« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Иә-ә деңіз. Өмір дерегі бір дастанға лайық адамдар болады. Қалайша дейсіз бе? Е-е, құлақ тосып, мұқият тыңдаңыз ендеше...Соның қатарына Қасым Құлманов ағамызды қоссақ, тіпті жарасар еді. Он үш жасқа толар-толмаста әке-шешеден айырылады. Әпкесі екеуі «Қамыстыбас» стансасындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Орталау мектептен соң «Аралбалықтресі» жанындағы оқу комбинатында алты айлық курстан өтіп, балық өңдеу мамандығын алғасын балық қабылдау қызметіне кіріседі.
Хо-ш деңіз. Бұл 1935 жыл еді. Сонда Қасым мырзаңыз он алты жасқа толған-ды. Құдай-ау, пысықай қара домалақ баланың бармаған жері жоқ. Ауан, Бөген, Қаратерең, Қарашалаң және басқа флоттардың бірінен-біріне ауысып, ара-арасында жиырма аттық қуаты бар матафлюгаға балық қабылдайтын марқас қайығын тіркеп, теңіздің қолтық-қойнауын шарлапты-ай!
Әне, солай... Жер-жерді аралап, шапқылып жүргенде заулап жиырма жасқа жеткенін де білмей қалыпты-ау!.. 1939 жылдың күзінде Отан алдындағы борышын өтеуге әскери комиссариаттан шақыру алады. Не тұрыс болсын, қызыл вагонға топырлап мініп батысқа қарай жөнеп береді ғой...
Со-нау жер түбіндегі Арал теңізінде жайбарақат жүзіп, жетімдіктің азабынан енді-енді арылдым ба деп, күлімдеген оны күтіп тұрғандай-ақ, 1939 жылдың қараша айының 30-да кеңес-фин соғысы бұрқ етті. Осыдан бір күн бұрын 29 қарашада В.Молотов радио арқылы сөз сөйлеген-ді. Ақыры осылай болды.
Расында, КСРО Финляндияны өзіне қосып алып, Социалистік елге айналдырып, Ленинградтың ту сыртынан төнетін қауіпсіздікті сақтау мақсатын көздеген-ді. Финдердің бірінші және екінші қорғаныс шебін зеңбірекпен соғып, қиқалап қиратып, шекараға 12 шақырымдай сұғына кіргенде финдердің бітім сұраған хабары келеді. Әйтсе де, бұл соғыс мыңдаған боздақты құрбандыққа шалып өте шықты.
Әттең де, әттең, әттең-ай!.. Қасым Құлманов қатар-құрбыларымен әскери жаттығулардың түр-түрінен өтіп, кіші сержант шенін алып, ертең бір күн елге қайтамыз деп сағыныш жүрегі лүп-лүп соққан күннің ертеңіне, 1941 жылдың 22 маусымында столбыға бекітілген үлкен радио:
– Германия фашистері опасыздық жасап, тұтқиылдан шекараны басып кірді. Барлығы майдан үшін! – деп зарлады.
Бұл зұлымдыққа не шара?! Бәрі үнсіз. Ауыл да еңбек етіп, жақсы-жаманды көріп, одан соң Фин шайқасына қатысып, ақ қар жастанып, түн қатып, аз-кем бейнетті бастан кешкен Қасым Құлманов дүр сілкінді.
– Нартәуекел, – деді ол саңқ етіп, – Ер жігіттің басынан не өтпейді? Елді, жерді қорғау – қастерлі борышымыз, әйдә серпіліңдер!..
Жаудың сан жетпес бомбалаушы ұшақтары батыс шекараға шүйілді дейсің! Оларды әуе шабуылынан қорғану әскерлері зениткалардан оқ жаудырып қарсы алды. Полковник И.Удовиченко басқаратын №10 арнайы әуе шабуылынан қорғаныс бригадасына қарасты №133 зенит-пулемет батальоны да соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ жаудың ұшақтары мен жаяу әскерлеріне қарсы қиян-кескі ұрыс жүргізді. Осы құрамда кіші сержант Қ.Құлманов та бар еді. Әрине, тұтқиылдан тиіскен жаудың жойқын күшіне төтеп беру мүмкін болмады. Әсіресе, Литваның Паневежский уезінің аумағындағы қырғында талай боздақтар оққа ұшты. Батальон ұрыс сала отырып кейін шегінді. Ал біздің кейіпкер қайда?! Әскери командованиеден «Кіші сержант Қасым Құлманов ұрыс даласында хабар-ошарсыз кетті деген» «қара қағаз» сол 1941-дің 23 шілдесінде «Сексеуіл» стансасына жетті. Ағайын-туыс у-шу! «Алла-ай, жетімек-ай, небәрі бір-ақ ай шайқасқаны ма?! Жаудан өшін алып та үлгермегені-ау!.. Алла байғұс-ай» деп ел болып жыласты.
Жо-жоқ, олай емес-ті. «Қара қағаздың» қанша жол жүргенін қайдам? Алапат, қиыр-шиыр шақ қой. Қателік те, ағаттық та жүдә көп-ті. Ал, Қасым жауынгер құдайға шүкір, есен-сау еді. Бір топ зенитчик-артиллеристер болып жау қоршауын бұзып, 1941-дің 2 шілдесінде Псков қаласы маңындағы 38-запастағы атқыштар полкіне келіп қосылған-ды. Оның Ленинград әскери сараптау пунктіне келгендігін растайтын 1147 санды тізімге алу карточкасы қолымызда.
Одан әрі не болды дейсіз-ау! Дұрыс, жүдә дұрыс... Әскери сауаты бар, бұл жауынгерден кіші командир шығады деген ұйғарыммен басшылары Қ.Құлмановты Ленинградтағы Артиллерия училищесіне оқуға жолдайды. Алайда, мұнда жау жақындап қалғандықтан, стратегиялық маңызы бар оқу орны Сібірге, Томскіге эвакуацияланады. Қ.Құлманов жеделдетілген алты айлық курсты Пуазо технигі, яғни артиллерия мен зенит арқылы атуды басқару құралының техник-маманы (прибор управление артиллерийским-зенитным огнем) ретінде бітіреді. 1942 жылдың қаңтар айында КПСС мүшелігіне қабылданады.
Жалпы 1942 жыл Ұлы Отан соғысының тарихында өте-мөте ауыр кезең болды. Немістер Ленинградты жермен жексен етпекші болып аласұрды. 1941-1944 жылдар аралығында құрсауға алды. Әсіресе, Мча қалашығы маңындағы ұрыстар 1,5 жылға созылды. Кіші командир Қ.Құлманов 285-атқыштар дивизиясының 1013-атқыштар полкінің сапында қиян-кескі шайқастарда жүрді. Осындағы ерлігі бағаланып, ол 1942 жылдың күзінде «Ерлігі үшін» медалін омырауына тақты. Қызыл армияның тынымсыз шабуылы нәтижесінде ғана 1943-тің қазан айында немістердің қорғанысы сетінеп, олар Чуд көлінің шығысына қарай шегінуге мәжбүр болды. Біздің кейіпкеріміз жауды Ленинградтың іргесінен біржола қуатын «Новгород-Лужск» соғыс операциясына да қатысып, «Чуд-Любин» бағытында шабуылдаған 285-атқыштар дивизиясының сапында бақылаушы әрі наблюдатель ретінде көзге түсіп, «Ленинградты қорғағаны үшін» медаліне ие болды. Одан әрі Порохов қаласын жаудан босатуға, «Алхимово-Трегубово» мен Псковтың Великая өзеніндегі неміс бекіністерін жоюға да белсене араласады. 285-атқыштар дивизиясы 1945-тің 10 қаңтарынан атақты «Сандомир-Силезск» операциясында да даңқы шығып, ұрыс сала отырып, герман жеріне қарай жақындай береді. Жаны қысылған жау біздің танкілерге қарсы соңғы рет модификацияланған реактивті снарядпен атылатын қол қаруы – фаустпатрондар мен панцир патрондарды қолданып, қала мен елді мекендердің арасынан өтіп бара жатқан танкілерді әжептәуір шығынға ұшыратты. Дегенмен, пәрменді күш қойсын ба, Қызыл Армия олардың мықты деген қорғаныстарын быт-шыт етті. Осы ұрыстарда «Богдан Хмельницкий» орденді, номері 285 «Домбровск» атқыштар дивизиясының 1013-атқыштар полкінің, 1-атқыштар батальонінің парторгі кіші лейтенант Құлманов Қасым да аянбай шайқасып, Ерлік үлгісін көрсете білді. Бұған дәлел ретінде «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған марапаттау парағындағы жазбаларды келтірсек, артықтық етпес.
«...В бою 15-16 марта 1945 года по ликвидации оппельнской группировки противника и прорыва обороны в районе населенного пункта Кирхберг тов. Кульманов находясь в боевых порядках пехоты и руководя подразделением успешно отбил 8 контратак противника. Уничтожив при этом 8 гитлеровцев и троих захватил в плен. Во время этого ожесточенного боя тов.Кульманов был тяжело ранен и эвакуирован в госпиталь.
За проявленную отвагу и мужество в боях с немецкими фашистами тов. Кульманов достоин награждения ордена «Красная звезда».
Командир полка, подполковник (Алексеев).
9.06.1945 год.».
Осы ұсынысқа орай 285- «Богдан Хмельницкий» орденді атқыштар дивизиясының арнайы бұйрығы шығады. Сөйтіп Қасым ағамыз Жеңіс күнін Австрияның астанасы – Венада қарсы алады. Демек, ол Ұлы Отан соғысына Балтық жағалауында кіші сержант шенімен кірісіп, батальон парторгі болып, кіші лейтенант шенімен аяқтайды. Сөйтіп 1945 жылы, яғни алты жыл сыртта жүріп, онда да шылқыған қанды шайқастың алай-түлей от-жалынның ортасынан ауыр жарақатпен елге оралады.
Тіршілік ету керек. Сол 1945-тің желтоқсан айында-ақ «Аралбалықтресі» комсомол ұйымының хатшылығына сайланады. Кадр бөлімін басқарады. 1949 жылы аупарткомның нұсқаушылығына шақырылып, одан әрі 1951-дің қазаны мен 1952-нің шілде айлары аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы тоғыз айлық курсының тыңдаушысы болады. Оны тәмамдап келгесін ауатком төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Е-е, одан аупарткомның өндіріс-транспорт бөлімін басқарады. Қасекең Мәскеудің тамақ өнеркәсібі институтына сырттай оқуға түскен-ді. Сосын да болар 1954 жылдың желтоқсанында «Ұзынқайыр» балық зауытының директорлығына тағайындалады. Осында ол табан аудармастан сегіз жыл істейді. Аудандық балықшылыр тұтыну одағы мен аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына басшылық еткен кезде де Қасым Құлмановтың абыройы асқақтай түсті. Қай салада олқылық болса, оны партия сонда жібереді. Әйтсе де, соғыста алған жарақат сыр беріп, алдына кесе-көлденең тұра берді. Асыл азамат небәрі елу үшінде, халыққа танымал болып дүрілдеген шақта 1972 жылы дүниеден озды.
Қасекең 28 жасында Манар Тайжанқызымен танысып, бір-бірін қалап тұрмыс құрған екен. Одан жеті ұл-қыз өрбіпті. Атасының жүзжылдық асында немересі Анар Қасымова арнау өлеңін оқыды.
Ашық болсын
ұл-қызыңның таңдары,
Белгілі ғой биіктерге
самғары.
Жүз жылдықта ұрпақтарың
қауышып,
Орындалсын Қасым ата
арманы! –
деп төгілтті.
Тәуелсіз еліміздің іргесін бекіте түсуге Қасым Құлманұлынан тараған 18 немере мен 26 шөбересінің де лайықты үлес қосарына бек сенімдіміз.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер.
Арал қаласы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |