« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қарымды қаламгер Өтеген Жаппархановпен ұзақ жыл сыйлас болдым. Ұмытпасам 1979 жылы болуы керек, ол кезде мен Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде қызметтемін, ал Өтеген аға облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Алғашқы таныстықта:
– Ойың өткір, қаламың ұшқыр болсын. Мақтау деген жетеді, реті келсе қоғамның қисайған тұсын түзетуге үлес қосу керек. Өйткені, қаламгер – ел-халықтың тұрмыс-тіршілігінің жоқтаушысы, – деді.
Өтеген ағаның өмірдерегін парақтағанда, оның бала жасынан қағаз шимайлағанын байқайсың. 1938 жылдың мамыр айында Сырдария ауданына қарасты «Кооператор» колхозында (қазіргі Қызылорда қаласы, «Коммунизм» бөлімшесі) қарапайым колхозшы отбасында өмір есігін ашады. Осы ауылдағы №43 жетіжылдық мектепте оқып жүргенде қатарластары ойынға ойысса, Өтекең жоғарыда айтқандай, қағаз шимайлауды кәсіп еткен. Бірде:
– Бала кезден жыр тыңдауды ұнататынмын. Әлі есімде, бар-жоғы 4-сынып оқушысымын. Ауылымызға белгілі жырау Рахмет Мәзқожаев ат басын бұрған. Ой, дүние-ай десейші! Күн-түн демей төкті жырды. Жатаған үйдің іргесінде етпеттей жатып, сол жырларды жүрегіме жазып алғанмын. Жарықтық Рахмет шынымен де дарабоз жырау еді. Бүгінде жеке қорымда жиырма бес жыраудың 60 сағатқа жуық орындайтын атақты «Шахнама» дастаны, «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық антология, тағы да басқа Сыр сүлейлерінің жыр-термелері сақтаулы. Алла жазса, ұрпақтарға қалдыру ойымда бар, – деген-ді.
Өтекеңнің жазбалары оқушы кезінде-ақ сол кездегі аудандық «Коммунизм таңы» газетіне шыға бастайды. Қаламға деген құштарлықтан болар, жата-жастана жазып жүрген оны газет редакторы Сыдық Алдабергенов шақыртты. Қуанышы қойнына сыймай келген оған Сыдық ағасы:
– Балам, оқушы болсаң да дайын қаламгер екенсің, бізге жұмысқа келесің бе? – дейді.
Неге келіспеске?! Сенер-сенбесін білмеген бала басын изей беріпті.
Сонымен тоғызыншы сыныпта кешкі мектепке ауысқан Өтекең алдымен тілші, бертін келе бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Журналист мамандығын алуды мұрат тұтқан ол 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылданып, 1963 жылы журналист мамандығын иеленіп, туған топырағына оралады. Қаламгерлік еңбек жолын Қызылорда облыстық телерадио комитетінде тілші, содан соң аға редактор, бас редактор болумен жалғастырады.
Сыр сүлейлерінің жыр-термелерін бала кезден көкейіне құйып жүрген Өтекеңнің осы саладағы сіңірген еңбегі өлшеусіз. Нақтылай айтар болсақ, радионың «Алтын қорын» Сыр сүлейлерінің мақам-сазының мол мұрағатымен толықтырды. Көшенейдің күміс үнін алғаш рет облыстық радио арқылы көпшілікке таныстырған Өтеген аға екенін біреу білсе, біреу білмес. Радио саласында он алты жыл қызмет істегенде, Сыр шайырларының мұрасын зерттеп-зерделеді. Өмірден өткенше сүлейлердің телегей теңіз мұрасын түгендеуге атсалысты.
Көнекөздердің айтуынша, Ұлбике – қазақтан шыққан тұңғыш айтыскер қыз. Он екі жасқа дейін тілі шықпаған ол бірден өлеңмен сөйлеп кеткен екен деген дерек те бар. Ұлбикенің Күдеріқожамен айтысы «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» деген кітапқа еніп, ұрпаққа мұра етіп қалдырылған. Бар-жоғы 24 жыл ғана өмір сүрген Ұлбике туралы Өтеген ағаның жазбаларынан көл-көсір дерек алуға әбден болады.
Өтеген ағаның қаламгерлігі туралы айтсақ, ол қаламы семсер сатирик еді. Облыстық газетте жарияланған фельетондары мен сын мақалалары асқанға тосқан болды, көппен санасқысы келмегендерді сабасына түсірді. Содан болар 1983 жылы шілде айында республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстанға» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») қызметке шақырылып, осы газеттің Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалады. Бертін келе Жезқазған облысы тарап, Өтекең бас басылымның Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне ауысады.
Біз білерде Өтекеңнің қоғамдық маңызы бар, ауқымды да өткір мәселелер көтерген толғақты мақалалары бірінен соң бірі шығып жататын. Көркем очерктерімен талай жақсының жақсылығын айтса, кемшін тұстарды сын садағына ілді. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, сынның да сұрауы бар. Менің білетінім, бәзбіреулер онымен айтыс-тартысқа да барған. Ақ жолмен адаспай жүрген Өтеген ағаның ұнжырғасы түскен емес. «Тура биде туған жоқ» дегендей, ақиқат пен жалғандық таразы басына тартыла қалғанда шындық жағында жүрді. «Менмін» деген мансапқорлар мен алаған қолды алаяқтарды тәубесіне түсірді. Айтар ойымыз орнықты болуы үшін бірер нақты дерекке жүгінелік.
Бас басылымның Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі болып жүргенде құрылысы 20 жылдан бері бітпей тұрған металл құю зауыты туралы сын мақала жазады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Давыдовты сын садағына іледі. Ол кезде коммунистік партияның дүркіреп тұрған шағы ғой. Ұзын сөздің қысқасы сол, орталық партия комитетінің нұсқауымен Н.Давыдов тәубесіне түседі.
Өздеріңізге мәлім, 1962 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарып жүрген Сәлімгерей Тоқтамысов жайлы «Правда» газетінде «Битая карта» деген сын материал жарияланады. Жоғарыдан тексеру жүргізіліп, ақыр аяғы С.Тоқтамысов тағынан тайдырылып, Жамбыл облысының бір кеңшарын басқаруға жіберіледі.
Осы мақаланы мейлінше зерттеп, ой елегінен өткізген Өтекең жалғандыққа жол берілгенін анықтап, «Егемен Қазақстан» газетіне аға есімін ақтап көлемді мақала жазады. Мұндай ерлікке басқа емес, тек Өтеген аға баратын еді.
Ол журналист қана емес, жазушы да болатын. Әсіресе, сатиралық жанрдағы көркемсөзге қаймақ салушы еді. Тілшілік қызметтің тынымсыз тіршілігінде жүрсе де, «Сол қалта», «Бір қора өсек», «Мінездер» атты 3 сатиралық кітап пен «Жезқазған жұлдыздары» атты очерктер жинағын шығарған. Айтқандай, осы «Жезқазған жұлдыздары» кітабы үшін 1986 жылы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын иеленіп, лауреат атанды.
Зейнет демалысына шықса да, қолынан қаламын тастамады. Қоғамдағы құбылысқа бейжай қарамайтын, ел назарына ұсынатын. Ізінен ерген әріптес інілеріне ақыл кеңес беруден де жалыққан емес.
Өтеген аға атағы жоқ жазушы, сөз саптауы бөлек публицист, сын саласының сардары еді. Өзін мақтау мен марапаттаудан бойын аулақ ұстайтын. Баспасөз саласындағы өлшеусіз еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Жоғарыда айтқандай, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығы лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов: «Өтеген әділдік жолында әкесін де тыңдамаған болар, өйткені ол ақ жолмен адаспай жүріп келе жатқан азамат» деген баға берген-ді. Мұнан артық баға беру әсте мүмкін емес.
Өтекеңді өлді деуге болмайды, өйткені артында өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын із қалдырды. О дүниеге аттанған адамға ештеңенің қажеті жоқ, сұрамайды да. Дүниеден өткеніне 40 күн толған ақылшы ағаны еске алу, есімін ардақтау – бізге парыз.
Еркін ӘБІЛОВ,
жазушы-журналист.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |