Таңдау

Бедеу ат, білімді әйел, алмас қылыш,
Басыңа орнатады ықпал, ырыс.
Қуалап қырсығыңды, қыр асырып,
Жегізер ет пенен май, палау, күріш.
Кеуліңнен қалайда да қайғы тарқап,
Талабың бола берер еткен дұрыс.
Сөзіңе сөйтіп жүріп дуа қонып,
Дей алмас айтқаныңды ешкім бұрыс.
Болады ең соңында етер ісің,
Жеп, ішу, жату, тұру, малдас құрыс.
Үшеуі ойдағыдай жолықпаса,
Боласың бір тиынға өтпес мырыш.
Кеуілің күннен-күнге күңгірт тартып,
Бойыңнан тарқамайды татау, тырыс.
Қысқасы, қалған ісің оңға баспай,
Көбейер от басында айқай, ұрыс.
Балалықтан өтіп, жігіттік баққа кіргенде, жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, алмас қылыш, сұлу әйел туралы ой қалыптасады. Міне, осы кез таңдаудан жаңылмауды қажет етеді. Әсіресе, жар таңдауда қателеспеуің керек. Себебі, соңыңда қалар сарқыттың ихсан ғана емес, шын мәніндегі Адам болуы үшін жатар жері маңызды. Шайыр, өмірден көргенін, көкірекке түйгенін кейінгі жасқа насихат етеді. Шырайыңды шығаратын да, шылбырыңды сүйреттіретін де таңдауың екенін айтады. Өсиетті тыңдау, соған сай әрекет ету жөні бөлек естінің ісі.



Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жыршы

ТАҒЫЛЫМ 13 ақпан 2020 г. 470 0