ЖАҚСЫЛЫҒЫ ЖҰРТ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

ЖАҚСЫЛЫҒЫ ЖҰРТ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІКенересі кең ажал тағы бір абзал азаматты ортамыздан алып кетіп барады. «Еліне сүйеу, ағайынға тіреу болған Елшекен Қуанышбаев өмірден озды» деген суыт хабарды естіген кім-кімнің тірлігінде талай жанға сая болған абызды қара жер құшағына қимай қабырғасы қайысқаны анық. Бірақ ажал шіркінге қылар қандай қайран бар?..

Ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек еткен білікті басшы, ұлағатты ұстаз, ардақты әке Е.Қуанышбаевтың өмір жолы көпке өнеге.

Ол өткен ғасырдың жиыр­ма сегізінші жылы Арал ауда­нындағы Қаратерең ауылдық кеңе­сіне қарасты Ақбөгетте дүние­ге келіпті. Балалығын соғыс ұрла­ған Елшекең өз қатарлары секілді тұрмыс тапшылығын тартты. Оқуын тастап, соғыстың ауыр жүгін ауылдағылармен қатар бөлісу үшін еңбекке араласты. Ер-азаматының бәрі майдан даласына аттанған ауылдағы қат-қабат тірліктің бәріне үлгеретін қара баланың бірі осы Елшекең болды. Алапат соғыс аяқталысымен оқуға қайта ден қойды. Ел еңсесін езіп кеткен соғыстан кейінгі ауыр уақыт болғанмен оқимын деген жастың талабын қайтарған ешкім болған жоқ. Мектептегі ірілі-ұсақты шарадан қалмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Осы білім ошағында мұғалім болып, шәкірттерін ізгілікке тәрбиеледі. Білімді маман тапшы тұста мектептегі оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп 1953 жылы Ақтөбедегі Байғанин атындағы мұғалімдер институтының жаратылыстану-география факуль­тетін, 1963 жылы Қызылорда педагогика институтының жараты­лыстану-агробиология бөлімін бітірді. Жиырма жылдай мектеп директоры қызметін атқарып, талай талапты баланы тәрбиеледі.

Саналы ғұмырының басым бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнаған Елағаң 1974 жылы Жаңақұрылыс ауылдық кеңесіне төраға болып сайланып, 1989 жылға дейін үздіксіз ауыл өмірін жақсартуға зор үлес қосты. Болмысы бөлек Елшекен аға қатардағы қызметкер ғана болып қойған жоқ. Ауылдың әлеуметтік, шаруашылық жағдайына белсене араласты. Мектеп жаңарту, интернат салу, малшы қауымның балаларын орналастыру секілді қауырт тіршіліктің тұтқасы бола білді. Ауыл басшысы Құлмырза Тілеуовпен тізе қосып, сауда үйін салдырды. Мұзқала салдырып, елдің алғысын алды. Аядай ғана Жаңақұрылыстағы қалада жоқ жаңалықты көруге баратын едік. Еңбек ескерусіз қалмады. Марапаттарға ие болды, аудандық, ауылдық кеңестерге үздіксіз депутат болып сайланды.

Туған жерге туын тіккен азамат тура жүріп, тік сөйлеп, әділін айтатын мінезі, жанына жайсаңдық, қанына қазақы қалып ұялатқан болмысымен, үлкенге сыйлы, кішіге құрметті беделімен есте қалды. Бір ауылдың аясына сыймайтын Елшекең нағыз ел азаматы еді. Оны Арал мен Қазалының зиялы қауымы қатар сыйлайтын. Басқа өңірлердегі белгілі азаматтар да ел ағасына тілеулестік танытып жататын.

Жұрттың жағдайын ойлап, елпілдеп тұратын Елшекеңе қатысты мына бір оқиға есімнен кетпейді...

1964 жылы КОКП жанындағы Қоғамдық ғылымдар академия­сына оқуға баратын болдым. Екінің бірі бара беретін оқу орны емес, талап қатал, іріктеу күшті. Осының алдында облыстық партия комитетінде 8 жыл табан аудармай қызмет етсем де жүрексіне беремін. Обкомның шешімі қалтада, оны аз десеңіз Қазақстан Орталық комитетінің қолдауы тағы бар. Алла абырой бергенде түсіп кеттік. Үш жыл оқып, диссертация қорғайтын күн де таяды. Ол кезеңде ғылыми жұмыс қорғау қиынның қиыны еді. Оның үстіне философия саласынан қорғау тіпті ақырет. Осылай шаршап жүргенде елден, Елшекеңнен хат алдым. Хатында ауыл-аймақтың амандығын қалдырмай жазып, соңын тілектестікпен түйіндеген екен. Неше күннен бері қобалжып жүрген көңілім орнына түсіп, жүрегім елжіреп сала берді... Менен көп үлкен болмаса да жағдайымды ойлап, елдің атынан сәлем жол­дауы ол кісінің көрегендігі еді. Қайран, Елшекем-ай...

Ауылдағы Пұсырман ата арығы, үйтамы секілді киенің шырақшысы секілді еді ағамыз. Жыл сайын арықты тазартып, үйтамның айналасының мұнтаздай болып жатуын қадағалап жүретін.

Елшекең жапырағын жайған бәйтерек сынды еді. Жеңгеміз Құрманбике екеуі 12 бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғары білім алды. Әке жолын жалғастырып, ұстаздық етіп жатқандары аз емес. Ағамыз ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Олардан тараған 45 немересі, 23 шөбересі бар.

Өзі ешқайда табан аудармай ғұмыр кешкен ауыл орнында, тек Елшекең жоқ. Атадан қалған арық пен үйтам тұр, соның шырақшысы болған аға ақырғы сапарға аттанып барады. «Адам өмірі есіктен еніп, төрге жеткенше» деген осы екен-ау...

Жаратушы Жаппар ием жаннаттың бағын нәсіп етсін, қадірлі Елшеке!

Інілері атынан Мұстафа МАТАЕВ.


ТАҒЫЛЫМ 14 тамыз 2014 г. 1 172 0