Жадымдағы жайсаңдар

Шығармашылық шабытты оятатын кейбір сәттер болады. Жазғалы отырған мақаламды содан бастамақпын. Жуырда биыл сексеннің сеңгірін бағындырған туыс ағам Хұсейн Жүсіпұлы Әмір-Темір телефон соғып, келіп кетуімді сұрады. Бардым. Жұмыс кабинетінде қабылдап, «Сіздің кітапханаңызда менің осы бір дүниелерім де орын алар ма екен деген  үмітпен шын жүректен ұсынамын.  Хұсейн 6.02.2020» деген қолтаңбасымен 4 томдық шығармасын берді. Туыстығымызды былай қойғанда, тағдырласпыз. 

Ол жалғыз ұлы Оспаннан, сүйікті жары Әлиядан айырыл­са, мен ұлым Ароннан, жарым Жақсыбикеден айырылдым. Екеуміз де  кәсіптерімізді шың­дадық, еңбек етуден тан­ба­дық. Мына 4 томдық еңбек – Хұсекеңнің қағаз бетіне таң­балаған, кейінгілерге қал­ды­ра­тын асыл мұрасы. Талан­ты­мен, өнерімен елге танылған аға­ның өмір иірімдерін бүге-шігесіне дейін мүлт жібермей жазып отырғаны, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, білімдарлығы ме­нің де шабытымды шырт ұй­қыдан оятқандай болды. Осы бір сөзімнен кейін өмірім­дегі кейбір жайттарды еске алып, қа­ғазға түсіруді жөн көр­дім. Пай­ғамбарымыздың ха­дис­­теріңде жақсылығыңды өзің айтпа деген тәмсілді бетке ұстап, өзіме жа­салған жақ­сы­лықтардан бас­тауды жөн көрдім. Өмірден озып кеткен­дердің рухтары риза болсын, олардың ұрпақтары бі­ле жүрсін, кейбір шенді-шек­пенділерге сабақ болсын, жас­тардың жанын жақсылыққа жа­қындата түсер деген ой ғана менде.

Азаматтың дұрыс қалып­та­суы мектептен, ұстаздарынан басталады. Сондықтан Сапар­бек Мұхтаров, Әмірғали Құдай­бергенов, Дариябай Әлиасқа­ров, Байназар Сүлейменов, Мың­жасар Бәйдешов, ­Мырзах­мет Жетпісбаев, Әбілқайыр Кен­жебаев, Әнуар Әбенов, Мең­дияр Киікбаев, т.б. ұстаздарым бүгінге дейін есімде, жарқын бейнелері көз алдымда. Биыл 100 жылдығын атағалы отырған Тереңөзектегі Иса Тоқтыбаев атындағы мектепті бітіргеніме 60 жылдан асты. Қанша уақыт өткенмен Битай Қуанов, Зер­хан Сақтағанова, Қасымхан Ыс­майлов, Келес Асқаров, Ахат Жанаев, Бектұрған, Айжамал, Алмат, т.б. ұстаздарымды тебі­рене еске аламын.

Орта мектепті бітіргеннен кейін (1959 ж.) үш жыл цел­люлоза-картон комбинаты құ­­ры­лысында бетон құюшы бо­лып жұмыс істедім. Осында еңбектің, тер төгудің не еке­нін білдім. Бүкілодақтық ком­сомолдардың екпінді құрылысы деп жарияланған ЦКК-да өз­бек Ахметов Юсуптің бе­тон­шылар бригадасында, ком­со­молдық жолдамамен Украина Белоруссия, Молдавиядан кел­ген азаматтармен жұмыс жаса­дық.

1962 жылы Армия қата­ры­на алынып, ГДР-да әске­ри борышымды өтедім. Тәр­ті­бі қатал болғанмен, мұнда да біраз жоғары шенді Ке­ңес офицерлерінің шапа­ға­ты­­­­­нан шет қалмадым. Рота ко­­­­мандирі капитан В.В.Ва­пи­ров офицерлер үйінде ЖОО-ға тү­суге талаптанғандарға ұйым­дас­ты­рылған 6 айлық дайындық кур­сына түсуіме жағдай жасады. Әскери борышымды өтеген екінші жылымда Варшава ке­лісімі (Стран Варшавского до­­говора) әскерлерімен бірге өткізілген әскери оқу-жатты­ғуға қатыстым. Ол Эльба өзе­нінің сол жағалауында КСРО қорғаныс министрі, мар­шал Ма­линовскийдің басшы­лы­ғы­мен өтті. Мен ол кезде аға сер­жант болсам да, офицерлік лауазымға сай взвод командирі едім. Бізге қойылған тапсырма – 8 минутта Эльба өзеніне пан­тоннан көпір салып, одан ауыр танкілерді өткізу. Сол кезде әуеден шү­йілген самолеттер тан­кілердің артынан алға ұмтылған жаяу әскерлерді бомбаның астына алуы керек. Түскен бомба­­лар­­дың жарылысын жарылғыш заттар – тротиллмен имитация жасау – бізге берілген әскери тапсырма. Дивизияның аға инженері, Кеңес Одағының батыры, майор В.А.Ершов әскери оқу-жаттығуға қатысты. Оның есімін естігенде коман­дирлеріміз діріл қағатын. Әс­кери жаттығу басталар ал­дында сапта тұрмыз. Майор Ер­шов сапты аралап, әскери бө­лімшелер солдаттарымен аман­дасып келеді. Біздің ротаға жа­қындағанда байқағаным,  ала­са бойлы, әскери сумкасы тір­сегіне түсетін, сап-сары, кір­пігі аппақ қарапайым орыс екен. Атына тіпті сай кел­мей­тін­дей. Батальон, рота, взвод ко­мандирлері қаққан шеге­дей. Взвод командирі ретінде сап­тың 1-қатарында тұрған маған майор  В.А.Ершов «Қайдан­сың?» деді. Әскери темппен «Қа­зақстаннанмын» деп сарт еткіздім. Сәл ойланып, «Қа­зақстан – кең байтақ ел ғой» деді. Іле «Қызылордаданмын» дегенімше, «Қаласынансың ба?» деп сұрады. «Иә» деген жа­уабымнан кейін маған бір­ден жылы шыраймен: «Ме­нің нағыз жерлесім болып шық­тың» деп қолымды қысты. Бір ауыз сөз айта алмай тұрған командирлерім аң-таң. Майор сәл кідіріп, соғыс кезінде Мәс­кеудің авиация училищесі Қы­зылорда қаласына көшіріліп кел­генін (эвакуация), соның қыс­қартылған курсын бітіріп, Қы­зылордадан әскери ұшқыш ретінде соғысқа аттанғанын те­бірене еске алды. Елге де­ген сағынышымды қозғап жі­бер­ген кездесуім кешегідей есім­де. Әскери сапты әрі қа­рай жағалауға ыңғайланған ол командирлеріме қарап, «Ме­нің жерлесім жаман қызмет ет­пейтініне сенемін, офицерлік лауазымда тұрғанына қарағанда солай болу керек, еліңе сәлем айт» деді. Қаламыздың тарихын зерттей келе, ескі базардың дария жақ бетінде Училищная деген көше болғанын білдім. Тағдырымның осы бір сәтіне алыс Герман жерінде тап бол­ғаным жақсылардың аялы ала­қанынан құр қалмағанымның дәлелі-ау деймін.

Үшжылдық Кеңес армия­сының соңғы айларында С.М.Киров атындағы (қазіргі әл Фараби) университетке оқуға келдім.  Конкурс жоғары, бір орын­ға 16 үміткер. Бірінші ем­тихан – тарих пәнінен. Әскерде дайындалғанмын. Бірақ емти­ханның аты – емтихан. Аға сержант пагонымен әскерше  киініп, бағымды сынауға кел­дім. Билет алып дайындалуға оты­­рысымен, сылыңғыр, қара­то­ры азамат қасы­ма келіп, билеттердегі сұрақ­­­тарды шолып өтті де, «анау кар­талардағы белгілерді дұ­рыстап қарап, солай жауап бере бер. Мысалы, ана бір карта Кеңес үкіметінің жалпы шеруі (Триум­фальное шествие Советской власти) деп аталады. Онда көр­сетілген қызыл жалау­ларды уақытына қарап айта бер» деді. Солай жауап бердім. Бас­қа сұрақтарға да дұрыс жауап берген сыңайлымын. Емтихан алушылар бір ауыздан 5-тік баға қойды. Маған бағыт бер­ген тарих ғылымдарының кан­­дидаты, доцент Рахым Қа­йыр­гелдин ағай екен. Уни­вер­ситетке қабылданғаннан кейін, ұс­тазым жұбайы Л.В.Моз­гуновамен бір­ге дәріс оқыды. Алғашқы емтиханда-ақ аяулы ұстаздардың аялы алақан­да­рының жылуын сезіндім. Оқуға түсуіме сенімім артты.

Келесі емтихан – қазақ әдебиетінен шығарма. Үш жыл қазақша кітаптан қол үз­ген, тек орыс тілінде ғана сөй­­леген маған бұл сынақ оңай бол­майтыны айтпаса да тү­сінікті. Университеттің акт за­лы тола талапкерлер. Сылың­ғыр, арықша келген жігіт сыр­ты сүргіштелген емтихан сұ­рақтары салынған конвертті талапкерлердің көзінше ашты. 1-2-сұрақтары қазақ әдебиетіне байланысты, 3-сі еркін тақырып екен. Үш жыл қазақшадан ма­құрым болған менің 1-2-сұ­рақтарға шамам келмейтіні бе­сенеден белгілі.

«Суға кеткен тал қармай­ды» дегендей, қалайда уни­вер­­ситетке түсуім керек. Қа­был­данбаған жағдайда әскери борыштың қалған 2-3 айын Германияға қайта жібер­ме­генмен, Қазақстандағы бір әс­кери бөлімде өткізуге жолдай­ды. Қысылғаным соншалық, мектепті сол жылы бітірген гурьевтік (Ақтау) екі қызбен танысып, (аттарын ұмыттым) орталарына отырып, солардан көшіруге келістім.  Жарты са­ғаттай отырдым, сенген қыз­дарымда еш әрекет жоқ. Ба­ғанағы конверт ашқан ағай талап­керлерді аралап жүр. Қолымды көтеріп едім, «иә, солдат, не болды?» деді. Гер­манияда үш жыл боры­шым­ды өтеп жүргенде Ук­раина жа­зушысы Никола Руден­ко­ның «Ветер в лицо» деген ро­манын оқығанымды, басты кейіп­керлерін қысқаша жазып алып, есімде сақтағанымды, бі­рақ романның атының қа­зақ­ша аудармасын білмей­ті­німді айттым. Аталған роман қазақшаға аударыл­маған­дық­тан, романның  орысша ата­уын өзгертпей, еркін тақы­рып­қа шығармаңды жаза бер деді. Үстімнен ауыр жүк түс­­кендей сезініп, оқыған кі­тап­­тарымды жазып жүрген қойын кітапшамды алып, ер­кін тақырыпқа шығармамды бастап кеттім. Екі жағымдағы қыздар менен көшіре алмады, себебі мен оқытушыдан тақы­рыбымды сұрап алдым ғой. Олар содан сескенген болар. Шы­ғармам жоғары баға ал­ды. Студент атанғаннан кейін білдім, талапкерлермен бол­ған сол кездегі аспирант, ғалым, әдебиетші, профессор, қоғам қайраткері, дипломат Мыр­затай Жолдасбеков екен. Мыр­зекеңмен бір кездескенде осы жағдайды есіне салдым, риза болып қалды.

Үшінші соңғы емтихан – қа­зақ тілінен ауызша. Үш сұрақ. Алдыңғы екеуіне жауап бердім. Үшіншісі – сөйлем талдау, оны білмеймін. Аққұбаша, қою қара шашты жігіт пен жасы келген апай екеуі емтихан қабылдап отыр. Алдыңғы екі сабақтан жоғары баға алғанмын. Емтихан парағы алдарында. Жаңағы жігіт: «Әскери борышыңызды қайда өтедіңіз? Қай облыстың тумасысыз?» деген үшінші сұ­раққа еш қатысы жоқ сауал тастады. Менде жерден жеті қоян тапқандай, бастыр­ма­ла­­тып жауап беріп жатыр­мын. Қы­зылорданың қай ауда­ны­нансыз дегенде Терең­өзегімді, оған Шіркейліні қоса айттым. Сол кезде маған сауал қойған жігіт: «Апай, алдыңғы екі пәннен өте жақсы тапсырыпты, үш жыл шетелде әскери борышын өтепті, солдаттың көңілі жәй болсын, 5 қойсақ қайтеді?» де­ді. Жылы жүзді апай бірден келісті. Қуаныштан жарыла жаздап аудиториядан шығып, талапкерлермен сөйлесіп тұр­сам, бір қыз бала келіп Қазақ радиосынан екенін айтып, ме­нен интервью алды. Сөйтіп уни­верситетке түскен хабарым өзімнен бұрын елге жетті. Ал бағанағы емтихан алған жігіт сол кездегі аспирант, ғұлама ғалым, педагогика ғылымдарының док­торы, профессор, жерлесім, туған жеңгем Кенжегүлдің ағасы Тотай Тұрлығұлов екен. Ол кісіні сол уақытта білме­геніме бір Алла куә. Осы жайттар есіме түссе, Алла пейі­ліме берген болар деп шү­кірлік етіп қоямын. ГДР-дан келген 43 солдаттың ішінен қызылордалық үш жігіт оқуға түстік. Қазіргі отставкадағы генерал Сағындық Жүрсінбаев, қаламыздың құрметті азаматы Қорғанбек Қайруллаев және мен. Екеуі заңгерлік маман­дық­қа, мен тарих факультетіне қабылдандым.

Алматыда өткен студенттік, аспиранттық қызығы мол кезеңдер – бір дастан. Талай ғұлама ұстаздардың дәрістерін тыңдап, олардан тәлім-тәр­бие, ғибрат алдық. Бір оқу то­бымыздан үш ғылым докторы, профессорлар бірнеше ғылым кандидаты, доценттер, жо­ға­ры лауазымды азаматтар шықты. Ұстаздарымыз Бахта­жар Мекішов, Алмабай Сұрап­бергенов, Кеңес Қожах­метов, Сәкен Кенжебаев, Т.Иб­ра­шев, т.б. жадымызда. Дис­сер­­­та­циялық жұмысыма ғы­лы­ми жетекші болған ҚР Ғы­лым ака­демиясының кор­респон­дент-мүшесі Серғали Еспембетұлы Толыбеков – ғұлама ғалым, турашыл, жаны таза сыйлы азамат  еді. Ол  бі­рінші оппонентіммен Киевке ұшып барып, Украина Ғылым академиясының экономика инс­титутының дис­сертациялық ке­ңесінде ме­нің жұмысымды талқылау кезінде жұрт таң­ға­латындай сөз сөйледі. Кейінгі жылдары да  әкелік қамқор­лы­ғын аяған емес.

Кандидаттық диссертациям­ды қорғауға 7 жылдан аса уақытым кетті. 1977 жылы КСРО бойынша диссерта­ция­лық кеңестер жабылып, ма­ман­дандырылған докторлық, кан­дидаттық диссертациялық кеңестер құру басталды. Таш­кент, Мәскеу қалаларында кеңес ашылмай Украинаға бардым. Ұлты бөлек болғанымен, қа­зақтарға деген ықыласы ерекше украиндықтардан да бірнеше дос таптым, қамқорлық көрдім, кеңесін тыңдадым.

Иә, өмір кілең жақсылық­тардан тұрмайды, кейбір кедер­гілердің зардабын тартқанымды жасыра алмаймын. Олар жайлы да айтармын, жазармын. Бірақ қазағым «таспен ұрғанды ас­пен ұр» дейді ғой. Кейбір аспан тіреген ағаларымның ал­дыма келгендері де болды. Ма­ған жасағандарын естеріне салмай, қолымнан келгенше жақ­сылықпен қайтардым. Алла куә! Педагогикалық инс­титутқа оқытушы болып кел­ген Тоқжолов Болат, Жұба­ниязов Икрам, т.б. талай теп­кінің астында жүрдік. Сон­дай бір кезде инс­титут про­ректоры, профессор Нәжман Разақұлы Күнқожаев ағамыз: «Қазыбай, саған обал болды. Уәлихан Бишімбаевқа айт­тым. Биыл  ДГМСИ фи­лиал­­ының стденттері 3-курс­қа келеді. Оларға сенің саба­ғың – «Саяси экономия» жүре­ді. Барып жолық» деді. Әртүрлі ойлармен филиал ди­ректоры У.Бишімбаевқа келдім. Құжат­тарымды көріп, бірден аға оқы­тушылыққа қабыл­дады. Жақ­сылықтан жаралған көкпарды алдыма өңгере салғанына риза болдым. Онжылдық ұстаздық өмірім Уәлихан ініммен сый­ласумен өтті. Ғылым кан­ди­­даты, доцент атандым. 4-бөл­мелі пәтерлі болдым, ұлым осы оқу орнын бітірді. Кәсіподақ ұйымын басқардым. Тек маған емес талайларға жақсылығын аямаған Бишімбаев Уәлихан – Қозыкеұлы тәуелсіз еліміздегі, аты әлемге әйгілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ірі тұлға­лардың бір ғой. Аталған оқу орнынан осы уақытқа дейін ағалы-інілі болып сыйласатын ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ысқақов Тұрлан Өтешұлы, ҚР Ғылым академиясының академигі Та­шимов Лесбек, ғылым док­торы, профессор, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университетінің проректоры, профессор Өмірбек Үмбетов, Әбсаттар Жұмаділдаев т.б. аттарын ерекше атар едім.

Өткен ғасырдың 70-жыл­дары пединститутқа академик Бақберген Сәрсенұлы Досмам­бетовпен бірге келдік. Ғы­лыми талпыныстарымыздың, адал еңбектеріміздің арқасында ол – ректор, мен проректор бол­дым. Институттың партия ұйымын басқардым. Бақберген қарапайымдылығымен, кең­ді­гімен, көпшілдігімен, еңбек­шілдігімен, кешірімділігімен, із­денімпаздығымен ерекше­лене­ді. Кафедра меңгерушісі болған кезімде 8 қыз баланы Бақ­бер­геннің қолымен, қолдауымен жұмысқа ал­дық. Олардың бі­разы қазір ға­лым-ұстаздар. Біз­­­дің жақ­сы­лықтарымызды там­­­­сана да таңғала айтып жү­реді. Сол кеңдігі мен еңбек­қор­­лығы Бақбергенді алға же­­­те­леді, тұлғасын биіктетті. Қазіргі 14 қабатты «Болашақ» уни­вер­ситетінің ғимараты, Сыр­­­дарияның сол жа­ғалауынан менмұндалап тұр­ған Бақберген әріптесімнің тұл­ғасын елесте­тетіндей. Өмір­дегі қадамың кеңейіп аршындап, ба­са бер, досым!

Иә, Хұсейн ағам старт  бер­ген  ойлар легін осымен доғарайын. Талайлардың жақ­сылығын көргендіктен болар, менің де жаным жақсылыққа жақын, соған құмар. Ал олар­ды айтуды көргендер мен се­зінгендерге қалдырайық. Жақ­сылыққа не жетсін, шіркін, дү­­ние тек жақсылықтан тұрса ғой!

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

  ҚМУ-дың профессоры.

ТАҒЫЛЫМ 09 сәуір 2020 г. 484 0