« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мәскеу қаласындағы мемлекеттік мұрағаттағы бұл кісінің ерлік жолы туралы құжаттарды оқып, ержүректігі мен батырлығына тәнті боласың. Ауыл баласының ұлы Отан соғысы кезінде аға лейтенант дәрежесінде болуы оңай шаруа емес-ті. Ендеше оның өмір жолын басынан бастайын.
Қиын-қыстау дүрбелеңге толы қысылтаяң шақта дүниеге келген Махметханның балалық шағы жіптіктей болды деп айта алмаймыз. Қиыншылықты жастайынан басынан өткізгендігі оның қанатының ерте қатайып, ерте есеюіне тура келді. Оқуға құштарлығы мол ол 1938 жылы Ақарық ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіреді. Одан кейін сол жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, бітіргеннен кейін 1942 жылдың тамыз айында он тоғыз жасында соғысқа аттанады. Сауатты жігітті барлаушылар курсынан өткізіп, кіші лейтенант шенін береді. Содан кейінгі 1942 жылдан 1945 жылдың жеңіс күніне дейінгі барлық өмір жолы соғыстың от-жалын шарпыған бел ортасында өтеді. Төрт рет ауыр жарақат алып госпитальға түседі. Жазылып шығып, соғысқа қайтадан қатысады.
Қолдағы құжаттарда Ұлы Отан соғысы кезіндегі Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрықтары мен шешімдері көрсетілген. Кіші лейтенант, жауынгер барлаушы Махметхан Әбішевтің кеудесін оққа тосып, жаудың жойқын сұрапыл соғысына беріспей қарсы тұрып, өліммен бетпе-бет келгені баяндалған. Отан үшін от кешіп, батылдық пен тапқырлықтың үлгісін қан майданда талай рет көрсеткен. Нағыз батырға тән ерлік жасап көзге түскендігін, командирлердің үнемі алғысын алып, абыройға бөленгендігін, Отанын қорғаудағы ерлігі мемлекет тарапынан үнемі бағасын алғанын көреміз.
Ол Белоруссияны, Латвия мен Литваны, Украинаны, Польшаны азат етуге, Берлинді алуға қатысып, өзінің әскери борышын адал атқарған майдангер болды. Оның ерлік жолын жіктеп айтатын болсақ, 1943 жылдың шілде айында Белоруссияның орталығы – Минскіні азат етуге қатысады. Осы жылдың қыркүйек айында советтік Украинаны гитлершіл басқыншылардан азат ету үшін төрт майданның әскерлері оның ішінде Днепрді кешіп өтіп, дегендеріне жеткен кезде сол майдангерлердің арасында Махметхан ағамыз да болған-ды. 1944 жылы Польшаның орталығы – Варшаваны жау қолынан құтқаруға қатысып, ерлік ісі үшін кеудесіне «За освобождение Варшавы» медалі тағылады.
1945 жылдың мамыр айында болған Берлинді алу жолындағы қанды соғыстың жеңіспен аяқталуына қатысқан Махметхан 1946 жылы кеудесінде «Красная звезда», «Отечественная война второй степени» ордендері мен «За освобождение Варшавы» және «За победу над Германией» медальдарымен елге аға лейтенант болып оралады.
Осы тұста тарихтан деректер келтірсек. Мұны да біліп қойғанның зияны бола қоймас. Бұл алапат басқыншылық соғысқа кең-байтақ Қазақстаннан 1 млн 366 мың адам қатысып, оның 410 мыңнан астамы соғыс даласында қаза тапқан. Сыр жерінен 70 мыңнан астам адам Отан қорғауға қатысып, 30 мыңнан астам адам елге оралмаған. Ал, Жалағаш ауданынан бұл қанды қырғынға 3 мыңдай адам аттанған. Одан 694-і ғана елге аман-есен оралған. Солардың бірі майдангер офицер М.Әбішев болатын.
1946 жылы туған жері Ақарық ауылына келгенде бұл аймақта «Ақарық», «Көкпая» Ворошилов атындағы майда колхоздар бар-ды. Соғыстың зардабынан ауылдың әлпеті де, тіршілігі де мардымсыз, халықтың тұрмыс жағдайы да жықпа-жығылма күйде. Көп үйлер қара жамылған, енді бір үйлер «аман-сау келіп қалар» деген ойдың жетегінде сияқты. Колхозшылардың қатары жасы келген ерлер мен бала-шағалы әйелдер болып қалыпты. Ауыл мектебінде білімі бар мұғалім жоқтың қасы. Мұны көрген Махметхан аға жұмысты өзінің мамандығы бойынша ауылдағы №124 орта мектепте ұстаздықтан бастайды. Арада жыл өтпей, үш майда колхоз 1947 жылы біріктіріліп, «Ақарық» колхозы атануына байланысты оны колхозға председатель етіп сайлады.
Жердің, судың, халықтың жағдайын жақсы білетін Махметхан ағамыз жұмысты көзін тауып, ұйымдастыруының арқасында колхозшыларды еңбекке жұмылдыра білді. Ол кезде техника деген атауымен жоқ. Жерді жерағашты сиырға жегіп, ат соқамен жыртатын. Солай болды да. Қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді, асқан іскерлікпен, ұтымды пайдаланудың арқасында талапқа сай күріш, бау-бақша егілді, қанағаттанарлық дәрежеде өнім де алынды. Колхозшылардың тұрмыстық жағдайлары да көтеріле бастайды.
Осы тұста колхоз тарихына қысқаша шолу жасайтын болсақ. Ақарықтың колхоз болып ұйымдасудан совхоз болып қалыптасып құрылғанға дейінгі аралықта Махметхан Әбішевтің басшы ретіндегі қосқан үлесі айтарлықтай болғандығы әліге дейін елдің есінде. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, алғашқы майда колхоздар біріктірілгенде ауылда 181 үй, 1200-ге жуық халық, 201 жұмыс қолы, соншама колхозшы болыпты.
Адам мүмкіндігі бойынша бойындағы барлық қуатын өзіне жүктелген қызметте жауапкершілікпен абыройлы атқаруға жұмсайды. Осы қағиданы берік ұстаған колхоз төрағасы халықпен байланысын ешқашан үзбеген. Ол «Жалғыздың үні шықпас, менің бір өзімнің қолымнан не келеді?» дейді екен. Халықтың қолдауымен асарлатып, үлкен клуб, колхоз кеңсесін, дүкен, астық сақтайтын үлкен қойма салдыртыпты.
Өмір деген қызық қой, жұмыс жайында кейде жақын-жуық туыстармен ренжісіп қалатын жағдайлар да болады. Ал, колхоз басшысының бір ерекшелігі сол, ешкімді бөліп жармайтын, барлық колхозшыларды бірдей көретін. Содан болар, Мәкеңнің тапсырмасы десе, екі айтқызбай-ақ орындайды екен.
Колхоз басшылығынан кейін 1961-1967 жылдары «Аламесек» ауылдық советінің председателі, 1967-1969 жылдары Ақарық совхозы директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, еңбек демалысына шығады.
Жоғарыда аталған қызметті атқарған кезде «Аламесек» ауылдық және Жалағаш аудандық советіне депутат болып сайланады. 1966 жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
Қай салада еңбек етсе де, өзінен кейінгілер айтып жүретіндей із қалдырған ағаның ауылының экономикасы мен мәдениетін көтерудегі жарқын істері – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жалпы рухани тәрбие, тұрмыстық-туыстық қатынастар ауыл адамдарының арасында, күнделікті өмірде көзге көрінбей жүріп жатады. «Адамның күні адаммен» деген ұғым осыдан бастау алса керек. Өмір бойы еңбек еткен адам өзінің бойындағы барлық күш-қуатын, сол қолға алған жұмысына жұмсайды. Соны нәтижелі етуді ойынан шығармайды, еңбекке үйреніп алған адам тыныш отыра алмайды. Өйткені еңбек – қолдаушысы, қорғаушысы. Жалпы адам – өз өмірінің суретшісі деген теңеу осындайда айтылса керек-ті.
Оны білетін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің иегері Сырдария ауданының ардагер азаматы Ширек Ысқақов:
– Халықтың құрметіне бөленген білікті басшы, үлкенді құрметтейтін, кішіге қамқор, әлсіздерге, жетім-жесірлерге көмектесетін, айналасына мейірімді басшы болатын. Қолында билік тұрса да, өзін таза ұстайтын, дүниеге қызықпайтын, қолын былғамайтын, адал азамат еді. «Менің байлығым – отбасым, іні-қарындастарым, балаларым дейтін». Отбасында өте жайлы кісі болатын. Әке-шешесі, өзі жеті ағайынды, он баласы болып, бір дастарханның басында жиырмадай кісі отыратын. Жолдасы Гүлбаһрам бір мың болғыр кісі еді, – деп еске алады.
Атам қазақ қай кезде де аты шыққан азаматты естісе болды «Кімнің ұрпағы екен?» деп сұрайтыны – ежелден келе жатқан үрдіс. Осы мақаланы жазуда менің де ойыма осындай сұрақтар келіп, сұрастырғанымда білгенім:
Махметханның төртінші атасы Қисық ата заманында Сыр бойындағы атақты байлардың бірі, халқына сыйлы, өзі би, өзі шешен «40 мың қой айдаған мәрт кісі» атаныпты. Ол жайлы айтылатын әңгіме көп. Бірде малын аралап жүріп қақпан құрып жатқан кісіге кезігеді. Сонда одан жөн сұрасып, не кәсіп жасап жатқанын әңгіме етеді. Сол кезде әлгі адам қақпан құрып, сонымен отбасын асырайтындығын білдіреді.
Сонда Қисық ата:
– Ей, шырағым, мына тостағандай затпен отбасын асырағаның болмас деп, жақын маңдағы қойшысына ертіп келіп, алдына жүз қаралы қойды салып беріпті.
Халық арасында Қисық ата екі рет Қыдыр көріпті деген аңыз бар. Арал ауданының бұрынғы «Қарақұм» совхозының орталығы – Тоқабай елді мекенінің түстік жағында 50-60 шақырым жерде Қисық ата қорымына қойылған белгі бар. Сол жерде Қисық ата шегені деген құдық бар. Бұларды айта отырып, Махметхан аға туралы «адам да табиғатына тартып туады-ау» деген тоқтамға келдік.
Есет батыр ауылында «Қисық әулеті» деген әулет бар. Сол әулеттің ұрпағы Махметхан мен оның жұбайы Гүлбаһрамнан дүниеге келген сегіз бала олардың өмірін жалғастыруда. Мұны «Орны бар оңалар» деген халқымыздың ежелден айтып келе жатқан ұлағатты сөзінің көрінісі деуге болар.
Осы ойымызды қағаз бетіне түсірген кезімізде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына да санаулы күндердің қалғаны санамызға еріксіз ой қосады. Ол ойдың бастаушысы көпшілік «Ойдың шырайын шығарғың келсе, орнын тауып айта біл» демекші, «Аламесек» ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы мен жергілікті қоғамдастық жиыны Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында Жалағаш кентінің бір көшесіне барлаушы офицер Махметхан Әбішевтің атын беру жөнінде құжаттар дайындап, оны құзырлы орындарға табыстады. Айтатынымызды айттық, енді оның нәтижесін күтейік.
Өткенді қастерлеу, еске алу, оны орнымен пайдалана білу арқылы ғана, біз бүгінгі күннің қадір-қасиетін тиісінше дәрежеде бағалай алатын боламыз.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,
«Жалағаш ауданның Құрметі азаматы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |