« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өмір деген – көшкен керуен, біреуге ерте, біреуге кеш. Әттеген-ай дейсің... Бүгінде бітім-болмыстары сағымданып, көз алдыңнан қашықтап бара жатқан қаламдастарыңды іздейсің. Арқалы ақын Мұқағали Мақатаев:
...Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық, –
дегендей, артына сөз қалдырған қарымды қаламгер жайлы бір үзік сыр айтуды мұрат тұтып, парыз санадық. Ол жүрегімен жыр жазған арқалы ақын Мәлік Аяпов болатын. Отбасы үшін асқар тау, ағайындастарына темірқазық тірек, достарына адал да сырбаз азамат, қарымды қаламгер, арқалы ақын Мәлік биыл 70 жасқа келер еді. Аз ғана ғұмырында қабағын кірбің шалмай, жарқырап өтті. Бекер кеткен жоқ, артында өлмейтұғын сөз қалдырды, өшпейтұғын із қалдырды. Бұл да өзінше бір әлем, жан әлемі...
Қаршадайынан қолына қалам ұстаған Мәлік бар ғұмырын "Жалағаш жаршысы” (бұрынғы "Жаңадария”) газетінде өткізген. Газет табалдырығын әдеби қызметкерліктен бастаған ол бертін келе бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор қызметтерін абыройлы атқарды.
«Кез келген сөз ақын сөзі болмайды, кез келген тақырып поэзия тақырыбы бола алмайды» деген Қасым Аманжоловтың сөзін ол жиі пайдаланатын. Ол ел аралап жүріп, қарапайым еңбек адамдарымен кездесу кезінде алатын әсерлері мен сезімдерін жыр жолдарымен төгілтіп отыратын.
Ол газетте қызмет жасаған кезінде талай сын мақалалар мен суреттемелер және очерктерді дүниеге келтірген еді. Бұл жағынан алып қарағанда ол публицист-журналист, ақын болды. Оның жариялаған материалдарынан әлеуметтік пікірінің, саяси көзқарасының, дүниетанымының керемет кең болғандығын көреміз. Мәлік айтатын: "Ақын шындықтан ауытқыса, қасиеті қалмайды, өсиеті жүрмейді” деп. Мұндай көсемсөз тек таланттардан шығары хақ.
Дүниеде ананы жырламаған ақын кемде-кем. Ақын Мәлік те «Анама аманат» деген өлеңінде
Дұшпанымнан кезім болса жеңілген,
Жанарыңнан жасты көрем төгілген.
«Мынау ісім кем бе, балам, өлімнен,
Деп кесіп айт, орын берме төріңнен!».
Қиындықтан кезім болса жасқанған,
Болашаққа кезім болса бос барған.
Құдірет боп найзағайдың жарқылын,
Тас төбеме тастап жібер аспаннан, – деп жыр жолдарын асыл анасына арнаған еді.
Барды бағалап, жоқты саралап, тоқпақты да соқпақты жол көрген Мәлік жайлы том-том етіп жазуға әбден болады. Ол уақыт еншісінде. Ақиық ақынның өнегелі өмірін бүгінгі ұрпаққа ұлағат ету мақсатында бір-жар ғана дерекке назар аударалық.
Біздер редакцияға жиі баратынбыз. Онымен әңгімелесу, пікірлесу, ой бөлісу адамды бір серпілтіп тастайтын.
Зымырап өтіп бара жатқан уақыт. Оған да он жыл болыпты. Мәліктің Оралхан есімді немересі бұл күндері он бірінші сыныпты бітіріп, еңбек етіп жүрген көрінеді. Атасы есімін Оралхан Бөкеевтей болсыншы деп ырымдап қойған екен. Лайым, солай болсыншы. Сөмкесін арқалап атасына келіп тұратын ол бүгінде Мәліктің өзінен аумайтын сырықтай жігіт болыпты. Өлең де жазатын талабы бар екен. Атасына арнап жазған мына өлеңіне назар аударалық:
Сұм ажал іліндірді қармағына,
Тағдырдың кім көнбейді салғанына.
Ажалға да сабырмен бой ұсындың,
Атажан, бас иемін әруағыңа.
Тіршілікте бітпейтін сабылыс көп,
Ал, Аллада айтады жаңылыс жоқ,
Төрімізде суретің тұр, өзің жоқсың,
Қалдың ғой мәңгілікке сағыныш боп.
Мәлік туралы мына бір дерекке тағы да назар салайық. 1980 жылдың шілде айы. Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі өтіп жатқан-ды. Әдеттегідей бюроны басқарып отырған Қонекең Қазантаев бастауыш партия ұйымының қаулысын бюроға қатысушыларға түгендеп оқып берді. Қаулының талабы қатаң, Мәлік Аяповты жұмыстан босатып, партиядан шығаруға дейін жаза қолдану керектігі айтылған. Қонекең де қиналып отырған сыңайлы. Өйткені, бюро мәжілісін үздіксіз жүргізіп отыратын бірінші хатшы бұл жолы олай жасамады.
Мәжілісті жедел тоқтатып, ақынды қорғап қалды.
Қатысушылардың барлығы да аң-таң. Жігіттің ойында не бар екені қайдам, әйтеуір оның:
– Рахмет, Қонеке, сеніміңізді ақтаймын, – деген сөзін бәріміз де естідік.
Сол сәтті Мәлік ақын өзінің «Аупарткомның бюросына барғанда» деген толғауында былай жазған-ды:
«Роман жазатын да кезің еді,
Неге жұрт сенен бала безінеді?!
Не мынау, ит ішпейтін арақ ішіп
Түріңнен шаршағаның сезіледі»
Дегені есімде әлі бюродағы,
Білмеймін бюро қалай ұйғарады.
Қонекең меніңшені «менше» дейтін
«Менше» жетер осы деп жиналады.
Шынын айтсам, жақсы ісімнен масқарам көп,
Көбісі үндемеді, қоштаған жоқ.
Қонекең қорғап қалды жас ақынды,
Бюродан шықтым мүлде басқа адам боп.
Ол кезде Мәліктің бір топ өлеңдері 1975 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» атты жас ақындар топтамасына енген болатын. Қонекең оның осы бір тұстарын да ескерген болуы керек.
Мәліктің өлеңдері идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік шеберлігі жағынан да оқушысын тартып тұратын. Бұған ол ұдайы ізденімпаздықтың арқасында қол жеткізген еді. Оның «Киелі мекен» атты кітабында жүрегінен жарып шыққан әрбір өлеңінің оқушы қауымның ойынан шығатынына күмән келтірмейсің. Ақын «Туған жер», «Жазғы кеш», «Шағалалар» деген өлеңдерінде туған жердің сұлулыққа тұнып тұрған келісті келбетін суреттейді. Жыр кітапта дүниедегі жақсы атаулыға деген риясыз іңкәрлік, адалдық атаулығы деген разы ынтызарлық бар. Осыған орай «Баба рухына бас ию» деген өлеңнен аттап өте алмаймыз.
Толқындап ғасыр, толқысып
жатыр замана,
Қасірет төнді атамекенім далама.
Көміліп тұзға шырайы кетіп бара ма?!
Назар сал, баба, шарасыз мына балаңа.
Сәуле құй сөнбес, сөнгелі тұрған санама!
Оның өлеңдерінде әдейі көркемдік іздеу, жасандылыққа салыну деген байқалмайды. Ақынның бір ерекшелігі өзінің өлеңдерінің көбісін жатқа айтатын. Ол барынша ақкөңіл болатын. Әділдікті сүйетін. Ол көпшілік қатысқан алқалы жиындарды анау жолдасым екен, мынау досым екен, мынау басшы екен деп жалтақтамай, қоғамда, күнделікті өмірде болып жатқан кемшіліктерді мәймөңкелемей ашық айтатын. Туралығы кім-кімге де жайлы емес-ті. Десе де, шындық іздеп шырылдаған адам Мәлікке баратын. Қиястық пен қиянатты көзі жанып отырып таңдайтын. Әділ болатын, көңілі баладай таза болса, қаһарланса, қарша борайтындай мінезі болатын. Құдай Мәкеңе көп қасиет бергенімен, көп жас қимаған екен. Алла ісіне амал бар ма... Артында Жақсыгүлдей жары мен ұл-қыздары, ұрпағы бар, мәңгі жасайтын жыр жолдары бар.
Мәкеңнің өмірде жоқ екенін көзіміз көреді, бірақ көңіліміз сенбейді. Есікті айқара ашып, қазір кіріп келетіндей. Келмейді бірақ... Айтқандай, тумысы бөлек, теңдесі жоқ адамға тағдыр қатал ғой. Десе де, артында өлмейтұғын сөз қалдырған ақиық ақын Мәліктің есімі билік басындағылардан ескерусіз қалмас деп ойлаймыз.
Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,
Еркін ӘБІЛ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |