« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. Сұрапыл соғысқа қатысқан азаматтарының есімдері мен ерлігі ұмтылмақ емес. Кеңес Одағының жауынгерлері Брест қаласынан бастап Берлинге дейін барды. Сөйтіп, Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Алайда, бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бес жылға созылған соғыс елімізге зор қайғы-қасірет алып келді. Соғысқа аттанған 1 млн 200 мың қазақстандықтардың тең жартысы қан майданда шейіт болды. Сұм соғыс талай отбасының іргесін шайқап кетті.
Ана перзентінен, әйел жарынан, бала әкеден мәңгілікке айырылды. Қазақстандықтармен бірге қызылордалықтар да кеуделерін от пен оққа тосты. Облыстан 150 мыңға таяу азамат майданға аттанып, содан 30 мыңнан астам арыс елге қайтып оралмады. Тарихи деректерге қарағанда, жерлестеріміз нағыз оттың ортасында жүріп, теңдесі жоқ жауынгерлік ерлік көрсеткен екен. Соғыс кезінде 20 мың қызылордалық майдандағы ерлігі үшін ордендер мен медальдарға ие болған. Сонымен қатар, облыс тұрғындары өздерінің 21 жерлесінің Кеңестер Одағының Батыры болғанын мақтан тұтады.
Айта кету керек, соғыс жылдары ұлан-байтақ аймағымыз тұтастай майдан даласына айналды. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» жалпыхалықтық ұранға айналып, аймақтағы барлық шаруашылық қысқа мерзімде соғыс жағдайына бейімделіп, қайта құрылды. Сөйтіп, тыл мен майдан тығыз байланыстырылып, барлық кәсіпорындар, мекемелер, колхоздар мен совхоздардың кызметі майдан мақсатына бағындырылды. Облыстағы бірқатар кәсіпорындар соғыс қару-жарақтарын жасап шығаратын болды.
Айталық, облыстық кәсіпшілік кеңесінің артельдері мен шеберханалары соғыс киім-кешектерін тіксе, Қызылорда мен Қазалы темір жол деполары мина мен қол гранаталарын жасап шығара бастады. Сонымен қатар, эвакуациялау арқылы сырттан көшіп келген мекемелер мен еңбекшілерді қабылдау және орналастыру жұмыстары жүргізілді. Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда облысына келді. Бұлардың ішінде екі паровоз жөндеу шеберханасы, үш консерві заводы, электржабдықтар, механикалық заводтар болды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласына Украинаның біріккен университеті (құрамында Киев және Харьков университеттері бар), Мәскеудің ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты келді.
Ауыл шаруашылығында да елеулі өзгерістер болды. Тек, 1942-1944 жылдары мемлекетке және қорғаныс қорына 53600 центнер ет, 2800 центнер май, 3870 центнер жүн, 254800 дана мал терісі соғыстан бұрынғы көрсеткіштен едәуір артық көлемде тапсырылды. Сол жылдары «Правда» газеті «Майданда қазақтар жақсы соғысуда, олардың ата-аналары, әйелдері тылда жақсы жұмыс істеуде. Қазақстан өз жерінің барлық байлығымен, жерінің барлық қазынасымен майданды қолдауда» деп жазды. Бұл барлық қазақстандықтарға берілген жоғары баға болса керек.
Соғысқа дейін облыс аумағына сырттан 36542 адам көшіп келді. Басым көпшілігі күштеп көшірілген еді. Солардың қатарында бұрын сотты болғандар, дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған кулактар, «халық жауы» атанғандардың отбасылары, депортацияланған кавказ халықтары, сондай-ақ майдан түбіндегі елді мекендерінен көшірілген немістер, поляктар, жапондар, корейлер, еврейлер және басқа ұлт өкілдері болды. Әрине, кейбірінің Кеңес өкіметінің іс-әрекетіне наразылық білдіріп, дұшпандық қалыпта болғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, олар қауіпсіздік органдарының бақылауында болғаны рас.
Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО НКВД-НКГБ және жергілікті органдары барлау және қарсы барлау қызметінен бөлек, халықтың көңіл-күйі мен хал-ахуалына талдау жүргізу және ауыл шаруашылығының барлық салаларына бақылау орнату арқылы анықталған кемшіліктер бойынша партия органдарын қаз-қалпында үздіксіз хабардар етіп отырған. Сонымен қатар, антикеңестік көзқарастағы элементтерге, фашистерді және жеңілуді қолдаушыларға, сыбыс таратып арандатушыларға қарсы жұмыс істеген. Мысалы, 1941 жылдың 12 қарашасы күні халық арасында үрей тудыратын жалған хабар таратып жүрген екі кісі ұсталған. Қауіпсіздік органдарының анықтамасында былай делінген: «19 октября 1941 года старший инспектор райфо Ширданов Мырзахан распространил ложный слух такого содержания: «В клубе, в присутствии людей, сказал: «Разве вы не слышали, ведь советское правительство оставило города Москва и Ленинград. Поэтому поводу по радио произнес речь генерал-майор, начальник Кремля, который заявил, что мы оставляем Москву и Кремль в течение 72-х часов, чтобы избавиться от разрушения. И теперь столица СССР не Москва, а Ташкент...». Поэтому делу арестованы 2 человека – старший бухгалтер РПС Рысбаев и старший налоговый инспектор райфо Ширданов. Следствие закончено и дело передано в военный трибунал”.
Облыстық және аудандық қауіпсіздік органдары мемлекеттік және қоғамдық меншікті қорғау жұмыстарымен қатар облыс көлемінде орын алған бандитизммен де, қарақшылық қылмыстармен де ымырасыз күрес жүргізді. Әскери міндеттер мен майдан даласынан қашқан дезертирлерге байланысты арнайы іс-шараларды жүзеге асырды. Мысалы, қауіпсіздік органдарының Қазақстан КП(б) ОК-нің хатшысы Скворцовқа жолдаған хатында былай делінген: “Управлением НКВД по Кызылординской области в средних числах декабря т.г. в песках Кара-Кумов оперативно ликвидирована вооруженная бандгруппа численностью 11 человек, состоящая из дезертиров Красной Армии и лиц, уклоняющихся от призыва и мобилизации”. Сонымен қатар, қызылордалық чекистер эвакуациялау кезінде жаппай көшіп келген мекемелер мен жұмысшыларды орналастырып, оларды үй-жаймен және азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарына белсенді араласты. Ата-анасыз, жетім қалған балаларды “Балалар үйіне” орналастырып, оларға айтарлықтай қамқорлық жасады. Осындай қауіпсіздік органдарының соғыс жылдарында атқарған қыруар жұмыстарын дәлелдейтін деректер облыстық және аудандық мұражайларда жеткілікті.
1942-1944 жылдары фашистердің барлау органдары жаулық ниетпен Казақстанға ұшақ арқылы диверсант-агенттерін жіберіп отырғаны жалпыға мәлім. Қауіпсіздік органдарының деректеріне қарағанда, қазақстандық чекистер 31 фашистік диверсант-агентті қолға түсіріп, 5 диверсант атысу кезінде жойылып, қалғандарын КСРО Әскери трибунал ату жазасына кескен. Мысалы, 1944 жылғы 3 мамырда Гурьев пен Ақтөбе облысының шекаралас аймағына неміс армиясының обер-лейтенанты Әлихан Агеев басқарған топ түсіріліп, басым көпшілігі жергілікті қауіпсіздік органдарына беріліп, қалғандары атысу кезінде жойылған.
Осындай диверсант-агенттердің үшеуі Қызылорда облысында тұтқындалып, тергеуге алынған. Солардың бірі неміс агенті Мырзағалиев Әбдікәрім тергеуге берген жауабында былай дейді: «Я был отобран в роту СС при «Туркестанском легионе» и содержался отдельно от остальных легионеров. Рота состояла из 3-х взводов. Мы проходили стройподготовку, радиодело, а также изучали историю Туркестана и немецкого государства. При высадке в Казахстан нас снабдили, кроме одежды, оружием: пистолетом, пистолет-пулеметом и финским ножом, а также портативной радиостанцией, деньгами по 60 тысяч каждому и фиктивными документами. Мне выдали паспорт на имя Умарова Карима. Мы должны были приспособиться к местным условиям и сами решать как лучше выполнить порученное задание. В случае невозможности выполнить задание мы должны были перейти линию фронта и вернуться к немцам...».
Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдары қызылордалық чекистердің жанкешті еңбегінің арқасында сеніп тапсырған аймақта Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілістер, жаппай тәртіпсіздік, террорлық актілер мен зиянкестік іс-әрекеттер орын алған жоқ.
Соғыстан кейінгі жылдары майданнан аман келген азаматтардың бірқатары сол кездегі мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қабылданып, елінің тыныштығы мен қауіпсіздігіне адал қызмет етті. Осы уақытқа дейін соғыс және қауіпсіздік органдарының ардагерлері А.Әлменов, М.Арынғазиев, А.Бәкіров, Я.Бикинеев, Е.Битілеуов, С.Галкин, Б.Джупаров, Т.Ыдырысов, А.Кәрібаев, А.Кузьменко, Н.Прачкин, П.Үдербаев, Н.Н.Шастов ағаларының есімдерін жас қызметкерлер аса құрметпен еске алып отырады. Облыс көлемінде шетелдік барлау қызметкерлерінің әрекетіне қарсы тосқауыл қою және әшкерілеу бағытында ардагерлер ұйымдастырып, жүзеге асырылған жедел шаралар – әлі күнге дейін жастар үшін кәсіби сабақ. Олар отставкаға шыққаннан кейін де тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздік органдарынан қол үзбей, өздерінің мол тәжірибесімен бөлісіп, жастарды тәрбиелеуге белсене араласып жүрді. Жеңіс күніне байланысты жылда басқармада арнайы іс-шаралар өткізіліп, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілетін еді. Осындай мерекелік іс-шараларының біріне жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов ағамыз келген болатын. Ол 1945 жылы Мәскеуде өткен алғашқы Жеңіс парадына қатысқан, Венгрия қаласы Будапеште оның есімімен көше аталған, Қызылорда облысының сыйлы азаматы. ҰҚК-нің облыстық департамент мұражайында оның чекист-ардагерлермен бірге түскен естелік фотосуреті сақталып қалған екен, баспа бетінде жариялауды жөн көрдік.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ардагерлер кеңесінің бастамасымен Жеңістің 70 жылдығына байланысты дүниеден өткен ардагерлердің құрметіне ас беріліп, марқұмдардың аруақтарына дұға оқылып, құран бағышталған еді. Естелік асқа облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің басшылары, қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен еске алушылардың жақын туыстары қатысты. Аса құрметпен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері аталды. Олардың ерлік істерін ешқашан ұмытуға болмайды. Алда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтеді. Осы маңызды датаға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлер кеңесі соғыс ардагерлеріне арналған мемориалдық тақта орнату туралы басшыларға ұсыныс жасаған болатын. Жуырда департамент ғимаратының алдындағы алаңға соғыс ардагерлерінің есімдері қашап жазылған мемориал ескерткіш орнатылды. Осыған байланысты жақын ағайын-туыстары департаментке шақырылып, еске алу шаралары өткізілді. Қанша жылдар өтсе де, соғыс салған жарасы естен кетпейді екен.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
құрметті ардагері, отставкадағы полковник.
« Қаңтар 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | ||
6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 |
20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 |
27 | 28 | 29 | 30 | 31 |