« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Фашизм мен Кеңес Одағының соғысы біздің бейбіт өмір сүріп жатқан халқымыздың шырқын бұзды. Әрбір отбасы қайғы-қасіретке душар болды. Дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс, миллиондаған қыршын азаматтарымыздан айырды. Соғыстың зардабын, қайғы-қасіретін жазып та, айтып та тауысу мүмкін емес. Әңгімемізге арқау болған Бейсенбай Қожамбетов Қараөзек станциясына жақын «Айнакөл» елді мекенінде дүниеге келген.
Жетіжылдық мектепті бітіріп Шымкент облысы Қапланбек елді мекеніндегі ауылшаруашылық техникумын ойдағыдай тәмамдап, сол техникумның қосалқы шаруашылығына мал дәрігері мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. 1934 жылы Арыс қалалық әскери комиссариаты оны Кеңес армиясы қатарына шақырып, Отан алдындағы 3 жылдық борышын өтеуге Түркіменстан Республикасының Кушка қаласына аттандырады.
Кушка қаласындағы әскери маман даярлайтын «Полк мектебінде» дәріс алып, аға сержант шенінде 1937 жылы әскери міндетін өтеп, Шымкентке қайта оралады. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ауыл шаруашылығында мамандығы бойынша қызмет етеді.
Бейсенбай ағамыз соғыс басталысымен әскерге алынып № 2 атқыштар полкінің взвод командирі лауазымында Сталинград шайқасына қатысуға жіберіледі. Данқты №62 армия құрамында қаланы қорғау және жауға қарсы шабуылдар жасап, жаудың ірі стратегиялық тобын талқандау жолындағы жауынгерлік жоспар, қимылдарға қатысады. Кескілескен шайқастардың бел ортасында болып неміс-фашистердің қорғаныс шептерін бұзып, ерлікпен көзге түседі.
Қарша бораған оқ пен от ортасында мұз жастанып, қар жамылып, күндіз-түні ұйқысыз жүріп, жасаған ерен ерлігін оның майдандасы талсуаттық белгілі ұстаз Сардарбек Нұрмағанбетов інісі Мұса, ұлы Есентай және жиені Таубай Баратовқа айтып беріпті.
Майдангер ағамыздың жауынгер туралы айтқанын оқырмандарға таныстырайық.
«1943 жылы №353 атқыштар полкінің взводын басқара жүріп, қарсы жақтың майдан шебін барлау да Бейсенбай ағамыздың еншісінде болды. Жауға қарсы жауапты шабуыл, тойтарыс беру ұрыстары алдында барлау жұмыстарын нақты деректер әкелуді оған тапсыратын еді. Полк командирі дәйекті мағлұматтарын асыға күтетін. Бірде жау қоршауында қалған 300 жауынгерді өзінің 17 взвод жауынгерлерінің күшімен аман-есен қару-жарағы, құрал-жабдықтарымен алып шықты. Әрине, марапатсыз қалған жоқ. Бұл ерлік барлау жұмысына және сақтыққа жіті мән бергендіктен мүмкін болды. Орыс-қазақ тілдерін білуі, жер бетінің географиялық рельефін бір коргеннен жадына ұстауы, Отанын жан-тәнімен сүйген патриоттық қасиеті де көмектесті. Тағы бір қасиеті тапсырмаға мән беріп, өзіне жауапкершілік қабылдауы еді. Мұндай қасиет, талант жауынгерге де, соғыс барлаушысына да ауадай қажет-ақ.
Бейсенбай ағаны №47 атқыштар дивизия командирі, генерал-майор Черноус жоғары бағалап, соғыс өнерінің тактикасын жетік білетініне ризашылығын білдіруші еді.
Ол басқаратын атқыштар взводы Витебск, Шяуляй, Невель қалалары үшін болған шайқастарда да жау шебін ойрандап, талай рет күйрете соққы берді. Тағы бір айта кететін жайт – атқыштар рота командирі ретінде Бейсенбай аға 1943 жылы Псков облысы Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста ерлікпен қаза тапқан қазақ қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованы ақтық сапарға шығарып салу қазалы рәсіміне қатысқан. Сол сәтті өкінішпен еске алушы еді. Б.Қожамбетовтің Отанын қорғауда көрсеткен ерліктері үшін Совет Одағының батыры атағын беру туралы 1944 жылы жоғарғы басшылыққа ұсыныс жасалған».
Сардарбек полк комсомол ұйымының жетекшісі ретінде ұсынысқа қол қойған. Оның қолдау таппағанына қынжылып, балаларына соңына түсіңдер деп те тапсырыпты.
Айта кету керек, шовинистік көзқарас майданда да болғанын ешкім жоққа шығармайды. Мұның салқыны Халық қаhарманы Бауыржан ағамызға да тиді ғой.
Кеңес жауынгерлері Отан үшін, елі үшін, халқының болашағы үшін ешқандай ұлтқа бөлінбей, біркісідей соғысқа кірісіп, Жеңіс күнін жақындатты. Бірақ сол жауынгерлеріміздің ерен ерлігі әлі де болса ескерілмей, боздақтар атаусыз қалып отыр. Оның басты себебі – артында іздеушісі не ұрпағы жоқ. Екіншіден, ұрпағы барлардың енжарлығы басым. Үшіншіден, соғыс ардагерлері азайып, көзден де, көңілден де кетіп жатыр.
«Қызыл жұлдыз» ордені, «Отан соғысы» ІІ дәрежелі ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы да басқа орден-медальдар иесі Бейсенбай Қожамбетов ағамыздың жауынгерлік жолы мен ғибратты ғұмыры ұрпаққа үлгі.
Ұлы Отан соғысының жеңісі Кеңес армиясы жағына ауған 1944 жылы ол Чехословакия жерінде шегініп бара жатқан неміс басқыншыларының қарша бораған оғынан ауыр жарақат алады. Әуелі майдан госпиталінде, содан кейін Мәскеу қаласының емханасында ұзақ мерзім ем алып, әрі қарай соғысқа жарамай туған жерге оралады. Майданда көрген қиындықтарымен пара-пар елдегі еңбек майданына да білек сыбана кірісті.
«1 Май» балық колхозында бригадир болып, соғыстан әбден тұралап қалған халықтың тұрмысының жақсаруына, жетім-жесірлердің тойынуына басшылық жасады. Соғыстан қайтқан, күйзелген жауынгерлермен елдің қарапайым еңбек адамдарының тұрмысына қамқорлық жасап, еңбекте ұйтқы бола білді, қиындықта өзінің ақыл-парасаттылығын көрсетті.
Сұрапыл соғысты бастан кешіп елге жеңіспен оралу – жауынгердің арманы, ал омырауы толы орден медалімен, ағайынмен қауышу – құрмет. Осы құрмет пен марапат Бейсенбайдың еншісіне бұйырған. Ер-азаматтың тағы бір мақсаты – шаңырақ иесі болып, өмірге ұрпақ әкеліп, оларға тәлім-тәрбие беру. Ағамыз Мұханбетқадірқызы Тойған жеңгемізбен 1946 жылы бас қосып, дүниеге 10 ұл-қыз әкелді. Барлығы да түрлі сала мамандары. Бүгінде ұрпақтары бір қауым ел болды. Балалары мен немерелері Бейсенбай Қожамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы белгісіз себептермен табыс етілмесе де, ол кісінің атына Қызылорда қаласынан бір көше берілсе дейді.
Жеңістің 75 жылдығына орай мұндай шараға бару, қолдау ұрпағымыздың рухын көтеріп, Отанына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін арттыруда тәрбиелік мәні бар екенін де естен шығармауымыз керек.
Қапан НАҒАШЫБАЕВ,
еңбек ардагері.
Қызылорда қаласы.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |