« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақта қаламгер де, қайраткер де көп. Елінің еңсесін тіктеп, халқының қамымен күн кешкен қайратты ерлер де аз емес. Дегенмен, бір емес, бірнеше тізгінді бекем ұстай алатын ерлер дара. Сол дараның бірі де бірегейі – Құтмағамбет Қонысбаев.
Талапбай атамыздың көрегендігі не сонау 1960 жылғы тілегін құдайдың бергені болар, Құтмағамбет расымен де қазақтың құты болып дүниеге келген. Тұп-тура алпыс жыл бұрын, сәуірдің жиырмасыншы жұлдызында.
Кейіпкеріміз Қарақалпақстан Республикасының Беруни ауданындағы Қызылқала ауылында жарық дүние қақпасын ашқан. Атажұртқа жаңа мыңжылдық шымылдығын түргеннен кейін ғана біржола қоныс аударып келгендіктен, оқырманды оның өмірбаянымен қысқаша таныстыра кетелік.
Құтмағамбет Қонысбаев 1977 жылы орта мектепті бітіріп, Тахиаташ қаласындағы №27 ССПТУ-дың жүргізушілер дайындайтын бөліміне оқуға түсті. Оны бітірген соң 1978 жылдың 3 наурызынан Төрткүл ауданындағы «Кирсовхозводстрой» трестіне қарасты ХРУ-3 мекемесіне жүргізуші болып жұмысқа орналасты. 1978 жылдың қазан айынан 1980 жылдың желтоқсан айына дейін Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскерден соң мақташылар бригадасында табельщик болып істеді.
Сірә, бойдағы талант, жазуға құштарлық пен қалам қуаты болмағанда, Құтмағамбет өзге өндірістің үздігі болып кетер ме еді? Алайда оны жастық жігері Алматыға жетеледі де тұрды. Осылайша ол 1981 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекетік университетінің) журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы бітірді. Қарақалпақ обкомының шақыруымен сол жылы қырқүйек айынан бастап «Совет Қарақалпақстаны» (қазіргі «Еркин Қарақалпақстан») газетінде тілші, меншікті тілші, редакция меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.
Бірақ, Құтмағамбеттің бойындағы қуаты қағаз бетіне сыймайтын еді. Мұны өзі де, өзге де сезетін. 1991 жылы ақпан айында ол Қарақалпақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы орталықта істей жүріп, Қарақалпақстан тарихындағы тұңғыш қазақ тіліндегі газет – «Достық үнін» ұйымдастырып, 1992 жылдан 2002 жылға дейін оның бас редакторы міндетін де қоса атқарды. «Достық үні» газетінің кітапханасынан» сериясымен республикадағы қазақ жырау-жыршыларының, шығармашыл жастардың өлеңдерін шағын кітап етіп шығару ісін жолға қойды. Ақындар айтысын, әнші-күйші, жырау-жыршылар сайыстарын ұйымдастырып, қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени талаптарының қанағаттандырылуы мәселесін Қарақалпақстан, Өзбекстан Республикалары басшыларының алдына мәселе етіп қойып, олардың басым көпшілігінің ұнамды шешілуіне үлкен үлес қосты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар баршаға белгілі. Ақша құнсызданып, қаржы тапшылығы белең алған кез. Бірнеше жылдан соң баяғы алып келген матрицалар тоза бастайды. Құтмағамбет үш дүңгір (фляга) балды пойызға артып, Алматыға жол тартады. Балды сатып, ақшасына сол кездегі «Дәуір» полиграфия кешенінің басшысы Әнуарбек Тілеулесовқа кіріп, төрт қорап матрица алып, шілденің шіліңгір ыстығында Түрікменстанның Чаржау қаласына ұшақпен ұшып, әрі қарай пойызбен Хожеліге жетеді. Өйткені, Нөкістегі орталық баспахананың жүктемесі көп болғандықтан, газетті жақын жердегі Хожелі аудандық баспаханасында басуға тура келеді.
1993 жылы тамыз айында Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 2 жылдығына орай Президент Ислам Кәримовтың атына «Қоғам Отан мүддесін қорғасын десек...» деген тақырыпта «Достық үні» газетінің үш бетін алған Ашық хат жазып, онда Қарақалпақстан қазақтарының мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің бәрін «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп, заңдық және кәсіби журналистік тұрғыдан дәл көрсетіп берді. Бұл республикада үлкен резонанс туғызды.
1998 жылдан бастап, газетке қосымша «Өркен» журналын шығарды. Онда тек жергілікті ғана емес, тіпті Қазақстандағы қаламгерлер мен ғалымдардың ғылыми мақалалары жарияланып тұрды.
Журналист, қоғам белсендісі ретінде Қарақалпақстандағы қазақ ұлты өкілдерінің рухани-мәдени сұраныстарын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайларына, басқа да іс-шараларына үздіксіз қатыса жүріп, Қазақстан басшылығына жеткізуде де көп еңбек сіңірді. 1990 жылы 1 желтоқсанда Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті, марқұм Ислам Кәримовтың, 1993 жылы 17 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеп, екі елдің басшыларын Қарақалпақстан қазақтарының жағдайынан хабардар етті.
2002 жылдың басында Атажұртқа көшіп келіп, Алматы облысының Талғар қаласына орналасты. 2008 жылға дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, содан соң республикалық «Заң», «Экономика», «Айқын» газеттерінде тілші, бөлім редакторы қызметтерін атқарды. 2018 жылдан республикалық «Жеті жұрт» газеті бас редакторының орынбасары. Ел алдындағы журналистік еңбегі еленіп, 2011 жылы Мәдениет қайраткері атағымен марапатталған.
Жұбайы – Жақыпова Амангүл Ибрайымқызы. Үлкен ұлы Талғат – ҚазҰУ-дің заң факультетін, қызы Жазира әке жолын қуып, осы оқу орнының журналистика бітірген. Кенжесі Нұрхат та қазір осы университтің Ақпараттық технологиялар факультетінде оқып жүр.
Ұл-қызынан бірнеше немере сүйіп, олардың алды 2 сыныпта, кейінгілері балабақшаға барып жүр.
Бір қызығы, журналист, қоғам белсендісі, ұлтжанды азамат ретінде Құтмағамбет Қонысбайдың пешенесіне бұрын – Қарақалпақстанда тұрған кезінде, сондағы қандастарымыздың дауын даулап, жырын жырлау, жетістіктері мен кемшіліктерін сәулелендіру жазылса, енді атажұртқа қоныс аударған соң сол Бесқаладан келген қандастардың атамекендегі мұң-зары мен арман-мұраттарын, жалпы алыс-жақын шетелдерден келген қандастарымыздың тәуелсіз еліміздің дамуына қосып жатқан үлестерін жалпақ елге жеткізу міндеті жүктелгендей.
Құтмағамбет Қонысбайдың ел игілігі жолында еткен еңбегін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бұл келешекте көлемді мемуар етіп жазуға татитын дүние. Оның есімі Қарақалпақстандағы қазақтар өмірінің тұтас бір дәуірін көз алдыңызға әкеледі. Кезінде оның қандастары үшін атқарған қызметі жайлы белгілі балалар жазушысы, марқұм Балтабай Әділ ағамыз: «Қазақ көп, Құтмағамбет жалғыз, қалай үлгереді, япырмай!» деп жазған. Бұл – бұлтартпас шындық, айдай ақиқат!
Сб-ақпарат.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |