АНА ТІЛЕГІ

АНА ТІЛЕГІ

ХХ ғасырдың күрделі экологиялық мәселесі Арал теңізінің ахуалы, жағалауда өмір сүріп жатқан байырғы халық туралы, отандық және шетелдік ақпарат құралдарында өте бір аянышты фактілердің кеңінен жария­ланып жатқан тоқсаныншы жылдар болатын. Арал ауданына қазақ театрының анасы атанған, өзгеше мінез, болмыс-бітімімен дараланған Сәбира Майқанова бастаған М.Әуезов атындағы театр ұжымы гастрольдік сапармен келді. Театр ұжымы өзбек драматургі Сайд Ахмедтің «Келіндер көтерілісі» пьесасын экологиялық дағдарыстан жабырқаған халыққа рухани серпіліс ретінде ала келді. Аудан орталығындағы көрермендер қошеметі, Аманөткел ауылдық кеңесіндегі қуанышты қарсы алуға ұласты.

 

Аты аңызға айналған Сәбира апай бастаған ұжым мүшелерін сол кездегі кеңес төрағасы С.Смағұлов бастаған ел ағалары айрықша ықыласпен қарсы алды. №73 Аманөткел орта мектебіндегі «Шежіре» тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттарын таныстырды.

Сәбира апай әрбір бөлімдегі әр сурет, құжаттар мен жәдігерлерге ерекше ынта-ықыласпен назар аударып, ішкі әлеміндегі әлде бір сырды, ішкі түйсігімен білдіріп тұрғандай сезілді маған. Шағын ғана мектеп мұражай залын асықпай аралап, бір сағатқа жақын тамашалады. Әсіресе, Кәрібоз жыраудың домбырасын қолына алып, "балам, кел екеуміз суретке түсейік” деп тілек қылды. Осыдан кейін ауыл азаматтарымен де суретке түсті. Сол суреттер менің отбасымның құндылығы ретінде әлі күнге сақтаулы.

Мұражаймен танысып, құрметті қонақтарға арналған кітапқа тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырғаннан кейін, көмекшісіне (есімін ұмытыппын) «мына Тәңірбергенге менің ықыласым ауып тұр. Менің толық адресімді бер. Жолың түсіп Алматыға келсең, маған жолық. Шығармашылық портретіме арналған журнал мен суреттерімді берейін» деп тапсырды. Дуалы ауыздан шыққан киелі сөз, құдды бір менің Алматыға жолым түсерін болжап тұрғандай.

Сол жылдың қыркүйек айының соңғы онкүндігінде өлкетанушылардың республикалық екі апталық семинарына шақырылдым. Осы семинарға облыс бойынша екі ғана адам бардық. Екіншісі, Шиелі ауданынан Әбілдаев Тоқа деген ағамыз болатын. Сол жылдары зейнет жасына жақындап қалған еді, бүгінгі күні өмірде бар-жоғын біле алмадым. Сапар барысында бір апта Талдықорған облысының тарихи орындары мен Жетісу­дың әсем табиғатын тамашалап, бір аптаны Алматы қаласының архивтерімен жұмысқа арнадық.

Қайтар уақыт жақындағанда Сәбира апайдың үйіне барып есік қоңырауын қақтым. Қобалжу да жоқ емес. Қалай қа­былдайды, есінде бар ма екен елдегі кездесу. Пәтер есігін ашқандағы апайдың бейнесі әлі көз алдымнан кетер емес. Қазақша молынан пішілген кең көйлек ірі денесіне бек жарасып, аудаңдап адым­даған сайын, төгіле көлбеңдеп, ақсары өңіне ерекше көрік беріп тұрды. Басына тартқан орамалы апайдың қазақы тәрбиесін, көргені мен өмірден түйгені мол ерекше жаратылыс иесі екендігін аңғартады. Мені бірден таныды. Жөнімді айтқаннан кейін, дастархан басына шақырды. Ықылас-пейіліне рахметімді айтқанымда, дайындап қойған заттарын маған беріп, келген шаруамды дереу тындырды. Өзінің шығармашылығына арналған «Новый фильм» журналының «Сабира Майканова. Храню свой талисман» – деп жазылған 1986 жылы №3 санын және бірнеше суреттерін аманаттады. Сол фотолар бүгінгі күні №73 Аманөткел орта мектебінің мұражайының құнды жә­дігерлері қатарында. Мұражаймен та­ныс­қан адамдардың Сәбира Майқанова­ның Аманөткелге не қатысы бар деуі де мүмкін. Бұл бір тарихи оқиға арнайы жоспарлап, ниет қылғанда да орындауы неғайбыл шаруа. Қазақ театр өнерінің тарихындағы қайталанбас дара тұлға Сәбира апайдың ел ішіндегі бізбен кездесуі, мұражай кітабында қолтаңба қалдыруы тағдырдың бізге бұйыртқан үлкен сыйы, қайталанбас тарихи сәті деп есептеймін.

Ел шежіресінің алтын әріптеріндей болған тарихи деректің тілегін апай былай деп түйіндеген болатын.

Ауданға келген сапарында апайды Аралдың 40 мыңға жуық халқын ауыз сумен жабдықтап тұрған дария бойындағы суды айдау стансасына апарып, мотор­лы қайықпен серуен жасаттық. Бұл сурет­тердің барлығы да менің архивімде сақ­таулы. Қаншама азаматтар құрмет жасап, қошеметтеп жатқанда сабырлы қалпынан бір айнымаған Сәбира апайдың маңғаз да, өр бейнесі әлі күнге көз алдымда.

Ол кісімен кездесудің ең керемет тұсы, ауылдық мәдениет үйіндегі «Келіндер көтерілісі» пьесасын сахналауы болды. Соған орай көмекші актрисалар екі жағынан қолтығынан демеп алып жүрді. Ауыр қозғалады екен. Кешкілік сахнада мүлдем басқа көрініске тап болдық. 76 жастағы Сәбира апамыз секіре басып, лақтай ойнап шыға келгенде, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Бұл не сонда? Өз кәсібіне соншама берілген ұлы актрисаны көтерген өнер құдіреті ме, әлде мүлде басқа кейіпке ендірген тылсым күштердің әсері ме? Асылы, Сәбира Майқанованың бойында бұның екеуі де бар деп түйіндеуге болады.

Пьеса аяқталғанша көрермендер ықыласы мен қуанышында шек болмады. Сол күні Сыр бойындағы өнер мен мәдениеттің отаны саналатын Аманөткел аспанында рухани жаңару күні болды десем, артық айтқандық болмас. Кім ойлапты, қарапайым ауыл сахнасында киелі өнердің хас шебері Сәбира Майқанова келіп өнер көрсетеді деп. Көпке дейін апайымыз ойнаған ғажайып кейіпкер рөлі аңыз болып тарады. Осы жолдардың авторы ретінде мен апайдың 80 жылдығында қолға қалам алып едім. Бірақ, сол жолы екі парақ ой жолдарынан кейін, қолым жүрмей қойған-ды. Ал, бұл жолы апайдың 100 жылдығына естелік айтып, қалам тартпау мүмкін еместей көрінді.

Пьеса аяқталған соң, ұзаққа созылған көрермен ықыласынан кейін алып ана Сәбира апай үлкен толқу үстінде сөз алды. «Алматыда жүріп теледидар қарап, газет, журналдарға назар аударамыз. Сол ақпарат құралдарында Арал теңізіндегі ауыр экологиялық жағдай, теңізді жағалай қоныстанған халықтың өмірін өте аянышты көрсететін. Шетінен ауру-сырқау, мүгедек, ғаріп жандар ретінде қабылдайтынбыз. Ал, мұнда келсем Аралдың адамдарының жүздері нұрлы, ажарлы кейіпте екен. Бұған толық көзім жетті. Сіздердің кемістіктеріңіз су екен. Теңіздеріңіз тезірек келіп, кемтіктеріңіз толсын. Ел-халық аман болсын. Аумин» – деп баталы тілегін арнады. Сол бір кезеңнің қиындығын бастан кешіріп жатқан халық «айтқаныңыз келсін» -деп беттерін сипады.

Дана халқымыз «жақсы сөз – жарым ырыс», «жақсының шарапаты көктен» – деп жатады. Айтқан лепесі қа­был жандардың қатарынан Сәбира апайы­мыздың табылғандығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Ана тілегі қабыл болып, Кіші теңіз пайда болды. Халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайы көтеріліп, көшкен жұрт ата қоныстарына оралды. Ата дәстүріне негізделген балық аулау кәсібі жанданды.

Бүгінгі күні апаймен бірге, бір тәу­лік бойы бірге болып, қызмет жасап, сұх­бат-сырдың тиегін ағытқан ардақты ағала­рымыздың бәрі де өмірде жоқ. Көрші, Райым колхозының басқарма төрағасы Д.Аймағанбетов, Ә.Суханберлин, Ә.Орал­баев, С.Тілеуқабылов, С.Смағұлов, Д.Прекешов, тағы басқа ағаларымыз, есі­мі­нің өзі аңызға айналған Сәбира апаймен кездесудің жоғары дәрежеде ұйымдастырылуына айрықша үлес қосты. Апайды ортаға алған сол азаматтармен бірге болып, әңгіме өрбітудің өзі-ақ біздер үшін үлкен тәрбие мектебі, үлгі-өнеге болатын.

Тәңірберген ДӘРМЕНОВ.
ТАҒЫЛЫМ 09 тамыз 2014 г. 1 547 0