« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шиеліде тұратын сексен алты жастағы Сымайылұлы Нұртаза ақсақалдың әңгімесі қызық. Жетпісті алқымдаған Әбу әкей екеуі маған мына әңгімені айтып берді.
... 1928-жылдың көктемінде әкем бас болып, отыз-қырық түйе жетектеп, Айдарлы маңынан түгелдей көшкен біздің әулет Қызылқұмды жиектеп отырып, жаз ортасында Өзбекстанның Ферғана облысының «Каттә-түрік» қышлағына жеткен. Жолда небір азапты күндерді бастан кешкен.
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» дегендей, қай тұс екенін білмейді, біздің әулеттің көші жолай сән-салтанатымен тігілген алты қанат ақбоз үйге кезігіпті. Бірақ маңында қыбырлаған бір жан жоқ. Ертектегі перілер әкеліп, тігіп кеткен үй сияқты. Әкем жәй басып барып ішіне бас сұқса, басқұры жібектен, бау-шуы шұғадан, алтын сандық, күміс кебеже жайнап тұр! Төрде айқұш-ұйқыш көсілген үш бала ісіп-кеуіп кеткен, ал, есікке қарап жатқан ер мен әйелдің көзі ашылып-жұмылғанмен, сөзі жоқ. Көрген адамға қорқынышты.
Бұл аштықтан жан тапсырып жатқандар еді. Адам бірыңғай етті жей алмайды. Нан болмаса, ет тамақ емес. Бірыңғай ет іште тұрмай ағып кетеді, бойға жұқпайды. Қазақтың «ас атасы – нан» дейтіні сол.
Міне, наны жоқ мына үйдің малы да, алтын-күмісі де ажалдан арашалап қала алмапты. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» дейтін сөздің төркіні қайда жатыр.
Осы жерде түйенің пайдасына тағы бір тоқтайық. Түйенің қымыранында нан қасиеті бар. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Нан жоқта етпен қосып қымыранмен қарын тойдырған адамның асы бойға сіңеді. Оның үстіне әкем көште аз да болса арпа-бидайымыз болды дейді.
Төбеңнен күннің, табаннан құмның ыстығы өтіп, ілбіп келе жатқан көшті көзге елестетудің өзі жаныңды ауыртады. Қоршауда бала, бұйда жетектеген ана, қандай ауыр!
Әкем әуелі Алла, түйенің күші мен төзімділігінің арқасында аман қалдық деп отыратын. Басқа мал әрі кетсе екі күнге шыдар еді, ал, түйе апталап су ішпей, көз ілмей, аузына ағаш іліксе де күйсеп кете береді дейді. Әкеміз бір әулеттің көшін Өзбекстанға бастап барған сол уақытта жиырма бес жастағы жігіт екен.
Біздің әулет өзбек жерінде де түйемен күн көрген. Ол жақта да қызыл өкімет орныққан. Бірақ олар көшіп келгендерге тимеген. Өйткені өзбек колхоздарына түйе күш көлік есебінде өте қажет еді. Жергілікті өкімет түйелі қазақтарды колхоздың астық, мақта, қозапая, көмір тасу жұмыстарына, отын дайындауға пайдаланған. Әкеміз сондай жұмыстар атқарып, түйемен Памир, Тянь-Шянь тауына дейін шыққанбыз дейтін. Себебі, ол кезде машина болса, бірлі-жарым, ал, өзбектердің өзінде түйе болмаған. Былайша айтқанда, сол жердің өкіметі түйелі әкелерімізді алыс жерлерге зат таситын жүк көліктерінің шопырлары есебінде жұмсап, ақы төлеген.
Мен 1934 жылы өмірге келгенмін. Бала күнімде түйенің қоршауында өскенмін. Қай жерде жұмыс бар, түйекештерді сол жерге жіберген. Сондықтан біз бір ауылда тұрақтап отырмағанбыз. Жұмсаған жерге барып, жеркепе қазып алып, ондағы жұмыс бітсе, тағы бір қышлаққа көшіп жүргенбіз.
Сол кездер есімде қалды, сонда шамамен 6-7 жастамын. Кейде сыз тартқан жеркепенің бір бұрышында бұйығып жатқанымды ойласам, жүрегім зырқ ете қалады. Шіркін, қазіргі балалар бақытты, қазақша айтқанда, ұшпаққа шыққан заманда өмір сүріп жатыр. Жейтініміз жүгері нан, ішіміз қатып қалады. Бірінші кластан бастап өзбек мектебінде оқыдым. Сабақтан босаймын да отын дайындап жатқан әкемнің бір жағында жүрем. Әкем жиде, талдарды балталап сындырып, бұтақтайды. Шешем екеуміз баулаймыз. Үш бау 1 текше болады, 5 текшесі бір машина. Сөйтіп, ақша табамыз.
Бізге бұйырған жазмыштың ішіндегі бір жақсылық әкелерімізді соғысқа алмады. Тыл жұмыскерлері есебінде броньмен қалдырылды.
1944 жылы інім Мұстафа өмірге келді. Мен ол кезде он жастағы баламын. Мектеп көргенмін, әке-шешеме қолқанатпын. Әкеміз осы баласына Мұстафа деп үлкен үмітпен ат қойған. Елдің ұлы болсын, халық қызметіне жараған азамат болсын деп ырымдаған. Біріншіден, Мұстафа – пайғамбардың бір есімі. Екіншіден, сол заманда Мұстафа Шоқай аты жер-жерде аңыз болып айтылатын. Шынына келсек, кеңес өкіметі оның атын айтуға тыйым салды. Сондықтан ол жылдары Қазақстанда туған балаларға Мұстафа есімінің қойылуы екіталай еді. Өзбекстанда Мұстафа Шоқайға байланысты саяси қуғын болған жоқ.Қалай болғанда қиырдағы қазақтың киіз үйінен шығып, Петербордағы заң оқуын алтын медальмен бітірген, халқының қамын жеп, басын бәйгеге тіккен Мұстафа – бір ғасырда бір туатын сирек құбылыс.
Жалпы, әкемнің баласына үміт етіп қойған аты оның сенімін ақтады деп айта аламын. Мұстафа інім жасынан-ақ зерек болды, оқуға талапты еді. Сонысына қарап әкем «біреуің тойшы бол, біреуің қойшы бол» деп Мұстафаның оқуды жалғастырғанын қалады. Мұстафадан кейін Жақсыгүл деген қарындасымыз бар. Онан кейін мына Әубәкір, атын толық айтпай, кішкентайынан Әбу дейміз.
– Мен де бір-екі сөз қосайын, – деді Әбу әкей, – әкем қолындағы бірді екеу қылып жүретін адам, саудаға бейім.
Әлі есімде, бірде әкем бір аптадай әлдебір жаққа кетіп қалды. Ол кезде колхозда кабинасы ағаштан соғылған бір-екі машина болатын. Бір күні әкем сол машинамен толтырып ұн әкелді. Нені айырбастады, не істеп тапты, ол жағын мен біліппін бе? Сөйтіп, бір машина ұнды ағайынға қаптап таратып берді. Ойын баласы кезім ғой, сонда бала болып өмірімізде бірінші рет қолымызға нан ұстап ойнадық. Әкемнің тілтапқыштығы, істің көзін таба білетіні, бірді екі қылатын еті тірілігі, еңбеккештігі біздің мол несібеміз болды.
Жалпы, еңбек мәселесіне келгенде біз өзбек ағайындардың азаннан кешке дейін құмырсқаша қимылдайтын бейнеткештігін үйрендік. Кейін, елуінші жылдары елге көшіп келген кездегі алғаш байқағаным, бұл жақтағы ағайындар картоп, пияз, сәбіз, бәдірен, капуста сияқты дақылдарды өздері екпей, базардан сатып алады екен. Біздің сондай дақылдарды егіп алып жатқанымызды көрген ауылдастардың біразы келе-келе осылай жасауға болады екен ғой деп, есіктің алдына су келтіріп, бақша еге бастады.
Мен елге келгенде 6-класс оқитынмын. Өзбек мектебінде оқып келген балалардың біразына бірден қазақшаға ауысу қиындау соқты. Оған қиналған мен жоқ. Өйткені Өзбекстанда жүргенде «Балдырған» журналын жаздырып алатынмын. Сол кезде өзбектер де кириллица әрпін пайдаланады. Тек қазақ пен өзбек әріптерінде «ң», «қ», «ө» сияқты 5-6 әріп қана өзгешелік болған.
Осылай есейдік, ер жеттік. Құдайға шүкір, әкеміз қызықшылығымызды көрді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |