« Қыркүйек 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 |
1982 жылдың шілде айының орта кезі болатын. Аудандық партия комитетінде қызметтемін. Жылдың осы уақытында аудан басшысы Қонысбек Қазантаевтан бастап барлық деңгейдегі бөлім, мекеме басшылары Қарақұм мен Қызылқұмдағы малшылар тойын өткізуге кететін. Осындай күндердің бірінде ауданға батыр партизан Қасым Қайсенов келе қалды. Ол кісінің келуінен хабардар аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Төлеш Есқазиев жұмыста отырған екі-үш қызметкермен райкомның алдында қарсы алдық. Аман-саулықтан кейін Төкеңнің бөлмесіне кірдік. Төкең басшылардың іссапарда екенін айтып, ауданның тыныс-тіршілігінен мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің барысынан, соғыс ардагерлерінің хал-жағдайынан мәлімет берді. Батыр партизан іссапарының мақсатын жақын жердегі ауылдағы бір мектепке барып, оқушылармен кездескісі келетінін айтты. Бұл мәселеден хабардар болып отырған Төкең мені Қ.Қайсеновке таныстырып, «мына жігіт сізді жақын жердегі Ақсуға алып барады, мектеп ұжымымен кездесе аласыз» деді.
Осылайша батырмен сапарлас болдым. Мектеп мұғалімінің ескілеу «Москвичіне» отырып, «Ақсу» ауылына бет алдық. Партизанның алғашқы сұрағы «Әкең бар ма? Соғысқа қатысқан ба?» болды. Мен әкемнің қайтыс болғанын, Сталинград майданына қатысқанын, басынан, жағы мен көзінен жараланғанын айттым. Ол артына бұрылып «әкең де мен сияқты жараланған екен ғой, бастан жараланған өте ауыр. Соғыста жауынгерлердің басты бірінші қорғауы содан» деді. Екінші сауалы «Бұл ауданда партизан қозғалысына қатысқандар бар ма?» болды. Мен соғыстың алғашқы жылдарында күші басым жауға қарсы шайқастарда амалсыздан тұтқынға түсіп, концлагерлерден қашып шығып, Италия, Франция, Балқан түбегі елдеріндегі партизан қозғалысына қатысқандар бар екендігінен білгенімше хабардар еттім. Үшінші сауалына көшіп, «Партизан қыз-келіншектер бұл ауданда бар ма?» деді. Мен білмейтіндігімді айттым. Жауабымды үнсіз тыңдап отырды.
Бұл сұрақты бекерден-бекер қоймаған екен ғой. Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина, Белоруссия әскеріндегі партизан қозғалысының көшбасшысы болған батыр республикамыздағы партизан қозғалысына қатысқандарды түгел білетіндіктен сұрақтың қойылу себебін кейін түсінгендей болдым.
Бүгінгі Еуразия құрлығын мекен еткен, ұшқан құстың қанаты талатын, кең-байтақ жерімізді сырт жаулардан қорғауда, батыр бабаларымыздың жарлары аналарымыз да, батырлық пен ерліктің өнегесін көрсетіп шайқастарда мерт болғанын білеміз. Солардың бірі Бұқарбай батырдың жары – Шынар анамыздың қаскөйлерге қарсы шайқасы кейінгі қыздары мен ұрпақтарына өнеге болып келеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Әлия мен Мәншүк, ұшқыш Хиуаз Доспанова болса, жалағаштық партизан қыз Тұрғанбике Жұмабайқызының төрт жыл соғыстың алғашқы күнінен бастап соңына дейін Беларуссияның сазды-батпақты ормандарында қар жамылып, мұз жастанып, құндақтаулы баласын қапшыққа салып, арқалап жүріп жеңісті жақындатуға жаумен бетпе-бет шайқасқанын бұл күндері біреу білсе, біреулер біле бермейді.
Бүгінгі әңгіменің арқауы болып отырған Тұрғаш Жұмабайқызы (шын аты Тұрғанбике) 1922 жылы Жалағаш қыстағында дүниеге келген. Оның әкесі Піржанұлы Жұмабай осы Ақсу өңірінде 1885 жылы дүниеге келіп, өмірінің соңғы күніне дейін теміржолда жұмысшы болып істейді. 1937 жылы 52 жасында дүние салды. Шешесі Жүсіпқызы Алуа 1898 жылы Қараөзек бойындағы «Қызыл үй Мортық» деген жерде дүниеге келіп, 1959 жылы 61 жасында Жалағаш қыстағында қайтыс болған. Темір жолда жұмыс істей жүріп, көп нәрсені ойға түйген Жұмабай қызының білім алғанын, орысша оқығанын қалайды. Әрине, бұған сол кездегі саясаттың да, темір жолда жұмыс істейтін орыс ұлты өкілдерінің көп болуы да әсер еткені анық. Тұрғаш Жұмабайқызы Жалағаш қыстағындағы алғашқы қырғыз-қазақ училищесінде, кейін Сталин атындағы мектепте оқыған. Аталған мектепті 1939 жылы үздік бітіргенімен, жоғары оқу орнында оқысам деген арманы жүзеге аспайды, бұған Тұраштың отбасы жағдайы мүмкіндік бермейді. Сол жылы ол елге демалысқа келіп жатқан Қаражігітов Батырхан деген жас офицермен танысып, бұл таныстық үлкен сезімге ұласады.
Екеуі бас қосқаннан кейін Белоруссияға, яғни күйеуі қызмет атқарып жүрген Батыс әскери округіне қарай сапар шегеді. Міне, Тұрғаштың Белоруссия жеріндегі күндері осылай басталған болатын. Ол кезде қазақ қыздарының ел асып, қиян шетке кетуі сирек болатын жайт қой. Анасы Алуа да, туыстары да алаңдаулы болады. Бірақ үш-төрт айдан кейін жастардан келген хат пен фотосуреттер олардың алаңдауларын тыяды.
Ол кезде Батырхан Қаражігітов Белоруссияның Борисов ауданындағы Логойск деген жерде Қызыл армия қатарында взвод командирі болып қызмет атқарып жүрген лейтенант еді. Сонымен ерлі-зайыпты екеуі 1940 жылдың шілде айында ұл балалы болады.
Бұл тұста Германиямен арадағы соғыс қаупі туралы жалпы ел білмегенмен, шекара маңындағы әскерилердің сезгендігі, дайындық шараларының жүргізілгендігі белгілі. 1941 жыл басталысымен Тұрғаштың елге қайтқысы келеді. Ауылды, туған-туыстарын, анасын сағынады. Өздері араласатын әскерилер мен олардың әйелдері арасындағы соғыс туралы әңгімелердің де әсері болғаны анық. Алайда, Батырхан жазда демалыс алып, екеуі бірге баратындықтарын айтып, оның елге жүруін кешеуілдетеді.
Көп ұзамай бейбіт күн кешіп, мамыражай тіршілік етіп отырған ел аспанын соғыс бұлты торлады. Басқыншылар екі ел арасындағы шартты бұзып, бар әскери күшін Кеңестер одағына төкті. 1941 жылғы маусымның 22-сі күні сағат таңғы 4-те әскери дабылмен кеткен Батырхан сәлден соң-ақ телефон арқылы Тұрғашқа «Тез арада елге қайт» дейді. Бірақ бұл кезде олар жау қоршауында қалып қойған еді.
Бұлар тұрған әскер қалашықта адам түсініп болмайтын аласапыран басталды. Жылаған бала, үрейлене жүгірген әйелдер, әр тұста жарылған бомба, ысқырған снаряд... Әскерилердің барлығы да алғы шепке кеткен, олардан хабар жоқ. Тек алыстан соғыс дабылы естіледі. Міне, осындай жағдайда панасыз қалған әскери қалашықтағы тұрғындар жақын жердегі Логойск орманын паналайды. Осы кезде олардың қатарына жаралысы бар, басқасы бар әскерилер де жинала бастайды. Арасында жоғары шенді командирлер де, сержанттар мен қызыл әскерлер де болды. Өз бөлімшелерінен қалып қойған, адасып кеткен саяси қызметкерлер де баршылық еді. Солардың ішінде №2-атқыштар дивизиясының көшпелі баспахана бастығы аға политрук Уәли Божанұлы Оразбаев (ұлты-ноғай) босқындардың барлығын бір топқа жинап, жасырын қаруланған үлкен топқа әкеліп қосады. Батырханнан хабар ала алмаған Тұрғаш алаңдаулы еді. Ұлын бірде арқалай, бірде қолына ала бұйрық бойынша әрекет етуге көшеді. Бұлар жаудан кек қайтаруға кіріседі, басқыншылар үшін үлкен қауіпке айналады.
Аталған топтың командирі Николай Дорбин екен. Біртіндеп топтары көбейіп, «Большевик» деген партизан отрядын құрып, аз уақыттың ішінде «Николай Щорс» атындағы партизандар бригадасы атанды. Осы бригаданың әскери комиссары Уәли Оразбаев болды. Ал, кейіннен жазушы болған партизан Тоқтағали Жангелдин («Партизан күнделігі» атты кітаптың авторы) Борисов ауданының жасырын комсомол ұйымының бірінші хатшысы екен. Тұрғаш апайдың есеп карточкасын сол кісі толтырыпты. Белоруссиядағы партизан қозғалысына 1500 қазақстандық қатысса, солардың ішінде Тұрғаш та бар еді. Осылайша оның партизандық күндері басталады.
Соғыстың басталғанына бес-алты ай өтсе де, олардың отрядында радист болмайды. Келесі 1942 жылдың қаңтар айының аяғында Мәскеуден арнаулы радиотехника мектебін бітірген Нұрғаным Байсейітқызы келіп, партизан бригадасына көмек көрсетеді. Осылайша, «Үлкен жермен» байланыс орнатылды. Нұрғаным партизандарға соңғы хабарларды, «Совинформбюроның» хабарларын баяндап отырады. Нұрғаным Тұрғашты радиотехникаға үйреткеннен кейін, өзі жауынгерлік тапсырмамен басқа бригадаға ауысып кетеді.
Тұрғаш үш айдың ішінде неміс тілін жетік меңгерді. Көбіне радиотехниктердің қасында болып, әуе толқынында «Үлкен жерден» келіп жеткен құпия шифровкаларды тәржімалап, өте маңызды әрі қажет ақпарларды өз командирлеріне жеткізіп отырды. Қолы бос кезде наубайханада, асханада да көмек көрсетті. Барлаушылар «тіл» әкелсе, тұтқыннан жауап алуға да қатысады. 1944 жылдың тамыз айының 23-і күні неміс басқыншыларынан Белоруссияның көптеген жері азат етілгеннен кейін Тұрғаш Жұмабайқызы II дәрежелі «Ұлы Отан соғысының партизаны» орденімен марапатталады.
Бұған дейін олар небір қаһарлы күндерді, мазасыз күндерді көріп, оқ пен оттың арасынан өткен болатын. Бірде бұлардың тобы партизандарды жоюға шыққан фашистердің үлкен бөлімімен бетпе-бет айқасқа түседі. Қардай бораған оқтан сытылып шығу да оңай шаруа емес еді. Әр ағаштың түбін паналаған партизандар өз отрядтарына қарай бет түзейді.
Автоматын қыса ұстап, жауға кектене оқ төккен бір партизанның арқасында таңылған түйіншек жүрді. Бұл – ұлын арқасына таңып алып жауға қарсы оқ боратқан қазақ қызы Тұрғаш, партизандар Тамара атап кеткен Тұрғанкүл Жұмабайқызы болатын. Кейін Тұрғаш апай ауылдастарына осы туралы: «Жан алып, жан беріскен айқас, бораған оқ соғысқа шегініп келеміз. Бір кезде арқамдағы бала бірден ауырлап кетті. Не болғанын түсіне алмадым. Бірақ жүрегім бір жамандықты сезгендей тулай жөнелді. Оған қарайтын шама жоқ, ізім өкшелей қуған ит ерткен неміс автоматшылары, тек құтылуды ойладым. Жанталаса соғысып, жаудан қара үздік, отрядқа келгесін қаруластарыма «Арқамдағы бала қимылдамайтын сияқты, шешіп алып көріңіздерші» дедім. Сөйтсем оған жау оғы тиіп, о дүниелік болып кеткен екен» депті. Күйеуі хабарсыз кетіп, ал ұлынан көз алдында айырылған Тұрғаш енді жауға одан сайын кектене түседі.
Ол Отан соғысы тарихында маңызды ұрыстардың бірі болып саналатын Одер маңындағы шайқасқа қатысады. Жаудың терең тылына Одер өзенінің маңына оларды бір түні ұшақпен апарып салады. Бұлар сол маң жаудан тазарғанша өздеріне жүктелген жауынгерлік міндетті абыроймен орындайды. Орталық қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлікпен, қажетті жарақтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, үнемі байланыс болып, жаралылар әкетіліп отырады. Бірде шағын топ із жасыру мақсатымен орманда келе жатқанда жау қолына түсіп қалады. Комендатураға әкеліп қинап жауап алса да, ұрып-соқса да жөндерін айтпайды. Бұдан соң оларды «өлім лагеріне» айдайды, бір-екі ер кісіні сол жерде атып тастайды.
Лагерьде жұмысқа салады, бірнеше тілге жетік болғандықтан, Тұрғаш асханаға ыдыс-аяқ жуушы болып орналасады. Тұтқындарға тамақ бермейді. Ол неміс солдаттары асханасынан тамақ ұрлап алып шығып, түнде бараққа келгенде қасындағыларға үлестіріп отырады. Бірде бараққа қайтып келе жатып, қоршау ішінде тұтқындардың ағаш жапырағын жеп тұрғанын көріп, ұрлап әкеле жатқанын соларға лақтырады. Неміс солдаттары көріп қалып, бұрап қолын сындырады. Алайда барақтағы тұтқын әйелдер арасынан сынықшы табылып, мұның қолын емдеп шығады. Арада екі-үш айдай уақыт өткен соң бұларды партизандар құтқарып алады да, ол бұрынғы отрядына қосылады.
Деректерге сүйенсек, Тұрғаш 1945 жылы тамыз айында елге оралады. Оның елге келуіне қатысты Шайхы Жүсіповтің естелігінде біраз мағлұматтар айтылады. Жеті жыл елде болмаған, орыс, украин, неміс, белорус тілдерін жетік білген оның ауылға келген сәтте қазақшаға қиналғанын айтады. «...Тұрғаштың киімдері әлі де көз алдымда. Үстінде гимнастерка, иығында погон, басында пилотка, шашын қысқа қиған, юбкасы, аяғында хром етігі, белінде былғары белбеуі бар...» деп суреттейді Ш.Жүсіпов.
Бұдан соң екі-үш ай өткесін Батырхан да елге оралады. Сонда Тұрғаш «Батырханды партизан болып жүргенде кездескенде атып тастар едім. Баламен екі жыл азап шегіп, қанша қиналдым. Соғыс басталмай тұрып елге апарып таста деп қанша жалынғанмен тыңдамады, ақыры ұлымнан айырылдым...» депті. Жаны күйген ана осылай демегенде, не десін?!
1945 жылы аудан орталығындағы балабақшаға меңгеруші болып қызметке орналасқан Т.Жұмабайқызы 1947 жылы өмірден озады. Соғыс салған жара жазылмай бақилық сапарға аттанып жүре берген қазақ қызының, Сыр аруының тағдырына қатысты, өмір жолына байланысты әлі талай зерттеулер жасалар, әлі талай еңбектер жазылады деген үмітпен қорытынды жасап, ой түйеміз.
Көнекөздердің айтуынша, Тұрғанбике дүниеден өткеннен кейін Батырхан Түркістан әскери округінде қызметін жалғастырған. Отбасын құрып, зейнет демалысына шығып, Алматы қаласында тұрған көрінеді. Осы мақаланы жазуда ауданымыздың байырғы тұрғыны, бұл күндері Қызылорда қаласында тұратын сексенге жақындаған Тұраш Ақшамұратов ақсақалдан білгенін сұрадым.
– Мен 1972 жылы Алматыдағы жоғарғы оқу орнында оқып жүргенімде Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны Оразалы мен әйелі Жәмиланы ертіп Батырхан ағаның үйіне алып барған едім деп еске алған болатын.
Сексенінші жылдардың басында Жалағаш қыстағында Батырханның немере қарындасы, аудандық байланыс бөлімінде телефоншы болып жұмыс атқаратын Қалдаш Қаражігітовамен көрші тұрдық. Сонда Қалдаш Алматыда тұратын ағамның үйіне барып келдім деп жүретін. Ал, соғыстан жеңіспен оралған партизан Тұрғанбикені алғаш көріп, оның әскери киіміне таңғалған және сөзін естіген Шайқы сексенінші жылдардың соңында дүниеден өткен.
Сұм соғыста арман ерте сөнді, миллиондаған боздақтар жат жерде көз жұмды. Талай аналар жары мен бауыр еті баласынан айырылды. Уақыт өткен сайын тарих беттері сарғайып, адамзат баласына қайғы-қасірет алып келген екінші дүниежүзілік соғыста еліміздің азаттығы мен бостандығы үшін жандарын қиған ерлердің есімдері көмескіленіп барады. Елеусіз қалған есімдерді халқына қауыштыру, олардың майдандағы жан қиярлық ерлігін бүгінгі, келешек ұрпаққа хабардар ету аға ұрпақтың міндеті деп білемін. Осы тұрғыда жалағаштық Тұрғанбике Жұмабайқызы алда келе жатқан Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің тарихынан өз орнын алады деген үміттеміз.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.
« Қыркүйек 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 |