Қайраткер қыз Қазына

«Құрмет белгісі» ордені, «Тыңға 50 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен «Автокөлік саласына 80 жыл», «Таңдаулы транспорт қызметкері» атағының иегері Қазына Өзденбаеваның есімі Сыр жұртшылығына етене таныс. Иә, ол – әйел, ол – ана. Әйтсе де, оның басқадан ерекшелігі – алып техникалардың тізгінін ұстап, ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткені.
Кездескен жерде жадырай күліп амандасатын, ақжарқын мінезді бұл кісіні сыртынан көр­ген адам «көңілінде еш ала­ңы жоқ, өмір жолында аса қиындық көрмеген адам» деп ойлауы әбден мүмкін. Жоқ, олай емес. Мәселе – ол адам­ның өміріндегі жолыққан қиын­­­дықтарды өр мінезімен же­ңе білуінде. Жаны нәзік жара­ты­лыс иесі бола тұрып, ауыр жұмыстарды еңсеріп, бейнет­пен бойын тіктеді...
Қарапайым отбасында дү­ниеге келген қыз қаршадай кү­нінен үй шаруасын үйіріп әкетті. Өйткені әкесі бұның бала күнінде дүние салып, анасына қолғабыс беретін өзінен басқа адам жоқ еді. Өзімен бірге туған әпкесі тұрмысқа шығып кетті. Ал ағасы Ресей жерінде әскери борышын өтей жүріп, сол жақта қызмет бабымен қалып қойды. Анасы аса қартайып тұрмаса да ауру жеңген, отбасының бар тіршілігі мұның қолына қарап қалған. Ауылдағы үлкендермен қатарласа жүріп, үйінің отын-суын, қорадағы азын-аулақ мал­дың жем-шөбін дайындайды. Осылайша, өмір оны ерте есейтті.
Табиғаты бөлек қиялшыл қыз қолы қалт еткенде көңіл түкпіріндегі ой толғаныстарын күнделігіне түсіріп қоятын. Алып-ұшқан албырт сезімін өлеңмен өретін. Иә, ол да балау­са бойжеткен шағында арманшыл күндердің ащы да тәтті сәттерін басынан кешті. Сондай бір сәтте мына бір шумақ жүрегін жарып шыққан еді:

Мейлі, жаным,
«бақытым» деп санама,
Сүйме мені, қабылдама,
қалама.
От жанардың оқ жебесін
қада да,
Қан жоса ғып, жүрегімді
жарала!..
Махаббат дейтін ұлы се­зімнің мұң-машақаты мұ­ны да айналып өтпеді. Тағ­дыр жолының талай «тосынсый­ларына» таң қалмай, салқын­қанды мінезімен, сабырмен қабылдайтын.
Мектептің жоғары класында оқып жүргенде, ауылдағы қырманға барып, астық тазалау жұмыстарына көмек бере­тін. Сол уақытта бұл көбіне ер балалармен қатар ауыр жұ­мыстардың ортасында жүре­тін. Жастайынан шаруаға шың­далып өскен қайсар қыз ұсақ-түйек шаруаларды атқа­руды көңіліне қанағат тұт­пай­тын. Содан шығар, құр­былары тігін шеберханасында оқып жүргенде, бұл ер балалармен бірге «машинатануды» оқыды.
Отбасының отын-суын, жем-шөбін қамдап жүрген ке­зінде көлік таба алмай әбден қиналатын. Сондай сәттерде «өз иелігімде бір машина болса ғой» деп те армандайтын. Иә, осылайша бұла өскен бойжеткен бейнетті жолды таңдады. Сананы тұрмыс билеген сол бір күндерде одан басқа таңдау жасауы да мүмкін емес сияқты...
Жүргізуші куәлігін алып, жүк көлігіне отырды. Жап-жас болса да жүрексіне қойған жоқ. Сыртынан қараған жұрт сескенетін ауыр көлікті көп ұзамай-ақ ұршықтай үйіріп алды. «ЗИЛ-130», «К-700» кө­лік­терімен ауыл шаруашы­лы­ғында, құрылыс, транспорт саласында аянбай еңбек етті.
Сонау жетпісінші жылдар­дың бер жағында Жезқазған трассасы, Арал мен Ырғыз арасындағы жол құрылысына қатысты. Сол жылдардағы тың өлкесіндегі астық жинау жұ­мыстарына сырбойылық үш мыңға жуық көлік жүргі­зу­ші қатысса, солар­дың бірі – осы Қазына Өз­денбаева болатын. «К-700» тракторы, «Енисей» комбайны оның еңбек май­данындағы сенімді серігі болды. Қайратты қыздың атқарған жұмысы қа­тарын­дағы ер азаматтардан ешбір кем түспейтін, қайта алда жүретін. Осы жылдары ол ауыл шаруашылығын өркендету жо­лындағы адал еңбегі үшін «Құр­мет белгісі» орденін иеленді.
Отыздан асқан шағында Әбдіманап есімді азаматпен табысып, отау құрды. Үш ұл, бір қызды дүниеге әке­ліп, ана болудың аса үлкен жауап­кершілігін сезінді. Бала­ларының бақытты өмірі үшін күресіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Анасының жолын қуған қызы Мөлдір Айтбаева – жастайынан талантымен танылған ақын. Бірнеше жыр жинақтары жарыққа шықты.
Қайраткер Қазына апамыз­дың бойындағы тағы бір тамаша қасиеті – қаламгерлігі. Шы­ғармашылыққа жаны құштар, жан дүниесін селт еткізген тосын жайттарды толғаныспен қағаз бетіне түсіретін. Бірде сезім иірімінен терең сыр тартса, енді бірде астарлы ойын сатира тілімен суреттейтін. Осы күнге дейін жарыққа шыққан «Алып-ұшқан көңіл-ай», «Сүюсіз өмір жат маған», «Періштенің көз жасы», «Тек­тінің тұяғы», «Көңіл әйнегі» сияқты кітаптарында қара­пайым өмірдің ұстынын өзін­дік ойымен бейнелейді. Қа­лалық «Ақмешіт апталығы» газетінде көп жыл еңбек етіп, «Сыр айнасы» басылымына басшылық жасаған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қ.Өзденбаеваның аймақ әлеуе­тін дамыту жолында ауқымды еңбегі бар.
Өткен жылдың соңына таяу туған жері – Жалағаш ау­данының 80 жылдық мерей­тойына шақырту алып, ауыл­дастарымен, бауырлас­тарымен қауышып бір жасап қалды. Сол тойда «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл марапат ол үшін осыған дейін алған барлық марапатынан биік! Өйткені бұл – туған жердің берген бағасы!
ТАҒЫЛЫМ 07 наурыз 2020 г. 783 0