Артында айшықты із қалдырған

Адал ісіне ақы сұрамас еңбекқор жандардың болмыс-бітімі бүгінгі ұрпақтың бағыт алар бағдарына айналары белгілі. Себебі туған жеріне, өскен өңіріне пайда әкелу, қолдау білдіру мақсатында отанына қызмет еткен жандар қашан да мақтан төрінде, марапат биігінде. Заман көшінде ілгері басып, күрмеуі қиын мәселелерді шешуде айшықты із қалдырған азаматтар Сыр өңірінде жетерлік. Шайзада Қаратаев – саналы ғұмырында қажырлы еңбек етіп, көптің көңілінен шыға білген осындай өнегелі өмір иесі.
Ол 1936 жылы Қызылорда қаласы Жаңадария көпірі маңындағы Әлтай бауында дүниеге келген. Жарық жалғанға іңгәлап енгеннен, шырғалаң тірлік, зұлмат аштық пен қасіретке толы соғыстың дүрмегінен көз ашпай, ерте есеюге тура келді. Олай дейтініміз, бүтін буынның қасіретіне айналған зұлмат жылдар Шайзада Қаратаевтың өмір жолына салқынын тигізген еді. Бал балалық пен қамсыз тіршіліктен бұрын жеткен заман қасіреті еңбектің бейнетін ерте сезінуге мәжбүрледі. Алайда, қиындыққа мойымай, өмір күресінде есе жібермеуге талпынды. Жарымтоқ тіршілік пен соғыс зардабына өн бойындағы парасаттылық пен батыл болмысты қарсы қойып, диірмен тасындай дөңгеленген дүниеде төккен тер, еселі еңбегімен есте қалды.
Қайсар жанның өмір жолы қызыққа толы. 1955 жылы Қызылорда қаласындағы 1 Мамыр мектебін тәмамдап, Ресейдің Курск қаласында әскери міндетін абыроймен атқарды. 1963 жылы сондағы Ауыл шаруа­шылығы институтын сәтті аяқтап, Сырдария ауданының Октябрь ұжымдық шаруашылығына агроном болып жұмысқа орналасты. Көп уақыт өтпей Қызылорда қаласындағы «Казсельхозтехника» бірлестігінде аға агроном-химизатор, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы қызметтерін атқарды. Тиянақты тірлігінің көпке жаққаны болар, қайсар Қаратаевқа ел алғысы ерек болды.
Тереңөзек кеңшарында бас агроном, №3 бөлімшеде меңгеруші болды. Ол уақытта агросалаға қарымды қадамдар жасау табандылық пен терең тәжірибені қажет етті. Білгір маман, білікті басшының төккен тері мен еңбекқорлығы ұжым тірлігін алға сүйреді. Бөлім көрсеткіші екі жыл аралығында экономикалық және шаруашылық жетістіктер бо­йынша алдыңғы орынға көтерілді.
Өнегелі тұлғаның тынымсыз тірлігі пен табысты ізденісі ескерусіз қалған жоқ. ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Прези­диумының грамотасымен, В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған мерекелік медальмен, «Ерекше еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Шаған ауылдық, Терең­өзек аудандық Кеңесі депутаттығына сайланды. Партия, әкімшілік органдары мен шаруашылық саласында алғыр­лығы, ұйымдастырушылық қабілеті Шайзада Қаратаевтың бәсін арттырды. Қызметтік міндетіне барынша ыждағаттылық танытып, әр істің өлшеулі мәнін дөп басуда тәжірибесі пайдаға жарады.
1983 жылы Киров кеңшарын бас­қарған кезеңде де ел жайын естен шығарған емес. Халықтың мұң-мұқтажы мен көңіл ауанын аңдай біліп, шама-шарқынша елге пана болып, жетім-жесірге қамқор көңілін аяған жоқ. Сөйтіп, халықтың ақ батасы мен алғаусыз алғысын арқалады. 1989 жылы Амангелді ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланып, 1994 жылы дербес зейнеткерлікке шықты.
Асыл жары Қайыркүл Нұрыш­қызы екеуі алты бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, берекелі отбасының тірегі бола білді. Бүгінде ұл-қызы абыройлы қызметтің тізгінін ұстап, өз алдына үй болып отыр. Үлкен екі қызы денсаулық сақтау бағытында, кіші қызы қазынашылық басқармасында басшылық қызметте болса, екі ұлы кәсіпкерлік саласында табыс­ты еңбек етуде. Кенжесі – ғылым докторы, профессор. Берекелі әулетте 15 немере, 2 шөбере асылдың сынығындай ер жетіп келеді. Ортасына қадірлі жан 2015 жылы мәңгілік мекеніне аттанды. Осындай өнегелі тұлғаны ұлықтау, еңбек жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету – ұрпақ міндеті.

Нұрлыбай ҰЛЫҚПАНҰЛЫ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
ТАҒЫЛЫМ 04 наурыз 2020 г. 861 0