« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
1942 жылдың қараша айы. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түн. Қар аралас жаңбыр құйып тұр. Жау шебінен атылған, өлім сепкен оқ тізбектері әлсін-әлі бекініс үстін басып салады. Траншейден (ор) қылт еткенді қалт жібермей, қағып тастайтын мергені тағы бар. Сәт сайын аранын ашқан ажал небір боздақтарды аяусыз қыршынынан қиып түсіп жатыр.
Құрамында сержант Өмірзақ Ахметов те бар ротаның қорғаныс соғысын жүргізіп жатқанына екі аптаға жуықтады. Фашист солдаттарының бекінісі 200-250 қадам шамасындай қашықтықта орналасқан. Қысқа ғана аралықта төгілген адам қаны телегей теңізге айналып, шашылған адам мүрдесінен көз сүрінеді. Осынау азалы көрініске көк аспан да күңіреніп, азалы жасын төккендей, жауын басылар емес. Жауынгерлердің суға малшынған киімдерінен өткен салқын ызғар денені темірдей қариды. Десе де, кептірініп алуға ешқандай мұрша жоқ. Жарық көзге шалынса... бітті. Аңдып отырған неміс снайперінің нысанасына айналуың оп-оңай.
Гитлершілдердің маңдайы тасқа тимеген шағы. Жел екпінімен жау шебіндегі неміс солдаттарының масаң даусы, даурыға сөйлескендері құлағына жеткенде Өмірзақ кектене тістенді. Кенет... Өмірзақтың жанары дұшпанмен екі аралықта қараңдаған әлденені шалғандай болды. Қырағы көзі қателеспеген екен. Тесіле қарағанда жау бекінісінен бұлардың окобына қарай жер бауырлап келе жатқан бірнеше неміс солдатын көрді. Тіл әкелуге шыққан неміс барлаушылары болса керек. Өмірзақ солай қарай автоматынан оқты қарша боратты. Ойран-топыры шыққан басқыншылардың өлгені сол жерде қалып, қалғандары тым-тырақай қаша жөнелді. Мұнан кейін түн тыныш өтті.
Бірнеше тәуліктен соң батальон командирі Өмірзақты өзіне шақыртты. Өткен жолғы қырағылығы үшін ризашылығын білдірген соң, Воронеж қаласына жақын Анна станциясындағы жаңадан ашылған қысқамерзімді офицерлер дайындайтын курсқа баруға тапсырма берді. Қаруластарымен қимай қоштасқан Өмірзақтың көз алдына таудай толқыны көкке шапшыған теңіз қолтығындағы ауылы Қаратерең, майданға аттанар сәттегі қос қолын көкке жайып «О, жаратушы Алла! Құлынымды құнсыз бердің, енді өзің уақытша сапарға жіберіп жатырсың. Уа, Тәңірім, ботамның он екі мүшесін дін аман қылып, ортамызға оралтшы» деп жер-дүниені күңіренте жалбарынған әкесі Ахметтің тұлғасы елестеп өтті. Шын жалбарынса, Алланың тілегіңді беретіні рас екен. Жылдар өте әке ниеті қабыл болып, Өмірзақтың майданнан аман келетінін сол сәтте ешкім болжамаған еді...
Бірнеше айдан соң курсты үздік бітірген Өмірзақ Ахметов кіші лейтенант шенін алып, жанындағы 27 офицермен бірге Харьков қаласындағы Батыс майданының штабын бетке алды. Штабқа жеткен бұлар күтпеген жағдайға тап болды. Осы бағыттағы Кеңес әскерін немістердің екі бригадасы, бұған дейін Италия мен Францияда тұрған құрамы толық, мұздай қаруланған жаңа армиясы кері тықсырып жатыр екен. Жанталаса соғысқан қызыл жауынгерлер тың күшке төтеп бере алмай, жаппай шегініп келеді. Ал Харьковты жаудың қолына екінші мәрте қалдырса, салдарын ойлаудың өзі қорқынышты.
– Қалыптасқан ауыр ахуалға байланысты бұл жерде сіздерді қабылдап, бөлімшелерге таратуды жағдай көтермейді. Енді 130 шақырым қашықтықтағы Ново-Вольшанск қаласына барасыздар. Сонда тиесілі бұйрықты аласыздар, – деген штаб бастығының сөзінен соң бір топ офицер қайтадан жолға шықты.
Жаяулатып, шаршап-шалдығып Харьковтың шеткі көшелеріне де ілікті. Құдды осыларды аңдып тұрғандай немістің 15-20 самолеті жер-дүниенің астан-кестеңін шығара бомбының астына алсын. «Шайтанның өзінен аты қорқынышты» дегенді естіген шығарсыз. Көкжиектен құлдилай шүйілген жаудың ауыр бомбылағыш ұшақтарының бауырынан бомбалар зәре-құтыңды қашыра, ащы дауыспен сауылдай төгіледі. Алып қала әп-сәтте қирап, әр жерден қызыл жалын шалқыды.
Харьков – өндіріс ошағы мол шоғырланған, аумағы зор ірі қала. Арасында Өмірзақ та бар бір топ офицер өлдім-талдым дегенде қаланың шығыс беткейіндегі жазыққа шықты. Николаев аталатын қыстаққа жақындағанда кеңес әскерлері тағы да қырсыққа тап болды. Немістердің бронетехника, мотоцикл, машинаға мінген қалың қолы кеңес солдаттарының алдын орап, қоршай бастады. Қым-қуыт шайқас басталды. Оқты бұршақша жаудырған совет жауынгерлері табандап соғыс сала отырып, жау шебін бұзып шықты. Түнімен үздіксіз жүріп, негізгі қолға да қосылды. Шығын аз болмады. Өзгені айтпағанда, әскери курсты жаңа бітірген 27 офицерден небәрі 3 адам ғана тірі қалыпты. Дәл осы күні Өмірзақ Ахметов тура 23 жасқа толған еді.
Әр минуты айға, сағаты жылға тең азалы уақыт жылжып жатты. Украина майданындағы бір ротаның командирі Өмірзақ Ахметов талай мәрте ажалдан аман қалды. Кеудесіне снаряд жарқыншағы тиіп, госпитальда емделіп, қайтадан қатарға қосылды. Польша мен Кеңес одағының арасын бөліп тұрған Батыс Буг өзенінің бойындағы сұрапыл шайқас көзіқарақтыларға жақсы мәлім. Немістердің бірнеше жыл жасаған, Гитлердің өзі тасқамал санаған бекіністерін бұзу оңайға соқпады. Кеңес әскерлерінің қуатты күші осы жерге шоғырланды. Таңсәріден басталған шабуылдан кейін фашист қорғанысының күлі көкке ұшты.Адам қаны суша ақты.
Люблин қаласындағы үлкен концлагерьдегі мыңдаған тұтқындарды азат ету операциясына қатысқан Өмірзақтың ротасы көптеген жауыздықтарға куә болды. Концлагерьдегі фашистердің қаталдығы шектен шыққан екен. Тұтқындарды итке талатып өлтіру, темір пешке салып тобымен өртеу, адамның майын техника майлауға пайдалану, ұрып өлтіру тағы басқа тәсілдер адамгершіліктен жұрдай гитлершілдердің үйреншікті дағдысына айналыпты. Қалған тұтқындарды аман алып қалу үшін шабуылды түнде жасау жоспарланды. Көше соғысының өзіндік қиындығы бар. Әр бұрышта, жертөле, шатырда тосқауыл күтіп тұрады. Аяқ бассаң, ажалға тап боласың.
Өмірзақтың ротасында айыптылар батальонынан (штрафбат) жіберілген екі жауынгер бар еді. Солар бүгін бұған жақындағы неміс окобында жау автоматшылары орналасқанын айтып, соларды тірілей ұстап әкелуге рұқсат сұрады. Не істеу керек? Айыптылар уәдесінде тұрса жақсы. Қашып немесе жау жағына өтіп кетсе ше? Ондай жағдайда айыптыларға ие болмағаны үшін бұл атылады деген сөз... Ұзақ ойланған рота командирі Өмірзақ Ахметов екі солдатқа сенім білдіруді жөн санады. Алайда, олар келем дегенше өзі де қатты қиналды. Арада жарты сағат өткенде қос солдаты фашистің бақандай 17 автоматшысын қаздай тізіп айдап әкелді. Мұны естіген комбаттың өзі арнайы келіп, екі солдаттың өтеуге тиісті жазасын алып тастап, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынды. Өмірзақ болса, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Бұған дейін де І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», өзге де медальдармен марапатталған қайсар қазақ бұл жолы да ерліктің үлгісін көрсетті.
Соғысты жарақаттанып, батальон командирі, гвардия майоры шенінде аяқтаған Өмірзақ Ахметов бейбіт майданның да алғы шебінен табылды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, колхоз басқармасының орынбасары, кеңшардың партия комитетінің хатшысы, селпо төрағасы, ірі құрылыс мекемесінің кадр бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Қандай ұжымда, қай жерде жүрсе де кешегі қаһарман майдангер арына қылау түсірмеді. Кімге болса да тура сөйлеп, әділін айтатын дағдысынан жаңылмады. Адал еңбегі ескерусіз қалмады. Жеңістің 60 жылдығы мерекесінде «Құрмет» орденімен марапатталды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мәдениет министрінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын иеленіп, мерейі тасыды.
Көпшілік қауымға Өмірзақ Ахметұлы атамыздың есімі қарымды қаламгер, мықты ақын, білікті шежіреші ретінде де жақсы мәлім. «Жанқожа батыр» дастаны, тағылымы терең мақалалары құнды дүние ретінде оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.
Өз басым көкірегі асыл сөз көмбесіне толы абыз ақсақалмен көзі тірісінде бірнеше мәрте сұхбаттасып, қызықты дерекке толы мақала дайындағанымды мақтаныш тұтамын. Міне, Өмірзақ Ахметовтің дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Уақыт жылжыған сайын ержүрек майдангер, гвардия майоры, шежіреші әрі ақын Өмекең атамыздың тау тұлғасы да жарқырай түсетіні анық.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |