« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Академик Бірлесбек Әлияров елімізде күрделі сала қатарынан орын алатын техника ғылымының аса білгір маманы саналады. Ол ғылым саласында көптеген жаңашыл бастамаларды қолға алып, білгір бұл жобалар мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Бірлесбек Қаниұлы Әлияров – физик-аэродинамик, энергетик, техника ғылымдарының докторы (1984 ж), профессор (1992 ж), ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті (1994 ж), академик (2003 ж), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1995 жылы Оксфордтың энергетика, экология және экономика саласы бойынша диплом алған.
Ол Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ғылымға деген ынтасы, оған деген сүйіспеншілігі, төзімділігі арқасында көп ізденді, көп оқыды. Осының арқасында ана тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін де жетік меңгерді.
Ағамыз ғылымға дайындықпен келді. Бірақ, ғалым атану үшін қызығушылықпен қатар, төзім де болуы шарт. Сонда ғана көздегеніңе жетесің. Оның үстіне ет жақын туысқаны болып келетін ағаларының ғылым саласында жемісті еңбек етіп, толайым табыстарға кенелгені оны алға қарай жігерлендіре түсті. Әріге бармай-ақ, оның бір атадан туған ағасы, әйгілі заңгер ғалым, академик Сұлтан Сартаевты, облыстық бірнеше педагогикалық институттардың алғашқы ректорларының бірі болған, тарих ғылымдарының докторы Құламқадыр Жаманбаевты атасақ та болады. Олар Жаңақорғаннан шыққан алғашқы кәсіби ғалымдар еді. Осындай игі жақсылардың ықпалымен Б.Әлияров 1956 жылы ҚазМУ-дың физика факультетіне оқуға түседі. Сол кездерде осы университетте көрнекті аэродинамик, Қазақстанда аэродинамика мектебінің негізін қалаушы, профессор Л.А.Вулис қызмет жасаған еді.
1961 жылы институтты бітірісімен Б.Әлияров Қазақтың ғылыми-зерттеу энергетика институтына келіп алғашында жылу физикасы лабораториясында аға лаборант, инженер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болса, 1982 жылдан лаборатория бөлімшесін басқарды. 1988 жылы институт директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары болып тағайындалды. Өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында Б.Әлияров 1992 жылдан Қазақтың ғылыми-зерттеу энергетика институтының директоры болды. 2002 жылдан бастап ол «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының ғылыми жағынан атқарушы директоры қызметін жасап келеді.
Жоғары оқу орнында үздік оқып, білікті мамандар көзіне түскен ол Ғылым академиясындағы энергетика институтының лабораториясына шақыртылады. Осы лабораторияда бірнеше тәжірибелік жұмыстар жүргізеді, ғылымда жаңалық ашу ісіне кіріседі, араға жеті жыл салып, ғылым кандидаттығына диссертация қорғайды. Диссертацияның негізгі арқауы – жазық беттерді (тегіс немесе тұтықтардан құралған) жоғары температуралық жану қалдықтарының әсерінен салқын ауамен қорғау әдістерін зерттеу болды. 1985 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық жылу-техникалық институтында техника ғылымдарының докторы диссертациясын қорғады. Ағамыз 2004 жылдан Ұлттық Ғылым академиясының академигі. Бірлесбек Әлияров көмірді ірі қондырғыларда жағуды игеру және жетілдіру, олардың қоршаған ортаға әсерін кемітумен айналыса отырып, кейінгі жылдары тарифті анықтау, нарықтық қатынастарды дамыту сияқты қажетті бағыттарға көбірек көңіл бөлуде. Осыған байланысты оның жауапты редакторлығымен «Қазақстан энергетикасы», «Қазақстанның темір жол көлігі» атты көптомдық монографиялар жарық көріп келеді. Өзінің теориялық ізденістерін тәжірибе жүзінде де іске асыру мақсатында ол еліміздегі қиын-қыстау кезеңде, яғни 1997-2002 жылдары Алматыдағы 25 мың тұрғынға жылу энергиясын беретін Солтүстік-Шығыс жылу кешенін ойдағыдай басқарды.
Ағамыз өзін осы саланың білгірі, атақты ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының мүше-корреспонденті А.Б.Резняковтың шәкірті санайды. Өзі қызмет істеген энергетика институтының құрылғанынан бергі (1944-1988 жж.) директоры болған академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық қаһарманы Ш.Чокиннің талаптарын орындауда бар зейінімен жұмысқа кірісетін. Ол өзін қанатының астына алған ірі ғалымдар З.Б.Сақыповты, Л.А.Вулисті, А.Б.Резняковты аса құрметпен еске алып жүреді. Олардың да Бірлесбек Қаниұлына деген сыйластықтарының өзі адам қызығарлықтай еді.
Ғалым Қызылорда облысының тумасы болса да, Павлодарды өзінің кіші отаны санайды. Оның курстас досы М.Хамитов «Павлодарға белгісіз ғылым кандидаты болып келген ол осында академиялық шыңға дейін көтеріліп, ғылым докторы болды, мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды, энергетика саласының білікті ғалымы болып қалыптасты» деп әзілдейді. Оның бұл әзілінде шындық жатқаны да рас. Б.Әлияров алғашқы болып, Екібастұз көмірінің тым күлді болып келуіне қарамастан, оны ірі ЖЭС-те (ТЭС) қолдануға болатындығын дәлелдеді, әрі оны тиімді жағудың тәсілін ұсынды. Сөйтіп, бұл ұсыныс өндіріске енгізілуге қабылданды. Ізденісі мол Б.Әлияров 160-тан астам ғылыми еңбектер жазды. Оның 6 кітабы жарық көрген. «Екібастұз көмірін жағуды игеру» және «Қазандық қондырғылар» атты еңбектері бар.
Б.Әлияров ТМД елдерінің электро-энергетика кеңесінің мүшесі. Ол энергетика саласында Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция секілді шет елдердің көптеген ірі компанияларымен бірге зерттеулер жүргізіп, оларға кеңес те беріп келеді. Ол 2006 жылдан бастап, БҰҰ-ның экономика және әлеуметтік қатынастар департаментінің энергетикалық тиімділік жөніндегі халықаралық сарапшылар тобының мүшесі. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым мен техника жөніндегі кеңестің мүшесі. Ғылым мен жаңа технологиялар министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесі төрағасының орынбасары, Мемлекеттік аттестациялық комитетінің сараптаушылық кеңесінің мүшесі, «Қазақстан энергетикасы және отын қорлары», «Магистральды регулятор» атты ғылыми-техникалық журналдардың бас редакторының орынбасары болды. Оның жетекшілігімен 20 техника және физика-математика ғылымдарының кандидаты, 5 докторлық диссертация қорғалды. Б.Әлияров өзі бітірген №51 орта мектептің физикадан үздік оқушысына 1997 жылдан бері өз атынан стипендия тағайындап, ал аудан көлеміндегі физика пәнінің үздік мұғаліміне 1998 жылдан бері өз жанынан сыйлық беріп келеді. Ол Жаңақорған ауданының құрметті азаматы.
Иә, Бірлесбек Әлияров ағамыздың ғылымға қосқан еңбегін бір мақала аясына сыйғыза алмаспыз, оның ашқан жаңалықтары халыққа айтарлықтай қызмет етіп келе жатқаны сөзсіз. Бұл ғалым ағамыздың ғылым саласында жасаған еңбегінің жанғаны да!
Асан САРҚҰЛОВ,
журналист, жазушы, ҚР мәдениет қайраткері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |