Күтумен өткен ғұмыр

Бүгінде өзі де жетпісті бағындырған Бақыт апа сүйікті әжесі Фатиманы еске алғанда көзіне еріксіз жас үйіріледі. 

Нағашы әжесінің ауыр тағдыры кейде түсіне кіріп, көңілі босап оянады. Фатима әженің жан дегенде жалғыз ұлы соғысқа аттанып, майданнан оралмады. Ғазиз ана бауыр еті баласын келеді деп күтумен болды. Белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің кейіпкері тәрізді Фатима әже де өзі өсірген төрт түлікті баласына бәсіре етіп жүреді екен.

Кейуананың ұлы Кәрбоз Үдіреев 1941 жылы 19 жасында Шаған ауылынан Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы майданға аттанады. Жауынгерден бір жылға дейін үшбұрышты майдан хаттары келіп тұрады да, содан соң сап тыйылады. «Ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз да келмейді. Күндер өтіп жатады. Көптен күткен Жеңіс күні де келіп жетеді. Бірақ Кәрбоз ағамыз майданнан оралмады. «Кебенек киіп кетіп еді, балам келіп қалар» деп Фатима әже үмітін үзбейді. Жалғыздық Құдайға ғана жа­расқан. Болмағасын кіші қы­зы Жалғастан туған жиен немересі Бақытты бауырына басады.

– Балдәурен балалық ша­ғым Шағанда Жәдігер мен «Тоқал өзек» арнасының бо­йында өтті. Әжемнің ба­уырында өстім. Ол кездің адамдары керемет мейірбан жандар еді. Біз алдында әжем екеуміз кішкентай шағын үйде тұрдық. Кейін әжемнің қайынінісі Қардаш көкем бізді өз отбасына көшіріп ал­ды. Көкемнің жұбайы Дүй­сен жеңешем бауырмал, адам­гершілігі мол, ақкөңіл жан еді. Өзінің төрт қыз, үш ұлы болса, мен сегізінші баласы болдым. Құрт-майын бірінші менің аузыма тосатын. Сол асыл жеңешем атымды ата­майтын. «Аппақ енемнің қа­ра қызы» дейтін. Құлаққа жа­ғымды естілетін осы сөз күні бүгінге дейін жадымда жаңғырып тұрады. Кейін мен мектепке баратын болған соң «Қызылдиқанға» әке-ше­шемнің қолына келдім. Әжем де менімен бірге келіп, бізбен тұрды. Шағанын, баласының жүрген жерін аңсағанда барып келетін.  Қызылдиқанға да үйренді. Шағанмен де қарым-қатынас жасап тұрды. Әсіресе, әкем Әбдірәш күйеу баласы болса да, әжеме туған анасындай қарады. Мен балалы-шағалы болған кездің өзінде Қардаш көкем екі-үш ай сайын Тереңөзекке келіп, жағдайымды біліп кететін. Сондай бауырмал жандар еді. Балаларына да жақсы тәрбие берді. Қызы Күләш Әсімова күріштен тау тұрғызып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің де­путаты болып сайланды. Қазір қарашаңырақта ұлы Мұхтар тұрады, – деп Бақыт апай балалық шағын еске алды.

Балдәурен балалығы Ша­ғанда өткен Бақыт апа кезінде бірге ойнаған ұл-қыздарды да қимастықпен еске алды. «Тоқал өзектің» бойында Әсем, Күләш, Ұлдаш, Күләйхан, Күлшира, Балдырған, тағы басқа да құрбыларымен бірге ойнап, бірге өскен. Әжесінің қатарлары Айтжанкүл, Ажар­күл, Қарамейіз, Күлән әже­лер және Жамал әке – кеу­делері алтын сандық қарттар екен. Тереңөзектік Бегайдардың әкесі Хұсейін (негізі шағандық) ақсақал Бақыт апаны көрген сайын «Жиенжан, бет-әлпетің Кәрбоз нағашыңа келеді. Ол жігіттің төресі еді. Қарулы болатын. Жігіттер бір кетпен тастағанда Кәр­­боз екі-үш кетпен тас­­­тайтын» деп еске алатын.

Фатима әже бала­ларды емдейді екен. Қасқырдың өтін, ая­ғын, қоянның қиын, сондай-ақ жан­тақ, жебілген, тағы бас­қа шөптерді жи­нап, емдік тұнбалар жа­сапты. Кейуана со­ғыстан оралмаған жал­ғыз ұлы Кәрбоз­ды ке­леді деп отыз жыл кү­тіпті. Кей­де өзімен өзі күбір­леп: «Жағыпар, То­тан, Кәмет келді, жал­ғы­зым-ау, неге кел­мейсің?» деп көз жасын сығып жү­реді екен. Шағанда Фа­тима әжені Бақыт қатарлы балалар «ақ әже» десе, келіндері «аппақ ене» деп атаған. Соғыстан қайтпаған Кәрбозын күтумен ғазиз ана 1971 жылы 86 жасында дүниеден озыпты. Кейуанаға анасындай қараған Бақыттың әкесі Әбдірәш пен анасы Жалғас арулап қойып­ты.

Фатима әже қайтыс бол­­ғаннан кейін Құран кіта­бының арасынан жалғыз ұлы­ның сарғайған хаттары мен әскери киім киіп түскен суреті шыққан. Бақыт апа Бай­­жүнісова анасының жал­ғыз ағасы жауынгер Кәрбоз Үдіреевті әжесінің аманатымен күні бүгінге дейін іздестіріп келеді. Бұл көп жылғы ізденісі нәтижесіз де емес. Бақыт апа үлкен немересіне әжесінің құрметіне Фатима деген есім берді. Бұрын Тереңөзектегі «Мәңгілік алау» жанындағы ескерткіш тақтада Кәрбоз Үді­реевтің есімі бар болатын. Кейін жаңартқан кезде ұмыт қалған болуы керек, тізім­де жоқ болып шықты. Бақыт апа Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығында жауынгер К.Үді­реев­тің есімін ескерткіш тақ­таға қайта жаздыртты. Май­данда хабарсыз кеткен қа­һарман солдаттың аты туған ауылы Шағандағы тізім­де жазулы тұр. Сондай-ақ, есі­мі «Боздақтар» кітабына ен­гізілген. Осыдан екі ай бұрын Б.Байжүнісованың кіші ұлы Серікбол ғаламтор арқылы туған нағашысының қабірін тапты. Сөйтіп Бақыт апа Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қар­саңында үлкен қуанышқа кенелді.

– Ақыры бір дерегін тап­тым-ау асыл нағашымның. Әжемнің аңсаған арманы орын­далды деген осы. Ден­саулығымды түзетіп алған соң, туған жердің топырағын алып, нағашымның мәңгілік мекеніне айналған орынға ба­рып қайтуды ойлап отырмын, – дейді Бақыт апа.

Ерлікпен қаза тапқан жа­уынгер Кәрбоз Үдіреев Ре­сейдің Саратов облысы Киров ауданының «Воскресенская» аталатын бауырластар зира­тына жерленген. Ер жүрек жауынгер 1942 жылдың 7 қарашасында ауыр жарақат салдарынан қайтыс болған. Мәңгілік мекені бауырластар зиратының солтүстік шығы­сында орналасқан.

Он тоғыз жасында ел қорғауға аттанған есіл ерге топырақ жат жерден бұйырды. Артында аңырап анасы қалды. Соғыстың салған сойқаны осындай. Оның жүрекке салған жарасының жазылуы қиын. Дегенмен, әжесінің аманатына адал болған Бақыт апаның 80 жылға жуық уақыттан кейін нағашысының дерегін тынбай іздестіре жүріп табуы – ел есінде қаларлықтай оқиға. Ел үшін опат болған боздақтың аруағы риза болсын дейміз.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Сырдария ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 26 сәуір 2020 г. 422 0