. Әскери тәртіпке де тез үйрендім. Таң атпай тұрып, тары қорып өскен баламын, қимылым да ши­рақ, спортқа икемдімін. Сабақ­ты да тез меңгердім. Маған қиын соққаны шаңғы болды. Бү­кіл­әскерлік шаңғы жарысына қаты­суға тиіс екенбіз. Мен шаңғы де­геннің атын де естімегенмін. Әдепкіде өзі сырғанай беретін шығар дегенмін, сөйтсем, аяғың мен таяғыңды бірдей сермемесең жүрмейді екен.

1941 жылдың 1 мамырында Қы­зыл алаңда шеру өтетін болды. Оған дайындығы мықты әскери оқу орындары ғана қатыса алады. Біздің училище бірнеше сыннан өтіп, шеруге қатысуға дайын бо­лып шықты.

Сап түзеп Қызыл алаңға бет­тедік. Мәскеу әскери ок­ругі­нің командашысы, гене­рал Тю­ле­нов КСРО Қорғаныс Халық комиссары Тимошен­коға әскери рапорт берді. Бір кезде шеру маршы ойна­ды. «Саламатсыздар ма, жауын­герлер?!» «Саулығы­ңызды тілейміз, Қорғаныс Халық ко­миссары!» – құлақ тұнған да­уыстар, денеміз темірдей қатып қалған. Мойнымызды Ленин мав­золейіне қарай бұрып, сіресіп келеміз. Менің көзім Сталинге түсті. Қабағы қатулы, бірақ ерек­ше бір сенімділік пен өрлік бай­қалады.

Сол кезде Кеңес Одағының басшылары соғыс болатынын біл­ген болу керек, бірақ ха­лыққа айт­паған. Жаз айын­да Сенаж кө­лі маңында әскери жат­тығулар өт­кізіп жатқаны­мызда соғыс бас­талды.


Штеттиннен Шығыс Түркістанға


Соғыс бастаған соң учили­щенің үшжылдық оқуы үш айға қысқарды да, мен лейтенант ше­нін алып шықтым. Орал әскер округіне жіберді. Челябинскіге жа­қын маңдағы Шубарколь деген жерге келдік. Қазақтар көп екен. Қайдан келдіңдер десем, осы біз­дің туған жеріміз ғой дейді. Әдепкіде таңғалдым, сөйтсем, бұл баяғы біздің жерлеріміз екен. Осында Орал жұмысшыларынан құралған 1256-шы полкті жасақ­тадық. Көп ұзамай Калинин май­данына аттанып, Ржев түбін­де соғысқа кірдік. Мен миномет­шілер ротасының командирі бол­дым. Бұл қалаға немістер мықтап бекінген. Олар Ржевтен айрылсақ, Мәскеуге барар жол жабылады деп санаған. Одан ай­рылғысы келмеді. Сөйтіп, Ржев үшін болған соғыс он жеті айға созылды. Біз алдымен Сосновка селосын босату үшін екі күн алыстық. Мұнан әрі Петровка дейтін деревняны босату керек болды. Мұның бәрі Ржевті алуға жол ашу еді. Миномет мылтық емес, ататыныңды көздеп тұрып басып қалғанға не жетсін. Мино­мет ату үшін математикалық есеп­теу мен геометриялық өл­шем­ді білу қажет. Оғың сонда ға­на көрінбейтін нысанаға дәл тиеді. Минометшілер жаяу әс­кердің алдын тазалап отыра­ды, бір минометті үш адам көте­ріп жүгіреді. Жау оғы баяғы жау­торғай сияқты жан-жағымнан зу­ыл­дап ұшады. Снаряд ысқырып келе жатқаннан қолымызбен ба­сы­мызды қорғалап жата қала­мыз. Бірақ қол оққа қалқан бола ма? Жаңа ғана қасымда келе жатқан адамның бір қарағанда бассыз, қол-аяқсыз денесін көремін. Жап-жас жігіттер еді, солар...

Бұл адам өзін-өзі әлі зерттеп бітпеген сияқты ма деймін. Небір таңғалатын жағдайлар бастан өтеді. Сол Петровка үшін болған соғыста жүгіріп келе жатыр едім, снаряд жарылды. Мына біреудің дәл жанымнан жарылғанын қара­шы деп кідіріп қалдым. Саумын, еш жерім ауыр­майды. Маған тимеген екен дедім. Соны ойлап бола бере көзім қа­рауытып құлап бара жаттым...

Алты ай госпитальда емдел­дім. Алдымен дала госпиталінде, сосын Уфада операция жасады. Сол снаряд мені төрт қабырғам мен өкпемнің жартысынан айы­рып тынды.

Емделіп шығып, екінші рет майданға аттандым. Пойызбен келе жатырмыз. Солдаттар әңгі­ме айтысып даурығады. «Со­веттер немістерді шекарадан қуып шы­ғыпты, қазір Польшада дейді. Біз барғанша соғыс аяқта­лып қал­маса екен». Осыны айтып, кү­ліседі. Бұлар соғысқа енді келе жатқандар, мен соғыс көргенмін. Салмақтымын. 

Шынымен, Польша жеріне жет­тік. Жау самолеттері пойыз­ды бом­балады. «Соғыс бітіп қалмаса екен» деп келе жатқан­дар по­йыздан жерге аяғымен түсе ал­мады, неткен өкініш!

Польшада Ченстанова, Брес­лау қалаларын азат етіп, Гер­манияның Штеттин қаласына жеткенде жеңіс хабар­лан­ды. Енді елге қайтам деп қуандым. Бірақ, бізге, оның ішінде офицерлерге Шығысқа барасыңдар деді. Неге, білмейміз, бұйрық солай.

Пойыз неше күн жүріп, Қа­зақстанға келді. Қызылордадан тоқтамады. Вагоннан басымды шығарып, «Мен ораламын!» деп айқайладым, паровоз менімен қосыла бақырды. Сөйтіп, Қызыл­ордадан өте шықтық.

Алдымен, Алматыға түстік. Сол жерде белгілі болды. Қы­тайдың Шыңжаң өлкесінде тұ­ратын мұсылмандар бірігіп, Шы­ғыс Түркістан республикасын құру үшін тәуелсіздік күресін жүр­гізіп жатыр екен. Біз солар­ға, олардың қолбасшысы Оспан батырға көмек көрсетуге келіп­піз. Бір байқағаным бұл жаққа келгендер бірыңғай қазақ, қыр­ғыз, өзбек секілді ұлт өкілдерінің офицерлері еді. Оның мәнісіне сонда түсіндік. Шекарада киім­де­­рімізді ауыстырып, маңдай­дағы жұлдызшамыздың орнына айдың белгісін тақтық. Ұлттық азаттық армиясының солдаттары болып шықтық. Бұл жасырын соғыс екен.


600 доллар немесе ауылға оралу


Ішкі қытай әскерімен бетпе-бет келдік. Олар бізді әр жерден келген ерікті мұсылмандар деп қабылдаса керек, немісті жеңіп келген жаужүректер екенімізді қайдан білсін?! Тас-талқан қыл­дық. Көп ұзамай үндері өшті. Сөйтсек, КСРО Жапонияны тізе бүктіріпті де, содан сескенген Қытай дереу Сталиннің тала­бына көне кетіпті. Бұл жерде біз білмейтін саясат көп екен.

Сол жақтан қайтарда Жылқы­бай деген қазақ офицері екеуміз Шығыс Түркістан уақыт­ша үкі­метінің басшысы Әлихан тө­реге бардық. Ол бізге риза­шы­лық біл­діріп, мың доллардан ақша берді. Ондай ақша ұстап көр­мегенбіз, қуанып қалдық. Ауылға бірдеңе ала кетейік деп базарға соқтық. Бір әйел қымыз сатып отыр екен, Жылқыбай екеуміз екі кесесін сімірдік. Сол екі кесе қымыз 600 доллар болды. Ол жақтағыларға американ ақшасының құны көк тиын екен.  

Алматыға келгесін, бізбен әс­кери басшылар тағы да бір-бірлеп сөйлесе бастады. Фашисті көмдік, жапонды жеңдік, Шығыс Түркістанды орнаттық, енді не дейді? «Туған жерімізді көреміз бе, жоқ па, Құдай-ай» деп білген дұғамызды айтып жатырмыз. Сөйтсек, олар бұл соғыс тура­лы отыз жыл бойы ешкімге жария қылмайсыңдар деп қол қой­дырып алып жатыр екен.

О, жарықтық, жайшылықта туған жердің қадірін білмейміз ғой. Азапты алты жылды өткізіп, ауылға келгендегі менің қуаныш сезімім қандай болды десеңізші! Айта алмаймын.


«Барлық жол коммунизмге апарады»


1946 жылы наурыз айында ауылға келісімен өзім бұрыннан білетін обкомның ауылшаруа­шылық бөліміне келдім. Бөлім бастығы техникумда бірге оқы­ған Сұңғат Жақыпов деген жігіт екен.

– Обкомпартияға мамандар ауадай қажет болып отыр, партия жұмысын үйрен, – деді ол. Сөйтіп, мен партия комитетінің нұсқаушы қызметіне кірістім. Сол кезде шегірткемен күрес деген өршіп тұрды. Осыған бай­ланысты мені Қармақшы ауда­нына өкіл қылып жіберді. Ор қазып, сушашқыштар дайын­дадық. Қаптап келіп қон­ған ше­гірткеге су шашса, ұша алмай қалады, сосын орға құла­тып құртамыз. Осылайша ел ыр­зығын сақтау үшін күрестік. Бұл кезде Өтек ағам отбасымен елге келген, Сырдария аудандық атқару комитетінде қызмет етті.

Келесі жылы мені Алматыға жоғарғы партия мектебіне жібер­ді. Осында оқып жүріп өмірлік серігім Фатима Абдуллақызын кездестірдім. 1949 жылы Фатима екеуміз Қызылордаға бірге кел­дік, өз алдымызға үй болғанша Өтек ағаммен бірге тұрдық.

Келе обкомдағы қызметіме кірістім. Облыстық партия коми­тетінің 1-хатшысы С.Бек­телеев деген кісі, 2-хатшы И.Д.Долженко болды. 1953 жыл­­дың басында мені ауыл шар­уа­­шылығын наси­хаттау бас­­қармасы деген құ­рылды да со­ған бастық қылып бекітті. Озат тәжірибелерді та­ратамыз, өндіріске жаңалық ен­діреміз, озаттарға сыйлық бере­міз. Жұ­мыс осындай. Бірақ, мұн­да көп істемедім, күзде Қар­мақ­шы аудандық партия коми­теті­нің 2-хатшысы болып кеттім. Аупаркомда бір ғана машина бар еді, оны бірінші хатшы мінеді, біз атпен жүреміз. Хатшымын деп отыратын кез емес, малшылармен бірге жатып, бірге тұрып жұмыс істедік.

Осыдан кейін үш жыл Қар­мақшы МТС-нің директоры, 1958 жылы Қазалы ауданының 2-хатшысы болып қызмет еттім.

Мен барғанда аудан жағдайы қиын екен, мал көп қырылыпты. Жалпы облыс жағдайы мәз емес-ті. Бұл ақпар республикаға жеткен. Ол кезде Қазақстан ком­партиясының 1-хатшысы П.К.Пономаренко, обкомның 1-хат­шысы Жанбаев деген кісі еді. Сол жылы облыс жағдайын өзі көрмек болған Пономаренко Қызылордаға келеді. Жанбаев оны қалаға жақын «Коммунизм» кол­хозына апармақ болады. Сөйтсе бұл колхозға өзі де бір мәрте бармаған екен. Бұлар қа­мыс арасындағы лайсаң соқ­пақ­тан те­мір жолға қарай өтетін жер іздеп жүріп адаса бастайды. Жо­лай бір есек арбамен кетіп бара жатқан шалды тоқтатып, ма­шинадан По­номаренконың өзі түседі де: «Ком­мунизмге қалай барамыз?» – деп сұрайды. Сонда әлгі шал оған: «У нас все дороги идут на коммунизм», – депті.

Осы сапардан кейін Жанбаев қызметінен алынды. 1959 жылы мен Қазалы аудандық пар­тия комитетінің 1-хатшысы болдым. Осында үш жыл істеп, мемле­кеттік партиялық бақылау ко­ми­тетіне бардым. Әлгі шал айт­пақшы, партия қайда жұмсаса да коммунизмге баратын жол деп білдік. Елге аянбай қызмет қылдық. Халықпен бірге болдық.

1986 жылы зейнетке шықтым.


Сағыныш және ұзақ жасаудың сыры


Бір ғасыр жасау ілуде бірдің маңдайына ғана жазылады. Үш қызым, олардан тараған ұрпақ бар, ағайыным алқалап ортаға алып отырады, шүкір.

Мен туған күн, мерейтой де­генді ұната бермеймін. 60, 70, 80 жасты атағаным жоқ. Тоқсанға толарымда күллі ағайын жиылып той жасады, машина мінгізді. Менің туған күнім 7-қараша ғой, құжатта маусым болып жазылып кеткен. Әр жылы қарашаның же­тісінде ағайын жиылып келіп, құттықтайды.

Қарттық мойныңа мінген са­йын сағыныш сезімі де күшіне мінеді екен. Бір күні жанымда отырған қызымның кішкентайы әкемді сағынып отырмын деге­німді естіп, «атаның да папасы болған ба?» депті. Былайғыға болмаған сияқты көрінетін жүз­жылдық ғұмырым көз алдым­нан күн сайын жүгіріп өтіп жатады. Әкемді, анамды сағынамын, ке­шегі бірге қызмет еткен азамат­тарды сағынамын. Бір сәт қа­тар отырып әңгіме айтатын қата­рымнан ешкім жоқ. Қазақ «қата­рың болмаса тойға барма» деп қалай айтқан.

Менің ұзақ өмір сүруім Алла­ның қалауы ғой, біріншіден. Бі­рақ, сондай сұрақ көп қойы­лады. Әрине, оған әсер етпей тұрмайтын себептер де бар. Мен соғыстан ауыр жарақат алғанмын, сондықтан дәрігерлер ешқашан дене қимылын үзбе­ңіз деген. Өмір бойы дене жаттығуын тоқтатқан емеспін. Бұрын Сарқыраманы бойлап жүріп, жаттығу жасай­тын­мын. Қазір 1 мен 3-ші қабат арасын­дағы баспалдақпен қайта-қайта жоғары-төмен түсіп-шы­ғып жүр­мін. Жаман әдетке де, жа­ман ойға да жолаған емеспін. Жаман ойлау жүйкені бұзады. Бұ­­зылған жүйке ауруға қарсы тұра алмайды.

Жастарға айтарым, елді, жерді сүйіңдер. Еңбекке ерінбеңдер, ата-ананы құрметтеңдер. Халық­тың алғысын алыңдар. Сонда ғана сенің жолың ашық болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 01 мамыр 2020 г. 787 0